Ардагерлер асыл қазынамыз
ӨЗ ҚЫЗМЕТІНЕ АДАЛ ЖАН
Республика күні қарсаңында облыстық Ардагерлер үйінде өткен жиында үлкен қуаныштың куәсі болдық. Талас ауданының үш бірдей азаматы «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атағын иеленді. Үшеуі де лайықты. Солардың ішіндегі мен үшін ең танымалысы - Талғат Ақатұлы досым. Ол екеуміздің араласқанымызға жарты ғасыр толыпты. Содан бері сыйласпыз.
Жұмабек Талғат Ақатұлы 1952 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Жамбыл қаласында туылған. 1959 жылы қаладағы К.Маркс атындағы сегіз жылдық мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1969 жылы Талас ауданының Ақкөл орта мектебінің оныншы сыныбын бітірген, сол жылы Алматы зоотехникалық - малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1974 жылы мал дәрігері мамандығын алған.
Еңбек жолын 1974 жылы тамыз айында Талас аудандық малдәрігерлік бекетінде веттехник болып бастады. 1975-1981 жылдары Қазақстан Ленин комсомолы жастар одағы Талас аудандық комитетінде нұсқаушы, хатшы, екінші хатшы, 1981-1982 жылдары, «Ақкөл» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1982-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Талас аудандық комитетінің идеологиялық бөлімінің нұсқаушысы, 1983-1990 жылдары жаңадан ұйымдасқан «Аққұм» совхозы партия комитетінің хатшысы. 1990-1992 жылдары халық депутаттары Талас аудандық атқару комитетінің аумақты дамыту және жергілікті өзін-өзі басқару бөлімінің меңгерушісі, 1992-1995 жылдары Талас аудандық әкімі аппаратының азық-түлік және ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 1995-1997 жылдары Талас ауданы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1997-2003 жылдары Қаратау, Қызыләуіт ауылдық округтерінде әкім, 2003-2004 жылдары Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, 2004-2005 жылдары аудан әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі. 2005-2006 жылдары Талас ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы, 2006-2008 жылдары аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған.
2008 жылдың 1 наурызынан бастап «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Талас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне кірісті, сол жерден құрметті зейнетке шықты.
Т.Жұмабек еңбек еткен жылдары өзін жақсы жағынан көрсете білді, қай жұмысты атқарса да іскерлігімен жоғары ұйымдастыру қабілетімен көрінді.
Ақкөл және Аққұм совхоздарында еңбек еткен жылдары 9 жыл бойы селолық советінің депутаттығына сайланғаны бар.
1981 жылы комсомолдағы белсенді жұмысы үшін БЛКЖО Орталық комитетінің «За активную работу» төсбелгісін алған. Жастарға әскери патриоттық тәрбие беруге қосқан елеулі үлесі үшін Қазақ ССР Қорғаныс министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Отбасылы 6 бала, 17 немересі бар. Әйелі Әлімбай Рахима Жұмажанқызы музыка пәнінің мұғалімі, ардақты ана, «Күміс алқа» медалінің иегері, Талас ауданындағы Халық ансамблі «Ғұмыр дарияны» ұйымдастырушыларының бірі.Ол туралы Талас аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Молдабаева Данагүл қимастықпен еске алады. Белді әншіміз еді дейді.
Талғат досымның жұбайы Жезқазған облысы, Жезді ауданы «Сарысу» совхозының тумасы. 1969 жылы орта мектепті бітірген соң Алматы қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне түседі. Өнерлі қыз 1973 жылы оқу орнын үздік тәмамдайды. Облыстық, тіпті республикалық байқауда Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың «Қараторғай» әнін шырқап жүлделі орын алған. Отбасылық бақытын Жамбыл облысынан табады. 1974 жылы жоғары білімді жас жігіт Талғат Жұмабекпен жарасып, Әулиеата өңіріне келін болып аттанады.
Алғашында Ақкөл орта мектебінде, кейін жаңадан ашылған музыка мектебінде баян және теория сабағынан дәріс берді. 1983 жылы Аққұм ауылындағы Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепте жеті жыл ұстаздық етеді. Төрт жыл Қаратау қаласындағы «Дарын» музыка мектебінде сабақ беріп, зейнетке шықты. Жеті рет аудандық білім бөлімінің Мақтау қағазын және ҚР Президентінің «Алғыс хатын» алған.
Асыл ана жолдасының тірегі бола білді. Тылы мықтының тірлігі де мығым келіп, айы да оңынан туып жатады емес пе. Талғат та отанасына арқа сүйеп, күні бүгінге дейін алаңсыз қызмет етуде.
Оның да еңбектері елеусіз қалмады. 2012 жылы қарашада «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», 2015 жыл тамызда Қазақстан Республикасы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдері, 2015 жыл желтоқсанла «Талас ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісі, 2017 жылы сәуірде «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл» медалі, 2012 жыл маусымда «Д.Қонаевқа 100 жыл» төсбелгісінің иегері атанды. Одан басқа да алған марапаттары жетеді. Оның ішіндегі ең қымбаттысы «Талас ауданының Құрметті азаматы» атануы екендігі даусыз.
Өткен жылы ғана «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Талғаттың аудандық, облыстық Билер кеңесіндегі қызметтері мақтауға тұрарлық. Қоғамдық негізде де атқарса да, тапсырылған жұмысты бар ынтасын салып орындайды.
Талғат досыммен осыдан 6 жыл бұрын Талас ауданының тарихын зерттеп, зерделегенімде көп көмектесті. Екеуміздің ауданымызда араламаған жеріміз қалған жоқ. Соның арқасында «Тарихы тамырлы Талас» деген энцклопедиялық жинақ дүние келді. Ол кітап түсінгенге ғылыми-танымдық оқулық саналады. Аталған кітап толықтырылып, өткен жылы қайта басылып шықты. Облыстағы іс-шараның басы-қасында жүретін мазасыз досымның одан басқа да мемлекетке жасаған қызметі зор. Содан болса керек Жамбыл облысы Билер кеңесінің төрағасы Есіркепов Оңласын аға Талғат жайлы жақсы пікірін аяған емес. Өйткені, ақысыз қоғамдық қызмет жасауда белсенділер көп емес қой. Ал Талғат Ақатұлы шын мәнісінде мемлекетшіл азамат.
Отанасы Рахима екеуінің шаңырақ көтергеніне жарты ғасыр толыпты. Оны қазақтар «Алтын тойға» бағалайды ғой. Жаратқанның берген 6 ұл - қызынан ондаған немере шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде. Ол екеуінің алатын асулары да көп. Өйткені бақытты жандар ғана өмірге құштар болып келеді емес пе. Ендеше бұл бақытты отбасына сәттілік тілеймін.
Сәулембай Әбсадықұлы,
Жамбыл облысының үздік биі, «Құрмет белгісі»
Обсудить
Блок в статье:
БИЛЕРДІҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ ЗОР
09 ноябрь 2024, Суббота
Таулар алыстаған сайын биіктей береді...
08 ноябрь 2024, Пятница
«ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ – ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДЕ»
08 ноябрь 2024, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)