Таулар алыстаған сайын биіктей береді...
Дүниеде жақсылық туралы көп айтқан екі адам болса, соның бірі біздің асыл ағамыз Нарша Қашағанұлы болатын. «Жақсы адам-адамзаттың асылы. Оларды сақтау – ең төменгі бастықтардан бастап, патшалардың да парызы», «Жақсы адам - елдіктің тірегі, тазалық пен туралықтың туы», «Жер басып жүргенде, жарық жалғанда жақсылық жаса! Көрге кіргеннен кейін де өлмеудің жалғыз жолы - жақсылық жасай беру» деп жазып кеткен ойлы, жылы сөздері қаншама?! Оқып отырып, жаның нұрланады, өзіңе-өзің есеп беріп, «жақсылық жасау қолымнан келіп жүр ме, әлде босқа өмір сүріп жүрмін бе?» - деген ойға кетесің? Том-том кітап шығармаса да, «артына өлмес сөз қалдырған» ақын ағаның айтары «тайға таңба басқандай» анық, өлеңдері жұп-жұмыр, шымыр келетін. Ел ішінде айтқыштығымен аты шыққан, турашылдығымен кесім шығаратын баяғы би-шешендердің сарқытындай еді. Иә, таулар алыстаған сайын биіктей береді, биіктеген сайын құдіреттене түседі. Тура қасыңда тұрғандай тым жақындағанын сезесің. Біртүрлі көлеңкелеген келетіндей, біртүрлі ықтағың келетіндей, мынау аласапыран, астаң-кестең заманда. Біртүлі паналағың келетін сияқты, қорқынышы көп қара түнек қоғамда. Әйтеуір, жан-дүнием дерттене бастағанда, қобыраған қағаздан, күбірлеген күңкілден шаршағанда, бәрінен безініп, ағаның кітабына бас қоямын. Оқи беремін, оқи беремін... Демаламын. Көп нәрсеге басқаша қараймын. Жаным тазарады.
Ақын аға «Соңыра сағынышқа айналатын аяулы сәттерді, қымбат күндерді адам өзі жасайды» - дейді. Жаны сұлу, жақсы адамдардың қолынан келеді ол іс. Әне, солар өз өмірін сәулелендіре алатын. Жаман адамдардың есіне алатын қайбір өмірі болады дейсіз?! Ақын аға айтса айтқандай, өзі өмір сүрген ортасында, бірге жүрген достары, отбасы мен туыс-бауырларының арасында қымбат күндерінің көп болғаны рас қой. Тіпті, оңаша қалған кездегі өзіне ғана аян аяулы сәттерінің аз болмағанын да бағамдайтын сияқтымыз. Соның бәрінің соңыра сағынышқа айналатыны қандай ғажап! Егер өміріңді босқа өткізбесең. Есіңе аларлықтай сұлу сәттер көп болса... Уақыт қандай жүрдек?! Жылдар жылжып, айлар сырғып барады. Жыр жинақтары өз алдына, қолымнан түспей жүрген туындысы «Бітпейтін кітабы». Өзім үшін Абайдың қарасөздеріндей құнды, Шерханның «Бір кем дүниесіндей» нәрлі. Сондықтан, айналып соқпай отыра алмаймын. Мұнда шындық бар, ақыл бар, нақыл бар. Жан бар. Өмірдің өзі бар. «Киім ауыстырғандай, ойыңды да жаңғыртып тұр. Киім де, ой да заманға лайық болуы керек» дейді аға. Бір орында тұрып қалмау үшін айтып отырған жоқ па? Ал сана әдебиет әлеміне сүңгісең ғана жаңғырмақ. Онда да Нарша аға айтқан «Арғы тегі «әдеп», - деген сөзден шыққан әдебиет әлеміне кір көңілмен кіруге болмайтынын» қаперде ұстасақ. «Жақсы күндердің де, жаман күндерің де өмірің. Оның бөлшектері мен іздері. Сондықтан бәрі қымбат» дейді бірде. Адамның бүкіл өмірі өкіну мен қуанудан, жығылу мен қайта тұрудан, үміт пен күдіктен тұрмай ма? Сонысымен ғұмырың құнды ғой. Бұлттан кейін жарқырап күн шығары, жаңбырдан соң көңіл кірі тазарары анық қой. Алмасып отыратын табиғаттың төрт мезгілі секілді ғұмырыңның әр сәтін Алланың нығметі деп қабылдаған дұрыс-ау.
«Жазушылық - жалғыздық. Өзіңмен өзің болу. Сонда ғана оңашадағы ойың, іштегі шерің, арман-аңсарың сыр болып сыртқа шығады». «Жалғыздықтан жабырқамаудың жалғыз жолы-жазу. Классик болмасаң да шеріңді шығарасың» - дегенде, кітаптағы ойлы ой-түйіндері де осы жалғыз отырған кезде жазған дүниелері болар. Жаза алу, жазу деген де бір бақыт қой! Ақын ағаның осы ойын әрі қарай былай жалғастырар едім. «Азабы көп ар ісі, арпалысқа салатын. Жазу –жүрек қағысы, бір суып, бір жанатын. Жазу-дүние жақұты, жан дертіңді емдейтін. Жазу-өмір бақыты, екі айналып келмейтін».
«Жалғыз өмірің бар, жақсылап сүр» дейді бірде. «Тірі жүргеніңді міндет етпе, жөндеп жүр!» дауысы дәл қасыңнан шыққандай селк ете қаласың. Табанда сабаңа түсесің. Өзіңе-өзің есеп бере бастайсың. «Өмір деген-жақсы адамдармен жарқылдап, жарасып өткізген күндер. Қалғаны «қу тірлік» - деп аталады». Рас-ау дейсің. Келісесің. Іштей күрсінесің.
Иә, Нарша ағаның артында қалдырған бай мұрасы-сөз мұрасын қастерлеу, оқу, тоқу, дос-туыстың ортасында талқылау, өміріңді түзеп отыру үшін пайдалана білу, оқырмандық парызымыз емес пе? Асыл сөзін балаларға ұғындыру ұстаздық борышымыз деп қарасақ игі. Тақылдатып жаттата салу оңай, ондайға жалпы жаным қас. Құр жаттау ойды дамытпайды. Бір шумағын оқыса да әр сөзін ұғындыру керек. Ондағы телегей теңіз ойды пайымдай білмек керек. Әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде аз-кем ұстаздық тәжірибемнен бір үзік: әлгі кітабындағы қысқа-нұсқа ой сарқыттарын кеспе қағаздарға жазып, жоғарғы сыныптарға сабағымда таратып, талқылатып отырмын. Қайсыбіріне эссе де жаздырамын.
Бізге керегі ойлы ұрпақ емес пе? Ойсыздықтан, қамсыздықтан «бетті басып» қашып құтыла алмай жүрміз ғой... Бала тәрбиелеуде сөз өнерінің құдірет күшін ештеңе алмастыра алмайды. Әңгіме «оқығанды көңілге, ықыласпен тоқитын» ұрпақтың азайғандығында болып тұр ғой. Ендеше, ештен кеш жақсы, қазақтың бай әдебиетінің бір бөлшегі - Нарша ағаның қара нардың жүгіндей салмақты ойлары бар қара сөздерін тағы бір оқып шығайық, үнемі оқып жүрейік. Қаламгердің шығармаларын оқу, оған жасалған құрмет екенін ұмытпайық. Асылымыз көп емес, «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» аяулы Ағамыздың есімін ардақтай жүрейік.
Зеберкүл Шардарбекова,
Ы.Алтынсарин
төсбелгісінің иегері.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)