Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АЙТАРЛЫҚТАЙ АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР БАР

АЙТАРЛЫҚТАЙ АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР БАР

25 август 2022, Четверг
152
0
Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов «Айтарлықтай атқарған істері бар» деп бастауыш ардагерлер ұйымының қоғамдық қызметін біршама жоғары деңгейде бағалағаннан кейін Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Тамдыбекұлы Исмаилов және осындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Сатыбалдиев мырзалармен кездесіп, сұхбаттасу үшін округ орталығы Майтөбе ауылына ат басын тіредік.







ТІЛШІ: «Ауылыңда ақсақалың болса, жазып қойған хатпен тең» деген нақыл баршамызға ортақ. Ауылдарыңызда арғы-бергі тарихтан хабары бар, жастарға ақыл-кеңес беретіндей қариялардың аз еместігіне сенімдіміз. 
Қуандық САТЫБАЛДИЕВ: Әрине, ондай ақсақалдарымыздың аз емес екендігін айтуға тиістімін. Округ аумағындағы Майтөбе, Қожағаппар елді мекендері мен Атабай, Тұрлыбай, Үштөбе қыстақтарында 2250-ден астам тұрғын бар. Соның ішінде 207 кісі зейнет жасындағы азаматтар. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен 10 ардагер, 45 «Алтын алқа», 38 «Күміс алқа» иегерлері бар. Міне, осы аға буын өкілдері – жастардың ақылшылары. 
Ербол ИСМАИЛОВ: Иә, ауылдардағы қариялардың көпшілігі шаруашылықта, әртүрлі мекемелерде жұмыс істегендер. Солардың ішінде Ерген Мәдімаров пен Болат Әбжапаровты ерекше атауға болады. Кезінде жетекші мал маманы, шаруашылық басшысы, ауыл әкімі болған Ерген ақсақал  мен адам өмірінің арашашысы болған ақ желеңді абзал жан Болат ағамыз жаңағы сіз айтқан қадірменді қариялардың қатарына қосуға әбден лайық. Олар – қазіргі кезде ауылда атқарылып жатқан игі бастамаларға  мұрындық болып жүрген белсенді қариялар. Ерген ақсақал билер кеңесінің төрағасы – медиатор. Қызметтегі жетістіктері мен ардагерлер ұйымы жұмысындағы белсенділігі үшін «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
ТІЛШІ: Ауыл адамдары бүгінде күнкөріс қамымен жаппай кәсіпкерлікпен айналысуда. Олардың арасында көпке үлгі болып, жеке шаруаларын дөңгелентіп жүрген іскер арадагерлер де да бар шығар?
Ербол ИСМАИЛОВ: Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, үйретуші-тәлімгер болып жүрген ондай қайратты қариялар бар. Мен солардың ішінде істерін ілгері бастырып, ауыл экономикасының дамуына үлес қосып жүргендерін жеке-жеке атағым келіп тұр. Мысалы, «Үштөбе», «Аслан», «Берікқара», «Рамазан», «Жандос», «Орынбек», «Ербол», «Нұр» шаруа қожалықтарының жетекшілері Фасадбек Абаев, Шілдетай Әбілезов, Айтбек Қуатбеков, Раушан Үсіпбаева, Бүбархан Теміржанов, Орынбек Ақыншов, Рәпілбек Доңбаев, Момынқұл Мырзахметов – мақтауға лайық кәсіпкерлер. Олар мал және егін шаруашылығымен айналысады. Екеуін қатар алып жүргендері де бар. Қазақтың өмірін төрт түлік малсыз елестете де алмайсыз ғой. Өрісті малға, көгенді төлге толтырып, егіншілікте де елеулі табыстарға қол жеткізіп жүрген ондай ардагерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.  
ТІЛШІ: «Ауылына қарап аза-матын таны» деген бар ғой. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, көріктендіру-көгеріштендіру, ауылды абаттандыру жайы, көпшілік күшімен жүзеге асырылып жатқан басқа да жұмыстар туралы айтсаңыздар.
Қуандық САТЫБАЛДИЕВ: Көрік-тендіру, көгеріштендіру мәселесі ойдағыдай. Ауылдарда ардагерлердің мұрындық болуымен арық-атыздар тазартылып, күл-қоқыс арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Тұрғындардың үй іргесіндегі жерлерін суаруға әуіттен су келіп тұр. Соның арқасында адамдар өз аулаларында жеміс, көкөніс өсіру мүмкіндігіне ие.
Көпшілік іс-шарасы дегенде мерекелер, той-томалақ, ас-жиындар қариялардың тікелей атсалысуымен, ақыл-кеңесімен ұйымдастырылады. Округте Наурыз, Халықаралық әйелдер күні, Жеңіс күні, Қарттар күні, Тәуелсіздік күні сынды мерекелер үлкен ұйымшылдықпен өткізіліп жүр. Ауылға кіреберістегі сол қанаттан байқаған шығарсыздар, киіз үйлер тігіп, шатырлар орнатуға арнайы бөлінген жер бар, алтыбақан құрылған.
Той-томалақты әркім шама-шарқына қарай өткізіп жатыр ғой. Ал, өлік жөнелтуде қалыптасқан тәртіп бар. Оның сақталуын ауыл имамы Әріпхан Анарбаев қатаң қадағалайды. Өлік шыққан үйде қазан көтерілмейді, жыртыс берілмейді. «Қайғыны бөліссе – азаяды» қағидасын ұстанған көршілер, ағайындар алыстан келген қонақтар мен құда-жегжат, қарияларды өздері күтеді.
ТІЛШІ: Ауылда халыққа әртүрлі қызметтер көрсететін әлеуметтік нысандар баршылық екен. Әйтседе, әртүрлі мәдени-спорттық, көпшілік іс-шараларын өткізуге көмектесіп, демеушілік жасап жүрген жомарт жандар туралы айтсаңыздар.
Ербол ИСМАИЛОВ: Округ орталығы Майтөбе ауылында 380 оқушы білім алып жатқан А. Дәулетбеков атындағы орта мектеп, Қожағаппар ауылында 50-60 балаға арналғаан негізгі мектеп бар. Қожағаппарда дәрігерлік амбулатория, Майтөбеде медпункт жұмыс істейді. Орталықта пошта, клуб бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой, мен ауылды ажарландыруға демеушілік жасап жүрген азаматтар туралы айтқым келіп тұр. Ауыл азаматы Еркінбек Қуатбеков 23 миллион теңгеге Майтөбеде спорт кешенін салып берді. Жастардың спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндіктері бар. «Альтайс» ЖШС директоры, танымал кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Әлімбек Жұмабаев 12 миллион теңгеге 2 артезиан құдығын қаздырып берген. Тұрғындар тұщы ауызсуға қарық болып қалды. Осы ауылдан шыққан азамат Жомарт Тәтенов мерекелерде «Тәтен ата» мешітінде қарттарға дастархан жайып, батасын алып жүр.
ТІЛШІ: Сұлтанахмұт Торайғыр-овтың өлеңіндегі «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегеніндей, біраз жақсы мәселелерді айттыңыздар, біразын көрсеттіңіздер. Ашық-жарқын әңгімелеріңізге рахмет!

Болат ЖАППАРҰЛЫ, 
«ҒҰМЫР-ДАРИЯ».




Обсудить

Похожие материалы:

Билік және бастауыш ұйым
29 апрель 2022, Пятница
Билік және бастауыш ұйым
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
01 август 2022, Понедельник
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
Билік және бастауыш ұйым
30 май 2022, Понедельник
Билік және бастауыш ұйым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры