Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨНЕГЕ БАСТАУЫНДА–ҮЛКЕНДЕРМІЗ

ӨНЕГЕ БАСТАУЫНДА–ҮЛКЕНДЕРМІЗ

10 октябрь 2024, Четверг
82
0
Бүгінгі қазақ қоғамының ел билеу дәстүрінде бұқара халық пен биліктің арақатынасында көпір қызметін ардагерлер ұйымдары атқарып келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Бейнелеп айтсақ, халық – киіз үйдің керегесі, билік – шаңырағы болса, ал ардагерлер ұйымдары солардың арасын жалғайтын уық. Кейінгі туылған ұрпақ қашан да қариясына қарап өнеге алған. Жалпы ардагерлер ұйымдары ел ішіндегі, қоғамдағы сан-салалы мәселелерді талқыдан өткізіп, тұрғындарды толғандырған өзекті жағдайларды шешуге биліктің назарын аударып, елдік шаруалардан тыс қалған емес. Бүгінде Шу аудандық ардагерлер ұйымы шаһар ақсақалдарын бір арнаға ұйыстырып, олардың қоғамдық белсенділіктерін көтеріп, көптеген игілікті шаруаларға ұйытқы болуда. Менің қалалық ардагерлер кеңесіне төрағалыққа сайланғаныма төрт жылдан асыпты. Кезінде бел шешпей еңбек еткен менің замандастарым – аға буын өкілдері «зейнетке шықтық, жасымыз келді» деп жантайып от басы, ошақ қасында қалмай, әлі де белсенді әрекет үстінде. Қазақта «Ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең, үй жанында төбең болса ерттеулі тұрған атпен тең» деген аталы сөз бар. Адамшылықтың осы бір қасиетті жүгін арқалаған біздің үлкендеріміз қоғамдық жұмыстағы белсенді қимылдарымен ел-жұртқа үлгі-өнеге көрсетуде. Ел өміріне қатысты қоғамдық, саяси,рухани, мәдени салалардың қай-қайсының өркен жаюына білек сыбана кірісіп, белсенділік танытып жүрген де осы кісілер. Шу қаласында бүгінгі күнге 6547 зейнеткер есепте тұрса. Олар 27 бастауыш ардагерлер ұйымына топтастырылған. Қаламызда 86 ардагер тылда еңбек еткендер санатында. 26 ауған соғысының ардагері және бар. Қалалық ардагерлер кеңесінің құрамы 21 адамнан сайланған. Қалалық ардагерлер кеңесі өзінің қоғамдық қызметін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жарғысы мен Ережелеріне сай, өздерінің жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарлары бойынша жүргізіп келеді. Қалалық ардагерлер кеңесі, оның жанынан құрылған тұрақты комиссиялар жасы жетіп отырған қарт кісілердің тізімін түзіп, Наурыз, Халықаралық әйелдер күні, теміржолшылар күні сияқты мерекелерде үйлерінде болып, мерекелерімен құттықтап, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сый-сияпат жасауды тұрақты түрде дәстүрге айналдырды. Атап айтар болсақ: Наурыз мерекесі қарсаңында Шу қант зауытында көп жыл еңбек еткен 88 жастағы майталман механизатор, Ленин, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Жібекбай Сапаховты Наурыз мерекесімен құттықтап, құрмет көрсеттік. Сонымен қатар ардагер теміржолшы 98 жастағы Әшіралі Тоқсанбаев та құрметтен кенде қалып жүрген жоқ. 9 мамыр–Жеңіс күні қала әкімі Елдос Нұралиев Шу ауданының Құрметті азаматы Қуанышбек Сейітұлы Қарғабаевт және мен өзім тыл ардагерлері Басшибай Ауеловты, Клавдия Бондаренконы, Аваз Джафаровты айтулы күнмен құттықтап, мерекелік сыйлығымызды беріп, көңілдерін көтеріп, алғысын алдық. Шу – теміржолшылар қаласы. Сондықтан бүкіл саналы өмірін осы саланың дамуына арнаған теміржолшыларымызды назардан тыс қалдырған емеспіз. Атап айтар болсақ 98 жастағы Әшірәлі Тоқсанбаев, 85 жастағы Тақтағұл Мамырханов, 83 жастағы Құдайберген Абдраев және басқа да теміржол тарландарының атаулы күндерде үйлеріне барып, төл мерекелерімен құттықтап, шамашарқымызға қарай сый-сияпат жасап жүрміз. Бұл орайда Шу пайдалану локомотив депосының басшысы Қайрат Көкрекбаев, кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуат Молдабаев мырзалар ұжымдарында еңбек етіп, бүгінде еңбектерінің зейнеттерін көріп жатқан 70-ке жуық сала ардагерлеріне қолдаукөмектерін аяп қалған емес. Былтырғы жылы Шу-Мойынты теміржолының пайдалануға берілгеніне 70 жыл толды. 1953 жылы Шу-Мойынты темір жолы салтанатты түрде ашылғанда бірінші жүк поезын Шу локомотив депосының машинисі Әбу Ажмағанбетов, көмекшісі Владимир Туркенин алып өткен екен. Олардың есімдерін біз ешқашан ұмытпаймыз және ардагер теміржолшылардың даңқты еңбек жолын кейінге буынға жеткізіп отырамыз. Біз қарияларымыздың қоғамдық жұмыстарға, мәдени және спорттық шараларға көбірек қатысуына назар аударамыз. Осы жақында Шу қаласының әкімі Е.Нұралиевтің ұйымдастыруымен халықаралық Қарттар күніне орай бильярдтан ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылды. Жеңіске жеткен ардагердердің барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалалық ардагерлер кеңесі жастар орталығымен бірлесіп мектеп және колледждерінің оқушылармен түрлі тақырыптарда кездесулер өткізіп тұрады. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оларға дұрыс жол көрсету және білімді, иманды болып өсуіне көмектесу мақсатында үлкендеріміз өздерінің өнегесімен үлгі көрсетуде өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде. Шу қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесі бұл күндері белсенді жұмыс атқаруда. Билер кеңесінің құрамында біздің 5 белсенді, ықпалды, беделді ардагеріміз бар. Билер кеңесін белсенді ардагер Темірқұл Садырқұлов басқарады. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті ұстаз, 25 жыл мектеп директоры қызметін атқарған Бірлікбай Жантаев жетекшілік ететін әкелер кеңесінің қоғамдық қызметін атап айтуға болады. Әкелер кеңесінің мүшелері мектеп оқушыларымен жиі кездеседі. Ата-аналармен бірлесіп көптеген игілікті жұмыстар атқарылуда. Шу қаласының аға ұрпақ өкілдері облыс ардагерлерінің төл басылымы «Ғұмыр-Дария» газетіне жазылуда жыл сайын белсенділік танытып жүргендігін баса айтқым келеді. Биылдың алғашқы жарты жылдығында 232 дана ардагерлер басылымына жазылдық. Бір Шу локомотив пайдалану депосының ұжымы кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуат Молдабаевтың ұйытқы болуымен 70 дана «Ғұмыр – Дария» газетіне тұтастай бір жылға жазылды. Осы орайда белсенді ардагерлеріміз Сәрсебай Қалиевты, Темірқұл Садырқұловты, Бірлікбай Жантаевты, Оралхан Иманалиновты, басқа да ондаған ардақты да абыройлы қарияларымызда ерекше айтқым келеді. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Талас ауданының Ойық ауылында өткен «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» облыстық семинаркеңеске қатысушылардың облыстың барлық ардагерлер ұйымдарына Үндеуін Шу қаласының ардагерлері де бір ауыздан қолдады. Әсіресе той өткізудегі, қаза болған кісіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімдеріндегі аста-төк ысырапшылдық мәселесі біздің үлкендеріміздің бұрыннан да назарында болатын. Үндеуге байланысты ардагерлер кеңесінің жанынан қалалық мешіттің имамын қатыстыра отырып, арнайы жұмысшы тобын құрып іс жүргізетін боламыз. Бүгінгі таңда ардагерлерге қамқорлық көрсету мемлекет тарапынан оң жалғасын тауып жатыр. Бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Өйткені ардагерлеріміздің қайсарлығы, жігерлілігі, Отанға деген сүйіспеншілігі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын игілік. Отанды сүю – бабалардан қалған ұлы мұратымыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету парызымыз. Расында ардақты да абыройлы ардагерлеріміз, қадірменді қарияларымыз ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміздің, салт-дәстүріміздің темірқазығы болған, солай болып қала береді де. Біз – ерлікті ежелден енші тұтқан, елдікті ту етіп көтерген, ұрпақтар сабақтастығын парасатпен ұстанған елміз. Сондықтан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету біздің ұлы мұрамыз болып қала береді.

Милис БЕЙСЕНБАЕВ, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры