Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Саяхаттың тағылымы мол болды

Саяхаттың тағылымы мол болды

30 сентябрь 2025, Вторник
21
0


Шу аудандық ардагерлер кеңесі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында «Ардагерлерді  ардақтайық» жобасы бойынша қасиетті тарихи орындарға зиярат ету мақсатында екі бірдей «Мерседес» спринтер көлігімен Түркістан облысы бағытында  жолға шықтық. Саяхатшылар қатарында осы жолдардың авторы бастаған ауылдық округ ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудандық ардагерлер кеңесі мен төралқа мүшелері, белсенді ардагерлер бар, барлығы 28 кісі сапарға шықтық. Оның сыртында аудандық ауруханадан қариялардың денсаулығына бақылау жасап жүретін медбикеміз және болды. 
Жолымызды қысқарту мақсатында әр көлікке аудандық өнерпаз ардагерлер қариялар байқауының жеңімпаздары Көшкінбай мен Ұлзейнепті бөліп отырғызғанымыз абзал болды, барар жолды да, қайтар жолдыда әсем әндерімен сапарластарының көңілін көтеріп отырды. Осы күндері ауа-райының ыстығын да, қатты тұрған жел де қариялардың көтеріңкі көңіл күйіне кері әсер ете алмады.  
Алғашқы аялдаған жеріміз –  Домалақ ана кесенесі болды. Домалақ анамыз жасы ұлғайған шағында түс көрген екен, түсінде Бәйдібек баба қасына шақырады. Осы түстен кейін балаларына айтып, Тәшкеннен Боралдайға шығады. Бала Бөгенге жеткенде Домалақ ана балаларына «О дүниелік болып кетсем Бәйдібектің қасына қойыңдар, егер жолда демім үзілсе ары бері сүйрелемей сол жерге қоярсыңдар» деп өз қалауын айтады. Сол жерде беті қолын жуып, дәретін алып, намазын оқып, бетін сыйпап, енді тұра бергенде өмірі үзілген дейді. Бұл 1456 жылдың 28 мамыры, анамыздың 78-ге қараған шағы екен. Анамыздың қалауын орындап, балалары сол жерге жерлеп, басына белгі қояды, одан кейін кесенесін тұрғызған. ХІ-ХV ғасырларда кесене бірнеше рет жөнделеді, 1966 жылы қайтадан ақ тастардан қаланып, көтерілген. Домалақ ананың рухына бағыштап құран оқылды. Сапарға Жиенбет ауылы мешітінің имамы Шүкірәлі Оспанбекұлы бірге шыққан еді, зиярат ету барысында бұл кісіні жаңадан танығандай болдық. Құран оқығандағы үні, оқыған аят, сүресінің мағынасын, қандай мақсатпен айтылғанын түсіндіргенінің өзі бір ғанибет. Осындай көтеріңкі көңілмен Домалақ ана бұлағының басына барып, көгалға аяқ созып, түскі асымызды іштік. Түскі асымызға Қонаев ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қайранов арнайы бір қойын сойып, түгелдей қуырдақ етіп қуырып алып келген екен, оған сапарға түрлі себептермен ілесе алмай қалған әріптестеріміз қымыз-шұбаттарын беріп жіберіпті, бірге барған әжелер әкелген термос-термос шәйінен дәм тата отырып, табиғат аясында беймарал түстендік.
«Ас адамның арқауы» деп бекер айтпаған ғой қазағым, әлденіп алып Бәйдібек бабаның басына қарай жол тарттық. Бесінге қарай Бәйдібек баба кесенесіне жеттік. Бәйдібек баба – жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Тәшкен арасын қоныс еткен, осындағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, қазақ халқының ел болып ұйысуына ықпал еткен, артынан бір дүйім ел қалдырған ұлы тұлға. Баба басына ұрпақтары Балабөген өзенінің жағасына көрнекті кесене тұрғызған, сол кесенесінде отырып, құран, дұға-тілектерімізді бағыштадық. Алла қабыл етсін.
Жасы үлкен кісілерге ұзақ жол оңай емес, бабамыздың басынан тағы да бір күш-қуат алғандай болып Арыстанбаб қайдасың деп жол тарттық. Жол бойы Шаян, Темір, Шәуілдір ауылдарын басып өтіп, әрқайсысының безендендірілген ажарына сүйсіндік. Әрине, Шәмші ағамыздың туған жерінен өткенде Шәмшінің бірқатар әндері орындалып, көлік ішінде көңілді ахуал орнықты. Қас қарая Арыстанбаб ауылына да жеттік. Осы ауылдың азаматтарына риза боламын, қашан барсақ та құшақ жайып, аға-көкелеп қарсы алып, мейманханаларына орналастырып, құдайыға соятын малына дейін алдыңызға тартып дайын отырады. Кешкі асымыз дайын болғанша Арыстанбаб басына барып, құран бағыштадалды. Кесене басындағы мешітте намаз оқылып болған соң, Шүкірәлі имамымыз өзін діни ағартушылық жағынан тағы да танытты. Біздің сапарымыз Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған Мәуліт айының басталуымен тұспа-тұс келген екен. Осыған байланысты мәуліт оқылып, Пайғамбарымыздың өмір-деректерінен біршама мәлімет алдық, құран оқылып, салауат айтылды. Кесенеде өзімізбен бірге болған басқа зиярат етушілер, Шүкірәлі имамымызға ризалығын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Одан кейін мейманханада құдай тамақ та дайын болып, әруақтарға бағышталып құран оқылып, дұға тілектер айтылды.
Келесі күні, таңғы астан кейін ішіле сала Арыстанбаб ауылынан шыға берістегі Отырар қамалына барып, ұлы дала өркениетінің жасампаздығына көз жеткізгендей болдық. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қамал ішіндегі сол кездегі бабаларымыздың тұрмыс тіршілігі, сауда орындары,  мәдениетінің деңгейіне таң қалыстық. 
Сапарымыздың келесі маңызды нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де жеттік. Қожа Ахмет Ясауи – күллі түркі әлеміне танылған ғұлама, әулие. Арғы тегі қожалар әулеті. Терең білім алған соң Ахмет Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азияда кең таралған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысы болған.  Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзхаб аясына симайтын шексіз махаббат жолы. Мұсылман әлемінің екінші Меккесі саналатын осы орын бүгінгі күні бүкіл түркі әлемінің мәдени орталығына айналып отыр. Кесене аумағы шет ел, қазақстандық туристерден аяқ алып жүргісіз, солардың қатарында бірі болып біз де Қожа Ахмет Ясауиге, сол кешен ішінде сүйегі қойылған қазақ елін басқарған хан, билер, елін қорғаған батырларының рухына бағыштап құран оқыдық. Саяхатшы тобымыз, зиярат етіп аралаған тарихи орындардың бәрінде естелік суреттерге түсіп отыруды да ұмыт қалдырмадық. 
Осындайда еріксіз Мағжан Жұмабаевтың өлең шумақтары еске түседі:   
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген нәсібі ғой.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Ержан Өмірәлиев,
Шу аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы. 

Обсудить
Блок в статье:
Есепте есе жібермеген 14 октябрь 2025, Вторник

Похожие материалы:

«Мектепке жол»
29 август 2024, Четверг
«Мектепке жол»
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Қоғамдық істердің көш басында
28 февраль 2025, Пятница
Қоғамдық істердің көш басында
АРДАГЕРЛЕР АЭС-ТІ ҚОЛДАЙДЫ
30 сентябрь 2024, Понедельник
АРДАГЕРЛЕР АЭС-ТІ ҚОЛДАЙДЫ
Игі бастамалар жемісі
28 февраль 2025, Пятница
Игі бастамалар жемісі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры