Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АҚСАҚАЛЫМЕН АЖАРЛЫ, ҚАРТЫМЕН ҚАДІРЛІ АУЫЛ

АҚСАҚАЛЫМЕН АЖАРЛЫ, ҚАРТЫМЕН ҚАДІРЛІ АУЫЛ

08 июнь 2023, Четверг
122
0
Қарты бар ауылдың – қазыналы болатынын әрбір жуналистік сапарымызда көріп жүрміз. Сондықтан да өзіміз болған бір ауыл ақсақалдарының өзінен кейінгілерге беріп отырған тәрбиесі мен тағылымы туралы әңгіме қозғамақпыз бүгін. Қазына қарттардың бір шоғыры біздің кезекті сапарымызда жолымыз түскен Ақсу ауылында тұрып жатыр. Оның барлығының жүріп өткен өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бәрі де ақсулықтар үшін қадірлі кісілер. Ауылдастардың оларға деген құрметін, ізетін сезіндік. Солардың бірқатарымен сапар барысында әңгімелесудің сәті түсті.
САРА ҰСТАЗДЫҢ САРА ЖОЛЫ
Бұл күнде 87 жасқа келген Сара Бақайқызы – Ақсу ауылының ең құрметті кісілерінің бірі. Қырғыз мемлекеттік педагогикалық университетін бітіріп, аталған ауылда  қырық жыл математика пәнінен сабақ берген екен. Кезінде КСРО-ның үздік мұғалімі болыпты, бүгінде Қазақстанның үздік ұстазы. Талай ұстаздар армандап жүрген Ыбырай Алтынсарин медалі де бұл кісіге бұйырған.  Облыстық «Дарын» орталығы дайындап шығарған «Білімнің жаққан шырағын» атты облыс педагогтарының антологиясында да Сара апайдың ерен еңбегі жайлы айтылған. Тоқсанның ауылына жақындаған қарт ұстаз ананың айтары көп. Сара апай – ұл-қыздарына да жақсы тәрбие бере білген. Үлкен ұлы Сәулебай Президенттік оркестрде еңбек етеді. Саяқбайы – көлік жүргізуші. Қолындағы Сәтбергені өзінің жолын қуған, математикадан сабақ береді. Ал қолындағы келіні Перизат Шерімова да – ұстаз. Сара апайдың бабын жасап, қарап отыр. Сара  Шорбаева апай:
— Ақсу – бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл. Осында келін болып көгергенімізге, осында ұстаздық қызмет атқарып, талай буынға білім нәрін бергенімізге шүкіршілік етемін. Жас ұрпаққа білім беру, оларды тәрбиелеу жолында аянып қалған жоқпыз. Осы Ақсудың аппақ шаңына аунап өскен біраз балалар биік белестен көрінді. Әбен Бидасов деген шәкіртім - педогогика ғылымдарының кандидаты. Ақан деген шәкіртім медицина ғылымдарының кандидаты болды. Рахыш Дәуімбақов – мектеп директоры болды. Бекен Сәлиев –ауыл әкімі, Қожахан Молдабеков–мал дәрігері.  Ақындар Сәт Мәлібекұлы, Төрехан Әлханұлы – менің мақтан тұтатын шәкірттерім. Бұл есіме түсіп тұрғандары. Басқа да түрлі салада үздік болып жүрген ауыл азаматтары жетерлік. 
Қазіргі таңда отбасымда да бақытқа кенеліп отырмын. 11 ұл-қызымнан  бірнеше немере, шөбере сүйіп отырмын, – дейді ұлағатты қарт ұстаз.

АҚСАҚАЛДАРЫ АРДАҚТАЛҒАН АУЫЛ БҰЛ
Ақсуда айтары бар ақсақалдар аз емес екен. Олар ресми жиындарды былай қоғанда үнемі соғымбасы,  той, ас, басқа да басқосуларда кездесіп, елдік мәселелерді, шаруаның жайын, ауылдың көркеюін сөз етіп әңгімелеп отырады. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, озат механизатор болған қарапайым еңбек адамы Оңлаған Сырлыбаев аудандық батагөй ақсақалдар байқауына қатысып, бағын сынап жүр екен. Оңлаған ата:
— Ауыл деген – ақсақалымен ажарлы, қартымен қадірлі. Сексен деген жасқа биыл толып отырмын. Осы ауылда тудым, өстім, еңбек еттім. Астық жинауға қатысып, қырманда қызыл дәнді суырдым. Механизатор болдым. Озат болдым, орден алдым. 1972 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің қола медалін иелендім. 
Бұл ауылдан Фатимаш Имашева деген Социалистік Еңбек Ері шыққан екен. Фатимаш – колхоз бастығы болған кісі.  Оның баласы Нұрым – ауылдық кеңес төрағасы болды. «Жаңа Шу» ауылдық кеңесінің төрағасы Құсайын Дәуімбақов, медалі бар механизатор Күншуақ Құлтаев, озат ферма меңгерушісі Мәлібек Құсайынұлы бәрі де – ауыл мақтаныштары.  
Ал енді қазір біз де қария болдық. Бата береміз. Бата берушілер байқауына қатысамыз. Би-шешендердің сөздерін жаттап жүреміз. Ертеректе Шиырбай деген шешен ел аралап жүріп бір сараң байдың үйіне түседі. Бай қонақты дұрыс қарсы алмай, талай уақыттан бергі сүр етпен күтеді. Бірақ, малы далаға сыймай жатқан бай екен. Сонда «Бата беріңіз» дегенде Шиырбай шешен:
Мынау ұсынған етің жас па десем сүр екен,
Сендей інім Шығайбайдың бірі екен.
Қарабайдың заманы өтті ме десем,
Қарабай әлі тірі екен, – дегенде әлгі бай ұялып, Шиырбайдан кешірім сұрап, мал сойып, қайтадан жақсылап күткен екен. Қазақтың бір ауыз сөзге тоқтаған тектілігі осы ғой, – дейді Оңлаған ақсақал. 
Оңлаған ақсақалмен болған бір сәттік кездесуімнен қанаттанып, рухтанып шықтым. Қарияның барлығы осы кісідей зерек, шешен, тағылымды болса екен деген ой тұрды көкірек түкпірінде.

СӘТ АҚЫННЫҢ АБЫРОЙЫ АСЫП ТҰР
Қазақстан Жазушылар одағының  мүшелігінде жоқ болса да, талантын облыс аумағы тегіс мойындаған ақынның бірі – Сәт Мәлібекұлы. Ол да басқа жақта емес, осы Ақсу ауылында тұрады.  Сәкең өзін «Мәлібектің Сәті» деп те көрсетіп жүр. Айтпағымыз ақынның ел-жұртымен өлең арқылы бөлісіп жүрген сырында. Ақындыққа ертерек мойын бұрса да, ауылынан қоныс аударып кетпеген азаматтығы тағы бар. «Ауыл деген – ауыспайтын астана» деп Нарша ақын айтқандай, Ақсуын еш қалаға ауыстырған жоқ. Туған жердің төсінде тіршілігін жасап жатыр.  
Сәт ақынның өлеңдегі деңгейін талдап, бағасын беретін біз емеспіз. Осы кезге дейін төрт жыр жинағы шығып, Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан секілді танымал қаламгерлер алғы-сөз жазып, қолдау білдірген. Облыстың сүт бетіне шыққан қаймағындай жазушылардың бұлай ағынан жарылуы бекер болмаса керек. Ал былтыр ғана жарық көрген «Дала төсіндегі ән» атты жыр жинағына алғы сөзді танымал жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының жазуы да шын талантты мойындау дер едік. Сәкеңнің тағы бір қасиеті – ұстаздығы. Мектептегі ұзақ жылғы мұғалім болған қызметі өз алдына. Ол кезде де қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жүздеген баланың санасына сәуле құйды, шырағын жаға білді деп ойлаймын.  Менің айтайын дегенім – Сәкеңнің оқушылар айтысына бала дайындауы. Оқушы ақындарға бапкерлігі. 
Соңғы жылдары қазақтың айтысы жоғары деңгейге көтеріліп кетті. Біздің облыс айтыскерлері де сол деңгейге ілесіп, кейбір көрсеткіштер бойынша көш басында келеді. Оның барлығы өңірде айтыс өнеріне деген қолдаудың арқасында.  Ал айтыстың болашағы – жастар. Облыс көлеміндегі оқушылар айтысының бір жағында жүргендіктен де Мәлібекұлын өңірдегі жастар айтысының дамуына үлкен еңбек сіңірді деп зор сеніммен айта аламын. Өзі тікелей дайындаған Әзиза Аманбай, Альбина Зұлбахар секілді шәкірттері облыста озып, республикалық кезеңнен арнайы жүлде алып жүрді. Әділет Медетқұл деген шәкірті облыс көлемінде танылды. Бұл тізімді жалғай беруге болады. Осының бәрі Сәт ағайдың  күндіз-түні ізденген еңбегінің жемісі. Одан бөлек сол Ақсу аулында тұратын танымал айтыскерлер – Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтерге де, Айым Көшербайға да сабақ беріп, ақындықтың сырын терең меңгеруіне септескені бар. Тіпті,  сол ауылда Сәт Мәлібекұлы секілді үлкен ақынның жүруі де барлық жас ақындарға серпіліс беретіні анық.

Сәт – үлгілі әулеттің басшысы. Раушан апамыз екеуі әр ұл-қызының жетістігіне қуанып, перзенттерінің талабын демеп, қолдап отырады. Ұл –қыздары Диас, Кәкімжан, Назерке, келіндері Жұлдыз, Арайлым – істің адамдары. Сондай қолдаумен қанаттанған ұл-қыздары да үнемі жақсылықтың басында, ізгі істердің қасында жүр. 
Сәт Мәлібекұлы Ақсу ауылындағы өзіне сабақ берген ұстазы, ауылдың қарт анасына айналған Сара Шорбаеваның ерекше құрметтейді. Ауыл ақсақалдары Оңлаған Сырлыбаев, Қожахан Молдабаев, Төрехан Әлханұлы секілді аталармен бірге ізгі істердің маңайынан кеткен емес. Бұл қарияларға Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбайдың да құрметі  бөлек.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Шу ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры