Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН...

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН...

11 октябрь 2023, Среда
74
0
ЖАСАМПАЗ СҰРАТ АУЫЛЫ

Соңғы жылдары Жамбыл облыстық ардагерлер үйымында көптеген ілгерілеушілік байқалады. Аудандық, қалалық үйымдардың бастамашылық істеріне қолдау көрсетуде біраз жұмыстар тындырылды.
Меркі ауданында болған кезімізде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сұрат ауылдық округінің негізінде экономиканы дамыту және ұмытыла жаздаған салт-дәстүр,мысалы, «шүлен тарату» тақырыбында аудандык семинар-кеңес өткізілді. Семинарда Сұрат ауылдық округі ардагерлерінің экономиканы дамытудағы рөлі жан-жақты әңгімеленді. Аудан экономикасын алдыңғы қатарға шығарудағы ауылдың үлгілі істері нақты мысалдармен көрсетілді. Әрбір ауыл тұрғынының өз иелігіндегі 10-25 сотық жерді тиімді пайдаланып,бау-бақша егіп, құс өсіріп, мал бордақылап, бие байлап, қымыз, саумал өндіріп, артық өнімдерін базарға шығарып сатып,  шаруашылықтарын шыр айналдырып отырғандары мысалға келтірілді.
Бұдан аудандық ардагерлер ұйымының жұмыстың жаңа бағыттарын кеңінен өрістете түскенін аңғаруға болады. Сұрат ауылындағы өткен көшпелі семинарда осы мәселе нақты мысалдар негізінде жан-жақты талқыланды. Семинардың негізгі мақсаты осы ауылда өріс алған жұмыстың елге пайдалы жаңа түрлерін басқа елді мекендер мен округтарға насихаттау және қолдау еді. Сондықтан, Сұрат ауылында өткен семинарға аудандағы барлық округтік кеңестердің және аудандық, округтік билер кеңестерінің төрағалары қатысты. 
Семинар жеке шаруашылықтарды аралаудан басталды. Мысалы, ауылдағы өзінің жеке шаруашылығында бес бие байлап, қымыз, саумал өндіріп отырған азаматтың өзгелерге үлгілі ісі насихатталды. Атап айтқанда, шаруашылық иесі сүт өнімдерін өткізуде қалта телефонын кәдеге жаратады екен. Соның арқасында берілген жарнамаға үн қосқандар сүт өнімдерін өздері келіп әкетіп отыратын болған. 
Сондай-ақ, бір өзі жеті қыз бала өсіріп, тәрбиелеп отырған ананың қолөнермен шұғылданып, қыз жасауын, құрақ көрпе тігуді кәсіп етіп, ауыл тұрғындарының сұранысына ие болып, пайдасын тигізіп отырғаны семинарға қатысушылардың назарын аударды. Өз кәсібін қапысыз меңгерген еңбекқор ананың қолынан шыққан бұйымдарына қызығушылық танытып, аудан, облыс орталықтарынан да сұраныс білдірушілер баршылық екен.Іскер апайдың өрген шиі, тіккен құрақ көрпелері Астана қаласында өткен қолөнершілердің көрмесінде көрсетіліп, кейіннен бұл еңбегі Қазақ ұлттык энциклопедиясына енген. 
Әрине, кәсіпкер ана өз ісін одан әрі дамытып, жұртшылық сұранысын қанағаттандыруға өз үлесін қоса береді. Алайда істің өркендей түсуіне қолбайлау болып отырған мәселе де бар. Ол кәсібін өрістете түсуге, алаңсыз жұмыс істеуге ыңғайлы үй-жайдың болмауы дер едік. Жергілікті жердегі басшылар келешекте бұл мәселені назарға алар деген ойдамыз. 
Және бір сүйсінерлігі, ауыл тұрғындарының көпшілігі өз ауласындағы жер учаскелерін кәдеге жаратып, тиімді пайдалануда басқаларға үлгі-өнеге көрсеткендей екен. Атап айтқанда, мұндай учаскелерде қияр, қызанақ, капуста, картоп, пияз, сәбіз және басқа көкөністер молынан өсіріліп, күз айында бұл өнімдер жертөлеге орналастырылып, келесі жазға дейін отбасының алаңсыз пайдалануына әбден жарап жатыр екен. Яғни, денсаулыққа пайдалы, дәрумендерге бай азық-түлікті әлеумет алыстан іздемей, өз ауласынан табады. «Еңбек етсең, емерсің» деген осы емес пе?
Ауылда бұдан басқа да игілікті істердің жасалып жатқанының куәсі болдық. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда ауыл мәдениеті айтарлықтай көтерілген. Ауыл ішіндегі барлық жолдар асфальтталған. Қала үлгісімен салынып, сыртқы қабырғалары көркемделген  екі қабатты коттедждер анадайдан сән түзеп, ауылдың ажарын кіргізе түскен. Су, газ, жарық үйге келіп тұр. Теледидар қосулы, интернет жұмыс істейді. Ауылдың кез - келген тұрғынында қалта телефоны бар. Үйдің іші-сыртындағы осындай жайлы жағдайға риза болған тұрғындар кейде бір-біріне «үйге кірсең қала, сыртқа шықсаң дала» деп қалжыңдайды. 
Демек, мұндағы өмірдің қала тіршілігінен еш айырмашылығы жоқ, артықшылығы басым. Мысалы, аулада өсірілетін көкөністер жөнінде жоғарыда айтылды. Одан бөлек, саусаң сүт, жесең ет болатын қорадағы малдан келетін пайда қаншама. Ауылда осы малды күтіп-баптау жайы да ойластырылған. Малға арналып сай-саладан шөп жинаумен бірге құнары мол жоңышқа өсіру де жолға қойылған. Жылына төрт рет орылатын бұл жем-шөп малдың қоңдануына таптырмайтын азық болып табылады.
Кейбір азаматтар ауласында жүгері өсіріп, оны сүрлем етіп сүрлеп, мүйізді қара малға беріп етке де, сүтке де кенелуде.
Мұндағы және бір жағымды ерекшелік – ауыл тұрғындарына жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру дер едік.. Оған тұрғындар мал сатып алып, төлдетіп өсіріп, тұрмыстарын жақсартады. Бұрын несие алып үйренбеген халық алғашқыда «банктің қарызына кіріп кетеміз бе» деп қорқақтады. Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрбергенұлы несиеге қатысты округтарда жасалып жатқан жұмыстарды тереңірек талдап, мәселенің анық-қанығына әбден көз жеткізгеннен кейін халықпен кездесуінде несиеден қорқудың жөні жоқ, оның дүниежүзінде сұранысқа ие екенін, оның үстіне 2,5 пайыздың төмен көрсеткіш екенін, осы несиеге мал сатып алып, оның төлінің есебінен алғашқы бір-екі жылда қарызды жабуға болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, елдің беті бері қарап, оған бұрын үрке қарағандар несие алып, сол арқылы шаруаларын өрге бастырды.
Аудан басшысының нақты жағдайларды талдап қабылдаған шешімдері елге музыка мектебі, мәдениет үйі,Кенесары ескерткіші,Меркі ауданның 95 жылдығы сияқты қадау-қадау жаңалықтар болып халықтың көңіл-ахуалын көтерді.
Ауылдағы осындай кісі сүйсінерлік істердің басы-қасында ЖШС басшысы Қанат Кеналыұлы Шайхиев жүреді. Ол - ауыл халқы жұмыла көтеріп отырған барлық игілікті істердің ұйымдастырушысы және дем берушісі. Өңір ерекшелігін жетік білетін, аталған шаруаларды агротехника ғылымымен ұштастыра жүргізетін ол шаруашылық табысын жылдан жылға еселей түсумен келеді. 
Өзіміз қатысып, осы ауылдағы талай-талай жақсы жұмыстарды, игі бастамаларды көзімізбен көрген семинар-жиналыстың және бір тақырыбы – халқымыздың ғасырлар бойы айтылып, насихатталып келе жатқан дәстүрі – шүлен таратумен сабақтастырылды. Бұл бағытта да Қанат Кеналыұлының жомарт жүрегі алға шықты. Ел ақсақалдары, еңбек озаттары, жоқ-жітік отбасылары, балалар мекемелері қай кезде көмек сұраса да қолы ашық азамат көмек беруге дайын тұрады екен. Мысалы, шүлен тарату дәстүрі бойынша ауылдық округтің 4 елді мекенінен келген 25 адамға ұн, азық-түлік, бидай,ет, көкөністер,тауық, жем-шөп,сабан т.б. өнімдер таратқан. Атамыз қазақ алған өнім азба, көп пе, оған қарамастан, шүлен таратқан. «Өле жегенше, бөле же» деген мақал жеке адамдардың осындай мәрттігінен туындаған болар.
Сонымен бірге, біз осында келердің алдында ғана ол 18 ел ағаларын рухани астанамыз Түркістанға ас-суын тиеп, арнайы автобуспен ел, жер тарихымен танысып қайтуға, саяхаттауға жіберіпті. Сондай-ақ, осы сапар туралы арнайы кинофильм түсіртіп, оны ардагерлерге футболкамен бірге сыйға тартқан. Бұдан бөлек, 14 ел ағасын ардагерлердің облыстық «Ғұмыр – Дария» газетіне жаздырып, тегін тараттырған.
Қ.К. Шайхиев ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстар аяқталған кезде диқандардың еңбегін марапаттау жағын да ұмытпайды. Оларға ЖШС атынан жеңіл машина, басқа да бағалы сыйлықтар ұсынып, еңбек адамдарының мерейлерін тасытады. Таяуда ғана ауыл мектебіне 1 миллион теңгеге интерактивті тақта сыйға тартып, мектеп оқушыларын бір серпілтіп тастады. 
Шаруашылық жүргізудің қыр-сырына қанық Қанат Кеналыұлы шаруашылықта су тапшылығын болдырмауға үнемі күш салады. Мысалы, суға зәрулік білініп отырған биылғыдай қуаңшылық жылдары суды аз тұтынатын тұқымдық материалдарға ерекше мән береді. Олардың су тапшылығына ең төзімді түрлерін таңдап кәдеге жарату арқылы шаруашылықтың зиян шекпеуіне қол жеткізе білді.
Қайсыбірін айтарсың, ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да әлдебір бұйымтаймен оның алдына барса, шаруасын ретке келтіріп, жадырап шығатындарын жыр қылып әңгімелейді.
Біздің Сұрат ауылындағы басқосуымызды ұйымдастырған Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылысбаев Байсейіт ақсақал семинар кезінде, шаруашылықты аралау барысында ауыл тұрғындарының еңбек тірлігіне сүйсініп: «Аула ішінде көзін тауып етсең еңбек, қанағат тұтар денсаулық, байлық өзі келмек» деп мәтелдеткен еді. Ауыл еңбеккерлерінің тап-тұйнақтай тыныс - тіршілігіне қарап, оның осы мақамына қол қойғандайсың.
Сондықтан, көшпелі семинарға қатысқан ақсақалдар өздері куә болған ауыл тұрғындарының еңбегіне ризашылық білдіріп, мұндағы қайнаған тіршіліктің арқасында қол жеткізілген жетістіктерді ауылдастарына мысал етіп айтып, оларды осы бағытта еңбек етуге шақыратындарына сендіріп тарасты.
Менің өзім де бұл ауылдан алған әсерден кейін кейбіреулердің «осы шалдар не бітіріп жүр, олардан қоғамға не пайда түседі» дейтіндей дәлдүріштеу пікірлерінің дұрыс емес екендігіне тағы да бір рет көз жеткіздім. Шынтуайтына келгенде, ауыл ақсақалдарының ақыл-ойлары, өмірден алған мол тәжірибелері қоғамға қажет екендігіне күмән келтіруге болмайды. Олардың уақыт тезінен өтіп шыңдалған, қай қырынан алсаң да халыққа пайдалы істерін қоғамның, өмірдің бағыттаушы күшіне айналдыра білу парызымыз болса керек.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық 
қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі
төрағасының бірінші орынбасары, 
тарих ғылымдарының докторы,
профессор.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Қоғам
30 май 2022, Понедельник
Қоғам
Үлкендер өзгерісті қолдайды
01 июль 2022, Пятница
Үлкендер өзгерісті қолдайды
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры