Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨМІРІН ИГІЛІККЕ АРНАҒАН ЖАН

ӨМІРІН ИГІЛІККЕ АРНАҒАН ЖАН

15 сентябрь 2022, Четверг
127
0

Қуаныш Пәрімбеков Қаратау бойындағы шұрайлы Көсегенің Көкжонында Үшбас аулында 1943 жылдың 5 қаңтарында дүние есігін ашыпты. Соғыстан кейінгі ауылдағы ауыр тіршілігі оны тым ерте есейтті. Ол дүние есігін ашар-ашпастан майданға аттанған әкесі қайтып оралмай, топырақ сонда бұйырды. Өзінен екі-үш жас үлкен Орынтай ағасы екеуі шешесі Бақыткүлге қолқабыс жасап, көмекшісіне айналып, колхоздың сан салалы еңбегіне ерте араласты. Жаз айларында шалғымен шөп орып, қол орақпен егін жинап, өгіз арбамен астық тасып, қырманда бидай суырды. Сөйтіп, ол құрдастарымен бірге тез есейді, еңбектің қадірін ерте түсініп, өмірдің ыстық-суығын, ащы-тәттісін бір азаматтай басынан өткерді. Мектеп жасына келгенде жергілікті білім ошағына барып, кітап бетін ашып, сауат алды. 1959 жылы аудан орталығы Байқадамдағы (қазіргі Саудакент) мектеп-интернатты тәмамдап, қолына аттестат алды. Мектепті жақсы бағамен бітірсе де тұрмыс жағдайына байланысты бірер жыл туған аулында еңбек етті. Өзінің кіндік қаны тамған киелі топырақта, 1954 жылы бірнеше майда колхоздардың негізінде ұйымдастырылған «Түркістан» тың совхозында механизатор болып еңбек жолын бастады. Күн демей, түн демей, қыс-жаз демей, уақытпен еш санаспай, аянбай, табандылықпен тыңғылықты еңбек етті. Екі жылдан соң еңбек десе жанып тұрған жасты совхоз басшылығы қолдап: "Қуаныш, байқадық, сен жұмысыңа тындырымды, өте жауапкершілікпен қарайды екенсің. Біз құрылысшы-инженерге өте зәру болып жүрміз. Жергілікті жігіттердің бірін жоғары оқу орнына жіберіп, құрылысшы-инженер дайындау керек болып тұр. Ой таразысына салып, ақылдаса келе, сені сол мамандық бойынша оқуға жіберуді жөн көрдік. Шымкент қаласындағы химия-технология институтына жолдама бар. Қарсылық жоқ болса, соған барып, емтихан тапсыр. Жолың болып түсіп кетерсің" – деп ұсыныс жасады. Әрине, мұндай ұсыныстан бас тарту қиын. Шешесінің жанына сүйеу болар жетіліп қалған Орынтай ағасы бар. «Тәуекел!» деп Шымкентке жол тартты. Сынақтан сәтті өтіп, студент атанды. Бала кезден армандаған ойы орындалып, бес жылдан соң, 1967 жылы білімді маман болып елге оралды. 
Еңбекте төселген дипломды, жоғары білімді маман көп ұзамай Байқадамдағы жылжымалы механикаландырылған құр-ылыс мекемесіне аға прораб болып ауысты. Сарысу ауданы шаруашылықтарындағы жаңа құрылыстардың басы-қасында болды. Көп ұзамай құрылыс мекемесінің  бас инженері лауазымына жоғарылатылды. 1974-1979 жылдары аудандық жол жөндеу-пайдалану учаскесін басқарды. Сарысу, Талас аудандарындағы жолдарды ретке келтіріп, біразына асфальт төселді. Тіпті, шалғай жатқан ауылдарға дейін жол тартып, жұмыс ырғағын тоқтатпады. Бірде, шілденің шіліңгір ыстығында Байқадам-Түгіскен аралығындағы жолға асфальт төселіп жатқанда автогрейдерші жігіт науқастанып қалып, жұмыстың тоқтап қалу қаупі туады. Сол кезде Қуаныш Пәрімбеков «мен басшымын» деп бәлсініп, шіренбей, киімін тез ауыстырып алып, автогрейдердің руліне өзі отырып, жұмысты жалғастырады. Сол сәтте ойламаған жерден облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов бастаған бір топ кісі сау етіп жаңа жол сапасын тексеруге келіп қалады. Автогрейдерді ұршықтай үйіріп оның рулінде отырған мекеме басшысын көрген олар таңғалысын  жасырмайды. Көп ұзамай аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов жас жігіттің мына ісіне риза болып, өзіне орынбасарлыққа шақырады. Сөйтіп, Қ.Пәрімбекұлы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұрынғы жауапкершілік енді барынша арта түсті, бүкіл аудан тыныс-тіршілігіне тығыз араласуға тура келді. Бұл қызметте де ол адал еңбегімен, біліктілігімен, жауапкершілігімен, табандылығымен көзге түсті. Өркендеп өсіп келе жатқан жас қала Жаңатастың басшыларымен тіл табысып, олардың көмегін әртүрлі құрылыс саласына жұмылдыра білді. Қажырлы еңбектің арқасында аудан көлемінде заман талабына сай көптеген ғимараттар бой көтерді, ауылдар көркейе түсіп, аудан экономикасы мен мәдениеті өркендеп, халық тұрмысы едәуір жақсарды. Соның басы-қасында Қуаныш Пәрімбеков жүрді. Беделі өсіп, өңірдегі сыйлы азаматтың біріне айналды, бірнеше мемлекеттік наградалармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Кейінірек «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл оның облыс орталығынан шалғай жатқан өңірге сіңірген адал еңбегінің әділ бағасы еді.
1997 жылы Сарысу ауданы оңтайландырылып, орталығы кеншілер қаласы Жаңатасқа көшірілді. Осы кезеңде ауыс-түйіс болып Қ.Пәрімбеков Қаратау қаласындағы жол жөндеу басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2000 жылдан зейнет жасына келгенше Талас ауданы әкімдігінде абыроймен қызмет етті, еңбекке, өмірге деген таза, әділ қозқарасымен беделге ие болды. Содан кейін балаларының қызметіне байланысты Тараз қаласына қоныс аударды. Қызу еңбекке араласып қалған ол үйінде бос отыруды артық санап, қоғамдық іс-шараларға бел буып батыл кірісті. Тараз қаласының ақсақалдар кеңесінің мүшесі (ол кезде осындай қоғамдық құрылыым болатын)  ретінде жастар арасында тәрбие жұмысына белсенді қатысты. Мектеп оқушыларымен кездесулерге жиі барып, жас буынды отансүйгіштікке, патриотизмге баулуға атсалысты. 
Туған өлкесін, кіндік қаны тамған ауылын жанындай жақсы көрді. Ағайын-жұртпен байланысын үзбей, қолдан келгенше қолұшын беріп, үлкенге іні, ініге аға болып қамқорлық жасады. Қандай лауазымда жүрмесін өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын, әділдікті, тазалықты сүйетін, пенделікке еш жол бермейтін. Тек қызметте ғана емес, жеңгеміз Рая (Гүлзейнеш) екеуі отбасындағы балаларын да солай адалдыққа, әділдікке, еңбекқорлыққа  тәрбиеледі, тиянақты, сапалы терең білім берді. Өзі қария жасына келіп, ой-пайымымен, іс-әрекетімен замандастарына жақсы, әдемі қартаюдың үлгісін көрсете білді. Қызметтестерінің, ағайын-туыстардың, құда-жекжаттарының ортасында сыйлы, құрметті жан болды.  Құдайға шүкір, төрт ұлы да жарыса өсіп, ержетіп, жоғары білім алып, жүрек қалауындағы мамандықтарын игеріп, бұл күндері әртүрлі салада абыроймен еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей әке-шешеден, өмірден көрген-білгендерін көңілдеріне тоқып, тіке жолдан таймай, әрбір жанға керек ар мен ұятты  биік қойып, әділдіктің  желкенін тік ұстап келеді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.


Обсудить

Похожие материалы:

Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Дінің тұрсын дін аман
06 апрель 2022, Среда
Дінің тұрсын дін аман
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры