Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ардагерлер шығармашылығынан

ардагерлер шығармашылығынан

27 сентябрь 2023, Среда
80
0
Асан Әлмахашұлының - негізгі кәсібі ауыл шаруашылығының маманы.
Ұлы Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегеніндей, жастайынан қолы қалт еткенде өлең жазатыны бар. Бар емес-ау, ол – мықты ақын, бірнеше кітаптардың авторы. Оның 2000 -нан астам жыры жарық көрген. «Жыр жылуы жүректің» атты алғашқы өлеңдер жинағы республикаға танымал ақын, марқұм Жақсылық Сәтібековтің алғысөзімен шыққан екен. Демек, Жақаң жақсы пікір білдіріп, кітабына алғыс сөз жазып, ақ батасын берген Асан Әлмахашұлы жаман ақын болмағаны.
Бүгін газет оқырмандарының назарына ардагер ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз

ДАНАЛЫҚҚА ТАҒЗЫМ

Сыналап санамызға  жарық  ектің,
Бабалар  ұлағатын  дәріптеттің.
Тарихтың  тереңінен  болашаққа,
Көпірін  даналықтың  салып  кеттің.

От  кештің,  Отан  үшін  майдандастың,
Аш  жүрдің,  аздың-тоздың,  айлаң  қашты...
Мал  бағып,  кен  қопарып,  егін  салып,
Жылусыз  жылап  өтті  қайран  жастық!

Ұрпақ  деп  үмітіңді  үкіледің,
Езілсең  де  еңсеңді  түсірмедің.
Жыртығын  жетімдер  мен  жесірлердің,
Жанкешті  еңбегіңмен  бүтіндедің!

Азаттық,  теңдік  үшін  алысқаның,
Бар  күшті  болашаққа  бағыштадың...
Өзіңнің  ерлігіңнен  бастау  алған,
Мол  бақыт  жердегі  һәм  ғарыштағы!

Ерлігің  қай  жүректі  жылытпайды?..
Ешкім  де,  ешқашан  да  ұмытпайды!
Таңбалап  тарихыңды  тасқа  қашап,
Ұрпағың  есіміңді  ұлықтайды!

Тағдырлар  тоғысында  дараланған,
Шыңдалып  шымырланған  талай  арман.
Ел  даңқын  еңбегімен  еселеген,
Мың  тағзым  өздеріңдей  даналарға!

ҚАРТТЫҚ СЫРЫ

Жан жүдеулі, жанар-мұнар бұлыңғыр,
Жалқау тарттық, тәнге  іздеп жылы үңгір...
Арман азған, күдік  озған, «Алла»  деп,
Сипалаймыз сықырлаған буынды.

Сәттік сапар - ғұмыр, шіркін, бір елес,
Қарашадай – қарттық күндер күн емес.
Сыйың  кетер, сырларыңды бөлісер,
Қалмаған соң бір тірі жан  тілеулес!

Өтті  бастан  талай  көктем,  талай  күз,
Енді  біздер  қай  әжетке  жараймыз?
«Бар  ма  екен,-  деп,  -  бұл  фәнидің  баяны»,
Көкжиекке  көз  талдыра  қараймыз.

...Сол  баяғы  тамылжыған  табиғат,
Күн  де  солай  тұр  әлемді  арулап.
Тек  көнерген  көкіректе  дабыл бар,
Кәрілік  те,  күні  нәрсіз,  таңы  ұзақ...

Сиқыр  жырмен  сұлулықты  мүсіндеп,
Жүрдік  талай  «жұпар  гүлдер»  ішінде.
Жүріппіз – ау  нелер  шырын  сәттердің,
Алыс  тартып  кететінін  түсінбей...

Сыршыл  кеуде  салғырттықпен  күресіп,
Кейде  осылай  жүрегімнен  жыр  есіп,
Сонау  алыс  күндерімді  тірілтем,
Санамдағы  сағынышты  түлетіп.

Сағымданды  баяу  ұзап  батыл  жыл,
Жүрегіме  үя  салып  соқыр  мұң...
Қимас  жылды  қияндатқан  тағдырдан,
Өлеңіммен  «өшімді  алып»  жатырмын!

АРМАН

Ойласам, қарт  кісіге  бәрі  де  арман,
Өткендей  лезде  сырғып  сағым-жалған.
Кеудеде  кең  дүниені  қимайтын  бір
Тойымсыз  пенделіктің  табы  қалған...


Бір  арман –өміріңнің  шат  болмағы,
Басына  ұрпағыңның  бақ  қонғаны.
Дүние,  саясатпен  бас  қатырмай,
Көнерген  көңіліңнің  тоқ  болмағы.


Бір  арман – алғаныңның  естілігі,
Жеңдірер  наздануға  сес  қылығын.
Тербетіп  көңіліңнің  көк  айдынын,
Өмірдің  білдірмесе  кешкіруін...


Бір  арман – ұл-қызыңа  өріс  беру,
Еселі  еңбегінен  жеміс  теру.
Шаңдатып  шарбағыңда  немерелер,
Қызықтап  отырсаңыз  керіскенін...


Бір  арман – елдің  сені  елегені,
«Қартым,- деп, - қабырғалы,  керегелі»
Алтауың  аялаған,  ала  болмай,
Төртеуің  түгел  болса  төбедегі!


Бір  арман – ағайынның  ынтымағы,
Көңілдің  ортаймаса  нұр  шуағы.
Жат  көзден  жасырумен  жамандығын,
Көтерсе  төбесіне  Біртуарын!


Арман  көп, Хақ  Тағалам  асыл  етсе,
Не  мән  бар  жалғызсырап,  жасып  өтсең?
Аңсаған  басты  арманың  орындалар,
Тәңірім  ақ  өлімін  нәсіп  етсе!..

Асан ӘЛМАХАШҰЛЫ

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ұлылардан ұлағат
25 август 2021, Среда
Ұлылардан ұлағат
АРДАГЕРЛЕР АСЫЛДАРЫМ – АРДАҚТЫМ
27 октябрь 2022, Четверг
АРДАГЕРЛЕР АСЫЛДАРЫМ – АРДАҚТЫМ
Мерей
30 апрель 2021, Пятница
Мерей
Театр
27 октябрь 2021, Среда
Театр
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры