Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » МОЙЫНҚҰМДА ЖАПОН СОЛДАТТАРЫ БОЛҒАН БА?

МОЙЫНҚҰМДА ЖАПОН СОЛДАТТАРЫ БОЛҒАН БА?

11 октябрь 2023, Среда
88
0
Қызыл құмның қойнауына сұғынып жатқан Мойынқұм ауданының сан қатпарлы тарихы бар. Әсіресе, Қосқұдық - Мойынқұм тартабанды теміржолы туралы да біраз деректер бар. Аталған теміржолдың құрылысы мен сексеуіл жинау жұмыстарына  1945 жылдың тамыз - қыркүйегінде Кеңес – Жапон соғысы кезінде тұтқынға түскен жапон әскерлері жегілгені туралы әңгімені мен бұрынырақ естіген болатынмын. Бұл туралы атам Ахмет Әлшеев маған айтып отыратын. Ол кезде біздер ескі Талдыөзектеміз. Сонда жаз шыға  тартабанды темір жолдың 112 разъезінен  тұтқындағы жапон солдаттары «Сарқырама» өзегінің бойына әкелінеді екен. Атамның «Менің де балам әскерде жүр ғой деп аяп, оларға  қауын -  қарбыз беретінмін» деген әңгімесін естігенбіз. Әкем Сабырдың  ол кезде әлі соғыстан оралмаған кезі екен. 
Мойынқұм ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Шора Әміреқұлов те  осыны растайды. Ол: «Біз ол кезде  баламыз. Тұтқындағы жапон солдаттарын машинамен  «Сарқырама» өзегіне әкеліп шомылдыратын. Олар суға түсіп, кірін жуып бір жадырап қалушы еді . Оларды талай көрдік», - деп еске алады.
Жапон солдаттары туралы зерттей бастағанымда Мойынқұм ауылының тұрғыны Шаймерден Исабековтен олар туралы жайға қанықтым. Ол кісі:  «1992 жылы болуы керек. Ол кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті тараған, мен Мойынқұм ауданы әкімдігінің жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы болып жұмыс істеп жүргенмін. Аудан әкімі Бағлан Қарашолақов шақырып, кабинетінде аты – жөнін ұмытыппын, татар жігітімен таныстырды. Шымкенттен келіпті. Ол азамат менен тартабанды теміржол бойында тұтқында болған жапон солдаттары туралы мәлімет білетін адамдарды тауып беруді сұрады. Мен Мойынқұм жылжымалы құрылыс мекемесінде ұзақ жылдар шаруашылық бөлімін басқарған Рысбеков Ермекбай ағамызбен таныстырдым. Бала кезінде Ермекбайдың әке - шешесі осы жерде тұрыпты.Ол кісі кезінде тұтқындағы жапон солдаттарының лагері болған жерді көрсетті. Лагерь Рысбеков  Ермекбайдың айтуы бойынша 122 разъездің күнбатыс жағында болыпты.
– Әлгі татар жігіт ол жылы қайтып кетті де, 1993 жылы жаз шыға қасында соғыста і - түссіз кеткендерді іздеумен айналысатын патриоттық клубтың 5 – 6 жігітімен қайтып оралды. Олар барлық құрал – саймандарымен келіп, шатыр тігіп лагерьдің орнын іздеді. Ондағы мақсаты – тұтқында қайтыс болып, құмда жерленген жапон солдаттарының сүйегі табылса,оны Жапонияға жөнелтіп, ДНК арқылы зерттеп туысқандарын табу  екен. Бұл жұмысты Жапон мемлекеті қаржыландырған болуы мүмкін, – деп еске алады Шаймерден.
1993 жылғы іздеу жұмыстары кезінде жапон солдаттарының тұрған лагерінің орнын тауыпты. Ірге тасы қызыл кірпіштен қаланған төрт бұрышты екен. Қақпасының орны да сақталыпты. Лагерьде 4 барак болған. Құдықтың орны табылыпты.
Іздестіре келе Құмөзек ауылының тұрғыны Абдықадыр Тоқтыбаев деген карияға 1993 жылы жолықтық. Ол кісі сол жылы 1993 жылы 61 жас шамасында екен. Қария лагерьде қарауыл болыпты. Жапон солдаттарының болғанын растады. Одан артық ештеңе айтпай қойды. Шамасы кезінде мемлекеттік құпияны жария етпеу туралы қол хат бергенге ұқсайды. Оның айтуынша лагерде тұтқынға түскен жапон әскерінің офицерлері болған.
Өкінішке орай, қазба жұмыстары жүргізілген кезде осы жерде өлген жапон офицерлерінің сүйегі табылмаған.
Экспедиция басшысы ұлты татар жігіті жұмыс барысын бейнетаспаға түсіріп отырған.
Экспедиция жұмысы кезінде Құмөзек ауылынан  Әшімхан Сатыбалдиев совхоз директоры болып тұрған кезде ауызсумен қамтамасыз ету үшін өрт сөндіргіш автомашинасымен су тасылып беріліпті.
Қазіргі кезде Мойынқұм ауылының тұрғыны 1938 жылы туған Жүнісбеков Төреш ақсақалдың айтуы бойынша Мойынқұмнан шыққанда Құмөзекке 15 шақырым жетпей қалғанда тартабанды теміржолдың 141 разъезі болыпты. Сол разъезде тұтқынға түскен жапон офицерлері болған. «Солдаттарының аяғында ағаштан жасалған аяқ киім, ал офицерлері өз формасында жүрді» дейді.Тіпті кейбіреулерінің ұзын саптамалы хром етікпен жүргенін айтады .Шамасы жоғары шенді офицер болуы мүмкін.
Сол кезде негізінен тартабанды теміржолда жұмыс істеген, тұтқындағы жапон солдаттарын да күзеткен  әйелдер көп болыпты. Соның бір айғағы Шардарбеков Найманның әкесінің әпкесі Байжұманова Дәкен жапон солдаттарын күзеткен екен.
Кейінірек, 2003 – 2004 жылдары болуы керек, Ленинградтан да экспедиция келіп тұтқында болған жапон солдаттарының лагері мен өлген солдаттардың моласын  іздестірген екен. Бұның қасында Марат Өлкеұлы Жүсіпов болған. Алайда лагердің орнын тапқанымен жапон солдаттарының моласын таппаған.
Міне, Мойынқұм құмы арқылы өткен тартабанды темір жол мен тағдыр тәлкегімен Мойынқұмда болған жапон солдаттары туралы зерттеп жинақтаған естеліктерім осы. Ал, архивты ақтарсақ бұдан зор мәлімет алуға болады деп ойлаймын.

Мұханбетқұл САБЫРОВ,
Мойынқұм ауданының
Құрметті азаматы.
Обсудить

Похожие материалы:

ҚАРАҚҰЙРЫҚТЫҢ КИЕСІ
27 октябрь 2022, Четверг
ҚАРАҚҰЙРЫҚТЫҢ КИЕСІ
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
13 октябрь 2022, Четверг
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
Зерде. Таным
16 август 2021, Понедельник
Зерде. Таным
Ұстаздық еткен жалықпас
09 март 2022, Среда
Ұстаздық еткен жалықпас
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры