Жаны сұлу адамдар әдемі қартаяды

Таяуда әлеуметтік желіде жарияланған қасіретке толы бір бейнежазбаны көріп, жүрегім сыздады. Балқаш қаласында бір такси жүргізушісі пәтерін қимай тастап, Қарағандыдағы қарттар үйіне кетіп бара жатқан 83 жастағы қазақ қариясының тағдырын әлеуметтік желіге жүктепті. Қарттық әбден шаршатып, бойынан күш-қуат кеткен, аяғын қалт-құлт етіп әрең басқан ақсақалды еріксіз аяйсың, жаның ашиды.Қарттың сөзіне сенсек, оның жоғары білімді, әрқайсысы өз алдына отау құрған үш ұлы мен бір қызы бар екен. Кемпірі біраз жыл бұрын сырқаттан көз жұмған. Бүгіндері ұлдарының бәрі лауазымды қызметте: бірі – Қарағанды қаласындағы полицияда аға тергеуші, екіншісі – сонда аудандық прокурор, үшіншісі – Алматы облысында тергеуші. Бірақ үш ұлдан да қайыр жоқ. Қарт әкесіне көңіл бөлуге, қал-жағдайын білуге уақыттары тапшы. Барлығы тасжүрек, мейірімсіз жандарға айналған. Мына мың құбылған беймаза уақыттың тауқыметінен әбден қажыған жалғызбасты қарт керек құжаттарын -жергілікті әлеуметтік орындарға тапсырып, қалған өмірін қарттар үйінде өткізуді жөн санапты. Құжаттары реттеліп, шақыру алғаннан кейін Қарағандыдағы қарттар үйіне жолға шыққан беті екен. Қарияның жүзінен өз ұясына деген қимастық сезімі байқалады. Дауысы еріксіз діріл қағады. Такси жүргізушісі «Біз де ертең қартаярмыз. Бізді қандай қарттық күтіп тұр екен?» деп көпшілікке зілді сұрақ тастайды.
Қазақтың «Қартайсаң, әдемі қартай» деген киелі тілегі, астарлы сөзі бар. Бірақ өмір-өзен өз дегеніне көндіреді. Бұрынғы бойыңдағы арқыраған күш кемиді, сыйласатындар сирей бастайды, ойын-қалжың айтар достарың мен құрдастарың да азаяды. «Көп жасаған – құрдасынан, жұғымы жоқ-жолдасынан айырылады» демей ме қазақ даналығы?! Тіпті кейде ой-пікір бөлісетін серік таппай қалатының жанға бата бастайды. Есейген бала-шағаң таңнан кешке дейін қызметте, күнделікті күйбең тірлігінің ұсақ-түйек мәселесін шешуден қолы бір сәт босамайды. Немерелерің де күндіз оқу-сабақ, спорт секциясы деп шапқылайды, одан қалса сағаттап қолындағы смартфон мен интернетті шұқылайды, сенімен сөйлесуге де уақыты жетпей жатады. Бұл – бүгінгі күннің дәлелдеуді қажет етпейтін шындығы.
Халқымызда «Үлкеннен – құрмет, кішіден – ізет» деген сөз бар. Өкінішке қарай, қазір діннің әлдебір түсініксіз, бұлыңғыр жолына түсіп, қауғадай қара сақалдарын өсіріп, бет-әлпетін уақытынан бұрын қартайтып жүрген жастар қала мен далада көбейіп барады. Олардың ата-ана, бауыр, отбасынан безіп, өз бетімен кетіп бара жатқаны арқаға аяздай батады. Олардың отбасында, өскен ортасында адами қасиеттер жайлы мезгіл-мезгіл әңгіме қозғалып, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие, оң бағыт, саналы ақыл айтылып отырса, артық болмас еді-ау деп ойлайсың. Әсіресе ауыл қарттары, көргендері мол, кеуделері сыр сандық ел ағалары, әже-апалар жастарға, олардың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендері жөн.
Рас, қазір ауылдарда ардагерлер кеңестері құрылған. Олар өз мүмкіншілігінше қоғамдық шараларға, жастар тәрбиесіне өз үлестерін қосып жүр. Бұрынғы қариялардай ел ортасында пайымды ой айтып, парасат биігінен көрініп жүрген ақсақалдардың әрекеті қуантады.
Бұрынғының қариялары «О, Жаратқан ием! Барлығын алсаң да абыройымды алма!» деп жиі тәубелік жасап отыратын. Не айтса да байыппен сөз қозғап, салиқалы таза ойын жеткізетін, елдің басын қосуға, біріктіруге ниет қылып, ел мүддесін қорғайтын парасатты сол ақсақалдарды кейде шын аңсайсың, тіпті сағынасың...
Әр заманның өз уақытына сай тұлғалары болады. Ұлы даламыздан мекен еткен халқымыздың арасынан талай дүлділ абыздар, көпті өзіне қаратқан шешендер, әділдікті биік ұстаған билер, ақыл-парасаты мол көсемдер шыққан. Олар өздерінің ақыл-парасатымен елді айрандай ұйытып, шаңырағының биік, керегесінің берік болғанына зор үлес қосқаны белгілі. Сөйтіп, олар халық арасында сый-құрметке бөленіп, есімдері алтын әріппен мәңгілікке жазылып, ел-жұрттың алдында тарихтың жібек жібін жалғастырып, аттары аңызға айналды.
«Қартайдым деп қайғырма, жас бала бар артыңда. Жалғызбын деп қайғырма, жақсылар бар алдыңда» деп ата бабамыз қарттықты кейінгі саналы ұрпақпен, кеуделерінде нұры бар ел азаматтармен жалғасатынын айтқан. Әдемі қартаюдың өнегесі болып өткен өңіріміздің белгілі азаматтары да аз болмаған. Мысалы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Бектұрғанов, билік биігінде болған Сейілхан Аққозиев, ширек ғасыр Мойынқұм ауданын іскерлікпен басқарған Айтбай Назарбеков, Талас ауданында ұзақ жыл беріле ерен еңбек етіп, ел алғысына бөленген Ералы Дадабаев, мәдениет және партия-кеңес органдарында тындырымды қызмет еткен, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев, облыстық әсери комиссариатын басқарған әскери полковник Айтжан Қалтаев, қоғам қайраткері Сағынхан Әміреқұлов, белгілі ғалым-профессорлар, академиктер Сейтхан Жошыбаев және Өскенбай Мәдиев, өңіріңіздің дамуына ерен үлес қосқан қайраткерлер, абзал ардагер-аналар Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева секілді дегдар жандардың жарқын өмірі, атқарған істері көпке өнеге. Тәубе, өнегелі өмірімен, салмақты ойыменен замандастарының, өз ортасы алдында сыйлы болып, құрметке бөленіп жүрген қарттарымыз әр аймақтан, әр ауылдардан табылады.
– Қартайған адамдардың бәрі бірдей сүйкімсіз болмайды. Қартайған адамды айналасына сүйкімді көрсететін жалғыз қасиет – даналығы. Ұзақ жасап, өмірден көрген-түйгені көп қария дана болса, айналасына қадірлі болмақ. Ал, керісінше, өмірді көп көрсе де, көкірегіне ештеңе түймей күн кешкен пенделер қартайған сайын ақылы таяздана бермек. Мұндай жандар айналасына да сүйкімсіз көрінеді. Қартаю да, ажал да – өмір заңдылығы. Сондықтан әрбір күніңізді мағыналы өткізіп, өмірдің жақсысы мен жаманын таразылап, имандылықты серік еткеніңіз абзал. Жаны сұлу адамдар сұлу қартаяды. Сондықтан, қартаймаудың негізгі емі – саламатты өмір сүру салтын ұстану мен өн бойындағы мәдениеттілік, дұрыс тәлім-тәрбие деңгейінің төмендемеуінде, – деп отырушы еді жарықтық Ордабек Бейсенұлы көкем өткен күндеріне, жылжып өткен жылдарына ой жүгіртіп.
...Демалыс күндері қолым қалт еткен сәттерде қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа барып серуен құратын ескі әдетім бар. Ол жерде мен сияқты таза ауамен тыныстап, дене шынықтырумен айналысып жүрген жүзі таныс асыл қарттармен кездесем, серуендей жүріп әңгімелерін тыңдаймын. Солардың арасында көп жыл басшы қызметте болған, абыроймен ел басқарған, қаламды жанына серік еткен зейнеткер қариялар да бар. Айтқандарын ой таразысына салып, көңілге түйемін. Жақсы әңгімелерін естіп жүрегің жылиды, көңілің көтеріліп, тың пікір туындайды. Қариялардың салиқалы ойларын, өмір тәжірибелері туралы естеліктерін тыңдай жүріп «Қарттық – кәрілік емес, даналықтың, абыздықтың көрінісі» деп көнекөз аталарымыздың бекер айтпағанына көз жеткізесің. Әдемі қартаюдың бір дұрыс жолы – таза ауада серуендеу, бір мезгіл замандастарыңмен әңгіме-дүкен құрып, ой бөлісу, пікір алмасу ма деп ойлайсың. Олардың біразы әлі де қоғамның қарбалас тіршілігіне белсенді араласып, мезгіл-мезгіл жастармен кездесулерге қатысып, өмірлік парасатты ақыл-кеңестерін беріп келеді. Ойлы қарттардың бұл игілікті істері көпке өнеге. Шынында да, әдемі қартаю да бір бақыт емес пе?! Қарттық – Тәңір мен мына тағдырдың бізге берген жақсы сыйы емес пе?
Елдің қамын ойлап, жүрген ортасында жақсы игілікті істерімен басқаларға үлгі болып жүрген, ары таза, пейлі кең ардагерлеріміз азаймасын. Қарияларымыз қасиетті, ұрпағымыз иманды болсын, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
🔰 Мониторинг қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар берілді
23 апрель 2025, Среда
ӘППАҒЫН АҢСАҒАН ҚАРА ЖІГІТ
23 апрель 2025, Среда
Ұлы Жеңіске – 85 жыл!
23 апрель 2025, Среда
Похожие материалы:
Комментарии (0)