Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨНЕРГЕ ҮСТІРТ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ НЕМЕСЕ "ЖЫЛТЫР" МӘДЕНИЕТ ЖҰРТТЫ ЖАЛЫҚТЫРАДЫ

ӨНЕРГЕ ҮСТІРТ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ НЕМЕСЕ "ЖЫЛТЫР" МӘДЕНИЕТ ЖҰРТТЫ ЖАЛЫҚТЫРАДЫ

14 сентябрь 2024, Суббота
103
0
Бұл жолғы әңгіме халық театрлары жайлы болмақ. Ауылда өскен біздің замандастарымызға балалық шақтың әр сәті қымбат. Клубта спектакль болады деген күн біз үшін ұлыстың ұлы күнімен барабар болатын. Өрістен мал қайтқан соң, шаруаларын жайғап, кешкі астарын ішуді ертерек қамданған жұрт тайлы-таяғымен аядай сахнасы бар өнердің алақандай ордасына жиылады. Республикамызға танымал Алтын Ружева, Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұлов, Әнуар Молдабеков, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Зәмзагүл Досанова, Хабиба Елебекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Есболған Жайсаңбаев, Торғын Тасыбекова, Гүлжан Әспетова сынды театр саңлақтарын сол кішкентай сахнадан тірідей көру құрметіне ие болған біздер қандай бақытты едік деп ойлаймын бүгінде.
Гастрольмен келіп, біздің құрқылтайдың ұясындай үйімізге арнайы тоқтап, қонақ болған Үмбет Әлжанов, Шәмшагүл Жәмеңкеева, Спандияр Мұқышев, Қарабай Сатқанбаев, Әлібек Әмзеев секілді өз облысымыздың театр қайраткерлерінің де сол кездегі бейнесі күні бүгінгідей көз алдымызда. Сол актерлер мен актрисалар ойнаған «жанды» спектакльдермен кішкентайымыздан сусындап өскендіктен болар, өзіміз де мектеп жасынан скетч, интермедиялар ұйымдастырып, өнерге бір табан жақын өстік. Студент кезде институттың көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі ретінде Ғ.Мүсірепов пен М. Әуезовтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қарагөз» трагедияларын сахналауға қатысып, Таңсық пен Қарагөз бейнелерін сомдағанбыз. Сахналық өнердің алғашқы нышандары ерте заманнан-ақ халықтың күнделікті тұрмыссалтымен, мұң-мүддесімен біте қайнасып, бірге дамыды. Шаруашылық науқандарына байланысты өтетін «Сабан той», «Ұлыстың ұлы күні» сияқты жиын-тойлар соның айғағы. Ертеде халықтың «Қалтырауық қамыр кемпір», «Ақ боран» деп аталатын дәстүрлі ойындарына қатысушылар шаруа ыңғайына орай көктем мен қыстың кейпіне еніп, шартты сахнада қысты көктемге жеңгізетін. Мұның бәрі-дала театры. Халық көп жиналатын жиын-тойлар, ойын-сауық түрлері осындай халық шығармашылығының алғашқы үлгілерін туғызған. Келе-келе мұндай жиындар жалпыхалықтық сипаттағы мейрамға ұласқан. Осылайша қазақ өнерінің бір саласы — халық театры өз дамуының бірнеше сатыларын бастан кешіріп, кәсіби театр деңгейіне дейін көтерілген. Қазақстанда ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық театрлары жүйелі түрде ұйымдастырылып, жұмыс істей бастаған. Көркемөнерпаздардан құралған ол ұжымдар өз өнерлерімен көрермендердің зор құрметіне бөленді. Өткен дәуірдің 90-жылдары нарықтық қатынасқа байланысты республикадағы халықтық театрлардың саны күрт төмендепті. Мысалы, 1995 жылы осындай драмалық ұжымдардың саны 1295 болса, 2000 жылы 731 халық театры қалды. Соңғы жылдары халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайының өсуіне орай жер-жердегі өнер ұжымдарының жұмысына да көбірек көңіл бөліне бастағанын айтуымыз керек. Біздің облысымызда 15 халық театры бар. Әр ауданда бір-бір театрдан болса, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарында екеуден. 272 актер қамтылған барлық халық театрларының жұмысын негізінен облыстық халық шығармашылығы орталығы үйлестіреді. Бұл істі өрістету бағытында облыстық халық щығармашылығы орталығы алдына көп мақсат қойып отыр. Орталықтың тарапынан жыл сайын жүйелі түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Айталық, Шымкент қалалық мәдени даму орталығының аға оқытушысы, ұстаз Ерлан Әуесбаев арнайы шақырылды. Ол кісі өзінің білікті әріптестерімен келіп, тіпті аудан, ауылдарды аралап жүріп, жаңашылдыққа толы сабақтар беріп, бірнеше дәріс өткізді, актерлердің таланттарын шыңдады. Биыл Таразда Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай республикалық халық театрлары фестивалі өтті. Кең ауқымда ұйымдастырылған іс-шара жанкүйерлердің көңілінен шығып, байқау көрермендерінің зор қызығушылығын тудырғанына куәміз. Басқа өңірден келіп қатысқан театр ұжымдары да өте жақсы пікірмен кетті. Дегенмен, аудандардағы халық театрларының жағдайлары тұтастай алғанда жақсы деп айтуға келмейді. Бұрын әр аудан орталығынан ғана емес, әр елді мекеннің ауылдық клубы мен мәдениет үйі жанынан бір-бір театр құрылып, қоғамдасқан жұмысы қыз-қыз қайнап жататын. Ал, бүгінде аудандық мәдениет ошақтарының ғана қасынан ілуде біреуі ілдалдамен өмір сүріп, халықтық атақтарын жылда қорғап қалуға тырмысып, мүсәпірдің халін кешкен театрлардың қамқорлыққа аса зәру, қайырымдылыққа қатты мұқтаж. Өңіріміздің мәдениет басқармасы тарапынан ұсынылған жобалар мен жұмыстардың 80 пайызға жуығын орындауға олардың мүмкіндігі бола бермейді. –Тек қана Талас, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Шу аудандарының халық театрлары ғана талаптарымыздың деңгейінен көрінуге талаптанады. Басқа аудандар театрларына өздерінің жергілікті әкімдігі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмеуде. Гастроль ұйымдастырылмайды. Аудандардың бір-біріне гастрольдік сапармен бару кестесі түзіліп, облыстық басқарма атынан барлық ауданға қатынас хат жіберілген болатын. Алайда ол екіүш аудан тарапынан ғана жүзеге асырылды. Қалғандары бұл жұмысты аяқсыз қалдырды. Бұл жайлы олар әр түрлі жағдайды сылтау етеді,– дейді басқармаға қарасты халық шығармашылығы орталығының білікті маманы, бас режиссер Нұрәли Абдуллаев. Халық театрларының материалдықтехникалық базасы да жұтаң. Әртістерді киіммен жабдықтау мәселелерінде де олқылықтар бар. Айлығы шайлығына жетпесе де, бойында тасыған өнерін халыққа паш ету арқылы сахнадан ләззат алып, көңілдерін тойдырып жүрген аудандардың үлкенді-кішілі дарындары жеме-жемге келген қысылтаяңда сахнагерлердің костюмдік киімдерін өздері тігіп, үйіндегі шапанын киіп, сандығындағы қамзолын шығарудан аянбайды. Театр болған соң, бұл тұрғыда костюмдерге ғана емес, аспаптар мен бутафорларға, реквизиттер мен декорацияларға да аса қатты мән берілуі тиіс. Жақсы декорация спектакльдің жаны. Бұл мәселелер Сарысу, Талас, Шу аудандарындағы театрларда сәл де болса икемге келтірілген. Қалған аудандарда бұған түгелге дерлік назар аударылмайды десе де болады. Бұл бүкіл аудандардың халық театрларына тән түйткіл. Өзектен өтпей тұрып алатын түйткілдің тағы бірі - басқа облыстардағы, көрші аймақтардағы республикалық, халықаралық фестивальдерге, конкурстарға қатысу мәселесі. Бұл жөнінде тек қана Талас ауданы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарының өнерпаздарында ғана аздап мүмкіндік табылған. Ал, енді Шу, Қордай, Байзақ аудандарында бұл үлкен проблема. Бәрі әлбетте қаржы тапшылығына келіп тіреледі. Әрине бұдан соң халық театрлары қалай дамысын. Театр өнерінің көрермен жанын тазарту үрдісі қалай жүріп жатқанын өз құлағымызбен есту үшін, аудандарға да хабарласып, халық театрлары ұжымдарының тамырын басып көрдік. Бір риза болғанымыз, ешқайсысы ауыздарын қу шөппен сүртіп отырғанын білдірмеді. Сахналық киімдерінің тозығы жеткенін, аудан басшылары тарапынан қолдау көре бермейтінін, театрлық қойылымдарға лайықталмаған сахналарының дыбысталу мен жарықтандырылу кешендерінде, өнер залының жоғары механизмінде кемшіліктің көп екенін, сахналарының еденінде дөңгелек айналмалары болса деп армандайтынын, айналмалары барлары оларының дұрыс істемейтінін, сахнаны әрлеуге арналған көтеру құрылғыларының жоқтығын, бар болса, оларының өзі апатты жағдайда тұрғанын немесе қауіпті деңгейде жұмыс істейтінін айтып, ешқайсысы мұң шақпады. Олардың бүгінде аудан аумағында аталып өтетін мерекелік салтанаттарды, қуанышдуманды, ал кешкілік драмалық ойындар мен сауықтарды көпшіліктің ілтипатына бөлене жүріп атқаратын әртістерінің күнкөріс нәпақасының тақұл-тұқыл екендігін, қаржысы аз, хал-жағдайы кісі қызығарлықтай болмаса да, «халық театры» деген атауды өлтірмей, алға, өнер көшін өркениет керуеніне арбаны қолмен тартқандай болып, аман-сау сүйреп келе жатқан өз өнерпаздарының еңбегінің қоғамда шын мәнінде елеусіз екенін көріп-біліп, сезіп отырған біздер де үндемедік. Мұндайда, қанағатты місе тұтқанымен, қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ емес, сырты бүтін, іші түтін сырлы аяқтарының сынын бауырына бүгіп сақтай, сырын да кетірмей, тойған қозыдай томпиған күй танытатын театрлардың тарландарына жұртқа еткен қызметтерінің үдесінен шыға берулерін тілеуден басқа шарамыз қайсы. Сондықтан, жан семіртер жылы сөзімізбен олардың бірқатарын таныстыра кетуді жөн көрдік. «Орталықтандырылған мәдениет үйлері және клубтар жүйесі» МКҚК-ның директоры Н.Тулақбаев басқарып отырған «Меркі» халық театры өз уақытында белгілі театр режиссері Әскер Құлдановтың «Ақкөз батыр» драмасын, Жауғаш Қырбасұлының айтулы мерейтойына орай «Жауғаш батыр» драмасын сахнаға сәтті шығарған ұжым ретінде ерекшеленеді. Қошманов Әмірхан жетекшілік ететін Жамбыл аудандық «Дарын» халықтық театрының да жетістіктері жаман емес. Атап айтсақ, жазушы Баққожа Мұқайдың «Сергелден болған серілер» атты коммедиясын дайындаған бұл ұжым «Отырған қыздың» басты рөлін ойнаған Н.Беккулиева, оның құрбысын сомдаған С.Зиябекова және серілер образындағы Ә.Құлжан, Ғ.Ратов, К.Нәлібай секілді әртістерімен орынды мақтана алады. Каттебеков Ерболат пен Бекжанов Ерболдай тума таланттары режиссерлері болып табылатын «Жуалы» және «Мыңбұлақ» атты халықтық театрлары әлдеқашан аудан жұртшылығының көзайымына айналған. «Мыңбұлақ» театрының қырық жылдан астам тарихы бар. «Жуалы» халықтық театры да бүгінгі күні халыққа сапалы қызмет етіп келеді.Таластық тума талант Назаров Манас режиссерлік ететін «Талас» халық театрының да сауыт-сайманы сайлы, қанжығасы майлы. Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Бала Жамбыл» атты көріністі ұтымды сахналаған өнер ордасының «Жасstar шоу» атты жас буыны Қостанай қаласында өткен сатирик, жазушы, этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзілсықақ театрлары фестивалінде өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иеленді. Биыл тойланып жатқан облысымыздың 85 жылдығы аясындағы әрі жоғарыда аталған ақын, жазушы, ұстаз, қазақ сатирасының серкесі һәм сардары, қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, жерлесіміз Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай өткен халық театрларының арасындағы «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқауында «Біз осы үйдің келіні боламыз» және «Ұрпақ үні» комедиялық интермедияларды қойған театрға Бас жүлде бұйырған. Ал, Тулешова Эльмира жетекшілік ететін «Шу» халық театры 2022 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрларының фестиваліне Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында «Айман -Шолпан» музыкалық комедиясын апарып, «Ең үздік спектакль» номинациясымен марапатталған-тын. «Қордай» халық театрының да өнімді жұмыстарын айтпай кетуге болмайды. Жыл сайын дәстүрге айналған облыстық театр байқауларына қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүрген осы ұжым мүшелері Г.Алиеваның «Менің анамның туған күні», Қ.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмаларын, Ш. Смаханұлының «Диета» комедиялық қойылымын сахналап, көзге түсті. Сонау ертеден жұмыс істеп келе жатқан байзақтық «Шахан» халық театры да облыс жұртшылығына кеңінен танымал. Осы ордаға өзіміздің Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бұрынғы әртісі, әрі жас, әрі тәжірибелі актер Байкүшіков Бақытжанның режиссер боп барғанын естіген кезімізде шын қуанғанбыз. Айтсақ - айтқанымыздай, кәсіби әрі білікті маманның арқасында «Шахан» халық театрының да драмалық қоржыны бұл күнде кәдімгідей қомақты. Думан ордасы болған аудандардың халық театрларының талпынысы мен тәлімді өнегесін қанша жерден таратып жеткізсек те, мұнымыздың теңізге тамған тамшыдай ғана орны бар екенін мойындауға мәжбүрміз. Сондай-ақ, олардың жұмысынан мін іздеуді мақсат тұтпадық. Сын көзбен қарамауға тырыстық. Қалай болғанда да өнердегі өздерін емес, өздеріндегі өнерді сүйетін ауыл таланттарының адал еңбектері мемлекет тарапынан әрдайым үлкен қамқорлықты қажет ететінін ашып айтқымыз келді. Дарындылардың бәрі ауылда. Дала театрлары іске қосылып, халық театрларының тамырына қан жүгірсе, әлгі аталған мәселе өзінен-өзі шешілмей ме?!. Игілікті бастама сол ауылдың, қала берді ауданның көркеюіне үлкен септігін тигізбек. Оқу бітірген жастар театрда актер болудан қашпайды. Аудан мен ауылдарға да жұмыс іздеп барып, орын таба алмай, қалаға қайтып кетіп жатқандары баршылық. Барлығы сол бір сылтау - жұмыстың жоқтығы. Талантты балаларды табалдырығына табындырып қойғанмен, топырағы құнарлы деген туған өлкесінің құшағын оларға, өз түлектеріне кеңінен жая алмауы - сор. «Ұлт рухының жаршысы» (Есмұхан Обаев) саналатын халық театрлары – тасада қалған таланттардың шамын жағатын рухани шаңырақ. Руханиятсыз ештеңе оңбайды. "Жылтыр" мәдениеттен жұрт жалықты. Өзінің ұлттық өнерімен ұлық болып қалатын халық таза өнерді аңсайды. Текті өнерге ел ағалары мен атқамінерлері де теріс қарамауы керек. Ауыл мәдениетіндегі ізденістер мен жаңа шығармашылық көкжиектер еліміздің мәртебесін өсірмесе, кемітпейді. Олардың жұмысын жандандару – уақыт талабы.

Үміт БИТЕНОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры