Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Қала тазалығы кімге керек?

Қала тазалығы кімге керек?

08 август 2024, Четверг
80
0

Тараз – халқының саны жарты миллионға тақап қалған үлкен шаһар. Оның аумағының тәртібі мен тазалығын қадағалауға қаланың бір билігінің шамасы келмейді. Кейде кейбір керауыз «белсенділердің»: « Тараз қаласының әкімі, әкімнің орынбасарлары бар. Солардың жұмыстары ғой. Көше болса шашылып жатыр» дейтіні бар. Расында көпшілікте осындай түсінік қалыптасқан секілді.

Тараз қаласында тазалық, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары жүріп жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Олай деп жүріп жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға ауызымыз бармайды. Ерте көктемде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өзі бас болып, облыс орталығындағы саябақтарға мыңдаған тал көшеттерін отырғызғанын көзімізбен көрдік. Көшенің тазалығы туралы да үнемі тұрғындармен кездесіп, олардың сын-ескертпелерін тыңдап жүр.

Қала басшысы Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен де жиі кездесіп, әртүрлі мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдайды. Сондай жиынның бірінде облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директоры – бас редакторы Жаңабай Миллионов тұрғындар арасында Тараздың бірегей қала мәдениетін қалыптастыру, шаһардағы саябақтарды күтіп ұстау, көше тазалығы, тұрғындардың тәртібі туралы мәселе көтерген болатын. Қала басшысы журналистің бұл бастамасын қолдап, Тараз қаласының өзіндік мәдениетін қалыптастырудың «Тараз – мәдениет мекені» атты 2024-2026 жылдарға арнаған кешенді іс жоспарын қабылдады. Бұл жұмысқа қаланың қоғамдық ұйымдары, жұртшылығы, ардагерлері, жастары жұмылуда. Шындығында қаланың бірқатар шағын аудандары мен жүздеген көшелері тазаланып, ретке келіп қалғаны жасырын емес. Бұл бағыт бойынша атқарылар жұмыс өте көп.

Мәселен жақында ғана «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы Нұрлан Әбішев көшесінің бойы, үлкен негізгі асфальт жолдың жағалауы тікенек шөптерден тазартылды. Осы маңайда шашылып жатқан қоқыстар   жиналып, бірер сағаттың ішінде мұндағы шаруаның бетін бері қаратты. Бұл іс -шараға қалалық «Жасыл -Тараз» мекемесінің бір бригадасы және көше тұрғындары белсенді қатысты. Осы көшенің 35 жылдан бергі тұрғыны, медицина саласының маманы Гүлсара Нақыпова: « Қаланың тазалығы мен көшенің тазалығы өзіміз үшін керек. Осы жерге түрлі қалдықтарды тастап кететін де өзіміз. Өзімізге жанымыз ашуы қажет. Бүгін арнайы тазалық жұмыстарын ұйымдастырған жауапты тұлғаларға, Тараз қалалық әкімдігіне тұрғындар атынан алғыс білдіреміз», – деді. 

Біз моторлы орақпен шөптерді орып жатқан «Жасыл - Тараз» мекемесінің жұмысшыларын аз ғана демалған сәттерінде сөзге тарттық. Мұндағы жұмысшылардың еңбегі адал. Мәселен, Үсен Есентаевтың осы мекемеде тер төгіп жүргеніне 26 жыл болыпты. Ол Тараз қаласының тазалығына ширек ғасырдан астам уақыт бойы үлес қосып келеді. Адал еңбектің наны деген осы болар, Үсен облыстық, қалалық деңгейде бірқатар марапаттарға ие болған. Ол өзінің күнделікті атқаратын жұмыстарын айта келіп: «Қазақта «Дарақ бір жерден көгереді» деген бар. Осы мекемеде тұрақты еңбек етіп келемін. Тараз қаласы әкімінің, басқа да мекемелердің бұйырған марапатын алып жүрмін. Марапат үшін еңбек етпеймін. Бес ұл-қызым бар. Отбасымның өркендеуі, Отанымның дамуы үшін тер төгемін. Өзім еңбек адамы болған соң, ұл-қыздарымның барлығын оқыттым.             Бір қызым Алматыда докторантурада оқып жүр. Біреуі – жоғары білімді тәрбиеші. Перзенттеріммен мақтанамын. Қазір жалақым 250 мың теңге көлемінде. Бірақ, біздің бригада сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Қай жерде жұмыс бар, уақытпен    санаспай тазалық жұмыстарында жүреміз. Тараз қаласының тазалығына үлес қосып жүргеніміз өзімізге ұнайды. Осында Тасболат Сыздықовтың, Бауыржан Бақтияровтың еңбек етіп жүргендеріне 8 жыл болыпты. Жігіттердің бәрі еңбекқор. Олармен бауырдай сыйласып кеттік» дейді. Ал, жұмысшы Ербол Ошақбаев пен Береке Орманбеков те жеті жылдан бері осы бригадада тер төгіп келеді екен. Еңбектері елеулі.

Мұндағы жұмыстарды қадағалауға келген қалалық «Жасыл - Тараз» жауапкершілігі шектеулі мекемесі директорының орынбасары Айдын Бейсеков: « Биыл жауын - шашын көп жауды. Сондықтан, шөптің шығымы жақсы. Қала аумағын тікенек шөптерден тазарту өзекті іске айналды. Қазір қаламыз таза қалаға айналды. Мекеме жұмысшыларына белсенді жұмыстары үшін алғыс айтамын», – деді.

Аталған акция аясында Талас өзені бойына, Тектұрмас кешенінің айналасына тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған Тараз қаласының Құрметті азаматтары, танымал спортшылар мен мәдениет қызметкерлері, жастар, мекемелердің қызметкерлері мен жұмысшылары белсене қатысты. «Таза қала» экологиялық тазалық акциясы Тараз қаласының тазалығының жақсаруына едәуір ықпал етіп отыр.

Міне, мұндай тазалық жұмыстары қаланың қай аумағында да тоқтаусыз жүріп жатыр. Жұмыс бар және бір сәтке де толастамайды. Бірақ, қаланы бәрібір таза күйінде айнадай жалтыратып сақтай алаймыз. Бұл – шындық. Себебі, өзіміз қоқыс лақтырып, қолымыздағы артық заттарды әр жерге қалдырып, сол тазалықты бүлдіріп жатамыз. Көптеген аялдамалардағы орындықтар сынған. Оны Көкшетаудан немесе Қостанайдан келіп біреу сындырып кетпейді? Оны сындырып жүрген өзіміз. Тараздың жүздеген ауласына ойын алаңдары салынып жатыр. Оның да көптеген құрылғылары, әткеншектері салынбай жатып істен шығады. Оған да сырттағы біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Оны да сындырып жүрген өзіміз. Тараз қаласының әкімі БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында: «Біз қала тұрғындарынан игіліктерді аямаймыз. Салынуы қажет жерге ойын алаңдарын, футбол алаңдарын, демалыс орындарын бәрін саламыз. Бірақ, оларды күтіп ұстау кезінде қала тұрғындарының жауапершілігі өте қажет» деп айтуы бекер емес. Бұған «Ұлы Дала» мөлтек ауданында жақында ғана салынған ойын алаңдарының бүлінгені дәлел.

Тараз қаласының тұрғыны Сарқыт Алдабергенова: «Мен 7-ші мөлтек ауданда, 13-ші үйде тұрамын. Үйіміз күрделі жөндеуден өткен. Жақын жерде мешіт бар, ойын алаңы, футбол алаңы бар. Көше бойында сырланған жақсы орындықтар бар. Сонда отырсаңыз, едәуір тынығып қаласыз. Көңілің көтеріледі. Футбол алаңы барын айттым. Немерелеріміз сонда ойнайды. Ондай құндылық өзіміз үшін қажет. Бірақ, сол футбол алаңы, орындықтарға жаны ашып жатқан ешкім жоқ. Жастардың ішінде түнімен жүретіндері бар ғой. Солар сырланған жерді бүлдіріп, кейбір орындықты сындырып кетеді. Қаланың әдемілігіне осылай нұсқан келеді. Мемлекеттің қаржы жұмсап жасап бергенін күтіп ұстасақ көп нәрсе ұтар едік» дейді.

Тараз қаласының орталық көшелерінің бірінде тұратын Әбиірбек Қуанышбеков: «Кезінде мемлекеттік қызметте істедім. Қазір зейнеттемін. Жасым 68-де. Кешкілік қала көшелерімен серуендеп жүремін. Жаяу жүрген бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Сонда көп нәрсе байқаймын. Көшедегі орындықтардың ішінде сынықтары аз емес. Орындыққа, көшеге, ғимараттардың сыртына өзіміздің жасөспірімдеріміз неше түрлі былапыт сөз жазып, сызу сызып кетеді. Қоқыстардың көшеде шашылып жатқан кездері де болады. Соның бәрін өзіміз жасаймыз. Өз қаламызға өзіміздің жанымыз ашымайды. Сонда қала тазалығы кімге керек?», – деп күйінеді. Бұл кісінің де күйініші мен жанайқайын түсінуге болады.

Біз де өзіміздің тарихи қаламыз Тараздың көптеген аумағын әркезде аралап тұрамыз. Бірінші Президент, Бауыржан Момышұлы «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков атындағы, Тұрар Рысқұлов саябақтарды, «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешендерін көріп жүрміз. Барлығында да сынған орындық, күтімсіз тратуарлар кездеседі. Шашылып жатқан құтыларды, бөтелкелерді, темекі қораптарын кездестіруге болады. Оның бәріне кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Өзіміз жанашыр болмасақ, жалғыз қаланың әкімі қай жағына жетеді.

Қорыта келгенде айтарым, тұрғындары тазалыққа қашан мән береді, үйлерін, аулаларын, өздері тұратын көшелерін таза ұстайды, сол кезде Тараз қаласы таза болады. Шаһардың гүлдей жайнап тұруы сіз бен біздің қолымызда. Тараз қаласының әр тұрғыны осыны естен шығармаса екен!

Есет ДОСАЛЫ,

журналист

Тараз қаласы

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры