Тағылымы мол болған жүздесу
Жақында облысымызға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев жұмыс сапарымен келді. Облыс ардагерлер ұйымдарының жұмысымен таныспас бұрын Өмірзақ Озғанбаевты Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев арнайы қабылдап әңгімелесті. Кездесуде ардагерлер қозғалысының өзекті мәселелері және облыс ардагерлер ұйымында қолға алынып жатқан игі бастамалары мен толымды тіршіліктер кеңінен әңгіме болды. Облыс әкімінде болған кездесуге Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев қатысты.
«ҚазТрансГаз - Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы Озғанбаевпен тағылымы мол керемет кездесу өтті. Жиынға облыстық, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, газ саласының ардагерлері қатысты. Мәртебелі мейманмен бірге шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күляш Әмедиақызы Әбдікешова қатысты.
“Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» демекші, жиын басталар алдында абыз ақсақал Өмірзақ Озғанбайұлы «ҚазақГаз – Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының жемісті жұмысына ризашылығын білдіріп, филиал директоры Бақтияр Көпбосыновқа аталық ақ батасын берді.
Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, халықтың береке-бірлігін, тұрақтылығын сақтауда, жастарға тәлім – тәрбие беруде, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының негізінде өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде ардагерлер ұйымдарының орны айрықша екенін айтып, кездесуге келген абыз ақсақал – Өмірзақ Озғанбаев туралы қысқаша мәлімет берді. Өмірзақ Озғанбайұлы – елімізге белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның тұңғыш сенаторы, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы, ҚР Ұлттық Білім академиясының Президенті, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, сонымен қатар, АҚШ-тағы Техас штатының, Маңғыстау облысының, Қарақия және Түпқараған аудандарының Құрметті азаматы.
Өз кезегінде Өмірзақ Озғанбайұлы:
– Ежелгі Тараз – қалалардың атасы, ағасы! Қасиетті Әулиеата жеріне ислам діні алғаш келген. Тарихи деректерге сүйенсек, екі ғасырдан астам уақыт бойы билік жүргізген Қарахан мемлекетінің негізін қалаған Сатұқ Боғрахан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, өзіне мұсылманша «Әбу әл-Керім» деген есім алған. Кейін ол қайтыс болғанда, мұрагерлік жолмен таққа отырған оның ұлы Мұса 960 жылы Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялайды.
Бұл жердің қазақ халқы үшін қасиеттілігі, тағы бір ерекшелігі – осыдан 567 жыл бұрын, 1457 жылы Жәнібек пен Керей сұлтандар Әбілқайыр хандығының құрамында болған қазақ ру- тайпаларын бөліп алып Шу мен Талас өзендерінің бойында алғаш рет Қазақ хандығын құрған. Ал, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» шығармасында Қазақ хандығының құрылу уақыты 1465 – 1466 жылдар деп келтірілген. Осы дерекке сүйене отырып 2015 жылы Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды, – деп сөзін тарихтан бір қайтарған Өмірзақ Озғанбайұлы, – ананың ақ тілегі – дүниедегі ең үлкен қасиет! Оған дәлел ретінде бірнеше айғақ келтірейін. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың аяғына қарай СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев Алматыға келген сапарында оның өкіметтік кортежі Ленин даңғылымен өтеді, халық көшеге көптеп шоғырланады, сол көшенің бір бұрылысына Қасым-Жомарттың әкесі Кемел және анасы Тұрар көптің қатарында тұрады. Бір кезде Брежнев, Қонаев отырған өкіметтік кортеж арнайы сигналдармен бір-екі секундта алдарынан өте шығады. Олар өте сала анасы Тұрар әкесі Кемелге қарап: «Мына кісінің басына келген бақ біздің Жомартты да айналып өтпесе екен!» деп Алладан тілейді. Әкесі: «Әумин!» деп бата қылады.
Бүгін, сол кездегі анасының тілегі қабыл болып, ұлы Қасым- Жомарт Қазақстан деген Тәуелсіз мемлекеттің басшысы болып отыр, бүгінде әлемнің алпауыт мемлекеттерінің басшылары бағалайтын, санасатын, пікіріне назар аударатын тұлға болып қалыптасты, – деп сөзін түйіндеді.
Мемлекет басшысының Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолында атқарып жатқан адал зор еңбегін айтып берді. Және жуырда 21 шілдеде Президенттің қабылдауында болғанын, ол жерде жастар тәрбиесі, ауылдың жағдайы, жалпы елдің болашағы туралы 40 минуттай тапжылмай отырып әңгімелескенін тілге тиек етті. Президентке біздің облыстың Меркі ауданындағы «Сұрат» ауылының үлгі боларлық тыныс-тіршілігі туралы да айтып беріпті.
Жиын барысында «ҚазақГаз-Аймақ» АҚ облыстық филиалының директоры Бақтияр Көпбосыновтың бастамасымен мекемеде сала ардагерлерінің музейі ашылып, газ саласының ардагерлеріне құрмет, әсіресе әйелдерге көрсетіліп жатқан қамқорлығына Өмекең ризашылығын білдірді. Бұл бастама бүгінде республика бойынша қолдау тауып, басқа өңірлерде де музейлер ашыла бастапты.
Бір сөзбен айтқанда, тағылымы мол болған кездесу бәрімізге керемет әсер қалдырды, рухымызды оятты деуге болады. Абыз ағаға амандық тілеп, жүз жасаңыз деген тілекпен тарастық.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің мүшесі,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы