
Ауылдағы балалар арасында балықты жақсы ұстайтыны – менің бөлем Əнуарбек. Ол балықты көп те жемейді, жəй ермек үшін ұстайды. Ұстаған балығының көпшілігін балаларға таратып береді. Бірақ бірден таратпайды, ең бірінші ұстаған балығын балаларға көрсетіп, одан кейін таратады. Көктем шыға бір топ балалар балық аулауға шығамыз. Бір қолымызда қармақ, бір қолымызда шағын су құйылған шелек. Ұстаған балығымызды саламыз. Шелекке су құю себебіміз – балықты тірідей əкеліп ауылдағы балаларға көрсетуіміз керек. Біз бір топ бала улап – шулап өзенге келеміз. Көктемгі өзен тасып жатады. Оншақты бала қатар отырып бір жерге қармақ саламыз. Өзеннің арғы жағындағы орыснемістер жалғыздан отырады. Олар бізге «шуламаңдар» деп ескерту жасайды. Арамыздан бір бала балық ұстай қалған жағдайда бəріміз үймелейміз. Балықтың ұзындығы, салмағы, тегін айтып шуласамыз. Бір жерде көп отырмаймыз. Келесі бір кезекте орыстар отырған жерге барамыз. Жаңағы жерден құр кетпейміз, судың арғы жағында отырған орыстардың тұсына тас атқылап, борандатып кетеміз. Өзенді жағалай жоғарылай береміз, орыстардың мазасын аламыз. Олар болса судан өте алмайды. Бізге жұдырығын түйіп қала береді. Бір кезде бəріміз шаршап ауылға қайтамыз, ұстаған балығымыз да жоқ. Əнуарбектің жанында отырып балық ұстауды үйренейін – ақ деймін, бірақ үйрене алмаймын. Сабақтан кейін балық ұстауға барамыз, қолымызда қармақ. Əнуарбек айтады: – Қалтқы суға батқанда тартып аласың, – дейді. Қалтқы су бетінде ойнап тұр, бір шығады, бір батады. Қалтқы батты-ау деген кезде қармағымды құлаштай тартамын түкте жоқ. – Сен кешіктің, – дейді бөлем. Енді кешікпеуге тырысып қалтқы батты-ау дегенде тартып қалам. – Сен ерте тартып қойдың, – дейді. Не керек төзімім таусылады. Мен айтам: – Одан да алысқа лақтыратын қармақпен ұстайық, – деймін. Əнуарбек көнбейді. – Қазір су көп, сондықтан ол жерден түкте ұстай алмаймыз –дейді. – Онда сенің орныңнан мен ұстап көрейін. – Жарайды, кел ұстап көр, – деп орнын маған береді. Ол басқа жақтан ұстай бастайды. Қармақтың қалтқысы ойнап тұр, бірақ балық ұстай алмаймын. Əнуарбек басқа жақтан да балық ұстай бастайды. Оның тор қалтасы толатын болды, менде түк те жоқ. Ауылға қайтатын болдық.Əнуарбек қолындағы тор қалтаны маған берді. – Мə, мынаның жартысын сен ал, бəрібір балаларға таратып берем, үйде қуыратын май да жоқ. Мені жалған намыс жібермей тұр, алғым келіп тұр, бірақ намыс жібермейді. Кешке дейін отырып бірде – бір балық ұстамай оның балығын қалай алам. – Керегі жоқ, біздің үйде де май таусылған. – Онда басқа балаларға таратып берем. Екеуміз қайтып келеміз, мен көңілсізбін. Күн жылына алысқа лақтыратын қармақпен ұстайтын болдық. Бір күні балалар газетінен балықты ерте тұрып барып аулаған жақсы деген мақала оқып қалдым. Сонымен кешке Əнуарбек барып «ертең ертелеп барып балық аулайық» деген ұсыныс айттым, ол сəл қиналып, «жарайды» деді. Ертеңмен ертелетіп көлге келдік. Көлдің маңында бізден басқа ешкім жоқ. Біз қармағымызды суға лақтырып отырғанымыз сол еді, қармаққа балық түскен белгі бере бастады. Біз, біраз күн ысығанша көп балық ұстап тастадық, оның көпшілігі сазан балықтар. Күн ысыған соң біз қармағымызды жинай бастадық, балық та жетерлік болды. Осы кезде ауылдың балалары да келе бастады. Олар біз ұстаған балықтарды көріп таңғалып жатыр. – Қалай ұстағансыңдар? – Мына сазанның дəуін-ай. – Осы уақытқа дейін мұндай сазанды ешкім ұстаған жоқ. – Орыстардың мұндай көп балық ұстағанын көрген емеспін. Біз екеумізді мақтаныш сезімі билеп тұр. Бір кезде Əнуарбек: – Кімге балық керек, – деді. Барлығы «маған, маған» деп шу ете қалды. – Үйге өзіміз ұстап алдық деп барайық, – деп жатыр. Əнуарбек балықтарды тарата бастады. Бір тор қалтаны бітіріп, екінші тор қалтаны таратып жатыр. – Өзімізге алып қалмаймыз ба? – деймін мен. – Бізге жетеді, екеуміз екі – екі дəуінен алып қалайық, сол да жетеді. Балықтарды таратып берді. Бірақ аяғынан шатақ шықты. Балықшылардың ішіндегі ең кішкентайына балықтың майдалауы тиіпті. Ол жыларман болып тұр. – Мен мұндай балықты алмаймын, мына балықтар кішкентай. – Сенің ағаңа үлкен балық бердім, қарашы. – Жоқ, оның балығы бөлек, менің балығым бөлек. Əнуарбек тығырыққа тірелді. – Мə, онда мына дəу балықты сен ал, кішкенесін маған бер, – деп Əнуарбек өзінің бір балығын балаға берді. Кішкентай балықшы қуана келісті. «Түгел жетті ме» деп Əнуарбек жан-жағына қарап тұр. Кейбір балалар үлеске алған балығын алып үйіне қайта бастады. Бізде жеңілденіп, үстімізден ауыр жүк түскендей рақат сезімде үйге қайттық.
Аташбек ƏМІРҚҰЛҰЛЫ, Көкбастау ауыл округі ардагерлер ұйымының төрағасы, Жуалы ауданы