Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Орынбай асқан асулар

Орынбай асқан асулар

31 декабрь 2024, Вторник
37
0
Орынбай Рысбаев әскерден оралысымен облыстық ішкі істер басқармасына қоғамдық тәртіп сақшысы болғысы келетіні жөніндегі өтінішпен қайырылған. Мектептен кейін ДОСААФ-та оқып, жүргізушілік куәлік алып шыққан, одан кейін шаруашылықта шамалы уақыт шофер болып жұмыс істеген, Кеңес әскері қатарында болып қайтқан азды-көпті өмірлік тәжірибесі бар сақа жігіттің өтініші қабылданып, басқарманың күзет бөліміне жұмысқа қабылданды. Алғашқы үш жылда өзін жауапты, адал қызметкер ретінде көрсеткен ол Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне ауыстырылды. Осында 1979 жылға дейін милиционер, сот айдауылы қызметінің бастығы болған Орынбай Рысбаев 1979-1982 жылдары КСРО ІІМ-нің Алматыдағы орта-арнаулы милиция мектебінде сырттай оқып заңгер мамандығын алып шықты. Білім мен саладағы еңбек өтіліне қарай иығына офицер шенін тақты. Милиция лейтенанты болды. 
Ішкі істер органдарында қызмет атқарған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Орынбай Рысбаев Жамбыл ауданының «Қызыл Октябрь», «Крупская», «Ақкөл» ұжымшарлары, «Қаракемер», «Пионер», «Куйбышев», «Жамбыл», «Ильич» кеңшарлары мен мамандандырылған мал бордақылау шаруашылығында учаскелік инспектор, аға инспектор қызметтерін атқарды. Кейбір шаруашылықтарда 2-3 елді мекеннен бар. Орынбай оларда тәртіпсіздік, бұзақылық, ұрыс-керіс, ұрлық-қарлық болмауын қатаң қадағалады. 
...Қызыл Жұлдыз ауылында қызмет атқарып жүргенінде бір азамат арызбен қайырылған. Ол бір бас сиырын жоғалтыпты. Оқиғаның қашан болғанын, қолды болған малдың жасын, түрі-түсін анықтап сұрап алған Орынбай:
– Ұры алыстан келген жоқ. Осы ауылдан немесе сіздің үйіңізді, қора-жайыңызды жақсы білетін біреудің көрсетуімен келген болуы керек. Егер сойылып кетпесе, түнгі базарға шығаратыны сөзсіз. Сондықтан, түнгі 11-лерде мал базарына бару керек. Ертең – жексенбі. Тәшкенге мал әкетушілерге сатып жіберуі мүмкін, – деді учаскелік инспектор мал иесіне. Ол кезде «түнгі базар» деген болатын. Алыпсатарлар етті малды түн ортасынан асырмай сатып алады да, Тәшкен асырады. Ол жақта екі есе қымбат.
Орынбайдың болжамы дұрыс шықты. Ол жай киім киініп, мал иесін қасына алып «түнгі базарға» барған. Адамдардың түрлері анық көрінбесе де, әр жер-әр жерде сауда жүріп жатыр. Бұлар соларға жақындап, сауда жасайтын адамның сиқын көрсетіп жүр.
Бір бозбала Тәшкенге мал әкететіндермен саудаласуда. Сұраған бағасы – тым төмен. Демек, ұрлықы мал болғаны.
Әрине, алымсақтың арзанға алғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Екеуі тез-ақ келісіп, базардан тысқары шыға берген. Бұлар алыстан аңдып, соңдарынан ілескен.
Ұрланған мал саудаланып, ақшасы төленіп тұрған жерінде ұсталды. Саудалағаны – осылар іздеп жүрген сиыр. Мал иесінің Орынбайға ризашылығы шексіз.
Ол ішкі істер органдарында 25 жылдан астам жұмыс істеген жылдарында «Отан алдындағы қалтқысыз қызметі үшін» медалінің үш дәрежесімен де марапатталды. Сондай-ақ, бұл қызметтік марапаттардың қатарында «Кеңес Одағы милициясына – 100 жыл», «Қазақстан полициясына – 20 жыл» медалдары мен «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен әскерлерінің Құрметті ардагері» төсбелгісі жарқырайды. Одан бөлек алған Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталарында сан жоқ.
– Менің ішкі істер органдарында алаңсыз қызмет атқарып, марапаттарға, құрмет-қошеметтерге ие болуымда асыл жарым, өмірлік серігім, балаларымның сүйікті анасы Мәдинаның үлесі зор, – дейді Орынбай осыдан біраз жыл бұрын бақилық болып кеткен зайыбын сағынышпен еске алып. Марқұм Мәдина Баешқызы адал жар, ардақты ана болумен қатар ұлағатты ұстаз да еді. Екеуміз алтындай алты қызды – Ғалия, Ләззат, Айгүл, Салтанат, Ұлжан, Қуаныш пен арпа ішінде бір бидай, ұлымыз Айдосты тәрбиелеп, өсірдік.
Әкесі Ботаяқ-Райымберді мен анасы Таныскүлден жақсы тәрбие алып, көпшіл болып өскен Орынбай ішкі істер органдарынан отставкаға шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол алғашында 7 жылдан астам «Қоңыртөбе», «Шайқорық» шаруа қожалықтарында төрағаның орынбасары, төраға, кадрлар бөлімінің бастығы, заңгер қызметтерін абыроймен атқарды. Кейіндеу заман ағысына, уақыт талабына бейімделіп «Орынбай» шаруа қожалығын ашқан. Қазір бұл құрылымның жұмысын ұлы Айдос дөңгелетіп отыр. Орынбай – ақылшы, кеңесші.
Орынбай – қоғам белсендісі. Ол – 2015 жылдан ауылдық округ бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы. Міне, он жылдан бері осы қоғамдық ұйымның ұйтқысы болып келе жатқан Орынбай көмекке зәру көпбалалы отбастарының жағдайын ойлайды. Олардың тиісті жәрдемақыларын уақтылы алуы, бос уақыттарын тиімді өткізуі, әртүрлі іс-шараларға қатысуы – Орынбайдың басты назарында. Округте мемлекеттік және кәсіби мерекелерде оларға құрмет жоғары. Өздерін елеусіз қалдырмағаннан кейін шығар, ардагерлер де белсенді. Олар ауданда, облыста ардагерлер арасында өткізілетін өнер сайыстарына, спорт жарыстарына бір кісідей атсалысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Бұл ретте Орынбайдың өзі өзгелерге жақсы үлгі-өнеге көрсетуде. Ол ауданға, облысқа, тіпті, республикаға батагөй қария ретінде танымал. 2019 жылы ауданда батагөй қариялар арасында өткізілген «Батаменен ел көгерер» байқауында бас жүлдені иемденіп, облыста осы аттас сайыста жеңімпаз атанған. Содан Атырау, Талдықорған қалаларында өткен батагөйлер байқауына облыс атынан қатысқан Орынбай Рысбаев ол сайыстарда да оза шауып бәйге алып, олжалы оралды. Өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облыстық өкілдігі ұйымдастырған «Бата – сөздің анасы» атты республикалық байқауда бірінші орынды қанжығаға байлады. Орынбайдың «Үздік би» атағы да бар. Ол – медиаторлық қызметтің жандануына да өзіндік үлесін қосып жүрген азамат. Ішкі істер органындағы қызметінде де майда-шүйде, ұсақ-түйекті ушықтырмай тындыруға тырысушы еді, қазір де отбасындағы келіспеушілікті, көршілер, ауыл адамдары арасындағы дау-дамайды «үйден шығармай» шешуге атсалысып жүр.Орынбайдың қоғамдық жұмыстардағы белсенді қызметі де атаусыз емес. Оның органда алған марапаттары қатарына «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалі, «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Жамбыл ауданының Құрметті ардагері», «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілері қосылған. Жуырда Орынбай Рысбаевтың «Қазақстанның Алтын кітабына» енгені, осындай төсбелгіге ие болғаны жөнінде сүйінші хабар алдық. Бұл да – белсенді қарияның бір қыры.
Осы айда жемісті 75 жастың күнпарағын жапқалы отырған дос, замандас Орынбай Ботаяқ-Райымбердіұлы Рысбаевқа тілеріміз тек жақсылық.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі.
Жамбыл ауданы
Обсудить

Похожие материалы:

ӨМІРДЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖАРАС АҒА
25 август 2022, Четверг
ӨМІРДЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖАРАС АҒА
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
13 декабрь 2024, Пятница
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН
18 март 2024, Понедельник
БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН
ІЗГІЛГІ КӨП ІЗТАЙ АҒА
14 июль 2022, Четверг
ІЗГІЛГІ КӨП ІЗТАЙ АҒА
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
14 ноябрь 2024, Четверг
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры