«ЖАЗЫЛБЕКШІЛЕР МАРШЫ» ҚАЛАЙ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН
Қолға қалам алуыма биыл сәуір айында Жаз - Атаның қарашаңырағында болғаным туралы оқиға және Жаз - Ата жайлы жақсы пікірлер мен жылы лебіздер себеп болды. Әңгіме былай. Атақты Жазылбек Қуанышбаевқа соңғы жылдары құтты қоныс болған Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылы орталығында топтанып тұрған бір топ жігіттермен әңгімелесудің реті келген.
Қанға біткен қасиетпен алдымен өзімді таныстырып, Жаз - Ата туралы «Жазылбекшілер маршы» атты жақсы ән жазған сазгер Мэлс Өзбековтің ауылы Көкдөненнен екенімді, ол кісінің інісі болатынымды баяндап шықтым. Әннің сөзін жазған луговойлық ақын Әдібай Табылдиев екені де тілге тиек етілген.
Осы топ ортасында бір балаң жігіт:
– Мен – Жазылбек атаның немересімін, – дегені.
– Өте тамаша! Атың кім?
– Тұрсынтай. Атымды атамның өзі қойған екен. Қарашаңырақта әке - шешеммен бірге тұрып жатырмын.
– Мені үйіңе ертіп апарасың ба?
– Әрине. – Тұрсынтай шын ықыласпен келісті.
Даңқты шопанның қарашаңырағы Жазыл-бек Қуанышбаев атындағы көшеде екен. Үйге «Ассалаумағалейкум!» деп оң аяқпен кірдім. Бұл - ата салтты ұстанғаным әрі Жаз - Атаның әруағына сәлем бергенім.
Бұл қасиетті қарашаңырақ заманында арысы Одақ, берісі республика, облыс, аудандардан небір жақсылар мен жайсаңдар бас сұққан қарашаңырақ қой. Үйде Жаз - Атаның үлкен ұлы Бейбіт бар екен. Жылы қарсы алды. Бөлмелерін аралатып көрсетіп жүр. Қос жұлдызды Жаз - Атаның үлкейтілген суретін, тағы басқа жәдігерлерді көріп, атаның өзін көргендей әсерге бөленгенімді несіне жасырайын.
– Мынау – Мэлс ағаның бөлмесі. Ол кісі Мойынқұмға сапарлай келгенінде біздің үйге жиі тоқтайтын. Мэлс аға атамның өкіл баласы еді ғой, – деді Бейбіт Жазылбекұлы сазгердің бұл отбасына жақындығы жайында.
Сазгер Мэлс Өзбеков жайындағы әңгіме дастархан басында одан әрі жалғасты. Ол әңгіменің әлқисасы былай:
1962 жылы елімізге танымал еңбек озаттарының есімдері мен іс - тәжірибелерін насихаттауға арналған патриоттық әндерге республикалық конкурс жарияланған. Осы шығармашылық байқауында Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищенің студенті Мэлс Өзбековтің луговойлық ақын Әдібай Табылдиевтың өлеңіне жазылған «Жазылбекшілер маршы» әні сазгерлік аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. Сол тұста:
«Ақтылы қой өргізген де шопаным,
Ардақтым деп қастерлеген Отаным» деген рухты көтеретін сөздермен басталатын марш ырғақты әсем ән ауыл сахнасының сәніне айналды. Қазақ радиосының мал шаруашылығы тақырыбындағы хабарлары осы әнмен басталып, осы әнмен жабылатын болған. Ән қаракөл қойынан төл алудағы және алтынға баланатын қаракөл елтірісінің жоғары сорттарын өндірудегі жоғары көрсеткіштері үшін омырауға Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызын тағып, абыройы асқақтап тұрған Жазылбек Қуанышбаевтың одан сайын атағын аспандата түсті. Мэлс Жаз - Атаның атағына сырттай қанық, ал, атасы болса талантты сазгер баласын танымайды да.
Қазақтың сайын даласында елдің шетінде, желдің өтінде ел байлығын еселеп жатқан Жаз - Атаның пейілі даладай дархан еді.
Ол Мэлсті танитындар арқылы Алматыдан арнайы Мойынқұмға шақыртып, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, сый - сияпат жасаған екен. Сонда Мэлс небәрі 25 жаста!
Шопан ата өзіне ән арнаған баласын атқа мінгізіп тұрып: «Сен – менің өкіл баламсың» деген екен жиналғандарға естірте. Шындығында да солай болды. Екеуі өмірде сыйласып өтті.
Мэлс ағамның «Мақтанышым – Мойынқұмым», «Талдыөзегім», Жаз - Атаның қолдаушысы, демеушісі болған сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің жарына арналған «Жеңеше», тағы басқа бірқатар әндердің әлгі Бейбіт көрсеткен бөлмеде жазылғанына еш күмәнім болған жоқ. Өйткені, ел еркесі сазгер ағамыз Жаз - Атаның бір баласындай болғанын екеуінің де көзін көргендер әлі күнге дейін айтып жүр.
Мен сол жолы Жаз - Ата – Жазылбек Қуанышбаевтың қарашаңырағында отырған ұлы Бейбіттің отбасында болғанда осындай көңіл көтерер, танымал тұлғалардың өмірлерінен сыр шертер жайларға қанығып, қанаттанып қайтқан едім.
Жаз - Атаның бай тәжірибесі бүгінгі шаруа күйттеген жастарға да керек - ақ. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіп шыққаннан кейін ең бірінші ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойған ғой. Асыраушы саланы дамытуға жасалған бұл қадам осы салаға қатысы бар әркімге - ақ сабақ болса керек. Соның ішінде мал шаруашылығындағылар зейнеткерлікке шыққаннан кейін құрметпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инспекторлығына тағайындалған екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың бай тәжірибесіне сүйенсе, еш ұтылмасы хақ!
Бейбіттің мақаласын біреу оқып, біреу оқымаған да болуы мүмкін. Ал, ол мақалада Жаз - Атаның ерінбей еңбек еткені, асыл жары Жайшыбала жанына жалау болып, тірлік тізгінінің бір жағын ұстағаны, Жаз - Атаның қол жеткізген жетістіктеріне ол кісінің де зор үлес қосқаны жайында жан - жақты жазылған. Ойды ой қозғайды, реті келіп тұрғанда Жазекең жайлы естігендерімді қағазға түсірдім. «Санасында сәуесі барлар ойлана жүрсін, кейінгі жастарға әңгімелеп айта жүрсін» - деп.
Тәліпбек ШАҚБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің
төралқа мүшесі, тұрақты
комиссия төрағасы.
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)