Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ЖЕТОҚСАНДА АШЫЛМАҒАН ШЫНДЫҚ БАР

ЖЕТОҚСАНДА АШЫЛМАҒАН ШЫНДЫҚ БАР

15 декабрь 2024, Воскресенье
32
0
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап арман еткен азаттығымыз бен тәуелсіздігіміз оңайлықпен келе қалған жоқ. Іргесі мызғымастай көрінетін, әлемнің алтыдан бір аумағын алып жатқан алып империя – Кеңес Одағының шаңырағы алғаш рет 1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күндерінде шайқалды. Тәуелсіздік деген ұғым неше ғасыр отарлық қамытта болған сол кезеңнің ұрпағы үшін санадан өшіп, ұмытыла бастағандай еді. Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қаны бар қазақтың әрқайсысының санасына осы бір тәтті сөзді қайта оралтқандай болды. Бұл – тарихи шындық. Міне, ұмытылмастай болған, тәуелсіздігіміздің ақ таңының арайлап атуына септігін тигізген сол оқиғаға биыл 38 жыл болыпты. Алматыдағы желтоқсан көтерілісінен кейін дәл 5 жыл өткенде Тәуелсіз еліміздің көк туы желбіреді, арман болған азаттығымыз алақанымызға өзі келіп қонды. 
Осынау айтулы күндер қарсаңында біздің тілшіміз «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық және Тараз қалалық филиалының төрағасы Санат Бахтықұлұлы Қонарбаевпен кездесіп, сұхбаттасып қайтты.                ТІЛШІ: – Санат Бақтықұлұлы, мына бір мәселелерді айқындап алайықшы. Біреулер 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні ретінде тойлап жатады, Ал енді басқалар талай боздақ құрбандыққа шалынған қаралы күн ретінде қабылдайды. 
Санат ҚОНАРБАЕВ: – Бұл арада қателікке ұрынбауымыз керек. 16 желтоқсан – қасиетті Тәуелсіздігіміз жарияланған күн. Сол күні Қазақ ҚСР-ы Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздік туралы тарихи декларацияны қабылдады. Сөйтіп біздің империя құрамында болып келген одақтас республикамыз дербес мемлекет ретінде әлемге жар салды. Сол сәттен бастап басы бауырлас Түркия республикасы болып әлем елдері Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде тани бастады. Бұл күн мемлекеттік мереке ретінде бізде аталып өтеді. 
Ал енді, 1986 жылы 17, 18 желтоқсан күндері Алматыда ондаған мың студенттер мен жұмысшы жастардың социалистік жүйеге, отарлық езгіге қарсы, қазақ ұлты ретінде өзін-өзі тануға талпынған кең көлемді қарсылық оқиғасы болды. Бұл оқиғаны бүгінгі күннің биігінен тәуелсіздігіміздің бастауы болды деп айта аламыз. 
Сол оқиғаға қатысқан азамат ретінде айтарым – қазақ жастарының, қыз-жігіттерінің сол күндердегі жасымас жігері, «қазақпын» деп атой салған  ұлттық намысы мені осы күнге дейін таң қалдырады. Рас ондаған жасөрім қыз-жігіттеріміз құрбан болып кетті, жүздеген, мыңдаған жастар сотталды, оқуларынан, істеп жүрген жұмыстарынан шығарылды, жазықсыз жапа шекті. 
ТІЛШІ: – Сол оқиғаға мыңдаған қатысушылардың бірі ретінде  желтоқсанның ызғарлы күндерін қалай суреттеп бере алар едіңіз?
Санат ҚОНАРБАЕВ: – Мен – Талас ауданының Ойық ауылында туып өстім. 1984 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні біздің оқу орнымыздың жатақханасына Алматыдан екі қыз келді. Бастарын орап алған, қолдарын дәкемен таңған. Олар бізге Алматыдағы жастардың бейбіт шеруінің аяғы қанды қырғынға ұласқанын, қыздарымыздың ар-намысының тапталғанын, ұлдарымыздың соққыға жығылғанын, уақытша қамау абақтыларына тоғытылғанын, түрмеге сыймағандарын тау аңғарларына жүк көліктеріне артып, апарып тастағанын жылап отырып айтты. Қыздардың әңгімесінен кейін біздің де делебеміз қозды. «Олардан біздің неміз артық, біз де алаңға шығып наразылығымызды білдіреміз» деп ұйғардық. Бірақ ойымыз іске аспады. Оқу орындарының барлығы, алаңдар мен көшелер қатаң бақылауға алынып қойылған. Біздің жатақханамыздың есігінен кірген-шыққандардың барлығы есепке алынып жатты. Кіре берістегі есікке, әлі есімде милиция лейтенанты Бишен Ұяласов, ұстаздарымыз Мелдеш Нұржанов (марқұм), Қойшыман Оразов (күні бүгінге дейін пед. колледжде ұстаз) қатаң бақылау орнатты. Сағат сайын олар бөлмемізге кіріп, аты жөнімізбен тексеріп кетіп отырды. 
Тілші: – Сонда да болса студенттерді ұйымдастырып, наразылыққа шығуға әрекет жасай алдыңыздар ма?
Санат ҚОНАРБАЕВ: – Жатақханадан студенттерді алаңға алып шығу мүмкін болмады. Курстас досым Қайрат Саманқұлов екеуміз бірге оқитын балалардың бөлмелеріне барып, оларды үгіттедік. Мына болып жатқан әділетсіздіктер туралы айттық. Қанша дегенмен қаны «қазақпын» деп қайнап тұрған жастар емес пе, түнгі сағат он-онбірлер шамасында екінші қабаттағы бір бөлмеге жиналып, жаймаларымызды бір-біріне байлап жалғап, дайындық жасадық. Біздің оқу орнында негізінен қыздар көп болатын. Олар жұмысымызға көп қол ұшын берді. Сөйтіп сол түні сексенге тарта ұл мен қыз терезеден жалғанған жаймалардан ұстап біртіндеп төменге түстік. Қазіргі Асанбай Асқаров көшесі ол кезде Кировтың есімімен аталатын. Сол көшемен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, шерулетіп орталық алаңды бетке алдық. Жолай педагогикалық училищеге соғып, оларды наразылық жасауға шақырдық. Одан кейін стат-техникумға соқтық. Бұлардың күзеті мықты екен, ұл-қыздарды шығара алмадық. 
Содан улап-шулап орталық саябаққа жеткенде алдын ала дайындалған, мұздай қаруланған тәртіп сақшылары мен әскери сарбаздар студенттерді қоршап алып, ұрып-соға бастады. Қолдарына түскендерін машиналарына тоғытты. Қыздарды шаштарынан сүйреп, көліктеріне кіргізіп жатты. Мен де жан далбасалап саябаққа қарай қаша жөнелгем ғой. Көп ұзамай жетіп алып, ұрып құлатып тәпкілей бастады. Екі милиция жетектеп арнайы көлікке әкеле жатқанда, жан-дәрмен әрекет жасап, қолымды босатып алып қаша жөнелдім. Ол кезде жаспыз ғой, талдардың арасына кіріп жасырынып үлгердім. Содан қиылыс-бұрылыстарды сағалай жүріп, Суханбаев көшесіндегі ағамның үйіне келіп құладым. Бастан алған жарақатымнан көзім қарауытып, басым айнала бастады. 
Азанда ерте тұрып, тарих пәнінің мұғалімі Ермек Әлімбаев емтиханына келдім. Көзім көгерген, бетім жырылған. Емтиханда отырғанымда бөлмемізге мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) адамдары кіріп келді. Жараланған мені бірінші қабатқа түсіріп, тергеудің астына алды. Мен түндегі жағдай туралы ештеңе айтпадым, наразылық туралы олардың қойған кінәларын мойындаған жоқпын. «Соттаймыз, түрмеге қамаймыз» деп қоқан-лоққы көрсетті. Ақыры сол жолы комсомолдан аластатылдым, оқудан шығарылдым. Шыны керек, Алматыдан бөлек біз сияқты облыс орталықтарының өзінде талай жастардың болашақ тағдырына осылайша тосқауыл қойылды. 
ТІЛШІ: – Ал, енді мынаны айтыңызшы. Қоғам белсендісісіз. Желтоқсан шындығы толық ашылған жоқ деп жатамыз. Саяси бағасын алған жоқ деген де пікірлер бар. Бұл туралы не айта аласыз?
Санат ҚОНАРБАЕВ: – Мынаны анық айта аламын. Желтоқсан көтерілісі кезінде қайтыс болғандардың саны әлі нақтыланған жоқ. Ресми ақпарат бойынша төрт адамның аты аталады. Шын мәнінде қыршынынан қиылған жас қыз-жігіттердің саны әлдеқайда көп. Неге екенін қайдам әлі күнге дейін желтоқсан айының мерекелі күндерінде студенттерді ауылдарына, үй-үйлеріне таратып жібереді. Заман басқа, заң басқа , билік неден қорқады. Желтоқсан кезінде істі болып, сотталғандардың бәрі ақталды ма? Бұл да үлкен сұрақ. Сондықтан сұрағыңызды орынды деп есептеймін, ызғарлы желтоқсанның ашылмаған шындығы әлі де бар. Біздің қозғалысымыз, желтоқсаншылар қол қусырып қарап отырған жоқ. Біраз материалдар жинақтап жатырмыз, желтоқсаншыдлардың басын қосып, жаңа деректер іздестірудеміз. Әрине, біздің жұмысымызға да тосқауыл қойғысы келетіндер табылады. Тағы бір ескеретін мәселе, сол кезеңде жоғары, арнаулы оқу орнында оқыған пысықайлар «желтоқсан көтерілісіне мен де қатысқанмын» деп жалған әңгіме айтудан қысылмайтын болды. «Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам» деген емес пе?! Олар өтіріктерінің бір күні ашылып қалатынын, сөйтіп абыройсыз болатындығын естерінен шығармағандары абзал. 
ТІЛШІ: – Әңгімеңізге рахмет! Желтоқсаншыларға бас болып атқарып жүрген қоғамдық  жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
Әңгімелескен: Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, 
«ҒҰМЫР – ДАРИЯ»
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры