Қадірлі қария атану да бір бақыт
Ардақты ақсақал Қожайхан Бижановтың «Атадан қалған асыл сөз» кітабын оқығаннан кейінгі түйген ой
Қарттықтың шуақты сәтін сезініп, айтулы асыл қасиеттерін бойына сіңірген ата-әжелеріміздің қоғамдағы орны қашанда зор. Дегенмен, «Тағылым дәнекері қарттарымыз міндетін дұрыс атқарып жүр ме?» деген сұрақ сана саңылауынан сығалап тұрады.
Иә, қашанда жасы үлкендердің шешімін екі айтқызбай қабылдау қазақ баласы үшін жазылмаған заң. Аузын айға білеген хандар да, қарапайым қаралар да ақсақалдарды қадірлеп, құрметтеген.
Тентектерді де тезге салу ақсақалдардың мойнында болған. Бұны атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрдей қабылдаймыз. Қарттарымыз қашанда ел ұйытқысы, өнегенің озық үлгісі бола білген.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, айрықша құрметтеп келген. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөз бар.
Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты, арқауы – «Қарты бар ел қашанда қазыналы» деген қанатты сөзге тереңірек үңілу еді. Қариялардан үйренеріміз көп, өнеге алар тәлім-тәрбиеміз мол. Шежірелі қарттар – сарқылмас тәрбиенің қайнар бастауы. Жас буынға айтары, өнегелі ісі бар жанның бірі – көп жылдан бері аудандық ардагерлер ұйымын басқарып келе жатқан қазыналы қариямыз Қожайхан Қазыбайұлы Бижанов дер едік.
Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзінен маржан тергендей боласың. Олар – біздің бүгінгі бейбіт өміріміздің, бақ-берекеміздің өзегі. Әр ауылда өзі абыз, ісі аңыз осындай ақылшы қария бар.
Мәселен, ақсақал Қожайхан – жастың да, жасамыстың да көңіліне қонатын салиқалы сөз айтып, ой тұндыратын жанның бірі. Шежірелі сөздің қайнары болған қарт ауыл жастарынан ақыл кеңесін аяған емес. Сондықтан болар, ауыл жұрты ақсақалды арқа тұтып, құрмет пен ілтипат көрсетуге даяр тұрады.
Сүбелі сөздің сырын жақсы білетін қазыналы қарттың тәлімі – өскелең ұрпаққа бар білгенін үйрету. Қожекеңнің мына кітабын парақтай отырып осыған көз жеткізгендей болдық.
Зейнет жасында отырса да Қожайхан Қазыбайұлы қоғамның бел ортасында. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, замандастары мен ауыл тұрғындары арасында абыройы асқан ақсақал.
Аузында аталы сөзі, ақ тілегі, өткенге салауаты мен бүгінге шүкіршілігі бар қарттың бүгінгі жастарға айтары мен берері мол.
Ақиқатында қазақ ауыз әдебиетінің ерекше жанры – шешендік өнер. Даналықтың үлгісі болған бұл ұлттық қасиет – ғасырлар бойы халық сынынан өткен асыл мұра, құнды қазына. Бастауында Майқы би мен Аяз би тұрған, Жиренше шешен мен Асан қайғы жалғастырған осынау баға жетпес байлықты Шалкиіз, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер одан әрі дамыта түскен.
Тарихта Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым батыр тағы басқа белгілі тұлғалармен қатар, Жиренше шешен аңыздары Досбол, Жидебай, Сауытбек, Қылышбай, т.б. шешендердің аты қалған. Халық шешендік сөздерді заман өткен сайын әрлеп, әсерлі етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде.
Осындай шешендік өнер бойына дарыған, арқалы Қазыбай ақыннын тұяғы Қожекең жастайынан сөз маржанын санасына құйып өсті.
Қазіргі кезде ел аузында көбірек айтылып жүрген «қанатты сөздер» де шешендік сөздердің бір түрі болып табылады. Сондықтан халықтың шешендік үлгілерін тәрбие ісіне пайдалана білудің маңызы ерекше.
Шешендік сөз шешендікке үйретеді, адамгершілікке тәрбиелейді, ұлттық мақтаныш сезімді оятады. Аудан көлемінде Қожайхан қария тілді, асыл сөздерді қадірлеу бағытында еселі еңбек етіп келеді.
Жуырда ғана жарық көрген «Атадан қалған асыл сөз» атты кітабын оқыған адам көп ғибрат алары сөзсіз. Қарияның кітабы тұнып тұрған тәрбие десе боларлық.
«Әдемі қартаю міндет емес, мақсат болу керек», дегенді біздің қазақ бекер айтпаған. Осы кітапты оқи отырып, алдымен ойыңа сақ бол, кез келген нәрсе ойдан туады. Өз отбасыңа қадірің болсын десең, бойда қайрат, ойда сөз тұрғанда ұрпағыңа үлгі бол, деген тұжырымды ұққандай болдық.
Өнегелі жанның «Атадан қалған асыл сөз» кітабымен танысып, парақтай отырып, көңіліміз бір серпіліп қалғандай болды. Тағылымы мол әңгіме жаныңа қуат, рухыңа нәр сыйлайды емес пе?
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
«Ғұмыр-Дария»
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)