Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Спорт » ӘДЕМІ ҚАРТАЮ – ҚАСИЕТТІҢ ҮЛКЕНІ

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ – ҚАСИЕТТІҢ ҮЛКЕНІ

21 январь 2022, Пятница
166
0
«Сының мен сырыңды қашырмай қартайғанға не жетсін!» деген аталы сөз бар. Оң көзқарас ұстанып, жаңа жағдайларға бейімделе білсеңіз, әдемі қарттық та сізді айналып өтпейді.
Шау тартқан шағында да тәні мен жаны, эмоцияналдық жағдайы жақсы сақталған Әбзелбек Тастанұлы сияқты жандар бар арамызда.
Қай пенде болмасын, әдемі қартайғанды қалайтынында дау жоқ. 85 жасқа иек артқанда да жараулы аттай жұтынып, сының мен сымбатыңды жоғалтпай, жүріп тұрғанға не жетсін! Мұның сыры неде екен? 
«Үлкенге сәлем беру керек, Алладан – денсаулық, Пайғамбардан – шапағат, Қыдырдан – бата сұрау керек, саудың амандығын, ағайынның бүтіндігін сұрау керек» деген ниетпен Әбзелбек ағамен сәті түскенде дидарласып, қолға қалам алған едім.
 80-нен жасы асқанда,
 90-ға аяқ басқанда.
 Жастар елеп келмесе,
 Келіп сәлем бермесе,
 Қартайғанда ер ғаріп, - демекші, Әбекең қуана қабылдап, әңгіме тиегін ағытты-ай келіп:
–Халық «Еңбек – адамның екінші анасы»,- дейді. Еңбек адамы еңбек ету арқылы өседі, жетіледі, еңбек адамды үйретеді, ширатады, сондықтан біз «еңбек – әрі мұғалім, әрі тәрбиеші» дейміз.
«Өмір – ұлы ұстаз» деген нақыл бар. Еңбек пен өмір адамды бірлікке бастайды, ынтымаққа шақырады. Ғұмыр жасау үшін, өмір сүру үшін өзендерге көпір салдық, асқақ Алатаудың Көксай өзенін бойлап арық шығарып, егін ектік. Бірлік қиын еңбекті оңайлатты, ауыр тұрмысты жеңілдетті. Осыны өзінің ащы тәжірибесінен тұщы сабақ еткен халық түйгенін кейінгіге: «бірлік болмай, тірлік болмас», «ынтымақ түбі – игілік», «бірлік түбі – береке, көптің түбі – мереке» деп, ғұмырын еңбекпен өрнектеген ата-бабаларымыз «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» бізге ғибрат етті ғой.
Ата-анамыз өмір күресінде туған адам баласының бір-бірімен қарым-қатынас, әдет-ғұрып, салт-сана, тәлім-тәрбие, тұтас адамгершілік қағидаларының дастаны тәрізді жөні бөлек ғұмыр кешу жолын өз өмір тәжірибесі арқылы бойымызға еге алды. Бізді еңбекке, өнерге, адамға адал қызмет ете білуге тәрбиеледі. «Адал еңбек адамгершілікке жеткізеді, адал қызмет абыройға бөлейді», «әкенің баласы болма, адамның баласы бол!» деп өсірді. 
Адамға туған жерден, өскен елден қымбат ешнәрсе жоқ. Адамның туған жерге, өскен елге деген сүйіспеншілігі шексіз. Ол – өмірі өшпейтін, суымайтын сүйіспеншілік. Ата-анам осыны көкейімізге құйып өсірді. «Ел намысы – ер намысы», «Кісі елінде ұл болғанша, өз еліңде құл бол», «Ер – халықтың сәулеті, еңбек – халықтың дәулеті» деп бала күннен санамызға сіңіріп, Қазақстанды, Жуалыңды, өзің туып-өскен алтын ұяң «Қызылкүншығысты» (қазіргі Түктібай ауылы) жанымыздай жақсы көріп өсуге баулыған.
«Ауылым – алтын бесігім» деген осы екен. Әлде де «болашақ – ауылда» деген құлаққа жағымды сөз бар ғой. Біз балалық шақ дегенді білмей өстік. Бес жылдың жүзін көрген сұрапыл соғыс алдында өмірге келген ұрпақ соғыс кезінде, соғыс зардаптары, жарасы әлі жазылмай тұрғанда «балалық бақытты шақ» дегенді білмей өсті ғой. 
Мен 1937 жылы 15 мамырда Жуалы ауданына қарасты «Қызылкүншығыс»  ауылында әкем Бұзаубақов Тәтек пен анам Бұзаубақова Бүбіжанның отбасында өмір есігін ашыппын.
«Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасында оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің онан өзге бәрі жалған», - деп хакім Абай айтқандай, әкем «Қызыл күншығыс» колхозының темір ұстасы еді. Өз қолымен темірден жер айдайтын соқа-сайман, тырма, жәшік арба, сатылы арба жасайтын еді. Қасында зор балға соғар көмекшісі болатын. Қолы қалт еткенде ауыл тұрғындары да қажетті көсеу, тырма, шет-балға жасатып, балта қайратып, , саптатып, елге де қайырымды қолын ұсынатын. 
Соғыс қызып тұрған 1943 жылы, менің небәрі 6 жасымда әкемді майданға алып кетті. Үш ай үйретуден соң Беларус жеріндегі ұрысқа қатысып, ол ел азат етіледі. Келесі кезекте Украинаның Чернигов қаласының маңындағы тоғайда жаяу әскер сапында ұрысқа қатысады. Оқ сеуіп тұрған ұрыс даласынан алға ұмтылып бара жатқанда әуедегі ұшақ бомбалауынан топырақ астына көміліп қалады. Ес-түссіз ұзақ жатады. Снаряд жарықшағы дәл қасына түсіп, екі көзі көрмей, екі құлағы естімей қалады. Ұрыс басылғанда ұрыс даласын сүзген санитарлар мұны көрмей өтіп кетеді.
Орманға отын жинауға барған деревня адамдары ыңырсыған дауысты естіп, жаралы әкемді топырақтан аршып алады. Шанаға салып, үйіне әкеледі. Жылы үйде ас-су беріп, қамқорлық жасайды. Беті бері қараған соң сол үй иелері арқылы жергілікті әскери комиссариатқа хабар айтып, олар әскери адамдар жіберіп, Чернигов қаласындағы әскери госпитальға жатқызады. Үш ай емделіп, ауыр жарақатына байланысты 1945 жылы Алматы госпиталіне жөнелтеді. Көру қабілеті әлсіз, құлағы нашар еститін әкем құжатын зарыға күтіп ала алмай, ауылға деген сағынышпен бір Құдайға қараған кісілерге ілесіп, пойызбен ауылға келеді. Ұзақ ауырып, беті бері қарамай дүниеден озған еді
Біз әке қызығын көре алмадық. Отбасындағы үлкені мен болғандықтан, бар ауыртпалық менің басыма түсті. Әкем жасаған соқамен жер жыртып, жерге дән септік. Дән піскенде оны қол орақпен орып, баулап, бастыратын ауыр тасты сүйреп сабақтың дәнін түсіреміз. Ақсақалдар бидайды суырып, тазартады. Қос ат жегілген кемі 10 арбамен аудан орталығындағы элеваторға  өзіміз құралыптас балалармен күні бойы дән тасимыз. Элеватордан шыққан ұн майданға жөнелтілетін. Тыл жәрдемі еді бұл. Бұл менің «Тыл ардагері» атануымның кепілдемесі болатын.
1946-1954 жылдары жаз айларында сатылы арбамен мал фермасына шөп тасыдық. Мектепке 10 жасымда бара алдым.  Төртжылдық бастауыш мектепті 1951 жылы 14 жасымда тамамдап, «Күйік» жетіжылдық мектебін 1954 жылы 17 жасымда бітірдім. Еңбек пен оқуды қатар алып жүріп, отбасына нәпақа табуға тура келді. «Еңбек - ширатады, өмір - үйретеді» деген осы екен.
«Жақсымен отырған жарты сағат –жаманның өтіп кеткен өміріндей» дегендей, қайын жұрт оңынан келіп, ғұмырымыз мән-мағыналы өтті дер едім. 1961 жылы өзім қалаған қалыңдығым Зүбираға үйленіп, отбасын құрдым. Мәңгі-бақи жастық сыйлап өтті өмірлік серігім. 
Ара-тұра аудандық «Жаңа өмір» газетіне мақала жазып, штаттан тыс тілші болдым. Баспасөз бетінде сай-салада 5-10 үйден шоқиып отырған ауыл мәселесін көтердім. Көше тілінді, үйлер салынды, жер бөлінді. Үстіміздегі жылы Түктібай ауылының 60 жылдығын атап өттік. Елдің басы құралғаннан соң ауылға балабақша, мектеп, жастар демалатын орын, мәдениет үйі, емхана, т.б салу қажеттігі турасында қайталап аудан айнасы «Жаңа өмірде» мәселе көтерумен болдым. Тілек бірте-бірте жүзеге асып, ел алғысын алып, ауыл гүлденіп, онымен бірге біз де гүлденіп, көгеріп өстік.
«Жігіттің жұмсаған күшін сұрама,бітірген ісін сұра» деген ғой. 
Әр гектардан жоспар бойынша 12-18 тонна өнім алу межеленсе, мен әр жылы әр гектардан 20 тоннадан өнім әперіп, тіпті ,1986 жылы әр гектардан 26 тоннадан ақ түйнек жинап, «айды аспанға шығарып», күміс медаль таққан сәт болған. Жүгері звеносын басқарып, әр гектардан 33 тоннадан дән алған сәттер де есте. Қызылша звеносына жетекші болғанда әр гектардан 400 центнерден 800 центнерге дейін өнімді еселеп өсіргенімізге ел куә. 
Өзім туып-өскен өңірде 40 жыл қажымай, талмай еткен еңбегім еленбей қалған жоқ. Атап айтсам, СССР халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінен күміс, «Ұлы Жеңіске-70 жыл», «Ұлы Жеңіске-75 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілері өңіріме сән берді. Кейінгі ізбасарларға үлгі болғанымыздың өзі неге тұрады?! - деді  еңбек майталманы Әбзелбек Тәтеков. 
Бейнетіне төзіп, зейнетіне шүкіршілік еткен Әбзелбек сынды ақсақалдың әлі де айтары, көрсетер үлгісі көп. Өткен ғасырдың 60 жылдары алқашқы кірпішін қаласқан Түктібай  ауылы оған өте ыстық. 
Ауылда емхана, кітапхана, балабақша, мәдениет үйі, т.б. мәдени-көпшілік орындар халыққа қызмет көрсетеді. М.Әуезов атындағы орта мектепте 230 оқушы оқып, оған 30 ұстаз дәріс береді. 
Әбзелбек аға зейнетке шыққан соң 34 гектар жерді жекеге алып, «Зүбира» шаруа қожалығын құрды. Қазір оны үлкен ұлы Нұрдәулет басқарып отыр. Ұл-қыздары Нұржамал, Айымжамал, Ердәулет мұғалімдік қызметте. Кіші қызы Нұржәмила Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта акушер болып істейді. Бес ұл-қыздан 14 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.
–2019 жылы «Туған ауылым – Қызыл күншығыс» атты естелік кітабым жарық көрді. Жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет «Жуалы» атты кітабында мен туралы жазған. Құдай қосқан қосағым, отбасымның берекесі, сәні, сәулеті болған Зүбира 2013 жылы қайтыс болды. Біз 52 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Өткенге – салауат. Барға – береке, басқа – амандық, денге – саулық тілеп отырған жайым бар,- дейді ардагер қария. 

Болатбек қажы ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
Жуалы ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Тәмсіл
14 октябрь 2020, Среда
Тәмсіл
Ұлттық салт
29 июль 2020, Среда
Ұлттық салт
Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры