Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Наршаның нәрлі сөздері-ай!

Наршаның нәрлі сөздері-ай!

03 июнь 2026, Среда
26
0
1999 жылы сол кездегі Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеев Нарша ағамды Талас аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметіне шақырды. Негізі, Батырбек аға Нарша ақынға баспана, қызмет беріп, 50 жылдығын дүркіретіп өткізіп, көлік сыйлады, барынша жағдай жасады. Ол кезде мен Қаратау қаласында мектепте жұмыс істеп жүргенмін, Нарша ағам маған хабарласып: 
– Ербол, маған орынбасар болып кел, мәдениеттің есеп-қисабы, кеңсе қағаздарына  өзің бас-көз боларсың,–деді. Наршамен қызметтес болуым осылай басталды. Бастығым ол кезде Ақкөлде тұрады. Жұмысқа сол жақтан қатынайды. Нарша ағамды елдің барлығы таниды, құрметтейді. Күнде бір кісі түскі асқа қонаққа шақырады. Ол кезде мәдениет бөлімінде қызметтік көлік жоқ, менің ескі «Лада» маркалы көлігім бар, сонымен жүреміз. Күнде түске жақын маған қоңырау соғады: 
– «Қара қошқар» (маған қойып алған лақап аты) сағат бірге он минут қалғанда көлікті дайында, бүгін де қонаққа барамыз,– дейді. Сонымен түскі асқа барамыз, қайсы үйге барсақ та, дастарханды жайнатып қояды, міндетті түрде үйілген ет келеді. Нарша ағам өте сыпайы кісі еді, тамақты аз аздан, асықпай отырып жейтін. Мен ол кезде жаспын, таңертең шайді шала ішіп шығамын, тамақты жапыра жеймін ғой. Сонда Нарша ағам: 
– Же, Ербол же, – деп алады да, үй иесіне қарап, - баяғыда мен сияқты елдің игі жақсылары жанына бір ақын, бір әнші, бір балуан, бір мешкей ертіп жүретін болған. Оған менде бюджетте штат бірлігі қарастырылмаған, тек барлығына бір Ерболды ұстап отырмын – деп, отырғандарды қыран-топан күлкіге қарқ ететін. 
Ол кісінің тапқырлығы керемет болатын. Қаратауда жұбайым Үміт екеуміз үнемі бірге жүреміз. Іс-шараларда да, той-жиындарда да. Бір күні екі той қабат болап қалып, екеуміз екі жаққа баратын болдық. Шақырылған жерге ертелеу баратын әдетіммен тойханаға барсам, Нарша ағам 2-3 кісімен әңгімелесіп тұрған екен, барып амандастым. Амандық-саулықтан соң, бәрі Үмітті сұрап жатыр, мен осылай болды деп мән-жайды айтсам, Нарша: 
– Е, бүгін «Үмітсіз шайтанмын» десейші! – дегені...
Наршаның көлік жүргізушісі болды, есімі – Сәруархан еді, бірақ ауылда бәрі Шабар деп атап кеткен. Мәдениет бөлімінің «Газель» көлігін жүргізеді. Оған қатысты да әзіл әңгімелер бар. Нарша, өз есімі – Нарша, үлкен ұлының есімі – Нарбол, екінші баласының аты – Ернар, үшінші ұлының шын есімі – Ербол, бірақ оны Тайлақ деп атап кеткен. Наршаның айтатыны ғой сонда:
– Осы әйелімнің атын ауыстырсам ба екен, Інгенгүл деген дұрыс сияқты, – деп күлетін. Расында әйеліне «інгенім» деп сөйлейтін.
Бір күні Шабар Нарша ағамды әйелімен Тараздың базарына алып келеді, ол кезде «Төлебай» базары, адам ығы-жығы. Шабарды көлікте қалдырып, екеуі базарға кіреді. Біраз уақыттан соң бір-бірінен адасып қалады. Нарша көлікке қайтып келсе, әйелі әлі жоқ. Содан өзі көлікте қалып, Шабарды Болғанды іздеуге жібереді. Шабар кеткен бойда Болған жеңгеміз көлікке қайтып келеді. Енді шопыр жоқ. Сөйтіп тұрғанда біреулер кездесіп қалып:
 – О, Нарша аға, мұнда не істеп тұрсыз? – депті. 
– Мына қан базарға сонау Қаратаудан келіп едім, «інгенімді» іздеймін деп «мінгенімнен» айрылып тұрмын,– депті.
...Қазақта «әкенің қанымен, ананың сүтімен» деген сөз бар ғой. Наршаның анасы да сөзге шешен кісі екен. Үлкен ұлы туыларда сол кісі есімін маған қойдыратын шығар деп, немересіне ат таңдап күтіп жүрген екен. Бірақ, Нарша баласының есімін өзі қояды. Сонда Наршаның анасы іштей баласына өкпелеп қалады. Оны Нарша кейін біледі. Арадан тағы біршама уақыт өткенде екінші ұлы дүниеге келеді. Сол кезде Нарша анасына барып:
– Апа, ренжімеңіз үлкен баланың атын  Наршадан «Нар» мен Болғаннан  «Бол»-ды алып Нарбол деп қойып едік, мына немереңіздің атын Сіз қойыңыз,–дейді. Анасы сонда:
– Ой тұқымың көбейгір, енді қалған аттарыңды қосып, Шаған деп қоя салмадыңдар ма,– депті. Сонда табан астында Наршадан қалған «Ша» мен Болғаннан қалған «ған»ды қандай келістіріп айтып отыр десеңізші!
Наршаның отбасында он бала болыпты. Әпкесінің айтуынша, Нарша өмірінде үйде жұмыс істемеген екен. Ол 4 қыздан кейінгі ұл болған. Әкесі ерекше еркелеткен. Сонда тоғыз балаға бөлек, оған бөлек тамақ істейді екен. Шәйнекке ет қайнатып, қамырын да соған салып пісіріп береді екен. Маңдайына жазылғаны шығар, елдің де еркесі болды. Өзінің сөзі бар:
Ақынмын деп қақпағанмын төсімді,
Ақ сөзіммен көрсетемін ісімді.
Бүкіл қазақ кітапсыз-ақ таныды,
Нарша деген есімді! – деген. Оның есімі күллі қазаққа танылды. Ал алғашқы кітабы «Өлеңге менің дағы бар таласым» деген атпен 1998 жылы шықты. 
Қаратауда мәдениет бөлімінде жүргенде мектептерге кездесулерге барамыз, сонда бір мектептен екінші мектепке баруының өзі бір хикая. Мектепте басым бөлігі қыз-келіншектер, Нарша ағамның жүрісінің өзі сырбаз, амандасқанда келіншектердің қолынан сүйіп, бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеп жүреді. Сондай кездесулердің бірінде іс-шараны аяқтап қоштасарда тағы да бәрімен сүйіп қоштасып жатқанда бір келіншек бетін тартып қалып:
– Ағай, бағана келгенде сүйдіңіз ғой, – десе, Нарша сыпайы дауыспен:
– Сүйгізе бер, шырағым, одан жүкті болып қалмайсың – деп табанда сөз табады... 
Нарша ағамның үйінде мыңнан астам кітабы бар еді. Ол кітаптардың қай сөреде қайсысы тұрғанын жақсы білетін. Мыңға жуық халық әндерін жатқа айтатын, сосын сол әндерді жүрекке жететініндей айтып отыратын. 
Нарша Ақкөлде тұрғанда ауылдың адамдары амандасуға келіп, шарбақтан кірмей тұрып:
– Ассалаумағалейкүм, ит жоқпа? – деп сұрайды екен. Сонда Нарша:
– Уағалейкүмассалам, маған келдің бе, әлде итке келдің бе? – деп қарсы сұрақ қояды екен.
1998-2000 жылдары көп мекемелер бірнеше айлап айлық жалақыларын бере алмай қалды. Мәдениет бөліміндегілер тура сегіз ай айлық алмадық. Ол кезде ауданда Батырбек Құлекеев әкім. Нарша аға әкімге айлық беру туралы: 
Кеп кетпеді, жеп кетпеді қай мықты,
Қай мықтыдан Нарша бірақ қаймықты.
Көлденеңдер мініп жатыр көк атты,
Ал культура ала алмай жүр айлықты, – деп  өлеңмен өтініш жазып барғанғой. Бір шумақ өлеңнің құдіреті, сегіз күннен кейін алты айдың айлығы түсті.
Нарша кейбір айтқыштар сияқты бетің бар, жүзің бар демей былш еткізіп айта салмайды, өте сыпайы әрі ұнамды етіп айтады. Әлібек аға Әмзеев ол кезде облыстық мәдениет басқармасының басшысы. Сол кісінің бір келіні кәріс ұлтынан болды. Сол тойда құттықтаған Нарша аға:
– Құдай қылар әр істі, құдағи қылған кәрісті, Әлеке-ау, тойың құтты болсын,– дейді. 
Әлібек аға да бір айтары бар, елге есе жібермейтін өте сұсты кісі еді ғой. Бірақ, Наршаға ренжімей күледі де қояды.
Мәдениеттің жұмысы Нарша ағаның шығармашылығына біраз қол байлау болды. Соны байқаған Батырбек Құлекеев өзі әкімдіктен ауысатын кезде, Нарша ағаны аудандық музейдің директорлығына ұсынды. Мәдениет бөлімінен босап, музейге ауысу үшін облыстық басқармаға өтініш жазу керек. Сонда Әмзеевке өтінішті өлеңмен жазған. Әлібек Әмзеев те Талас ауданының тумасы. Сондағы өлең былай:
Өтініш жазды еріңіз,
Наршаны сынап көріңіз.
Түбі баратын жеріміз,
Музейді маған беріңіз.
Наршаға да сеніңіз,
Жақсылығына еніңіз.
Сізге де орын жасаймын,
Музейді маған беріңіз – деп, хатшы қызға ұстата салады. Ол шошып кетіп, өтінішті алып кірсе, Әмзеев оқып шығып, бұрыштама қойып беріпті. Бұл ақынын сыйлаған елдің құрметінің бір көрінісі. 
Наршаның айтқан осындай тапқыр сөздері өміршең екені даусыз.

Ербол ҚАМБАТЫРОВ, 
айтыскер ақын, 
Қазақстан Республикасының 
мәдениет қайраткері

Обсудить
Блок в статье:
АҚ ӘЖЕЛЕРДІҢ ӨРІСТІ ӨНЕГЕСІ 10 июль 2026, Пятница
АР-ҰЯТЫ БАР АДАМ АДАСПАЙДЫ 10 июль 2026, Пятница

Похожие материалы:

АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ – АДАСТЫРМАЙДЫ
29 сентябрь 2024, Воскресенье
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ – АДАСТЫРМАЙДЫ
БАЛЫҚШЫ БАЛА
29 апрель 2025, Вторник
БАЛЫҚШЫ БАЛА
Балалық шаққа саяхат
05 май 2025, Понедельник
Балалық шаққа саяхат
Балалық шаққа саяхат
05 май 2025, Понедельник
Балалық шаққа саяхат
Балалық шаққа саяхат
05 май 2025, Понедельник
Балалық шаққа саяхат
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры