Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

ҚАЙРАН ШЕШЕМ

08 март 2025, Суббота
62
0

Анамның қуанышы да, мұңы да көзінде тұратын
Мен кейбір құрдастарымдай қытымыр шешенің қатал бақылауында болғам жоқ. Қайда барам, қашан келем, өз еркім. Сабақтан қолым бос кезде ойынның қызығына алаңсыз берілем.
Апам "су әкел", "малға шөп сал", "көң ой", "сексеуіл жар" деп келетін толып жатқан жұмыстарға күштеп салмайтын. Істегім келсе, оларын өзім-ақ жапырып тастаймын. Ал істегім келмесе... етбетімнен жатып алып кітаптың қызығына батам немесе ойынға кірісем. 
Балалар ол кезде көбінесе «неміс-сәбет» боп "соғысып" ойнайтын, ләңгі теуіп жарысатын, зеріккенде қауын, қарбыз, алма ұрлайтын «ермектері» де бар. Ержете келе футбол, волейболға көштік. Бозбала шақта гитарамен әуестеніп, түнімен көше кезіп, ән "шырқап" шығатынбыз. Кейбір «вечерлерден» таң ағарып атып келе жатқанда қайтам. Сонда анам «қайда жүрсің қаңғып?» деп ашуланбақ тұрмақ, қабағын шытпаушы еді.
Бір жолы сондай «ойын-сауықтан» таң ата келсем, анам ауырып қалыпты.
Таңсәрідегі шырылдаған шымшықтармен бірге оянып, үйдің тірлігін істеп жүретін апам төсегінен әлі тұрмаған. «Келдің бе?» дегенді ерні кеберсіп жатып әрең айтты. Өріс тілеген қойлар қорада маңырап тұр. Сиыр да қазығын айналып мөңірегенде, сайсүйегің сырқырайды. Ал үйдің іші... қаракөлеңе. Терезенің пердесі түрілмеген. Апам жатқан тым-тырыс бөлмені әні-міні дегенше кеп қалғалы тұрған қайғы-қасірет пе, мұң мен шер ме, еңсені басқан бір сұрқай көңілсіздік жайлап алған.
Төсегінен тұра алмай ыңырсыған анам сонда да «таң атқанша қайда жүрсің, менің ауырып жатысым болса мынау» деп қынжылудың орнына баласының көңілі құлазып қалмасын деді ме басын сәл-пәл көтерген боп: 
-Тамағыңды жылытып қойдым, пештің үстінде тұр, - деп ыңқылдай   тіл қатты.
Сол сәтте анама деген аяныш сезімі тұла бойымды дір еткізіп, бір ып-ыстық жалын өзегімді оттай қарып өтті. Өзімнің алаңсыз, бейдауа тірлігіме деген өкініштен өртенген кеудем аз болғандай, кеңсірігім ашып, көзім өзінен өзі жасаурап кетті. Дереу малды өріске айдап сап, самаурынға шәй қойып, үйді сыпырып, есіктің алдына су сеуіп, зыр жүгірдім. 
***
Дәу-дәу кітаптардың қызығына түсем деп кеш жатып, түске таман бір-ақ оянатын әдетім апамның абысын-ажындарының көзіне де күйік болды. Көрші тұратын Күлгінай апам (анамның үлкен абысыны ғой) кебісін тырп-тырп сүйреп үйге күніне кемі екі рет келіп кетпесе намазы қаза болатындай ол дағы өз дағдысынан жаңылмайды. Келген сайын тырайып жатқан мені көреді де:
-Әй, мына балаң әлі жатыр ма? Белің бүкшиіп күбіні өзің пісе бергенше, піспегін ана балаңа неге бермейсің? - деп менен түңілген адамның пішінімен ернін сылп еткізеді.
Есіктің алдындағы су себілген қоңырсалқын көлеңкеде  күбі пісіп жатқан апам болса:
-Неғылар дейсің, үйренген жұмысым ғой. Түнімен кітапқа үңілу оңай деймісің? Таң алдында ғана көзі ілінді, жата берсін түге. Қу тірліктен мүйіз шықса, екеумізге шығар еді, қане шыққаны соның? - дейтін.
Сосын:
-Жейтін тамақ керек болса, өскенде өзі-ақ табады, - дейді «Қызыл қатын» деп ат қойып алған абысынына әңгіме осымен тәмәм дегендей.
Оянып кеткен мен анамның балапанын қорғаған қарлығаштай шыр-пыр болған үнін үндемей тыңдап жатып «Күлгінай апамды риза ету үшін не істесем екен?» деп ойланам.
Өйткені ол кісі менің кітап оқығанымды, әр түрлі газеттерге әңгіме, өлеңдерімді жариялағанымды (мақала деген ай сайын шығып тұратын, оны қойшы) «еңбек» ретінде аса бағаламайды.
Немересі Жұманәлі (екі жас кіші немере інім ғой, өзі томпаңдап соңымнан қалмайды) құсап әкесімен бірге құлқын сәріден тұрып «бензовозды» оталдыру, одан соң қораның қиын тазалау, есіктің алдын сыпыру сияқты қол жұмыстарын ғана «нағыз еңбек» деп есептейді.
***
Киномеханик Келдібек көкем қоятын түскі, кешкі киноларды да құр жібермеймін. Ауылдағы клубымызды «кішкентай екен деместен» анда-санда келетін концерттер мен спектакльдерден де қалмаймын. Мен десе шығарда жаны бөлек анам «баламның киносына» деп дәсорамалының бір ұшына түйіп, жинап жүретін тиын-тебендерін ғана емес, ай сайын алатын аз ғана пенсиясын да көңілім қалаған қымбат заттардан аямайды.
Әлі есімде, апамның арқасында жиырма шақырымдай жердегі Ойық ауылынан елу бес сомға жап-жаңа «Урал» велосипедін сатып әкелгенімде, көршілеріміздің кішкентай балалары тұрмақ, олардың әкелері де біртүрлі боп қалған. Атын айтпай-ақ қояйын, бір көкем тіпті қалжыңдағансып: «мына жесір қатын қымбат белесәбетті баласына қалай сатып әперіп жүр, а?» деп жырқ-жырқ күлгені бар. Күлгенін қойшы, анамды «жесір қатын» деп кемсіткені жаныма қатты батты сонда.
«Шайтан арбаға» тоймайтын өзім де кінәлімін. Апамды сөзге қалдырған «Уралға» дейін де бір велосипедтің түбіне жеткем. Ол кезде Сәттібай атамның (әкемді «ата» дейтінмін) тірі кезі, қаржылай салмақ сол атамның иығына түскен шығар, бірақ менің аңсарым үшін атамның құлағының етін жеп жүрген сол баяғы анам ғой. Ақыры Жамбыл қаласына 140 шақырым жерден атам бәріміз артынып-тартынып келіп, «Орленок» деген велосипед сатып алдық.  
Қалада тұратын орыс мінезді Елемес жездем сонда:
-Балаңыздың айтқанын істей бересіз бе? Ертең мәшине әпер десе не қыласыз? Оны да әпересіз бе? – деді апама.
Апам көзі күлімдеп сәл жымиды да күйеу баласына:
-Әперем, - дей салды. 
Жарықтық ешкіммен сөз таластырмаушы еді. Бірақ... бірақ, қайран шешем маған мәшине сатып әпере алмады. Есесіне қолынан келген басқа жақсылықтың бәрін жасады. Мені оқуға түсірді. Үйлендірді. Досхан деген немересін арқасынан тастамай, «айналайындап» жүріп дүниеден өтті.
***
Он жылдықты бітірген соң бір жыл құрылыс бөлімінде жұмыс істедім. Келесі жылы Алматыға барып КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түспекке ниет қылдым. Ол кезде Алматыға бару дегенің Америкаға барғанмен бірдей. Алатаудай әкең, Қаратаудай ағаң болмаса тегі қиын. Болғаны да аз, олар бір жерді "тіреп" тұрмаса бәрі бекер.
Ал менің Бұлбике шешемнен басқа арқасүйер ешкімім жоқ. Мал дегеннен отыз шақты қой мен бір бұзаулы сиырымыз бар. Оның бұзауы тана боп, бұқаларға «көзін сүзіп» қалған кез. Жалғыз ұлдан несін аясын, анам "Құдай қаласа, анау тананы сиыр қылам, ал енесін сойып, содан түскен ақшаны сенің оқуыңа берейін" деді.
Сөйтіп қарала сиыр байғұс апамның жарлығымен мен үшін "құрбан" боп кете барды. Абырой болғанда, оның ақшасы "іштей оқуға" түсуге жетпесе де, "сырттай оқуға» түсуіме кәдімгідей сеп болды. Сол «сырттай оқуды» оқып жүрген кезімде әскердегі екі жылдық борышымды да өтеп келдім. Әскерден келсем, баяғы тана сиырға айналып, енді өзінің соңынан да бұзаулар еріп, кәдімгідей "үбірлі-шүбірлі" боп қалыпты.
Ол кезде әскерден келгендер ауылдағы реңді, «модный» жігіттер қатарынан саналатын. Өйткені желі азынаған даланың аптабына жүздері күйіп, аязына үсіп, қарақожалақ боп жүрген жандарға қарағанда өңдері сәл де болса бозаңдау, үсті-бастары аз да болса тап-тұйнақтайлау боп кино, концерт, би, кеш дегендердің «жұлдызына» айналып жүретін жігіттерге қыздар да үйірсек.
Оның үстіне әскерден келгендер қасқалдақтың қанындай қат. Соны апам да сезе ме білмеймін, бір күні:
-Балам, реңің барда үйленіп алсайшы, - дегені.
Ана сөзін қалай жерге тастаймын, бір күні ауылдағы тойға келген Әмина атты қызға көзім түсіп, сөз айттым. Өзі қала жақтың қызы екен, мен сияқты ауылдық серіні менсінбей бәле қылар ма екен деп ем, жоқ, аяққа емес, басқа қарайтын бойжеткен екен, келісімін берді.
Енді не істеу керек? Әрине, қалыңмалға қам жасау керек. Апам екеуміз тағы да қазықта байлаулы жатқан сиырымызға қарадық. Мен оқуға түсетін жылы "пұл" боп кеткен қарала сиырдың көзіндей көріп жүрген бұл жануарымыз да анасына тартқан бауыры құтты, желіні сүтті мал еді, соңынан бір-екі тана еріп, өзі де байсал тартып қалған. Союға біртүрлі қимайсың. 
Апам екеуміздің өзі туралы "жаман ойымызды» қайдан білсін, қарала сиыр өрістен келіп, «бүгінгі берген сүтіме риза болдыңдар ма?» дегендей қазығының түбінде алаңсыз күйіс қайырып жатыр. 
-Үйленетін болсаң көп ақша керек болады, балам. Қалың малға жоқ дегенде бір мың сом береміз, одан бөлек ұсақ-түйекке жұмсайтын ақшасы тағы бар, оған уақ малды жаратамыз. Ал ана қарала сиырды сойып, Жамбылдың ет сататын базарына апарып, пұлдап қайт. Жетпегені болса, жиған-терген пенсиямнан қосамын, - деді апам.
Қатын керексінген адамға қол қусырып қарап отыру қайда, қарала сиырдан қалған тұқымның көзін тұздай қылып, ертесіне базарға алып бардым. Еті жақсы екен, тез өтіп кетті.
Сөйтіп менің үйленіп, отау тіккен қуанышымды апам мен қарала сиыр көтерді. Мен десе ештеңесін аямайтын анам отыз шақты уақ малдың біразын беташар мен басқа да майда-шүйдеге сойып, ішек-қарнын жайратып тастады.
«Осы апам сыққан құрттың дәмдісі-ай» деп үйден үнемі құрт алып кететін Беген жеңгем (Бегімкүл) бастаған ақжаулықтылар «Келіннің шәйін ішейік» деп - бір, «Шүкірана бермейсіз бе, апа-оу?» деп - екі, тағы бірдеңе деп – үш келіп жүріп, бір-екі жетінің ішінде апама біраз жандықты бауыздатқызып тастады. Той тарқаған соң терезеден далаға қарап тұрсам, шарбақта оншақты қойдың терісі жаюлы тұр. 
***
Анам үй тірлігіне қандай ұқыпты, қандай малсақ болса, сөзге де сондай уақап, тілге де сондай бай болды. Жүн түтіп, жіп иіріп, қол мәшіңкесімен көйлек тігіп отырып ыңылдап ән  салатын. «Біздің Бұлбике ертеректе айтысқа да қатысқан» дегенді де еститінмін ауыз ашарға жиналған қариялардан. 
«Ауыз ашар» демекші, апам Ораза сайын ауыз бекітетін. Жиі-жиі шелпек пісіретін. Дәліздегі «Ұн» деген жазуы бар, бүйірі тыңқиып тұратын қаптың үстіңгі тігісін сөккен сайын «біссімілдә» деп ең алдымен «жеті нан» пісіретін. Түс көрсе де «құдайы нанға» жүгінетін. Оны анандай жерде асық, ләңгі ойнап жүрген балаларға таратып, «Құдайыңыз қабыл болсын, апа!» дегендеріне «Әумин, айтқандарың келсін, айналайындар!» деп мәз боп қайтатын.
Түнде текеметтің үстіне көрпешелерді қабаттап төсек салып, дәретін алып «біссіміллә» деп жатқанда да Құран аяттарын күбірлеп, Алласына жалбарынып, Құдайынан менің амандығымды тілейтін. Молдадан «ескіше хат таныған» (өз сөзі) адам ғой.
Кейін газетке жұмысқа тұрып, мақала, әңгіме жазуға кірісе бастаған кезімде байқасам, жазып жүргендерімнің бәрі анамның от басы, ошақ қасында айтатын сөздері. Сібірден шыққан талантты жазушы Валентин Распутин бір сұхбатында «Шығарма жазған кезде қолданатын тілім – өзім өскен деревнядағы анам мен анам сияқты орыс кемпір-шалдарының бір бірімен сөйлесетін тілі» дегенін оқығанымда, өзімнің қателеспегенімді білдім.
Анамның сөзі - қазақтың нағыз мәйегі тамған дәмді сөздері болды. Тың теңеулері қандай еді, шіркін! Сирек сөздерді де көп қолданатын. Өз жанынан өлең де шығаратын. Қайнаға, қайны, абысындарының мінез-құлқына сәйкес әзіл-шыны аралас қойған аттарына да таңғалып, тапқырлығына мәз болушы едім.
***
«Менің балам үйтті-бүйтті» деп бір шалқып-тасып отыратын кемпірлер болады ғой. Анамның ондай асқақ мінезі жоқ болды. Менің кітаптан бас алмайтын «оқымыстылығымды», аудандық газеттің бетін бермейтін «жазушылығымды» абысындары алдында асып-тасып сөз ғып отырғанын көргенім жоқ. Ол одан гөрі үйдегі уақ мал мен сиырға керек шөпті көбірек уайымдайтын. Сосын есегіне мініп ап, ауылдың сыртындағы оман арықтың жағасынан өзі барып шөп шаба береді. Сиырымызға Сасықкөлдің жағасынан құрақ орады. Не кітап оқып, не жазу жазып жататын маған «дап-дардай жігіт болдың ғой, тұр да анау елдің балалары құсап шөп шапсайшы» деп бір ауыз сөз айтпайтын. Ұялғанымнан велосипедіме мініп ап, апам мінген есектің соңынан өзім ілесем.
Мақтанғаным емес, шалғыны жақсы орам. Құлаштап тұрып сілтесімде де кінәрат та жоқ. Бірақ арындап біраз жерге барам да, орған шөбімнің үстіне шалқамнан түсіп құлай кетем. Ал апам болса құрақ болсын, шөп болсын қол орағымен бау-бау ғып орып, оларын асықпай дестелеп жинай береді. Ал мен асығып-аптығып, құлашымды кеңге сермеймін деп тез шаршап, тез бетім қайтып қалады. 
Бірақ тірәктірші Қоқатай көкеме екі бөтелке арақ әперіп, бір тележке шөпті бір түнде түсіріп, оны қораға тап-тұйнақтай ғып жинап алатын пысықтығым әлгіндей жалқаулықтарымды жуып-шайып жібереді. Апам болса «түсірсең, өз малың үшін түсірдің» дегендей, тырс етіп тіс жармайды. Кітап оқысам да, бірдеңе жазсам да онымды «баламның өзі қалаған жұмысы» деп қабылдады.
***
Апамның ауылдағы әйелдермен ұрысып, бажылдасып жатқанын да естімеппін. Үйді-үйді аралап өсек айтуды да білмейтін. Ал шаңырағымызға қошуақ көңілмен келген абысын-ажындары мен келіндері болса, шәйін қойып, дастарқанын жайып күтетін.
«Әй, қатын, жүр, ана үйге барып әңгіме тыңдап қайтайық» дегендері болса, «Өздерің бара беріңдер, сендер құсап ерігіп жүргем жоқ түге» деп шаруасын істей беретін. Сағираш сияқты көкбет, бейауыз («бейауыз» деген де анамнан естіген сөзім) әйел келіп болмашы бірдеңеге бола шаптығып жатса, «Әрмен жүрші, әй! Сенімен салғыласып отыруға уақытым жоқ» деген бір ғана сөзімен әлгі адуынның бетін қайтарып тастайды. 
***
Бір қызығы үй шаруасына келгенде кежегем кейін тартып тұрса да, өкіметтің жұмысынан қашпаушы едім. Сегізінші кластан кейін үш ай каникулда сандалып босқа жүрмейін деп жұмысқа шықтым. Жұмысым - совхоздың шөбін жинасу. Әуесхан деген шөпшілердің бригадирі бар. Жұмысқа алатын да, айлығымызды жазатын да сол.
Судай буылған шөптер өте ауыр болады. Кейбіреуін көтере алмай мықшыңдайсың. Бірақ әлдекіммен ерегіскендей Құдайдың күні тас төбеңнен шақырайып тұрған аптапта азаннан кешке дейін буылған шөптерді тележкенің қорабына әперумен болам. Екі қолыңның қары талып, салдырап (апам тура осылай «салдырап» дейтін) қалады. Сонда да шыдайсың. Иығыңа айырыңды салып, үйден шығып бара жатқаныңда «Қабырғаң қатайып, бұғанаң бекіген жоқ, абайлашы, балам. Ақшасы құрысын...» дейтін апаңның сөзін еске аласың. Сосын бар ғой, осы «шөп» деген жұмысқа барар кезімде апам мені тура бір екінші дүниежүзілік соғысқа аттандыратындай өбектеп, шайын қойып, дастарханын тоңазыған етке, табаға піскен нанға, сап-сары майға, аузыңды тұщытатын құртқа толтырып қояды. 
Кішкентай кезімде бастауыш класс мұғалімінен сабақ үлгерімімнің онша емес екенін естіген анамның: «үміт күтіп жүргенім осы балам еді, адам болмайтын болды десейші. Онда неменесіне өмір сүрем, өле салайын да бүйтіп жұртқа күлкі болғанша...» деп жылап жібергені бар.
Анамның сол көз жасы маған қатты әсер етті. Тіпті, анама қосыла жыладым білем. Содан былай барымды салып, сабақты жақсы оқуға тырысатын болдым. 
Ауылдағы құрылыс бөлімінде жұмыс істеп жүріп аудандық газетке жарияланған шимай-шатпақтарымды жинап Алматыдағы КазГУ-ге аттанғанда қазақ әдебиеті мен шетел классиктерінің бәрімен болмаса да, біразымен «таныс-біліс» болып қалғам.
Соңыра облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деген ертегі повесім республикалық ең беделді бәйгеден екінші жүлде алып, қуанышым қойныма сыймаған бақытты шағымда анамның «үміт күтіп жүргенім осы балам еді...» деген арманына бір табан болса да жақындай түстім-ау деп ойладым.
Ал Алматыдағы «Қазақ әдебиеті» газетінен Жамбыл облысына іс сапармен келген жазушы Рахымжан Отарбаев үйімізде отырып анама: «Апа, балаңыздың повесі бәйге алып, республикаға танылды» деп сүйінші сұраған кезде, «Күлгінай апамды риза ету үшін не істесем екен?» деген баяғы балаң ойымның жауабы табылғандай қуандым. Өйткені екінші жүлдеге берілетін ақша 1988 жылғы рублмен 800 мың теңге екен. Бұл сома сол кезде ауылдағы азаннан қара кешке дейін жұмыс істейтін мықты деген жігіттің төрт-бес ай сандалып жүріп табатын табысы. Күлгінай апам жиырма парақ қағазға жазған ертегіме осынша ақша алғанымды естісе, "е-е, еңбегі бағаланды деген  осы" дейтін шығар деп ойладым.
Ал Бұлбике апам болса Рақымжанның сөзін мақұлдағандай көзі күлімдеп, жымиды да қойды. Анамның қуанышы да, мұңы да көзінде тұратын. Жалпы, осы ғұмырымда бір адамға қарыздар болсам, ол - Бұлбике апам.

Көсемәлі Сәттібайұлы


Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры