Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АҚЫЛШЫ БОЛУ АҚСАҚАЛДАН

АҚЫЛШЫ БОЛУ АҚСАҚАЛДАН

15 декабрь 2024, Воскресенье
45
0
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қариясын құрметтеу. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен. Ардагерлер – қоғамымыздың алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген.Елдің мүддесі талқыға түскенде ақсақалдардан ақыл сұрап, «келісіп пішкен тон келте болмайды» деп жататынымыз сондықтан. Өнегесін айтып, өрелі істің басы-қасында жүретін қарияларымыздың ақыл-кеңесі қашанда құнды. Бүгінде «Телісін тезге салып», ауылдың береке-бірлігіне ұйытқы болып, елді ынтымаққа шақырып, жастарға бағыт-бағдар көрсететін де сол үлкендердің басын біріктіріп отырған ардагерлер ұйымдары. 
Бастауыш ұйымдарда  зейнеткерлердің басын қосып, қоғамдық пайдалы іске жұмылдырып отырған аудандық ардагерлер кеңесіне біраз жылдардан бері Жұмабек  Әсемов жетекшілік жасап, айтулы істерге мұрындық болуда. 
Біз бүгін Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемовты әңгімеге тарттық.                          Тілші: – Өзіңіз жетекшілік етіп отырған аудандық ардагерлер ұйымы жайлы жалпы мағлұмат беруден бастасаңыз әңгімеңізді. 
Жұмабек Әсемов – Өзіміздің республикалық қоғамдық бірлестігіміздің Жарғысында атап көрсетілгендей, ардагерлер ұйымдарының негізгі мақсаты мен міндеті - ардагерлердің  лайықты  әлеуметтік - тұрмыстық жағдайын, олардың  қоғамдық  өмірге  қатысуын  қамтамасыз  ету, ардагерлердің  құқықтарын  қорғау.  Талас аудандық ардагерлер кеңесі, оның төралқасы өзінің жұмысын жылдық, тоқсандық жоспарлар бойынша атқарады. Жылдық жоспар әр жылдың аяғында аудандық кеңестің пленумында, тоқсандық жоспар төралқа отырысында талқыланып бекітіледі.  
Пейілі кең, еңбекпен есейген, адалдықты ту еткен, «Жаным – арымның садағасы» дейтін қасиеті биік белсенді қариялар Талас өңірінде де аз емес. 
6 мыңға жуық еңбек ардагері 53 бастауыш ұйымға топтастырылған. Соғыстың соңғы сарбазын биыл арамыздан мәңгілік мекеніне шығарып салдық. 300-ден астамы тыл ардагері, сондай-ақ бірқатар Чернобль апатына, Ауған  соғысына қатысқандар және Семей  полигонында  болғандар  ұйым есебінде тұрады. Бүгінде аудандық кеңестің 27 мүшесі, төралқа құрамындағы 9 ардагеріміз және 5 тұрақты комиссия мүшесі қоғамдық ортақ ісімізге белсенділікпен қатысуда. Ұйым есебінде тұратын әрбір ардагерге көңіл бөліп, назар аударған соң олардың да белсенділіктері, сөз жоқ арта бастады. Аудан бойынша өтетін жиындарда, іс- шараларда ауылды абаттандыру, жастар тәрбиесі, елдік мәселелер туралы өз ойларын ашық айтып, ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудың нақтылы жолдары жөнінде ұсыныстар білдіреді.
Атап айтсақ, бір тұрақты комиссия осы ардагерлерге мәдени – тұрмыстық және медициналық көмек көрсету мәселесімен  айналысады. Аудандық ардагерлер кеңесі назарынан ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің демалыстарын ұйымдастырып, шипажайларға жолдама беру мәселесі түскен емес. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалалар бөлімінің тарапынан үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін аудан бойынша 69 жалғыз басты қарт кісінің жағдайын анықтау актісі жасалған.  Таластық қарияларымыз ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесіне белсенді түрде қатысады. 
Тілші: – Атқарушы және өкілетті билік тарапынан ардагерлерге жасалатын қамқорлық қай деңгейде деп бағалауға болады?
Жұмабек Әсемов: – Аға буынға, ардагер ағалар мен апаларға, барша қарттарға қолдан келгенше қамқорлық жасау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыты болып табылады. Өздеріңізге белгілі, зейнетақыға жыл сайын қосылып жатыр. Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де өсуде. Өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін ұлғайды. Халқымыздың саны 20 миллионнан асты. 
Жалпы алғанда ардагерлерге қамқорлық деңгейі төмендеген емес.  Аудандық ардагерлер кеңесі, ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымдары құзырлы органдармен бірлесіп көптеген күрделі мәселелердің шешімін табуына ықпал етуде. Солай болуға тиіс. Қарияларға қамқорлық жасау ешқашан ұмыт қалған емес.
Қариялардың денсаулықтарын түзету үшін аудандық орталық аурухана тарапынан 196 ардагер әлеуметтік картасы бойынша тұрған жерінде есепке алынған.1278 ардагер емханадан тегін скринингтен өткен. 3007 ардагер емделіп. 2935 ардагер тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.
Қаратау қалалық ардагерлер ұйымы ''Қазфосфат'' ЖШС бастауыш ардагерлер ұйымымен бірлесіп аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттерін таратып берді. ''Қазфосфат'' ЖШС басшысы Х.Омаров, кәсіподақ төрағасы И. Макуовтар 600000 тенгеге  68 отбасына демеушілік жасаса, ''Еврохим''кәсіпорны 350 000 теңгеге 35 отбасына қолдау көрсетті.
«ТаласИнвест» компаниясы басшы-лығының демеушілігімен  ардагерлеріміз киелі тарихи орындарға (Арыстан-баб, Қожа Ахмет Яссауи) кесенелеріне зиярат етіп сапарлап қайтты. «Туған жер – киелі мекен» бағдарламасы аясында өзіміздің облысымыздағы тарихи орындар – Қарахан кесенесіне, «Көне – Тараз» этномәдени кешеніне, «Тамды қалашығына», облыстық өлкетану мұражайына ауданымыздың ардагер ақсақалдарын аудан әкімдігінің қолдауымен  кәсіпкерлік,  өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы  Ауданбек Тауасаров сапарлатып қайтты.
Тілші: - Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен есепті кезеңде басқа қандай шаруалар атқардыңыздар?
Жұмабек Әсемов: -  Жалпы жоспарлы іс-шаралардың көпшілігі ойдағыдай орындалуда. Қарияларымыз әр аптаның 2 күнінде волейбол ойнап, денелерін сергітеді, 5 қариямыз таң азанымен саябақта жүгірумен айналысады. 7 қариямыз ат спортымен шұғылданып, көкпарға қатысып, жастарға үлгі көрсетуде.
Ауданымызда құрылған «Әжелер ансамблі» тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған  билер, әкелер, аналар кеңестері бүгінде өте ықпалды, белсенді қоғамдық күшке айналды. Әсіресе билер кеңесі жақсы жұмыс атқаруда.  Ауданда «Дәнекер» пилоттық жобасы жүйелі түрде жолға қойылған. «Медиация туралы» Заңды тұрғындарға кеңінен насихаттауға ауданның өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген алдыңғы толқын белсенді ардагерлер тартылған.
Бүгінгі таңда жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, отбасындағы міндеті мен жауапкершілігін қалыптастыру өте маңызды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, суицидтің азаюына ықпал ету ісінде де аудандық  ардагерлер кеңесі жанындағы әкелер, аналар кеңестері маңызды рөл атқаруда.
Аудан бойынша 2024 жылдың шілде-тамыз  айларында аудандағы 14 бастауыш және 40 цехтық ардагерлер ұйымында есеп беру – сайлау жиналыстары өткізілді. Биыл бір бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы жаңадан сайланды.
40 цехтық ардагерлер ұйымының 13-де ардагерлер санының азаюына байланысты олар таратылып, мұндағы ардагерлер басқа цехтық  ұйымдарға  қосылды. 3 цехтық ұйымдардың төрағалары қайта сайланды. Есеп беру- сайлау жиналыстарында ардагерлер белсенділік танытып, өз ұсыныстарын  айтып, өзекті пікірлермен  бөлісті .
Тілші: – Мазмұнды сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет! Тәуелсіздік күніне орай бір ауыз лебізіңізді білдірсеңіз?
Жұмабек Әсемов: – Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда тұрақтылық-тың, бірлік пен татулықтың мызғымас үлгісі сақталуда, оған ардагерлердің қосқан үлесі аз емес. 
Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру — бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!
Cұхбаттасқан: Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, 
«ҒҰМЫР ДАРИЯ»
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры