ТОСҚАНБАЙДЫҢ КӨК АТЫ
Ол кезде ойын баласымыз. Ауылда Тосқанбай деген атамыз болды. Өзі Ұлы Отан соғысына қатысып қайтқан, ауданға беделді, сыйлы кісі. Соғыс жайлы әңгіме айтқанда бір жолы қызып кетіп: «Бір шайқастың кезінде 12 немісті өлтірдім» деп жіберсе керек. Атаның аңғалдығын сезе қойған ауылдың қу тілді жігіттері: «Ата, азайтыңызшы, 12 неміс тым көп қой. Немістің бәрі «мені ат, мені ат» деп алдыңызда тізіліп тұрмаған шығар» десе, абдырап қалған атамыз: «Әй, жігіттер қойыңдар енді әзілге бұрмай. Алты немісті атып құлаттым, одан азайта алмаймын» деген екен.
Сол атамыздың ойлы әңгімелері де көп еді. « Әй, балалар-ай! Көкелеріңді сөйлеткілерің келеді. Соғыс жайлы сұрағыларың келеді, ә-ә...?! Бір жолы орман ішінде атыс болып, өзіме қарай оқ қарша жауды. Оқтың иісі даланы алып кетті. Жанымдағы жолдасым дәл тиген оқтан жайрап, жансыз жатыр. Маған сол кезде күш бітті. Жанымдағы майдандас досымның өшін алғым келіп, қаруымды сайлап алға ұмтылдым. Сол жолы немістер жатқан жаққа бірнеше рет оқ аттым. Олардың шаңқылдаған үндері өшті. Жалғыз мен емес, біздің жақтың жауынгерлері атып жатыр. Шамасы, оғымыз дәл тиді ме, жарадар етті ме, неміс жағы тым-тырыс бола қалды. Бұл мақтаныш емес. Сол жолы да өз жағымыздан да қанша адамнан көз жазып қалдық. Бұл – қасірет. Соғыс деген – күлкі емес, қасірет, балалар» деп үнсіз қалғанда ауылдағы ерігіп жүрген ағаларымыз өзі не айтарларын білмей сілейіп қалатын. Ағалар ол күні сұрақ та қоймай, атаға әзіл де айтпай, үйлеріне көңілсіз қайтады екен.
Біз ес білгенде қария еді, жастау күнінде керемет көкпаршы, жылқы бас білдірудің шебері болған дейді. Әйтеуір, Тосқанбай ата жайлы аңыз көп.
Атамыздың үйіндегі Бадан апамыз да қызық кісі болатын. «Р» әріпіне тілі келмейді екен. Оны ешқашан сездірмей, сөздің басқа баламасын қолдана қоятын көрінеді. Киіз үйде «Жоғары белдеу» деген бар. Бадан апам оны «Үстіңгі белдеу» дейді. «Балалар» дегеннің орнына « Келешек» дейтін. «Ата» дегенді «Үлкен кісі» деп алмастыратын. «Сиыр» дегенді «Бұзаудың шешесі» дейтін. Әйтеуір білдірмей сөйлеудің шебері еді.
Тосқанбай атамызды ауылдың үлкен-кішісі тегіс «Тосекең» дейтін. Тосекеңнің тағы бір қасиеті – бәйгеге ат баптаудың нағыз шебері болатын. Бірақ, аты ешқашан бәйгеден келмепті. Сонда да Тосекең ат баптауын тоқтатқан емес. Көк атын су беріп, сұлы беріп баптай береді. Баптағаны былай тұрсын, бәйгеге әр қосатын кезінде екі көшенің адамын құдайы тамаққа шақырып, үлкендерден бата алады екен. Алдына жылы жұмсақ қазы-қарта, қоңыр қойдың басы келген соң, ауыл үлкендері қос қолын жайып тұрып батаны аямай береді ғой. Барлық сәттілік аталардың батасына тіреліп тұрса, Тосекеңнің көк аты әлдеқашан бәйгеден бірінші келер еді ғой. Ауылдың әзілкеш жігіттері: «Тосекең қарияның көк аты – нағыз тұлпар. Әттең сәті келмей жүр. Міне, осы жолы бәйгенің бас жүлдесін алады» деп қарияны желпіндіріп отырып, майлы жілікті мүжіп, қойдың қою сорпасын сіміріп, көңілді тарқасатын болған. Сосын бәйгеге желпініп Тосекең кетеді. Тосекең қанша желпінгенмен, көк аттың бәйгеден келер түрі көрінбейді. Қосылған аттардың ең соңынан қара көрсетеді. Сонда да Тосекең қария еш мойымай, «Әй, жануарым, жануарым, өзім де сезіп ем. Бір-екі күн суытуым кем болды. Келесі жолы бәйге сенікі» деп, атының жалынан сипап еркелетеді екен. Келесі жолы Тосекең тағы да екі көшені шақырып құдайы тамақ береді. Ауыл жұрты жылы-жұмсақты жеп отырып, Тосекеңнің «тұлпарына» сәттілік тілеп, « Осы жолы сіздің атыңыз бәйгеден анық келеді. Бұл жолғы баптауыңыз ерекше болды ғой» деп үміттендіріп қоятын көрінеді. Ол жолы да көк тұлпардың бағы жанбайды. Келесі бәйге өтетін кезде Тосекеңнің тағы да делебесі қозады. Қарап жүре алмайды. Су беріп, сұлы берген атын тағы бәйгеге қосады. Көк «тұлпар» тағы бәйгеге ілікпейді. Оған Тосекең мойымай: «Әй, өзім жемін дұрыс бермедім» – деп атын емес, өзін кіналайды ғой.
Бұл әңгіме ауданда жауапты қызметте жүрген Тамабек Қартабаев деген кісінің құлағына жетеді. Ол кісі де елеңдеп, «Майдангер ағамыздан ұят болып жүр екен онда. Атты баптап, ат спортына үлес қосып жүрген ондай кісілерді құрметтеп, бағалауымыз қажет қой» деп төңірегіндегілерге өз ойын айтыпты. Ол жағынан Тосекең, әрине, хабарсыз.
Содан уақыт зымырап өте береді. Жылдар жылжиды. Көк «тұлпар» бәйгеден келер емес. Содан аудан орталығында өткен бір үлкен бәйгеге Тосекең көк атын тағы қосады. Тамабек Қартабаев бәйгені ұйымдастыру жағын басқарған екен. Содан Көктал деген ауылдың бір көк аты үшінші болып мәре сызығын қияды. Ол көк ат Тосқанбай қарияның атына ұқсас екен. Сол-сол екен Тамабек: «Ой, мынау, Тосқанбай қарияның көк аты ғой. Тосекеңнің аты үшінші келді» деп ақпар таратып жіберсе керек. Оны сол жерде жиылып тұрған біздің ауылдың бір топ қариясы қолдап, қиқуға қиқу қосады. «Жалғыздың шаңы шықпас...» дегендей, әлгі Көкталдың адамы көк аттың өзінікі екенін дәлелдей алмай дал болыпты. Сөйтіп, Тосекеңнің аты «сенімді» ақтап, осы жолы «үшінші» келіпті.
Көңілі баладай қария, атының бәйгеден келгеніне елді жинап, той жасапты. Тосекеңнің аты содан кейін бәйгеде жүлдеге ілікпепті. Біздің ауылда өнерден, спорттан жарысқа барып жүлдеге ілікпей келген балаларды үлкендер «Тосқанбайдың көк аты» деп әзілдейтін. Ондайда бәріміздің жүзімізге күлкі үйіріле қалатын. Көз алдымызға ұзақ жыл шаппайтын атын баптап, үміттеніп жүрген Тосқанбай атамыз келуші еді. Сондай теңеу айтылғанда өзіміз де еріксіз бір күліп алатынбыз. Бірақ, қазір ел ішінде жүріп ат спортына құмартқан Тосқанбай атамыздай ат баптайтын өз ісіне берілген кісіні көре алмай далмыз.
Қазір ауылда жасы ұлғайғанша ат баптаған, жаны таза, ондай абыз қариялар да жоқ.
Есет Досалы,
журналист.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)