Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ ЖАНПОЗДАРЫ

ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ ЖАНПОЗДАРЫ

29 август 2024, Четверг
84
0
Еліміздің экономикасын өрге сүйрейтін саланың бірі - теміржол десек, қателеспейміз. Еліміздегі жүк және жолаушылар тасымалдау жұмыстарын жүзеге асыратын теміржол саласын ел экономикасының «қара нары» деуге әбден болады. Жылдың кез келген маусымында еш кідіріссіз, үнемі қозғалыста болып, әр күн, әр сағат, әр минутта түрлі техникалық қауіп-қатерге толы жұмыстың қиындығын сырт қараған адамдар біле бермейді. Халық сұранысын орындап жүрген теміржолшылар еңбегі орасан зор деуге болады. Біздің теміржол саласы - сөзден істі құп көретін, жауапкершілікті өте қадірлейтін, өз ісіне өзі қырағы болумен қатар әскери тәртіптің ережесімен жұмыс істейтін құрылым. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр. Оны көпшілік жақсы біледі. Теміржолшылар темірдей тәртіпке бағынып, болат жолдың бойында шыңдалған азаматтар. Теміржол саласына тер төгіп, еңбегінің жемісін көріп отырған ардагерлер, яғни менің алғашқы тәжірибелік ұстаздарым Рақыш Қауменұлы Қасенов, Тоқтағұл Айтқазыұлы Мамырханов, Отан Молдабаев ағаларым теміржол саласына тері сіңген айтулы азаматтар. Жүз жылға жуық тарихы бар Шу теміржолының құрылысы мен оның іске асуындағы бұрынғы аталар еңбегінің өлшемі жоқ. Қазір 99 жасқа келіп отырған Әшірәлі Тоқсанбаев ағамыздың «Мен пойыз жолдың бойында дүниеге келіп, пойызда өмір сүріп, пойызда еңбек еткеніме мақтанамын» деуі өз кәсібін мақтан еткен майталман теміржолшының бір ауыз сөзбен түйген өмір шындығы. Өзінің алғырлығының арқасында қысқа мерзімді тәжірибеден өтіп, алғашқы паровоздың от жағушысы болып еңбек жолын бастаған, сол кезде жалындаған 30 жаста болған атам Қылышбек Сексенбаев 1941 жылы Шу локомотив депосынан 10 паровоздан құрылған колонна құрамында Саратов арқылы Ленинград майданына оқ-дәрі, азық-түлік тасымалымен айналысқан. 1946 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған кезде жанкешті еңбектері үшін Шу теміржолының құрамынан сол құрылған бригада «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Әрине, бұл жерде сол қиынқыстау кезеңдегі аталар еңбегі ерлікпен пара-пар десе болады. Тәулігіне 16-17 сағат жұмыс істеп, уақытпен санаспай, Отан үшін жанқиярлықпен еңбек еткен аталар ерлігіне бүгінгі теміржолшылар ұрпағы тағзым етеді. 1951 жылы Шу депосына ТЭ-1 сериялы 5 тепловоз, ТЭ-5 сериялы 2 тепловоз беріледі. Бұл тепловоздардың жұмыс істеу қарқыны күшті болғандықтан «ШуМойынты» теміржолы мерзімінен бұрын 1953 жылы 27 қазанда іске қосылады. Атам Қылышбек бертінде зейнетке шыққан кездері ауыл үйдің түрлі қуаныштарында, әсіресе «тұсаукесер» рәсімінде «балапаным, балғыным, өмірің пойыз жолдай ұзақ болсын» деп бата қайырғанына талай рет куә болған едік. «Ата осы пойыз жолдың ұзындығы қанша жерге жетеді?» деген балалық қызығушылықпен қойған сұрақтарымызға «Ой балаларым-ай, Совет өкіметінің құдіреті керемет қой... Шудан шыққан теміржол Ресейді екі айналып, Мәскеуден ары Германияға жетеді» дегені санамызға сіңіп қалыпты. Теміржолда жұмыс істесем деген ниет сол бала кезімде қалыптасқан болуы керек. «Машинист» сөзі алдыма қойған мақсатыма жетелеп, осы мамандықтың жемісін татып, құрметті зейнеткерлікке шықтым. ...Бізге жеткен тарихи деректерде Мәскеудегі кеңесте Орта Азия арқылы Сібірге баратын «Түркістан-Сібір» теміржол құрылысының салынуын жоспарлағанда алғашқы нұсқада «ЛуговойБішкек-Алматы» схемасы айтылады. Табан тіреп қарсылық білдірген сол кездегі Ресей Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың арқасында Бішкек арқылы жол салу құрылысында таулы-қыратты алқаптардың көп кедергі болатынын, жоспарланған жұмыс өз уақтысынан кешігетінін, құрылысқа көп қиындық, шығын әкелетінін нақты дәйектермен дәлелдеді. Шу өңірінің жайдақ жерлері арқылы Сібірге қарай бағытталатын теміржол құрылысының дұрыстығын нақты, тиімді дәйектермен келтіре отырып, дәлелдеп, «Луговой – Шу – Мойынты – Сарышаған – Қарағанды» теміржолының төселуіне ықпал етеді. Болашақ халқының қамын ілгеріден ойлап, қыр халқының заман ағымының ығына қарай ынтымақтасып, шоғырланып өмір кешуін ойлаған қайраткер азаматының бұл ісін ерлікке балауға болады. Шу қаласының теміржол алаңындағы тарихи тұлға Тұрар Рысқұловқа орнатылған ескерткіш оның ұлт алдындағы өлшеусіз еңбегіне қойылған белгі ретінде бағалауға болады. Қазақ халқына жанқиярлықпен еңбек еткен аталар еңбегіне мың алғыс. Тып-тыныш мүлгіген даланы дүбірге бөлеген пойыздың құдіретіне тамсанып, «қонысымызды пойыз жолдың бойына қарай жылжытқанымыз абзал, тіршіліктің қайнар көзі осы теміржолдың бойында болады» деп қыр қазақтары Шу жеріне қарай ығысып, шоғырлана қоныстанып тіршіліктерін бастаған. Содан болар, қазір қалаға айналған мекеннен аудандағы ауыл жұртшылығының тұрақтары 40- 50 шақырымнан аспайды. Шу бекетінің жұмысы «Шу локомотив депосы» атанып, 1928 жылы басталған. Тарихи деректерде депоның бірінші басшысы Кузнецов Николай Федорвич есімді қазақ тілін таза білетін, білімді азамат болған. Қазір сол сайын даладағы Шу бекеті 50 мыңнан астам халқы бар үлкен шаһарға айналған. Шу локомотив депосында қазіргі таңда 1286 адам еңбек етуде, 400-ден астам еңбек ардагерлері құрметті демалыста. Заман ағымына қарай кезінде «Қарайғыр» атанған көмір қуатымен жүретін паровоздар қазір тарихи ескерткіштерге айналып, кейінгі ұрпақтың жадында сақталуда. Теміржол – ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып отырған үлкен құрылым. Осы саладан шыққан еңбек озаттарының есімдерін аудан, қала жұрты жақсы біледі. Қылышбек Сексенбаев атам айтқандай, барша қазақ еліне пойыз жолдың ұзақтығындай ғұмыр тілеймін!

Милис БЕЙСЕМБАЕВ, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті теміржолшы. Шу ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры