Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚҰНТТАЙ БІЛЕЙІК!

ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚҰНТТАЙ БІЛЕЙІК!

24 март 2023, Пятница
98
0
Кез келген ұлттың дамуындағы негізгі қозғаушы күш – оның өткен тарихының  бүгінгі күнімен үзілмейтін берік байланысында деп білеміз. Осы бір ұстанымды өз өмір шындығына айналдыра білген елдің бірі- Жапония. Заманауи технологиялық жетістіктерімен күншығыс халқы соңғы ширек ғасырда алдына қара салдыра қойған жоқ. Жасампаз жапон ұлтының ұдайы жеңістің шыңынан көріне білетін қасиетінің астары күнделікті іс-әркетіне аса жоғары мән беріп, оны өнерге балап, дәстүрге айналдыра білуінде дер едік. Бұл туралы айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Түнеугүні сол тақырыпты қаузаған қазақ жазушысының бір кітабы қолыма түсе қалды. Іскерлік әдебиет жанрында жазылған шығармада күншығыс халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұстанымының ел экономикасына тигізіп жатқан әсерін жазыпты. Санаға сілкініс жасаған сәттері, әсіресе салт пен дәстүр, таным мен түсініктегі бетбұрысты кезеңдері айқын көрініс тапқан. 
Ал енді бізде қалай? Ұлтымызда елді тамсандыратын, таң қалдыратын қандай ерекшеліктер бар?
Халқымыздың  күнделікті әдет-ғұрпы ұлттық құндылықтар негізінде  құрылған. Сондықтан салт-дәстүріміздің өзі ұлт тәрбиесіндегі жеке бір институт. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұмытылып бара жатқан осы бір ұлық дәстүрлерімізді зерделеп, білгенімізді шама-шарқымызша оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 




Саумалық айтып жүрміз бе? 
Наурыз айында ауа жылынып, күн күркіреп, жаңбыр жауған соң, көк  шыға бастаған уақытта саумалық айтылады. Осы кезде ауыл адамдары далаға шығып бір-бірінен амандық сұрасып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Онысын қазақ жырмен жеткізетін болған :
Саумалық, саумалық,
Наурызшаның көк құсы,
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді.
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел, —
деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.Бүгінде бұл үрдіс ауызекі түрде еліміздің кей өңірлерінде тек көрісу күні қарсаңында айтылып жатады. 
«Самарқанның көк тасы»
Ел ішінде көп айтылатын осы  ұғым Наурыз күнімен тығыз байланысты, оның бірнеше мағынасы бар. Аңыз бойынша, әйгілі астроном Ұлықбектің обсерваториясында сақталған көк тас болыпты. Наурыздың 22-сі күні сол тасқа күннің сәулесі түсіп, оны жұмсартқан екен. Дәл осы күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылады. Егер ренжіген адам кешірім еткісі келмесе, оған: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, тастан қатты емес шығарсың?» дейтін болған.
Белкөтерер – қариялар асы
Қазақ халқының қонақжайлық қасиетімен қоса, тағы бір өте маңызды ерекшелігі болған, ол үлкендерге ізет пен құрмет білдіру болып табылады. Өйткені, қазақтар үлкендерді сыйлауға және байсалды болуға балаларын жас кезінен үйретеді.
Осыған орай, «Белкөтерер» ғұрыпын мысал ретінде келтірсек болады. Белкөтерер наурыз айы қарсаңында ғана емес, жылдың қай мезгілінде болсын жасала беретін тағам түрі. Негізінен жасы үлкен адамдарға арналып  жасалады. Оларға қазы, жент, сүзбе және сол сияқты жұмсақ, дәмді тағамдар әзірленеді. Бұл міндет отбасы мүшелерінің кішілеріне жүктелгендіктен, олар сонымен өздерінің үлкендерге деген сый-құрметін осы ғұрып арқылы білдіре алады.
Ұйқыашар мен селтеткізер
Наурыз мерекесін ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңескеніне балаған халық ұйықтамай, той-думанмен жаңа таңды қарсы алған.Жастар түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыздар өздерін ұнатқан жігіттерге «Ұйқыашардан» дәм татқызса, жігіттер оларға «Селтеткізер» сыйлаған.
«Ұйқыашар» – қазақ халқының дәстүрі. Наурыз тойында қыз-келін-шектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп, жақсы тағамдардан «Ұйқыашар» дайындаған. «Ұйқыашар» қыз-жігіттердің сезімін арттыра түсуіне себепші болған.Ал жігіттер «Ұйқыашардан» дәм татқан соң, қыз-келіншектерге айна, тарақ, әшекей бұйымдарын сыйлаған. Мұны «Селтеткізер» деп атайды. 
Құт дарысын! 
Тағы бір дәстүр – жаңа күнді қарсы алу. Алтыбақанда тербетілген жастар түнімен ән айтып, ұлттық ойындар ойнаған. Таң ата биіктеу төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған.
"Кімде-кім Ұлыс күнін күн түскен сәтте шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды" деген ұғым болған. Күлімдеп шыққан күнге сәлем берген жұрт "Құт дарысын!" деп айналаға ақ бүркіп, үйлеріне тарасқан. Халық арасындағы аңыздар бойынша ел-жұрт осы түні «өлі мен тірінің айтысын» ұйымдастырып, 365 күнге арнап үш жүз алпыс бес күй тартатын болған. 
Үт кірді, үйге құт кірді
Бағзы замандардан бері сабақтас-тығын үзбей келе жатқан, салт-дәстүрлерге орай наурыз айы туғанда, ата-бабаларымыз «Үт кірді, үйге құт кірді» дейді екен.
Күн сәулесінің үйдің саңлау-тесіктерінен түскен тозаңдануын қазақ «үт кірді» деп оны жақсылыққа балаған. Яғни, күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін осылай бір ауыз сөзбен бағамдаған. «Үт» ұғымының халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі маңызы зор. Ол ағартушылықтың, ілім мен білім, мәдениеттің символикалық бейнесі ретінде қазақ дүниетанымында көрініс тапқан. Әсіресе, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің шығармаларында бұл ұғым анық байқалады. 
Әз болмай, мәз болмайды
Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық “Әз болмай, мәз болмайды” деп қанатты қағида қалдырса керек.
Наурыз айында жауған қар қалай аталады? 
Наурыздың ашық күндері жауған қарды қазақ «наурызша» деп атаған. Наурызша жаңа жылдың басталғанынан хабар бергендей, еш ызғарсыз, тап-таза қалыпта болады. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес жеңіл де үлпілдек болып түседі. “Наурызша” жаңа жылдың белгісі.Ұлтымыздың түсінігінде қыстың қаһары  қайтып, тоң жібіген шақта жауған қар көктем алдындағы серпіліс  пен тазарудың белгісі болған. 

Міне, дана халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі елене бермейтін әдет-ғұрыптардың бір парасы осы. Осынау ұлттық маңызы мол дәстүрлеріміз қазақтың төл мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында ғана емес, күндегі қым-қуыт тіршілігімізде де ұлықтала берсе екен дейсің! Сонда ғана тәрбиеміздің тұғыры бекіп, дамудың даңғыл жолына түсе аламыз. Ұлт боламыз десек, құндылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн-ау! 

Нұрболат Аманбек,
«ҒҰМЫР-ДАРИЯ».

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Ашық әңгіме
29 июль 2020, Среда
Ашық әңгіме
Театр
27 октябрь 2021, Среда
Театр
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры