Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ, ІЗГІЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ, ІЗГІЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

24 март 2023, Пятница
126
0
Әлімсақтан айрықша ықыласпен тойланатын Наурыз мейрамы – қасиетті Тұранда тамырланып, өркен жайған түркі әлеміне тән рухани өркениеттіліктің белгісі. Жаңару мен жаңғырудың, өсу мен өнудің, түлеу мен түрленудің тұма бастауы ретінде атап өтілетін бұл мейрам тегі бір, тумысы ортақ түркілердің басын бір арнаға тоғыстырудағы тәлімі зор, тарихи тамыры тереңге бойлап жатқан мейрам.
Наурыз мейрамының дәстүрлі қазақ қоғамындағы маңызын айғақтайтын тарихи жазба деректерінің қатары мол. Соның ішінде, әсіресе ұлттық ойлаудың қаймағы бұзылмай тұрған сәттегі қазақ зиялылары жазбаларының алатын орны теңдессіз. Жалпы ай атауы қалыбында қолданысқа еніп кеткен «наурыз» парсы күнтізбесі бойынша жыл басында келетін фарвардин айының алғашқы күні.




Қазақ халқында Наурыз айының  22-сі «Ұлы Істің Ұлы күні» деп саналады. Себебі осы күні аспан денелерінің тыныс-тіршілігінде табиғи құбылыстар орын алады. Ай мен Күн теңеліп, жалпы физикалық қозғалыс заңдылығына бағынатын жер-жаһанның метафизикалық болмысы жаңғырады. Міне осы сәт, яғни, күн мен түннің теңелуі түркілерде – Ұлы Іс ретінде бағаланған. Ал айтылу барысында бұл сөз тіркесі ассимиляцияға түсіп «Ұлыс» болып өзгерген. Бұл ойымызды нақтылауда  мынадай бір қарапайым тіл құрылымдық ой-толғауына тоқтала кетуімізге де болады. Әдетте ұлт тілдік единицамен қатар қолданылатын, ұлыс сөзінің мағынасы – ру, тайпа, қауым т.б дегенге саяды. Ал енді Наурызды мейрамдау барысында жұртшылық бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп  тілеу тілесіп жатады. Енді осыған тіл ғылымының заңдылығы тұрғысынан және әрбір жекедеген тілдік единицалардың мәні мен мағынасы тұрғысынан мән берсек «ұлыс оң болсынның» мағынасында сұрақ туындайды. Әдетте қазақ «оң болсын» дегенді жол-сапарға байланысты қолданады. Демек, біздің айтып жүрген «Ұлыс оң болсынымыз» «ру немесе тайпа, қауым оң болсын» деген мағынаға ие болып шығады екен. Ал асылында бұл ізгі тілектің дұрысы «Ұлы Іс оң болсын». Ал енді осы «Ұлы Іс» - яғни наурыз айының 21-нен 22-не қараған түнде ғарыш әлеміндегі ай мен күннің теңелу амалы – жалпы ғаламдық кеңістіктегі қозғалыстың жаңғыру, өзгеру, жаңалану жағдайын туындатады. 
Наурыз мейрамы қарсаңындағы ой тазалығы, бой тазалығы сынды қарбаластың астарында сол табиғат заңдылықтарына негізделген таным-түсінік жатыр. Өкінішке орай, дәстүрлі ойлау желілерін үзіп, ұлттық құндылықтардан, ұлттық санадан қол үздіруде өткен дәуірлерде орын алған тарихи құбылыстардың салдары өлшеусіз. 
Егемендігімізді еңсерген ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында тарихи жадымызды жандандыра түскен «Наурызымызды» ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла тойлауға  бет бұрдық. Десек те, бұл мейрамды атап өтуде ішіп-жемнің төңірегінен аса алмай жатқандығымыз жасырын емес. Шындығында бұл – әрбір жеке тұлғаға тән микро түсініктің жалпығаламдық макро өріске ұласуын талап ететін аса терең мағыналы мейрам. Бұл туралы қазіргі ғылым айналымында да көптеген ғылыми нанымды деректердің басы ашылып, дәлелденіп жатыр. Алдағы тұрған келелі бір мәселе – солардың барысын жүйелеп, «Наурыз» мерекесінің ғылыми негізін дерек-дәйегін нақтылау болып тұр. Сол арқылы біз қоғамдық ой-санада осы ұлттық мейрамның маңызын насихаттап, өз деңгейінде ұялата алсақ қанекей. Енді мүмкіндігінше осы мейрамның тарихи-танымдық қырына тоқтала кетсек. 
Жалпы Наурыз мейрамы ықылым дәуірлерден түркі әлеміндегі жалпыға ортақ рухани-танымдық мұраға айналған. Наурызды тойлау ғұрпын әрбір ұлт өкілдері өздерінің тұрмыс-салттарына, мәдени-шаруашылық ыңғайына қарай бейімдеп алған. Сол секілді қазақ халқының да Наурыз мейрамын өзінің дәстүрлі мәдениетіне, тұрмыстық ерекшелігіне қарай қалыптастырғаны түсінікті. Бұл туралы көнеден келіп жеткен жазба және ауызша деректер де бар.
ХХ ғасыр басындағы ұлт руханияты-ның көшін ілгері оздырушы тұлғалар Нау-рыз мейрамының қарсаңында оның мәні мен мағынасына байланысты, танымдық-тәрбиелік құндылықтарын тарқататын мақалалар жазып насихаттап, жалпы көшшілікке деген ізгі ниет, жыл басылық тілектерін жолдап отырған. Сол дәстүрлі жолды бел ортадан үзген Кеңес өкіметінің 1926 жылы шыққан қаулысы еді. Онда Наурыз мейрамының діни сипаты атап көрсетіліп, оны тойлауға ресми түрде тиым салынған. Соған қарамастан көкірек-көзі ояу ұлт жанашырлары халықтың ұлттық жадысынан ажырап қалмауын көздеп, бұл  тақырыптағы ойларын жариялап отырған. Солардың бірқатарына тоқталып өтер болсақ, Бейімбет Майлинның «Наурыз күні» өлеңі 1926 жылы жазылса, ал «Наурыз тілегі» өлеңі наурызды тойлауға байланысты ресми тиым салынған қаулы шыққаннан кейін 1927 жылы жарияланған.
Сол кезеңдегі ұлт зиялыларының жазба дүниелерінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы Наурыз мейрамының болмысы нақтылы дәлелдермен сипатталды. Атап айтқанда «Көрісу», «Жаңа  жасқа құтты болсын айту», «Шүлен тарқату» сияқты ғұрыптармен  Наурыз көже дайындаудың ерекшеліктері, өзіндік шарттары мен олардың мән-мазмұны жан-жаты талдап, тарқатылған.
Қазақтың дүлдүл ақыны Мағжан Жұмабаев та «Наурыз» атты аса құнды деректер мен бастамашыл идеяға құрылған мақала жазған. Ол ұлттық мейрам ретінде ерекшеленетін Наурызды идеологиялық шабуылдан арашалау мақсатында:  «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді» деп жазады. Бұл орайдағы өз ойын автор ел аузында ертеден келе жатқан аңыз желісімен байланысты түсіндіреді. Ол былай: «Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туылғанда, сол туылған күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен". Бұл аңыздан «Жылдың» адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір-біріне «Жасың құтты болсын», – деп айтуының себебін осымен байланыстырады. Наурыздың тарихи төркіні, оның ұлттық қоғамдық дамудағы маңызы туралы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сәкен Сейфуллин және өзге де қайраткер қаламгерлер қалам тербеп, ой толғаған. Мәселе ендігі кезде сол ұлт кемеңгерлерінің ұлттық мейрам – Наурыз тақырыбында жазған дүниелерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, халыққа кеңінен насихаттау болып отыр.  
Жалпы қауым болып, ортадан қазан көтеріп асылатын «Наурыз көже» дәмін дайындаудың да өзіндік шарттары бар. Бұл күнге дейін көне көз қариялардың қарым-қуатымен жалғасын тапқан ерекшелік ол – жеті түрлі дән түрінен көже дайындау. Сондай-ақ, міндетті түрде ағарған қосу болса, өткен ғасырдағы ұлт білімдарларының жазбаларында басқа да құнды деректер бар. Атап айтқанда – Наурыз көжеге малдың бас мүшесін салуға ерекше мән берілген. Басты наурыз көжеге салып алғаннан кейін тартудың түпкі мәнінде мал басының бүтіндігін тілеу ниеті жатыр. Сонымен қатар, Наурыз көжеге арнайы мал сойылмау рәсімі қазақы дәстүрде «пышақ қандамау», – деп аталады екен.  Наурыз дастарханында бас тарту рәсімі жөнінде Мағжан да: «Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты, шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді... Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу», - деп жазғаны бар.
Түркі тектілердің Наурыз мейрамына «Жыл басы» ретінде ғана емес, сондай-ақ жалпы табиғаттың бой жаңартуы ретінде мән бере тойлауына байланысты көптеген сыры ашылмаған танымдық мәселелер баршылық. «Наурыздан соң жаз деймін» немесе «Наурыздан соң жаздаймын» дегенде «Наурызбен» көктем мезгілінің жаңаруын меңзеген. Сол себепті, қазақтар халықтық білім жүйесіне сәйкес Наурыз мерекесінің келуін, шартты түрде көктем мен жазды біріктіріп, табиғаттың құлпырып, жаңаруына орай, «жаз келді» деп сипаттаған. Мағжанның «Жыл мезгілдері» атты жинағындағы «Жаз» өлеңі «Самалық» деп аталатын құсты сипаттауымен құнды. Соған байланысты бұл шығарманы ұлттық дүниетанымда «Наурыз құсы»  саналатын «Самалық» жайындағы бірден бір жазба дерек десек болады. Мәселен кеңес өкіметі тұсында көгершінді бейбітшіліктің символы ретінде насихаттау дәстүрге айналған болатын. Сол секілді бұл өлеңінде ақын Наурыз мейрамына тән рәсім-ғұрыптарды әлгі самалық құспен тілдесу үлгісінде жеткізгендігі жадымыздың терең қатпарларында жасырынған тарихи таным төркіндерінен сыр беретіндей. 
Қорыта айтқанда, әр ойы алтыннан асыл Мағжан ақынның: «Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға игі іс жасайтын мейрам ету керек», – деген ойының бағыт-бағдарлық, қоғамдық идеологиялық маңызы зор. Түптеп келгенде, Наурыз көптің басын қосып ас ішіп, аяқ босатумен шектелмейтін мейрам. Ең бастысы ой мен бойды, ниет пен пейілді азған, тозған күйден арылтып, адамның өз жалқы әлеміндегі энергетикалық өріс алқабын тыңайтуы. Ізгілік амалдары арқылы жүзеге асырылатын тыңаю арқылы адам өзін де, өзгені де бақытқа бөлейтіндігі сөзсіз. 
Ең бастысы адамның ішкі рухани тілек-қалауы мен сыртқы амал-әрекеті бір арнада тоғысқан жағдайда ғана оң нәтижеге қол артуға болары белгілі. Сондықтан құдыреті күшті шексіз Көк Тәңірі көктемдегідей көгертіп, көсегемізді көктетсін десек айнала қоршаған ортаға көңіл аударып, бір мезгіл қамқорлығымызды жасағанымыз жөн.


«Атадан мал қалмасын, тал қалсын!» деп дана қазақ бекер айтпаған. Бүгінгі шыбық ертең елдің жанына сая болатын шынарға айналды. Оның уылжып пісетін жемісі жан біткеннің таңдайын жібітер шәрбәтқа айналатынын ұмытпағанымыз жөн. Міне, ізгілік деген осыдан басталса игі. Сол себепті ел болып, қауым болып қоршаған орта – Жер Ананың қойнауын қоқыстан тазартып, тынысын кеңітейік. Бұл шаруаға қариялар көш бастап, жастар із жалғап дегендей қоғам өкілдері біртегіс атсалысса, әрине нұр үстіне нұр болар еді.  Және осы зәрулікті көшедегі билбордтар мен басқа да жарнамалар арқылы жадымызға сіңіру жағын облысымыздағы ішкі саясат, мәдениет басқармалары да қолға алып, қолдап, қолпаштағаны аса қажет. Бәріміз болып, үлкеніміз-кішіміз болып, осы мәселеге жұмыла кірісіп, баталы іске бет бұрайық. Әз Наурыз құт-берекесімен келіп, Тәңірінің жарылқауына бөленейік, жарандар!

Рахат Саламатова,   
М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік университеті «Қаза тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты

Обсудить

Похожие материалы:

Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Нұр тараған Наурыз тойы
19 март 2021, Пятница
Нұр тараған Наурыз тойы
Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
Таным
08 апрель 2020, Среда
Таным
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры