Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨМІРДЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖАРАС АҒА

ӨМІРДЕ ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖАРАС АҒА

25 август 2022, Четверг
157
0

Бүгінде 85 жасқа толып отырған Жарас ақсақал зейнеткерлікке шыққанға дейін қаржы саласында қарымды қызметтер атқарса, қартайған шағында да қол қусырып қарап отырмай, ауданда ардагерлер ұйымының жұмысын алға бастыруға айтарлықтай атсалысып, өзіндік үлесін қосты. Сол үшін де оған аудан жұртшылығы дән риза.
– Мен өзі жолы болғыш, бірақ  тағдыры ауырлау адаммын, – деп еске алады өткен өмір өткелдерін Жарас аға. – Бес жасымда әкем Мұратай майданға аттанған. Борандыой бекетінен шығарып салуға анам мені ала барған әкемнің өтінішімен. Төбесі жабық жайдақ вагон. Ішінде өрімдей жастар. Пойыз қозғалып аттанып кеткенге дейін әкемнің қасында болдым. Соғыстың аты – соғыс. Соғыс шығынсыз болған ба! Талай боздақтардың мәйіті қалды жат жерде. Солардың ішінде менің ағаларым, әкемнің бауырлары Әзтай, Несіпбай, Қали бар.
Өзі айтқанындай, жолы болғыш Жарасқа өмірлік серігі Бейбіткүл жақсы жар болып жолықты. Мамандық таңдауда да жаңылмапты. Қаржыгер Жарастың асқан асулары да, алған биіктері де айтарлықтай.
Жетінші сыныптан кейін оқуға талаптанып барған 8 баланың ішінен жалғыз-ақ Жарастың жолы болып, Жамбыл есеп-санақ (статистика) техникумына оқуға түсті. 
Жарас техникумды бітірісімен ауылға оралып, «Сталин» колхозында кассир болып жұмыс істеп жүргенінде әскерге шақырылып, 4 жыл Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты.
Әскерден СОКП мүшелігіне кандидат болып оралған Жарас шамалы уақыт аупарткомда нұсқаушылық қызмет атқарады. Осында партияға мүшелікке қабылданды. Жұмыста өзін жақсы жағынан көрсеткен болуы керек, көп ұзамай ауатком төрағасы Есіркеп Аманжолов қаржы бөліміне қызметке шақыртқан. Қаржы-бақылау инспекторы болды. 
Жастайынан адалдыққа тәрбиеленген Жарас жолдан тайған жоқ. Үш жылдан кейін мемлекеттік кірістер бөліміне аға инспекторлыққа жоғарылатылған. Мұнда да сол тазалық, сол жоғары жауапкершілік.
Талант танылмай қалмайды. Өз мамандығын жақсы игерген, жұмысқа қабілетті, іскер азаматқа зор сенім артылды. Облыстық қаржы басқармасының бастығы Хатжан Спамбетова өте көреген, білікті кісі еді. Сол кісінің ұсынысымен Жарас Мұратай 1971 жылы Луговой аудандық қаржы бөліміне бастық болып тағайындалған. Сонда толық жоғары білімі жоқ, Алматы халық шаруашылығы институтында сырттай оқиды. 
– Қолымда жасы ұлғайған анам, аурушаң інім, әйелім және үш балам бар, үлкен кісілер сенім білдіргеннен кейін келістім, – дейді Жарас аға қазақи қалыппен. Қарт кісілер жасы егде тартқанда атақоныстан алыстағанды ұната бермейді ғой, анасы Ханымқыз келіспей ме деп қорыққан. Жоқ, олай болған жоқ. «Баласы қырда көкпар шапқанда үйде отырып тақымын қысатын» ана емес пе, Жарасының соңынан ілесіп жүре берді.
Жарас Мұратай Луговойда 9 жыл абыроймен қызмет атқарып, 1980 жылы туған топыраққа қайта оралған. Жуалы аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Үнемдей білген үлкен табысқа кенелер, ауданда «еркін қалдық» қалыптасуына қол жеткізіп, алғашқы 3 жылда 3 мектеп салуды қамтамасыз етті. Кейін де басқа әлеуметтік нысандар салуға қаржы көзін қарастыра білген. 
Салық төлемдерін төлеу бұрыннан бар. Дегенмен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген жаңа құрылым – салық инспекциясының қызметі ауқымды, жауапкершілігі жоғары. Өйткені, қоғам толықтай жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Кеңестік кезеңдегідей бәрі де мемлекеттік емес, жекеменшік сектор пайда болып, кәсіпкерлік етек ала бастаған. Жаңа жүйеге қалыптасу қиын. Кәсіпкерлікті жаңадан бастағандар тәртіпті түсінбей жаңылысып жатады. Біле-тұра қасақана салықтан жалтаратындар да бар.
Міне, осындай өтпелі кезеңде кәнігі қаржыгер Жарас Мұратайға аудандық салық инспекциясын басқару міндеті жүктелген. Жұмыс өте ауыр болды. Ең алдымен салықшылардың өздерін үйрету керек. Олар өздерінің қызметтерін толыққанды біле бермейді. Әйтеуір, тексеру керек, салық өндіру керек, бюджетке ақша түсіру керек. Сондықтан, «шаш ал десе, бас алатындар» кездесетіні заңдылық. Олар аяғына енді тұра бастаған кәсіпкерлердің жағасынан алады. Сонсоң іс қайдан оңсын. Нәтижесінде бюджет қоржынының бүйірі томпаймайды. Осының бәрі бюджеттен нан жеп отырғандарды, мемлекеттік тапсырыспен салынуы керек әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға кедергі.
Жарас Мұратай аудандық салық инспекциясын басқарған 3 жылда осындай қиындықтарды жеңіп, жұмысты жолға қоя білді.
Жасының ұлғаюына байланысты зейнеткерлікке шыққаннан кейін екі жыл аудандық пошта торабының бастығы, 4 жыл «Отан» партиясының атқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2003 жылы өңір қариялары Жарас Мұратайды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлап алған. «Қоғамдық жұмыс» деген аты ғана, мұнда мемлекеттік қызметтен оңай соққан жоқ.
– Мен ардагерлер ұйымына төраға болмай тұрып-ақ ауданда аға буын өкілдерінің тірлігіне белсене араласатынмын. Төраға болғаннан кейін білек сыбана кірістім, – дейді Жарас ақсақал. –  Менің тұсымда Бауыржан Момышұлының – 100, Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойлары тойланды. Жерлестеріміздің бұл мерейтойлары ауданда жоғары деңгейде аталып өтті және онда ардагерлер белсенділігі жоғары болды.
Жарас Мұратай аудандық ардагерлер ұйымына жетекшілік жасаған 15 жылда бала көңілді қариялардың жағдайларын жасауға бар мүмкіндікті пайдаланып, күш-жігерін аянбай жұмсады. Ол қызметке кіріскенде ауданда 180 ҰОС ардагері бар екен. Солардың көпшілігіне көздері тірі кездерінде «ауданның Құрметті азаматы» атағын алып берді. Басқа да марапаттардан құр қалдырған жоқ. Мемлекеттік және атаулы мерекелерде арнайы сый-сияпаттары тағы бар. 
Жарас Мұратай – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы, балаларының асқартау әкесі, немере-шөберелерінің сүйікті атасы. Отағасының жағдайын жасап, отбасын «балалы үй – базарға» айналдырған асыл жары Бейбіткүл екеуі екі ұл, бір қызға өмір сыйлап, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, мамандық алуларына жағдай жасап, үйлі-баранды етті. Ұлдары – ұяда, қыздары – қияда.
Үлкен ұл Талғат – полиция полковнигі. Айша келін екеуінен 2 немере сүйіп отыр. Қанат – Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі, ауданда өнер мектебінің директоры. Роза келін – орта мектепте директордың орынбасары. Олардан 3 қыз, бір ұл немерелері бар. Немересі Ислам мен немере келіні Ақерке ата-апаларының қолында. Ислам – ішкі істер органдарында қызметте, полиция майоры. Ақерке – мұғалім. Сүйікті шөбере Мәриям ата-әжелерінің тәттісі, еркесі. 
Мемлекетке, қоғамға қолдан келгенінше қызмет етіп, еңбек сіңірген Жарас Мұратай марапаттардан да құралақан емес. Ол – КСРО қаржы саласының үздігі, ҚР Қаржы жүйесінің 100 жылдығына арналған мерекелік медальдың иегері. Бес рет Президенттің Алғыс хаттарымен, екі рет республикалық ардагерлер ұйымының «Құрмет» белгісімен, облыс және аудан әкімдерінің, облыстық және аудандық мәслихаттардың Құрмет Грамоталарымен марапатталған. «Жамбыл облысының Құрметті азаматы», «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Жуалы ауданының Құрметті азаматы», «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерінің иегері.
Ең бастысы еліне елеулі, халқына қалаулы қария. Бақыт деген осы да.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры