Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Бір ауылдың шежіресіндей

Бір ауылдың шежіресіндей

29 декабрь 2024, Воскресенье
24
0
Халыққа қызмет ету – үлкен мұрат. Оны түсінетіндер  де, түсінбейтіндер  де бар.  Саналы  ғұмырында басшылық қызметімен дараланған,  отаншыл, патриот адамның бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Назым Қуанышбаева. Назым Қуанышбайқызы – қазір Байзақ ауданы, «Қызыл Жұлдыз» ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағайымы.  Ол осы қоғамдық  қызметінде жүріп, ауылдық саябақтың күрделі жөнделуіне ықпал етті, қаржы бөлдірді. Округтегі барша зейнеткерлердің талап –тілегіне құлақ асу, сол өтініштерді билікке жеткізу, шешілуіне ықпал ету қайдан жеңіл болсын! Содан да болуы керек ардагер Назымды сыйлайтындар мұнда көп. Аудан әкімдігіндегілер де жылы амандасып тұрады. Кәсіпкер азаматтар да алдын кесіп өтпейді. Назым апай осы мүмкіндіктің барлығын ауыл ақсақалдары мен әжелерінің мәселелерін шешуге жұмсайды. Бұл округтен жылы 30-40 ардагер түрлі шипажай, демалыс орындарында ем қабылап, сауығып қайтып жүр. Оның барлығы бастауыш ардагерлер ұйымы жетекшісінің белсенділігі, беделі. Ауылдың тазалығына ат үстінде жүрген кезінде де ерекше мән беретін. Қазір де әкімдік ұйымдастырып жүрген сенбіліктерге ардагерлерді жұмылдырудан жалыққан емес. Жастарға патриоттық тәрбие беру, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке жол бермеу бойынша да Назым басқаратын ардагерлер ұйымында ілгерілеу бар.  Ауыл ардагерлері  тәртіпсіздікке жол бермеу, тәрбие мәселесінде  үнемі  сергек қарайды. 
Назымның бойына елжандылық, өткірлік, отаншылдық қасиеттер әкесі Қуанышбайдан дарыған.  Қуанышбай ақсақал сонау ер етігімен су кешкен, ат ауыздымен су ішкен  сұрапыл жылдары колхоз төрағасы болып жүріп, майданға өз еркімен аттанған екен. Ресей, Украина далалары мен қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Кеңес әскер қатарында жеңіс тойын тойлаған сарбаздардың қатарында Қуанышбай да бар еді. Ол майданда  ауыр шайқас  кезінде бір аяғынан  айырылған. Дегенмен, жараландым деп қарап отырмай, ұжымшарда ферма меңгерушісі болды. Ол кезде қазіргідей зырлап тұрған жайлы машиналар жоқ. Атпен жүріп бүкіл мал отарларын аралап шығады. Аяғы жаралы кісіге бұл, әрине оңай шаруа емес. Майдан көрген, жеңісті өз қолымен жақындатқан ақсақал сонда да аттан түспей, елге қызмет еткен. 
Осындай әкеден тәлім алған Назымның елге ерінбей-жалықпай қызмет жасамауы мүмкін емес еді. Ол әуелі қазіргі Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесін, артынша Қазақ мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастап, аудандық білім бөлімінде әдіскерлік қызметінде жүріп жалғастырады.  1976  жылы қазіргі Намазбай Ақшабаев негізі орталау мектебіне директорлыққа жіберіледі. Ал, ол уақыт аталған мектепте мұғалімдердің арасында дау-дамай өршіп, білім сапасы да ақсап тұрған. Бұған дейінгі директордың үстінен бір жылда 38 арыз жазылыпты. Сондықтан, ол мектепке директор болып барудан көптеген кісілер бас тартыпты. Міне, осындай аты-шулы мектепке 29 жасында директор болып барған Назым Қуанышбайқызы бара сала бірден бел шешпей іске кірісті. Мектепте қызмет ететін 101 адамды тең ұстап, 400 оқушыға білім мен тәрбие берудің сапасын жақсартты.  Осы білім ошағына орта мектеп статусы берілуіне, Намазбай Ақшабаевтың есімімен аталуына да үлкен еңбегін сіңірді. 8 жыл директор болған кезінде бұл мектептен жоғарыға бірде-бір арыз түспеген екен. Сол кездегі аудан басшылары Назымды  1984 жылы аттай қалап Қызыл Жұлдыз ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынады. Ауылдық кеңес төрағасы ретінде 31 депутатпен бірлесіп, жұмысқа кіріседі. Бұл туралы өзі: «Ол кезде де басшылық жұмыс оңай емес. Талай идеяны жүзеге асырдық. «Ауылдың Құрметті азаматы» деген атақты алғаш шығарған менмін. Ауылдық кеңес депутаттарының қаулысымен сыйлы кісілерге «Ауылдың құрметті азаматы» деген атақ беріп, өзі тұратын үйдің қабырғасына аты-жөнін жазып қоюшы едік. Осы тәртіппен «Үлгілі көше», «Үлгілі үй», «Таза аула» деген марапаттарды шығарып, оларды да тақтайшаға жазып, сол көше, аула, үйге ілдіріп қойдым. Ауылда жұмыс жүрді. Барлық  көше таза болуға, барлық үй үлгілі болуға ұмтылды. Мектептермен, балабақшалармен бірлесіп жұмыс істедік»,  – дейді. 
Барша қазақ  елін қуантып тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Назым Қуанышбаева Қызыл Жұлдыз ауылдық округінің әкімі еді. Сол уақытта оңтайландыруға байланысты бірнеше округтерді қосуға шешім шыққан. Құрамында Қызыл Жұлдыз, Үлгілі, Қостөбе, Талас ауылдары және Талас стансасы, 13 800 тұрғыны бар  үлкен ауылдық округ тізгіні Назымның қолына тиді. Бес ауылды басқаратын әкімнің сол кезде қызметтік көлігі де жоқ болатын. Жаяу жүріп, бес ауылды басқарды. Сол уақытта округтегі көшелерді қазақшалауға, оларға сол ауылдарға еңбегі сіңген азаматардың, Еңбек Ерлерінің есімін беруге бар күшін жұмсады. Жас ұрпақтың Тәуелсіздікті сезінуіне көп еңбегін арнады. Тәуелсіздік алғашқы жылдарында айлық, зейнетақы кешігіп, жұмыссыздық көбейіп, қымбатшылық жайлағаны жасырын емес. Көшелерде жарық жиі өшіп, газдың, отынның болмауынан тұрғындардың қиналған кезі аз болған жоқ. Көп отбасыларға қымбатшылық ауыр соғып, үйлерінде азық - түлік, отын, ұн болмады. Осындай тұрмыстық  мәселемен тұрғындар ауылдық округ әкімін де көп мазалаушы еді. Назым Қуанышбаева  осы  мәселелерді шешуге көп күш жұмсады. Ол туралы Назым апай өзі: «Біз сондай қиындыққа тап келдік. Отын сұрап, ұн сұрап келетін тұрғындарға да есебін тауып көмектесіп отырдық. Біздің бюджетіміз де болған жоқ. Бес ауылды жаяу аралап шығу оңай емес еді. Сонда да жүгіріп жүріп мәселе шештік. Енді қазіргі ауыл әкімі мен бұрынғы ауыл әкімдері арасындағы айырмашылықты айтайын. Қазіргі ауылдық округ әкімдерінің барлығында қызметтік көлігі, жеке жүргізушісі бар. Қайда барамын десе көлігімен жүреді. Қазіргі округ әкімдерінде аудандық мәслихат арқылы бөлінетін бюджет бар. Түрлі мемлекеттік бағадарламалармен де ауыл халқына көмектесуге мүмкіндік бар. Қазіргі округ  әкімдеріне тұрғындар  баяғыдай ұн сұрап, отын сұрап келмейді. Әр ауылда көгілдір отын, жол, жарық мәселесі шешілген. Қазіргі әкімдер ауылдың жолын, ойын алаңын, мәдени, әлеуметтік нысандар салу, ауыз су секілді ірі –             ірі мәселелермен аналысады. Бұл да Тәуелсіз еліміздің өркендеп өскенін, дамығанын көрсетеді» дейді . Кейіннен біраз жыл Үлгілі орта мектебіне директор болған Назым Қуанышбаева сол мектеп оқушыларының ұлттық рухта тәрбие алуына үлкен үлес қосты. Мектептен домбыра, ақындық, ұлттық ойын үйірмелерін аштырды. Домбырашылар оркестрі құрылып, ауданда үнемі көш басында жүрді. 
Біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әр ауыл тұрғындарына ауыр соққанын білеміз. Өтпелі кезеңнің қиындығын ауылдың үлкен-кішісі түгел сезінді. Міне, қазір  жалақы да жөніне келді, ауылда жұмыс  та бар. Кәсіпкерлік те дамып жатыр. Ауыл халқының жағдайы  қазір  едәуір жақсы. Сол елең – алаңда елдің қамы үшін  ауылдық округті басқарып, аянбай жүгірген тұлғаның бірі – Назым Қуанышбаева. Ол кісі  қазіргі таңда «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталған. Ол бұл марапатқа өте лайық. 
Есет ДОСАЛЫ,
журналист
Обсудить

Похожие материалы:

Бір ауылдың шежіресіндей
02 январь 2025, Четверг
Бір ауылдың шежіресіндей
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
08 июнь 2023, Четверг
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
ШАҚПАҚАТА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
22 август 2024, Четверг
ШАҚПАҚАТА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры