Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨНЕРПАЗ ҚАРИЯЛАР ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

ӨНЕРПАЗ ҚАРИЯЛАР ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

15 июль 2024, Понедельник
127
0
Қазыналы қарттарымызды береке мен бірліктің жарасым тапқан көрінісі ретінде білеміз. Езін жөнге, тентегін тезге салатын, көненің салты мен ғұрпын жеткізуші де – асыл қарттарымыз. 
  • Халқымыздың мерей тұтар, мақтаныш етер асыл мұрасы, замана сүзгісінен өткен  халықтың өнерді насихаттау мақсатында осыдан үш жыл бұрын облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңестерінің ұйытқы болуымен «Әулиеата» ансамблі құрылған болатын.  
Сөйтіп халықтық ансамбльдің қазығы 2021 жылы қағылды. Ардагерлердің өнер ұжымының жетекшісі – Уашев Әбдірайым Сейдазымұлы. Құрамында жастары 65-тен 76-ға дейінгі 10 қария мен ақжаулықты әже бар. 
Мұндай жаста көп алдына шығып, ән айтып, түрлі аспаптарда ойнау үшін де шығармашылық күш-қуат, зор талант керек. Өнер жолында өздерін таныта алған өнерпаз ардагерлер ел асып, гастрольдік сапарларға да жиі шығады. Тараздағы үлкенді-кішілі шаралардың да төрінен біздің тіс қаққан өнерпаздарымыз төбе көрсетеді.
Құрылған күнінен бастап ансамбль жұртшылыққа халықтық өнерді кеңінен таныстыруды көздеді. Ансамбль халық әндерінен квартет, жекеше орындап көрермендер көзайымына айналып та үлгерді.
Өнерпаздар репертуарларының басым бөлігі қазақ халық әндері. Олар жергілікті ақын-сазгерлердің әндерін де шырқайды. Құрамында мәдениет саласының мамандарымен қатар, әр салада қызмет етіп, зейнетке шыққан әуесқой өнерпаздар да бар. 
Олар – Досымбеков Сатыбалды, Смайлов Алпысбай, Искаков Аманқұл, Жанғарин Асылбек, Уашев Абдрайым, Шуақ Якуль, Бесінбай Қанымкүл, Пралиева Нұржамал, Мәдіханова Разия, Оразбаева Ұлбала. Бұлар – өнер саласының майталмандары, мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен танымал тұлғалар.
Ансамбль фольклорлық-сахналық бағытта жұмыс істейді, сондықтан ұлттық салт-дәстүрлерді және халықтық орындау мәнерін сақтауға тырысады. 
Әу демейтін және әнді сүйсіне тыңдамайтын қазақ кемде-кем шығар. Өнердің тыңдаушысы да, орындаушысы да – халық. Қарияларымыз жас өрендермен өз тәжірибелері туралы ой бөлісіп, өсиет айтып, эмоциялық күш-қуат алып, болашаққа деген сенімдерін арттырып келеді. Жас буынға ұлттық өнерді насихаттап, қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртуды мақсат еткен ардақты жандардың шығармашылық қорында бірнеше халық әндері бар.
Міне, жуырда ғана аталмыш өнер ұжымы Қырғыз елінде өткен «Әлем халықтар достығы-2024» байқауына қатысып, бірнеше жүлдемен оралды. 
Төрт мемлекеттен өнерпаздар қатысқан додада «Әулиеата» ансамблі үшінші орынды иеленді. 
Ал, осы ұжым ішінен құрылған төрттік Абайдың «Көзімнің қарасы», Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әндерін орындап,бірінші орынды жеңіп алды. Байқау өткен күн – біздің қарияларымыз үшін жетістік жүлделер күн болды.
Өйткені жеке дауыстарға баға беру барысында екі бірдей қариямыз – Әбдірайым мен Асылбек бірінші орыннан көрінсе, Сатыбалды ағамыз екінші орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар ұжымның шығармашылық ұстанымы қырғыз елінде өте жоғары деңгейде бағаланып, жетекшісі Әбдірайым Уашевке арнайы Алғыс хат та табыс етілді.
Жетістік легі мұнымен ғана шектелмеді. Алдағы күз мезгілінде Румыния елінде өтетін «Әлем халықтар достығы» өнер байқауына ардагерлердің өнерпаз төрттігі жолдама алды.
Ұлттық киім киіп, қолдарына домбыра, баян ұстап, халық әндерін шырқаған ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар өзге ел азаматтарын осылай өз өнерлерімен тәнті етті. Бұл сапардың негізгі мақсаты – еліміздің өнерін әлемге паш етіп, қазақ халқының текті, рухты екенін көрсету болатын. Ол мақсат аброймен орындалды десек те болады.
Осы орайда ұжым жетекшісі Әбдірайым Сейдазымұлы:
– Осы сапарға баруымызға көлікпен қамтамасыз еткен Тараз қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына  және қаржылай демеушілік жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешоваға айтар алғысымыз шексіз.
Алдағы уақытта да біз өнердегі өрісімізді кеңейте береміз. Күнделікті дайындығымызды тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта қариялардың қазыналы өнерін бағалап, демеушілік көрсетіп жататындар болса, әрине нұр үстіне нұр болар еді, – деп ағынан жарылды.
Иә, қарияларды қазынаға теңеуіміз бекер емес. Зиялы болмыс, сара сөз, кіршіксіз көңіл. «Әулиеата» ансамблінің әр мүшесінің бойынан табылатын ізгі қасиеттер бұл.
Қартайса да, қайраты қайтпаған белсенді қарттарымызға қандай қолдау көрсетсек те жарасады. Олар өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Бүгінгі қарттар - кешегі еңбеккерлер, қоғамның дамуына кезінде саналы ғұмырын сарп еткен, сан жылдар еңбек жолын арнаған жандар. 
Болмысы қайрат пен жігерге толы, күш-қуаты мол кезде, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп, дамуына арнап, маңдай терін төккен де солар 
Еңбектен бақытын тауып, өнерін туған еліне арнап келе жатқан әулиеаталық өнерпаз ардагерлерімізді туысқан Қырғыз еліндегі халықаралық өнер сайысындағы лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Өнерлеріңіз өрісті болып, таланттарыңыз талмасын өнерпаз ардагерлер!
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
«ҒҰМЫР-ДАРИЯ»
Обсудить
Блок в статье:
"Отбасындағы әкенің рөлі" 26 декабрь 2024, Четверг
« Ең үздік төрайымы» 26 декабрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры