Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АЛДИЯРДЫҢ АСУЛАРЫ

АЛДИЯРДЫҢ АСУЛАРЫ

15 сентябрь 2022, Четверг
107
0
Қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс-інің экс-депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, текті әулеттің тұяғы Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіповпен біздің сыйласып араласқанымызға 50 жылдан астам уақыт болыпты. Осы жылдарда қарым-қатынасымызға қылау түсірмей, ықылас-пейіліміз адал достыққа ұласып, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келеміз.
Адамның байлығы жиған дүниесі емес, оның өмірінде жанын, сырын, ойын түсінетін, қатар ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан достарының бар болғаны. Біз білетін Алдакеңнің достары, бірге қызметтес болған серіктерінің көпшілігі – әділ, таза, мәдениетті,  өз ісінің білгірлері десем жаңылыспаспын.
Алдиярбек Әли-Асқарұлы 75 жасқа аз жүкпен келген жоқ. Ол – екі түрлі қоғамдық формацияны басынан кешірген, ой-талғамы, таным-түсінігі толысқан, адами кісілігін айқын танытқан азамат.
Алдекеңмен әр кездесу оның әзілімен басталып, бір тәуірі біздің ойымызға келген, ішімізде үйірілген жауабымызды күтпей-ақ, сол әзілінің төркінін өзі әспеттеп жеткізетін. Ойлай білген адамға астарлы әзілімен өз ортасының ой-пікірінің таза болуына, шынайы сыйластықтың қалыптасуына титтей де болса үлес қоса алуының өзі үлкен тапқырлық дер едім. Осындай ниет, ұмтылыс әр кездесуіміздің бірегей сипаты.
Уытсыз, достық рәуіштегі әзіл-қалжың – кімнің кім екенін анықтауға, дұрысы жақын араласуға, ой-бөлісуге, пікірлесуге септігін тизігетін басты адами қасиет. Әзілімен астарлап айтылған кемшіліктерді ақылмен аңғарып, түзеген жағдайларымыз да аз болған жоқ.
Алдекеңнің әзілінен бастаған әңгімені енді оның өскен ортасына, еңбек жолына, атқарған қызметтері тұсындағы өзім білетін жақсы істеріне бұрғаным жөн-ау.
Алдияр өмірде қанша қарапайым, ақылы мінезіне, мінезі ақылына сай болса да, жұмысқа келгенде қаталдығы, талапшылдығы айқын аңғарылып тұратынын талай байқағанбыз. Бірақ, қанша бұрқасыны көрініп тұрған шаруа болса да, соны шешу барысында сол іске жауапты азаматтың көңіліне қаяу түсірмеу керек екенін еш есінен шығармайды. Талабын, тапсырмасын ақылға жеңдіріп, әдеп сақтай білуі оның ата-анадан дарыған тәлім-тәрбиесі, ізеттілігі дер едім.
Халқымызда мынадай өсиетті сөз бар: «Қастерлі бабасының не атасының қасиеті баласына дарымаса, немересінде қайталанады, немереде болмаса, шөбереден барып шығады. Бір Аллаға сыйынған дүниеде тектілік қасиет түбірімен үзілмейді, із-түзсіз жоғалмайды». Алдекеңе дарыған тектілік перзенттеріне жалғасты болсын! 
"Ортақ Отанымыз" деп санамызға сіңірген Кеңес Одағы ыдырап, ар-ожданымыз деп түсінетін коммунистік партияның өзін-өзі таратып, билік тағынан тайуы аумалы-төкпелі заманды тудырды. Осындай бар мен жоқтың арасындай мезгілде, алмағайып тұста Тараз қаласының алғашқы әкімі болып Алдиярбек Түсіповтің тағайындалуы оның бұған дейінгі еліне еткен еңбегінің нақты жемісі дер едік. 
Елімізде президенттік институт басқару жүйесін жаңаша жетілдіруде, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді дұрыс ұйымдастыруда атқарылатын жұмыстар жаңаша өлшенетін тағдырлы уақытты сыйлаған кезеңде Алдиярбек Әли-Асқарұлының Тараз қаласы тіршілігінің тізгінін тура ұстай білетіндігіне бәрі де сенген болатын.
Қоғам ескі мен жаңаның өліарасында тұрған, халық екіұдай күйге түскен тұста елді ертеңгі күннің жақсылығына, Тәуелсіздіктің баянды болашағына сендіре алатын Алдекеңдей азаматтың билік тұтқасын ұстауы әр көңілге сенім ұялатқан. Алдиярбек қала тұрғындарына өтпелі кезеңдегі қиындықтардың уақытша екендігін түсіндіріп, шырғалаңнан шығу жолдарын көрсетуді тікелей міндеті мен мақсатына, ұстанымына айналдырды. Одан жаңылысқан жоқ. 
 «Ұлық болсаң, кішік бол» деген аталы сөз бар. Адам өзінің дұрыс азамат болғаны үшін, бірінші кезекте ұстазына қарыздар екенін естен шығармағаны абзал. Бірақ, өмірде шын мәніндегі ұстаздар сирек. Алдиярбек Түсіповтің сана-сезім, талғам, таным-түйсік тұрғысынан биік жан болуына Ахметова Лидия Абылғазықызының жақсы ықпал жасағанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.  
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», Алдиярбек Лидия Абылғазықызынан  алған тәрбиесінің нәтижесін әкімдік қызметте көрсете білді. Оған уақыт – таразы, халық – сыншы. Сондықтан, мен талдау жасап жатпай-ақ қояйын.
Айтпағым – елдің елдігі, азаматтың азаматтығы сынға түскен екі елеулі оқиға туралы.
«Манас» жырының мың жылдық тойын қаламызбен шекаралас Қырғыздың Талас облысы аумағында қырғыз туғандармен бірдей, мүмкін асыра үлес қосып (100-ден аса киіз үйді тек Жамбыл облысының ұжымдары тіккені ақиқат шындық), өте жоғары деңгейде өткізгенімізге өзім куәмін. Сонда Қазақстан жағынан тігілген киіз үйлердің сән-салтанаты, қонақтарға қызмет көрсету жұмыстарына жетекшілік жасау жауапкершілігі Жамбыл қаласының мэріне жүктелген. Ұлы мерекені ұмытылмастай ұйымдастыру, өткізу, ұлтымыздың қонақжай салт-дәстүрін айшықтай көрсету қала әкімі Түсіповке оңай соққан жоқ. Осы тойға қатысқан бірқатар зиялы азаматтар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, жақсы ниет-тілектерін жеткізді. 
1996 жыл. Сазгер, қаламгер Ілия Жақанов 60 жасқа толуына байланысты Сарысу ауданына келгелі жатқан. Мен – аудан әкімімін. Ілия – осы өңірдің тумасы. «Киіз кімдікі болса, білек – сонікі», салмақ бізге түскелі тұр. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған өтпелі кезең.Тығырыққа тірелдім.
Алдекеңнің мен ешқандай өтініш жасамай-ақ, өз бастамасымен мені де, облыс басшылығын да қиын жағдайдан алып шыққаны, сірә, естен кетер ме!
—Сәке, мерейтой иесіне мінгіз-етін «темір тұлпар» бізден болсын, – деді телефон шалып. Несін жасырайын, қатты қуандым әрі қатты риза болдым. 
Ілияға «темір тұлпар» сыйлаған топтың бастамашысы – Алдиярбек Түсіпов. 
Алдекең облыстағы экология басқармасының басшысы болып қызмет жасаған жылдары да өзінің іскерлігін көрсете білді.
Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған үшінші шақ-ырылымда ел өміріндегі елеулі оқиғаларға мұрындық болған талай заңдар қабылданғаны белгілі. Соларда депутат Алдиярбек Түсіповтің де қолтаңбасы бар.
Алдекең зейнеткерлікке шық-қаннан кейінде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны баршаға аян. Ол Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде аға буын өкілдерін қоғам өміріне етене араласуға көптеп тарта білді. Жұртшылыққа ардагерлер қоғамының қозғаушы күші екенін жеткізе білді.
Ер жігіттің еліне қылаусыз қызмет етуі үшін алдымен отбасында береке болуы керек. Бұл ретте табиғи тектілігімен, адами ақылдылығымен Алдиярдың шаңырағының шырайын кіргізіп отырған асыл жары Айша туралы айтпай кетсек, әбестік болар еді.
Айшаның мамандығы – мұғалім. Ол негізгі қызметіне қоса үйінде Құдайдың берген 2 ұл, 1 қызына жақсы тәлім-тәрбие берді. Алдиярбек екеуі олардан немерелер мен жиендер сүйіп отыр. Балалары жауапты қызметтерде. Міне, біз білетін Алдекең – осындай азамат.

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ, 
облыстық ардагерлер кеңесінің
төралқа мүшесі,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы. 


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Батагөй қария
10 ноябрь 2021, Среда
Батагөй қария
Жағымды жаңалық
14 октябрь 2020, Среда
Жағымды жаңалық
Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
Тарих толқынында
19 март 2021, Пятница
Тарих толқынында
Алғыс
06 май 2020, Среда
Алғыс
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры