Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҒАЛЫМ, ТЕРМЕШІ - АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА

ҒАЛЫМ, ТЕРМЕШІ - АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА

11 октябрь 2023, Среда
76
1
«Өнерлі өрге жүзер», «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, талантты адамның қашанда жолы ашық, еңсесі биік. Сондай, даусыз дарын иелерінің бірі де бірегейі – жыршы, күйші, фольклортанушы Берік Жүсіп. Беріктің күміс дауысы Алаштың кең даласын кезгенде Ақан сері, Біржан салдардың өзі қайта оралғандай әсерде қаласың. Мұндай алапат өнер иесін тыңдауға, құрметтеуге құштар көрермен өте көп. 
 Дегенмен, Берік Жүсіп өте қарапайым. Оның жыршы, күйшіліктен бөлек жазу өнеріне, ғылымға сіңірген еңбегі ұшан –теңіз. Бір сөзбен айтқанда, қазақ маған не береді деп емес, мен қазаққа не беремін деп толғанып жүретін азамат. 
 Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ардагерлер орта-лығы» ғимаратында фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіппен алдыңғы толқын ардагерлер және зиялы қауым өкілдері кең – мол отырып, әңгіме - дүкен құрды. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, әйгілі жыршының ардагерлер арасына келіп жүздесуі жақсы тарихи сәт екенін атап өтті.
Кездесу барысында Берік Жүсіп ұлттық музыканың бүгінгі дамуы, өнерге ғылыми тұрғыдан баға беру секілді құндылықтарға тоқталды. Сондай қазақ халқының салт – дәстүріне , шешендік болмысына көңіл аудара сөйледі. 
–Ұлттық өнердің болашағы туралы ойлағанда, өткен тарихты да ұмытпағанымыз дұрыс. Мәселен, әйгілі Құрманғазының досы болған Ешнияздың әндері аса құнды. Белгілі күйші Кенжеқұл, сол Кенжеқұлдан тағы бір талантты өнер иесі Нұртуған тарайды. Сырда Мардан Байділдаев ақсақал біраз өнер мұраларын зерттеді. Сол мұраларды қараусыз қалдырмау да аса өзекті болып отыр. Марданның шәкірті Қазанғаптың да мұралары – жас ұрпақ үшін аса қажетті. Менің студент кезімде жазған «Жиделібайсын күйлері» атты кітабым музыка саласында еліміз бойынша оқытылып жатыр. Фольклорды Ақселеу Сейдімбек терең зерттеді. Ақселеуден кейін фольклордың мол мұрасы менің жеке архивімде сақтаулы. Менде 2 мың сағаттық таспаға басылған мұра сақтаулы. Ол – осы елдің рухани байлығы. Менің жыраулық өнерге бет бұруым он үш жасымнан бастау алды. Бүгінгі жастардың өнер жолына келуі – ерекше маңызды. Халқымыздың асыл қазыналары елдің алтын олжасына айналуы тиіс, - деді жыршы.
Берік Жүсіптің бұлай толғана, төгіліп, тереңнен сөз теріп сөйлейтін жөні бар. Сөйлеген сөздері де шетінен бейнелі, кестелі. Аузынан алтын, маржан ағылып, төгіліп жатқандай болды. Бекең ғылымға да көңіл бөлген кісі. Осы тұста сол жағына тоқтала кетсем.
 «Ғылым таппай мақтанба», - деп хакім Абай айтқандай, ілім іздегеннің қазынаға кенелері анық. Ұлттық өнеріміздің, бай фольклорымыздың дамуына аянбай үлес қосып жүрген қайраткердің бірі – Берік Жүсіп. 
Берік Жүсіп – филология ғылымдарының кандидаты, өнертану мамандығы бойынша доцент. Дәріс-концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде болған. 
 Ғалымның екі жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрген. «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі-байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна» атты кітаптарың авторы. «Қазақ-тың қаһармандық эпосы – Қобыланды батыр» монографиясы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары, Базар жырау Оңдасұлы туралы зерттеулері ғылыми мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Бірьалай ғылыми басылымдардың құрастырушысы, жауапты шығарушысы, редакторы. «Сыр сүлейін сұрасаң» , «Қайталанбас дауыстар», «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 2015 жылы жарық көрген) музыкалық антологияларының авторы ретінде де көпшілікке танымал. Ғылыми-танымдық, көркем қойылымды «Жырау» , «Қаһарман» фильм-портрет жобаларының жетекшісі. Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші», басқа да сексенге тарта авторлық бағдарламалары сақталған. Ол – халықаралық конкурстардың жеңімпазы. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық Түрксойдың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты.
Бір сөзбен айтқанда Берік Мырзалыұлы – ұлттық фольклорға, музыкасына ерен еңбек сіңірген кісі. Ұлттық музыканы ғылыми тұрғыдан зерттеп, талай асыл мұраларға тереңдеп барған ғалым. Қай кезде де ұлттық өнерге жанашырлық танытып жүрген азамат. 
 Кездесу барысында, қызықты әңгімелерінің ара - арасында Берік Жүсіп Зілқараның, Ешнияздың термелерін орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп отырды. Жиын барысында жазушы Елен Әлімжан өз ойларын ортаға салып, тарихи әңгімелерді таразылап, саралап отырды. 
 Берік Жүсіп өнер тарихына да кеңінен тоқталды. Күйші Кенжебектің өмірін қызықты етіп әңгімелеп берді. Күйші Кенжебектің жастай атастырылған қалыңдығы барын, оны алуға қалың малы жетпегенін, бар кісілерден қаражат сұрағанын айтты. Ақыры ешкім көмек қолын созбаған соң, басы ауған жаққа кетіп бара жатып, бір ауылға Алланың қалауымен тап болады. «Ол бір байдың ауылы екен. Байдың ерке өскен күйші қызы бар екен. Сол қыздың домбырасын Кенжеқұл рұхсатсыз тартып қояды. Қыз оны байқап, қонаққа ренжіп, шарт қояды. «Менімен күй тартысып, жеңсең мен саған тұрмысқа шығамын, жеңілсең құлақкесті құлым боласың» дейді. Ауыл ақсақалдары келіп, өз шешімін айтады. Екеуі елді жинап күй тартысып жарысады. Кенжеқұл жеңеді. Бірақ, қызды алудан бас тартады. Қыз жақ біраз шамданса да, түсіністік танытып, жігітке құрмет көрсетеді. Күйші қыз жеңілген айыбы үшін Кенжеқұлдың алдына бір үйір жылқы салып береді. Сол жылқыны қалыңға беріп, Кенжеқұл өзінің атастырған қызын алады. Одан әйгілі Нұртуған жырау туады» – деп бір қайырды Берік Жүсіп. Оның қай әңгімесі болса да қызық. Өзінің шешендігінде шек жоқ.
Әдебиетші ғалым Сейсекүл Исматова танымал жыршыға: «Баптап жүрген шәкірттеріңіз бар ма?» – деп сұрақ қойды. Берік Жүсіп: «Мен біреуден ақы алып шәкірт дайындамаймын. Егер шын көңілімен келіп «Аға, сіздің жолыңызға түстім. Аянбаймын, шаршамаймын, жалғаймын» десе, бойымдағының бәрін берер ем. «Менің бойымда бірнеше күндер тоқтамай жырлауға жететін мол қазына бар. Сол қазынаны беріп кеткім келеді. Бірақ, беретін адам таппай жүрмін. Ол жағын ойланатын жасқа келдік», – деді. 
 Әдебиетші Бақытжан Мақашев қонаққа «Күнгей күйлерінің зерттелуі қалай?» деген маңызды сұрақ қойды. Бұл сұраққа күйші - ғалым алдыңғы буын бірнеше күйшінің атын атап, бүгінгі ізденістермен саралап, жақсы жауап берді. Жауабынан қазаққа деген құрметі, қазаққа деген жанашырлығы, еліне деген аппақ тілегі мен жүрегі байқалып тұрды.
 Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, қонаққа шапан жауып құрмет көрсетті. «Берік Жүсіп – біздің үлкен қонағымыз. Бүгін өздеріңізбен бірге керемет әңгімелер естіп, ғаламат ән, жырлар тыңдадық. Рухани байып, сергіп қалдық. Бұл – кездесуіміздің соңы болмайды. Біз Берік Мырзалыұлын алдағы уақыттарда да шақырып, кездесіп, әңгімесін тыңдап, күйлеріне, жырларына құлақ құрышын қандырамыз. Бүгінгі әсерлі әңгімелері үшін рахмет. Өте тағылымды кеш болды», деді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Сондай-ақ, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ақ батасын берді. 
Берік Жүсіп барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Осындай тағылымы зор кездесулер жиі өтіп тұрса» деген тілегін жеткізді. 

Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Суреттерді түсірген Жанат АМАНБАЛА.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Teena
Teena Гости 26 сентября 2024 01:34
Fake Shoes st187 Replica Sneakers for Men,replica shoes cu202
Сотрудники
Партнеры