Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҮЛКЕНДЕР ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА

ҮЛКЕНДЕР ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДА

08 июнь 2023, Четверг
129
0
Елімізде аға ұрпақ өкілдері – ардагерлерге қамқорлық жақсы жолға қойылған десек, артық айтқандық болмасы анық. Бүгіндері барлық салада дерлік ардагерлер ұйымдары қоғамдық негізде жұмыс жүргізуде. Әрқайсысы өздерінің мүмкіндігінше жұмыстар атқарып, саланың дамуына үлестерін қосуда. Жетістіктерден де құралақан емес. Өңірдегі сондай іргелі ұйымдардың бірі – облыстағы газ саласы ардагерлерінің ұйымы.
Ұйымымыз ресми түрде «Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы» деп аталады. 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық құрылым құрамында салада әр жылдары қызмет атқарған, қарапайым жұмыс істеген 200-дей зейнеткер есепте тұрады. Олар – саналы ғұмырын газ саласына арнап, өңірдің өркендеуіне үлес қосқандар.
Біз өзіміздің қоғамдық қызметімізде республикалық газ саласы ардагерлер кеңесінің нұсқаулықтарын басшылыққа ала отырып, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестермен тығыз бірлесе жүргізуді дәстүрге айналдыра білдік. Бұл жұмысымыздың тиімділігін уақыт дәлелдеп отыр. Оны ардагерлеріміздің көңіл-күйлері мен қоғамдық жұмыстардағы жоғары белсенділіктерінен аңғаруға болады. Сала ардагерлерін мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орай құттықтау, марапаттау, сый-сияпаттар жасау және дастархан жайып, құрмет көрсету назардан тыс қалған емес. 
Осы орайда ардагерлер ұйымына моральдық және материалдық қолдау көрсетіп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшысы Ордабаев Қанат Апрельұлы мен «Интергаз-Орталық Азия» АҚ басшысы Тоқтасынов Олжас Шәбденұлына ризашылығымыз шексіз. Мекеме ғимаратынан ардагерлер кеңесіне арнайы жұмыс бөлмесін беріліп, қажетті кеңсе тауарларымен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. 
Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік туғызып, ардагерлердің газет-журналдарға жазылуына демеушілік жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлер қамқорлық аясында. Ардагерлер ұйымының белсенді мүшелері қоғамдық жұмыстарға араласып, әрдайым көпшілік іс-шараларының басы-қасында жүреді.
Олар, әсіресе, Наурыз мейрамы және Қарттар күнінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ықпал жасап, кеңінен насихаттауға өз үлестерін қосып жүр. 
Қарияларымыз көпшілік іс-шараларда облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерімен қоян-қолтық араласып кетеді. Оған басшылық тарапынан жан-жақты қолдау бар. Осы орайда «Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Ерқанат Уақбайұлы Темірхановтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен республика көлемінде тұңғыш рет Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өңірдегі газ саласының арнайы бұрышы ашылғанын айта кетуіміз керек. Онда облысымыздағы газ шаруашылығының қалыптасу, даму тарихы, саланың ардагерлері жайында материалдар мен фотосуреттер, басқа да жәдігерлер қойылған. 
Өткен жылдың қазан айында аталмыш мұражайдың ашылу салтанаты республикалық газ саласы ардагерлер кеңесінің жетекшісі Ерқанат Уақбайұлының, облыс және қала әкімдері орынбасарларының, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестері төрағаларының, «ҚазТрансГаз-Аймақ» акционерлік қоғамы өңірдегі филиалы директорларыныың, сала ардагерлерінің қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
«Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Уақбайұлы облыста өткізілген алқалы жиыннан кейін Жуалы ауданына барып, жергілікті газ саласының ардагерлерімен кездесті. Сәті түскен кездесу барысында төраға республикадағы газ саласы ардагерлерімен атқарылып жатқан игі істер жайлы ардагерлерді хабардар етті. 
Жергілікті ардагерлер мәртебелі мейманға ризашылықтарын білдірді, өзара пікір алмасты. Соңынан мәртебелі мейман қонақжай қазақ дәстүрі бойынша сала ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол Дүрәлінің шаңырағына бас сұғып, дастарханынан дәм татты. Осы орайда, меймандардың назарын аударған мына бір қызықты жағдай туралы айта кетуді жөн көрдім. Көпшілікті қызықтырған өңірдегі танымал ардагердің үйінің бір бөлмесінде кішігірім мұражайдың жасақталуы болды. Шын мәнінде, бұл – сала ардагерлеріне үлгі боларлықтай үрдіс екені даусыз. 
Сөйтіп, газ саласының Құрметті ардагері, абыз ақсақал Аманжол Дүрәліге арнайы барып, сәлемдесіп, батагөй қарияның алғысына бөленіп, батасын алып қайттық. 
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті білімгерлерімен «Қазақтан Республикасындағы мұнай-газ және тау-кен салаларының даму стратегиясы» тақырыбында өткізілген кездесуді тағылымды іс-шаралар қатарына жатқызуға болады. Кездесуге қатысқан білімгерлер сала ардагерлерінің әңгімелерінен зор әсер алғандығы даусыз. 
Жұмыссыз жастардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып тұратын байқауларға да ардагерлерді шақырып тұру дәстүрге айналған.
Мысалы, өткен жылдың мамыр айында «Аман-гелді Газ» ЖШС-ның Шу-Сарысу өндірістік базасында өткізілген «Үздік маман – 2022» байқауы жас жұмысшыларының кәсіби шеберліктерін шыңдауға арналған игілікті іс-шара болғаны анық. 
Айта берсек, газ саласы ардагерлерінің облыстық филиалында атқарылған істер баршылық. Алдағы атқарылар істер одан да көп. 
Бұл – біздің мерейлі міндетіміз. Ал, міндеттің мінсіз жүзеге асырылуы ардагерлер белсенділігіне қатысты. 
Сөз орайы келгенде, ұйым жұмысына белсене атсалысып жүрген ардагерлерге алғыс айтқан ләзім. Бұл ретте Жолдығұл Исабеков, Лина Әбдірахымова, Александр Свойкин сынды ардагерлер мақтауға да, мақтануға ла лайықты.
Сала ардагерлеріне деген құрмет пен қамқорлық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Хамит Орынбеков,
«Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры.


Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры