Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Бастауыш ұйымдар белсенділігі – нәтижелі жұмыс кепілі

Бастауыш ұйымдар белсенділігі – нәтижелі жұмыс кепілі

28 май 2025, Среда
138
0
Жақында облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы жұмыс жоспарына сәйкес облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай,  Шу аудандары мен Шу қаласында арнайы жұмыс сапарымен болып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан және Бурабайда өткен төртінші Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттердің  ардагерлер ұйымдарында орындалу барысымен танысты. Сапар барысында аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төралқа мүшелерімен, билер, аналар, әкелер кеңестері төрағаларымен және ауылдық округтер ардагерлер ұйымдарының жетекшілерімен, белсенді ардагерлермен жиын өткізіп, олармен ашық жағдайда әңгіме өрбітті, ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағытында алда тұрған міндеттер талқыланды, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін көтеру жөнінде ардагерлер жетекшілерімен пікір алмасылды. Аудандарда болған жиындарда облыс ардагерлерінің төл  басылымы – "Ғұмыр-Дария" газетіне 2025 жылдың екінші жарты жылдығына жазылудың барысы жайлы да әңгіме қозғалды. 

Ардагерлер қозғалысы әр буынының өзара тиімді байланысы, ашық пікірлесуі және тәжірибе алмасуы бүтіндей ұйымның қызметіне, сөз жоқ серпін  береді. Бұл сапардың да негізгі мақсаты осында болатын. 
Әрине, бастауыш ұйымдар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, олардағы төралқа мен кеңес мүшелері облыстық ардагерлер кеңесіне шақырылып, түрлі жиындарға қатысып, өзара пікір алмасып жүргендігін айтуға тиістіміз. Оның үстіне аудандарға, бастауыш ұйымдарға барып, ардагерлер қозғалысы белсенділердің қатысуымен семинарлар да ұйымдастырылуда. 
Бұл жолғы облыстық ардагерлер кеңесінің басшылығының аудандық буынға барып, ондағы қоғамдық қызметті жандандырып, ардагерлер қозғалысының дамуына аянбай еңбек сіңіріп жүрген белсенділермен бетпе-бет отырып кездесіп, пікірлесіп, әңгіме-дүкен құруы ұйым қызметін одан әрі жандандыруға ықпалын тигізетіндігі сөзсіз. 
Алғашқы ат басын тіреген Т.Рысқұлов ауданының ардагерлер ұйымы, сөз жоқ облыстағы көш бастаушылар қатарында. Бұл жолы Құландағы жүз жылдық тарихы бар агротехникалық  колледждің мәжіліс залына аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, билер, аналар, әкелер кеңесі сияқты қоғамдық құрылымдардың  жетекшілері, ауылдық округтер ардагерлер кеңесінің төрағалары жиылып, Президент Жарлығымен жарияланған жұмысшы мамандықтар жылында аудан ардагерлер ұйымдары қандай жұмыстар атқарып жатыр, деген мәселе төңірегінде ой қозғауды мақсат етіпті. Бұл жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов мәнді де мазмұнды баяндама жасады. Жиында сөз сөйлеген Көгершін ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов, Құлан агротехникалық колледжінің тігінші мамандығына оқып жатқан екінші курс студенті Әлия Шадыхан, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Мамытов жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру, еңбек адамдарының нәтижелі жұмысын қамтамасыз ету, оларды барынша ынталандыру мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды. 
Жиналыста сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов оқитын ұлт қалыптастырудағы, облыс әкім Е.Қарашөкеев жариялаған "Әулиеата – кітап оқитын өңір" жобасын нәтижелі жүзеге асыруда аудан ардагерлер ұйымының, ақсақалдар қауымының атқаруға тиісті жұмыстарының ұшан-теңіз екендігін тілге тиек етті. Ардагерлер қолдауымен шығып келе жатқан "Ғұмыр-Дарияға" жазылуға ардагерлердің белсене қатысатындығына сенім білдірді. 
Жиында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев осылайша кездесіп тұрудың өте пайдалы екендігіне тоқтала келіп, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруде бастауыш ардагерлер ұйымдарына көбірек міндет жүктелетіндігін атап көрсетті. 
Меркі аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысында "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің  төрағасы Бақтықожа Ізмұхамедовтің бастамасымен қолға алынып жатқан "Іскерлік және жанашырлық" жобасының ауданда жүзеге асырылу барысы кеңінен әңгіме болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев осы тақырып төңірегінде кеңінен баяндады. Ауданда көптеген игілікті шаруаларға ардагер кәсіпкерлер мұрындық болуда. Қанат Шайхиев, Болат Рахымбаев, Мақсұт Несіпбаев, Оңғарсын Кендірбаев     сияқты  кәсіпкерлер аға буын өкілдеріне қолдау көрсетіп, тапқан табыстарының бір бөлігін солардың лайықты  демалуына, сауығуына, саяхаттауына және туған ауылдарының көркейіп, гүлденуіне арнауда. Баяндамашы бұл жөнінде нақты мысалдар келтірді. 
Өтіп жатқан жиындардың күн тәртібіне қойылған негізгі мәселенің бірі – "Ғұмыр-Дария" газетіне жазылудың барысы болғандықтан, Меркіде өткен басқосуда ардагерлер өздерінің төл басылымы туралы тұщымды әңгіме өрбітті. Ардагер журналист Серік Құралбай үлкендерді "Ғұмыр-Дария" сияқты зиялы, ғибратты, таным-білікке толы басылымға көбірек жазылуға шақырды. Осы жиынның басынан аяғына дейін қатысып, аудан басшылығы тарапынан ардагерлерге қамқорлықтың бұған дейін де болып келгендігін, алдағы уақытта да бола беретіндігіне тоқталған аудан әкімінің орынбасары, мемлекетшіл азамат Мейірхан Азатұлы Өмірбек: 
– "Ғұмыр-Дария" – рақаттанып оқитын, рухани қуат алатын газет. Мен бұл газет шыққалы бері алып оқимын. Қай нөмірінде қандай мақала оқығанымды айтып бере аламын. Жақында жерлес жазушы Қали Сәрсенбайдың "Нотаға басы сыймаған" деген мақаласын бір деммен оқып шықтым. Мен бұл газетті "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі" сияқты ұлт газеттерінің қатарына қояр едім, – деп сөзін түйіндеді. 
Газет оқымақ тұрмақ, басылымды қолына да ұстамайтын басшылар үшін бұл үлгі боларлық әңгіме екен-ау – деп бір түйіп қойдық. 
Тағы бір ардақты ана Жамбыл ауылдық округі аналар кеңесінің мүшесі Қалия Қарабаева:  "Тағылым мен тәрбиені, тарих пен танымды үзбей жазатын бұл газетті  мектептердегі, оқу орындарындағы тіл мен әдебиет, тарих пәндерінің мұғалімдеріне жаздырып алуды міндеттесе артық болмас еді" деген тілегін айтты. 
Ақыры баспасөзге жазылу жөнінде сөз етіп қалдық, Қордай, Шу аудандарының ардагерлер кеңестерінде болған кеңейтілген төралқа отырыстарында "Қазпошта" АҚ аудандық тораптарына газеттердің таралымына байланысты үлкен сын айтылды. Қордай ауданындағы Масаншы  ауылдық округі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Малиев ауылға газет жетпейді, поштамыз жабық тұрады деп әңгімені шорт кесті.  
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет аудан ардагерлер ұйымдарында "Заң мен тәртіп" жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 
– Әрине, бір күнде нәтижеге қол жеткізу қиын болар, бірақ жұмысымыздың алғашқы нәтижелерін көрудеміз, – деп сөзін түйіндеді төраға. 
Ауқатты  ауылдық окугтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Семжановтың сөзі жиналғандардың көкейнен шықты.  Ұйымда атқарылып жатқан жұмыстар қолдауға тұрарлық. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев өз сөзінде Ауқатты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесін облыс көлемінде тарату жөнінде жиналғандар алдында өз ойымен бөлісті. 
Степной ауылдық билер кеңесінің төрағасы Аманхан Рысметов Степной ауылына қазақтың кемеңгер перзенті Дінмұхамед Қонаевтың атын  беру жөнінде ұсынысын айтты. Ол сондай-ақ, шаруа қожалығының төрағасы ретінде жыл сайын 10 ардагерді "Ғұмыр-Дарияға" тегін жазып жүргендігін мәлім етті. 
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа отырысында төраға Ержан Өмірәлиев "Ел боламын десең, тойыңды түзе" деген қағидатқа сүйене отырып, ардагерлер ұйымдарында атқарылып жатқан бірқатар игілікті шаруаларға тоқталды. Бұл жиынның бір ерекшелігі оған аудандардағы мешіттердің имамдары, тойханалардың қожайындары, асабалар қатысты. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" жиналғандар ауылдың әкімі, ауылдық ардагерлер  кеңесінің төрағасы және имам болып "үштікте" жұмыла жұмыс істеуге бәтуаласты. 
Бұл арада да бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары "Ғұмыр-Дария" газетіне  биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылуды бастап жатқандықтарын мәлім етті.  Төрағалар "Қазпошта" АҚ аудандық торабының атына өздерінің орынды өкпе-наздарын бұл арада да білдірді. 
Жиынды қорытындылаған облыс-тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев той мәдениетін қалыптастыру, жаназа рәсімдерін ысырпсыз өткізу жөнінде ардагерлер ұйымдарының, дін қызметкерлерінің, асабалардың бірлесе жұмыс жасауға жұмылған бастамаларына қолдау білдірді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Дәнен Бейсенбаеваның ұйытқы болуымен, құжаттармен жұмыс жүргізу жөніндегі тәжірибесін облыс бойынша тарату жөнінде бастама көтерді. Бұл жұмыс алдағы уақытта назардан түспейтін болады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев және орынбасары Ж.Миллионов бір мезгілде төрт ауданда болып, аға буын өкілдерімен кездесіп, ардагерлер ұйымдарының әр деңгейінде атқарылып жатқан ұйымдық және тәрбиелік мәні бар жұмыстарына назар аударып, ұйым белсенділерінің ұлағатқа толы жұмыстарына өз ризашылықтарын білдірді. 

"Ғұмыр-Дария" – АҚПАРАТ
Тараз-Құлан-Меркі-Қордай-
Төле би-Тараз
Обсудить
Блок в статье:
Тағзым 01 июнь 2025, Воскресенье
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры