Ойласып атқарған жұмыстың ұлағаты болады

Естіп жүрміз, «ойбай тойға 50 адамнан артық қатыспайды деген не сұмдық?» деушілер бар. Мәдениеті дамыған елдер тойларын азғантай ғана топпен, даңғазасыз, дау-дамайсыз өткізіп, қуаныштарын бөліседі. Ертеректе тойдың саны аз еді. Тұсау – кесер, бесік тойға аз ғана адам жиналатын. Сүндет тойда солай өтетін. Жасы бірге толған балаға шындап келгенде той несіне керек?! Жалған атақ, даңғаза даңққа бола жұртты жинаймыз. Бұдан жастарға қандай тәрбие болады? Оны айтасыз жақында ғана елге белгілі екі әртіс кезінде беташар тойымыз ойдағыдай өтпеді, қайтадан үйлену тойын жасаймыз деп айды аспанға бірақ шығарды. Атам қазақ келіннің бетін киелі санап бірақ мәрте ашпаушы ма еді?Той тойлаудағы басқа да оспадарлықтарды да көріп жүрміз. Бұл біздің рухани жағынан азғындағанымызды білдірмей ме? Мұндай жолсыздықтарды көріп, біліп отырып, зиялысымақтарымыз, ақсақалдарымыз неге қойыңдар деп айтпайды. Ұлы Абайдың: «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» дегені қайда? Ілгеріде атамыз қазақ «той тондыныкі» деуші еді. Әркімнің қуанышына шек қоя алмаспыз. Бірақ әр нәрседе, әсіресе той өткізу кезінде бір тәртіпке бағынғанымыз жөн болар.
Облыс басшысының тағы бір игі бастамасы, биылғы жылды «Әулиеата-кітап оқитын өңір» деп жариялауы болды. Жасыратын не бар, орта жастағы буындар, жас өспірімдер ұялы телефонға жармасып, кітап оқуды мүлдем қойды десе де болады. Шет ел классиктерінің шығармаларын айтпағанда, әжелеріміз, аналарымыз ертегі айтуды қойып, бесік жырларын ұмытты. Осыдан 90 жыл бұрын қазақтың ұлы перзенті Б.Момышұлы бесік жырын айтпаған аналардан қорқамын деп жазып, көрегендігін көрсетті. Бесік жыры – тәрбиенің тамыры, ұлттың уызы. Ертегілеріміз елін сүюдің жолашары. Бірақ оны түсінбейтін ұрпақ пайда болды. Шет елдің мән-мағынасы жоқ мультфильмдері, орыстың Маша мен Медведі балғындарымыздың миын улауда. Айта берсе өкінішке ұрындыратын әңгіме көп. Аңыз-әңгіме айтатын ақсақалдарымыз, көксақалдарымыз сиреп барады.
Ал, енді біздің кейбір киногерлеріміз күлдіреміз деп, адамдарды бүлдіретін фильмдер түсіріп ала шапқын болып жүр. Арыға бармай-ақ соңғы жылдары экрандалған «Жездуха», «Әкем», «Тракторшының махаббаты», «Зың-зың Күлпәш» және сонымен қатар әйелдің паригін киіп алып масқара болып жүрген Адамбаевтың, шетелде бизнес жасаймын деп мазаққа ұшыраған Нұрлан Қоянбаевтың фильмдері менің ұғымымша көрерменге де, ұлтқа да абырой әпермейтіні анық. Оның есесіне Алаш арыстары туралы түсірілген фильмдер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мен Астанада жүріп, «Оян Қазақ» деп аталатын фильді көріп, ұлттың намысы оянғанын, көздеріне жас алған қазақ жастарын көріп қуандым, тебірендім. Демек халықтың жүрегіне жақын, ұлттық сана-сенімді оятатын фильмдер халыққа ауадай қажет екен ғой деп ойладым. Бүгінгі жұртшылық, бүгінгі оқырман өмірдің шынайы жүзін көрсететін шығармаларға сусап отыр. Ал, қоғамымыздың бет-бейнесін шынайы көрсететін шығармалар, кітаптар жоқ емес, баршылық. Соларды насихаттап, қалың жұртшылықты кітап оқуға тәрбиелей алсақ, бүтіндей ұрпағымызды дұрыс жолға салар едік деген ойдамын.
Түнеу күні Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы тарихтану және руханият орталығында «Әулиеата - кітап оқитын өңір» деп аталатын жиын өтті. Басқосуда өңір басшысы Ербол Шырақбайұлы кітап оқудың тәрбиелік рөлі жайлы өте ойлы сөз айтты. Жиынға қатысып сөз сөйлеген шешендер де кітаптың рухани азық екендігін жеткізе айтып жатты. Ойларын ортаға салды. Барлық пікірлерге, ұсыныстарға менің де алып қосарым жоқ. Бірақ кітапты қалың жұртшылыққа қалай оқытамыз деген сауал мені де мазалайды. Жасыратын не бар, ана жылы кітапханалар жабылып, көбіміз қамығып қалдық. Қайтадан ашылып еді, бірақ оқырмандар санының көңіл көншітпейтіндігін көріп жүрміз. Жапон елінде әр адам жылына кемі 200-300 кітап оқысын деген талап бар екен. АҚШ-да, Англияда, Францияда кітапханаларында адамдар легі үзілмейтін көрінеді. Олай болса, біздің зиялыларымыз, атқа мінерлеріміз, кәсіпкерлеріміз қу дүниені қуа бермей, кітап оқуға ұмтылса қайтеді деп ойлаймын. Ел басқарған ағаларымыз қарамағындағыларына кітап оқыңдар деп, өзі бастап үлгі көрсетсе қане. Кешегі кеңес заманында аудан басшылары апта сайын өткізілетін лездемелерде қарамағындағыларға қандай кітап оқыдың, қандай кино көрдің деп сұрап отыратын. Талап болған соң жаппай оқып, олар отбасыларынан да соны талап ететін. Оның несі қиын? Егер біз білімді болғымыз келсе, егер біз өркениет көшіне ілескіміз келсе, онда әңгімені кітап оқудан бастау керек. Және оны қадағалап отыру басшы мен қосшыға сын. Айталық, кәсіптің неше алуан түріне үйрететін ақылды кітаптарды оқиық. Жаман әдеттен жирендіретін кітаптарды оқып, санамызға сіңірейік. Арзан күлкіге алданбайық.
2025 жылды кітап оқитын жыл деп жарияладық па, қолға алған игі шаруаны орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізейік. Ол үшін қаламгерлеріміз осы заманға лайықты шығармалар жазсын, елдің жүрегіне жол тапсын. Ақылшысына айналсын. Ондай жағдайда кітаптың оқылмай қалуы мүмкін емес.
Сіз қалай ойлайсыз оқырман? Тек кітап қана емес газет, журнал оқиық. Кітап оқырмандар конференцияларын өткізуді, солар арқылы кітапты насихаттауды бүгін қолға алайық. Біз онсыз да біраз уақыт жоғалтып алдық. Рухани азығымыздан айырылсақ, ұлтымыздың қадір-қасиетінен айырылатынымызды есімізден шығармайық, ағайын.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі
Обсудить
Блок в статье:
Мойынқұмның елге сыйлы Балжаны.
08 март 2025, Суббота
Ұл мен келін қабағыңды жүр бағып.
08 март 2025, Суббота
Ұл мен келін қабағыңды жүр бағып.
08 март 2025, Суббота
Похожие материалы:
Комментарии (0)