ҮЛКЕН-КІШІГЕ ҮЛГ БОЛҒАН
Үміткүл әжем әрқашан жүрегімде. Әулет анасына айналған әжемді ауылдағы ағайын-туыс «Би апа» деп атайтын. Ол кісінің әділетті әрекеттері, дау-дамай, ұрыс-керіске төрелік айтқандағы турашыл әділ шешімі осы елдің әлі есінде.
Бала тәрбиесіндегі басты тұлға әжелер екенін әркім білуге, бағалауға тиіс. Сонда ғана қазақтың көсегесі көгермек. Мен мұны өзімнің өмірлік тәжірибеме, әжемнен алған тәлім-тәрбиеме сүйеніп айтып отырмын.
Менің әжем Үміткүл атам Қошқарбай майданға аттанғанда, көтерген 10 құрсақтан аман қалған 6 жасар Қалмаханын құшақтап, отағасына «жауды жеңіп қайт» деген ақ тілегін айтып қала беріпті.
— «Жамандық шақырмайын» деп кейбір әйелдер сияқты сықсыңдап жылаған жоқпын. Бір қолыммен Қалмаханымның қолынан ұстаған қалпымда, бір қолыммен орамалымды бұлғап, шығарып салған едім майданға. Ол болса, менің маңдайымнан иіскеп, баласын аймалап сүйіп, «қош, қош» деп кете барған. Атаңнан екі хат қана алдым. Екеуінде де Сталинград майданында қырғын соғыс болып жатқанын жазыпты. Қошқарбай атпен сүйреп жүретін ауыр зеңбіректі ататын 6 адамның бірі екенін айтыпты хатында. Атаң туралы соңғы хабар – «Ержүрек жауынгер Аяпов Қошқарбай неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар алып жеткен «қара қағаз». Мен ол бір жапырақ қағазға сенген жоқпын. Кебін емес, кебенек киіп кеткен атаңды өмір-бақи күтумен болдым, – деп отырушы еді әжем жарықтық.
Әжем отағасының қазасы туралы қаралы хабар алғаннан кейін Айнакөлде тұратын ағайынның ортасына көшіп келіпті. Анасы Сұрмеке мен інісі Омарбектің отбасы өзімен бірге. Мүмкін мүгедек болды ма екен, нағашымыз Омарбек ата соғысқа бармаған екен. Әжем бауырына да қарайласып, екі отбасын қатар асыраған ғой.
Колхоздың қара жұмысына жегілген әжем ер-азаматтармен қатар тұрып қайрат көрсетіп, жұмысты жапыра істепті. Кешке дейін егінжайда, алқапта жұмыс істеп, түнде өзінің тігін машинасымен киім тігіп, майданға жіберіп отырған. Нағыз қара күштің иесі болған ғой. Әжем жалғыз ұлы Қалмаханнан немерені алпысқа таяған шағында сүйіпті. Ол кісінің ерекше еңбекқорлығын біз де көрдік.
Әжем адуынды, өткір, намысқой болатын. Намысқойлығына мына бір оқиға дәлел.
Алқапта мақта суарып жүрген Үміткүл таяу тұрған Мәнтелінің үйіне кіреді шамалы демалып алуға. Қоржынтамның дәлізінде ас пісіріп жатқан әйелдің қасына тізе бүгіп отырғанында үйге әжеме қайын болып келетін Ізтай, Мәнтелі деген кісілер кіреді де, есік жақта отырған әжемді елеместен ішкі бөлмеге өтіп кетеді. Содан үй иесінің әйелі дайын тамақты іштегілерге алып кетеді де, әжемнің алдына тостағанға салынған шамалы ас қояды. Сонда қайныларының сәлемдеспегеніне бір, ауызға бөлмеде ас бергеніне екі қорланған әжем әлгі асты ішпестен, дәмге тәу етіп, үйден шығып жүре беріпті. Қарап кетпей, оншақты шумақ өлең шығарып кетіпті табанасты. Сол өлеңді түгел келтірмей-ақ, соңғы шумағын ғана жазайын.
Мұңайып отырғаным неге жатар,
Қамығып жылағанда кім жұбатар?
Жеткізсе Жаратушы ием жан-саямды,
Қарайған түн бозарып, таңым атар!
Осы өлеңі ауылға тарап кетіп, кейін әлгі кісілер ағат тірліктері үшін кешірім сұрапты әжемнен. Бірақ, айтылған сөз – атылған оқ, әжемнің әлгі өлеңі өзгелерге сабақ болып, өзінің абыройын асыра түсіпті.
Тектіні текті ғана танып, бағалай білген ғой. Ауылдың абыз ақсақалы болған Омар қария әжемді «Үміткүл би» деп атапты. Сол кісі ағайынның ақыл-кеңесіне қосып, айтқандарына құлақ астырып отырады екен. Әжем әділ төрелік жасап, дау-дамайдың мәмілегерлікпен шешілуіне, ренжіскен жастардың қосылуына, өкпелескен ағайынның татуласуына ықпал жасағанын ауылдастары күні бүгінге дейін айтып отырады.
Әжемнің әлгі өлеңінің соңғы шумағында айтқанындай, Жаратушы иесі жарылқап, таңы арайланып атып, дүниеге біз келіп, ұрпағы өсіп-өнді. Жалғыз ұлы Қалмахан мен енесінің алдынан кесіп өтпеген келіні Шайкүл Құдай берген он баланы дүниеге әкелді. Бәріміз де әжемнің бауырында өстік. Үмітін үкілеген Үміткүл әжем бізді әдептілікке, білімділікке, еңбекке тәрбиеледі. Ата-тек туралы айтып, жеті атамызға дейін жаттатушы еді. Кез-келген уақытта қайталап сұрайтын. Өзі сауатсыз болса да, бізге ертегі, аңыз әңгімелер, қызық кітаптар оқытып, «содан үлгі алыңдар» деп отыратын.
Әже тәрбиесінің әсері екені даусыз, Қалмаханның балалары түгелімен жоғары, орта-арнаулы оқу орындарын бітірдік. Әпкем Бибажар Алматыда Қыздар педагогикалық институтынан мамандық алып шықты. Әжемнің емшегін жетіге келгенше емген мен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітіріп, 24 жасымда Жамбыл ауданындағы Крупская атындағы колхозда бас зоотехник болып бастадым қызметті. Одан бергі ширек ғасырдан астам уақытта жауапты мемлекеттік қызметтемін. Менен кейінгі үш қыз – Шәрият, Шарапат, Бибісара Алматыда шетел тілдері институтын бітірген. Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген інім Нұрмахан да мұғалім. Одан кейінгі бауырларым да өздері қалаған мамандықтары бойынша оқыған.
Осының бәрі әжем Үміткүлдің берген тәрбиесінің арқасы. Біздің бойымызда қандай да бір жақсы қасиеттер болса, әжемізден дарыған.
«Өз кінәсін білмейтін адам өзгеге билік жасап жарытпайды» деп үнемі айтып отыратын өсиеті – бізге өмірлік қағида, берік ұстаным.
Әжем 107 жасқа келіп дүниеден озды. Алжыған жоқ. Мен 1996 жылы қалаға жұмысқа ауысқанда қолыма алғанмын әжемді. Ауылда тұрғанымызда шөбересі Бақытжанды мектепке жетектеп апарған әжем қалада да бізге ақылшы, шөберелеріне тәрбиеші болды. Немере келіні Гүлдар да әжемнің бар күтімін жасады. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Батасын жаудырып отыратын жарықтық. «Батаменен ер көгерер» деген бар, бүгінде мен және менің отбасым, балаларым әлдебір жетістіктерге қол жеткізген болсақ, ол – әжемнің берген батасынан.
Әжем біздің қолымызда он жылдай тұрды. Содан бір жолы сәл сырқаттанып қалғанында өзінің өтініші бойынша ауылға алып барғанмын. Кейін денсаулығы түзелгеннен кейін қалаға қайта әкетпек болған ниетіме ризашылыған білдіріп: «Алламен ақылдасқан адам жоқ, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, мені әурелеме. Жасым 100-ден асты, оның үстіне Шайкүлімнен айрылған жалғызым – Қалмаханым жалғызсырамасын. Құдай Қалмаханымның алдында алсын! Мұнда да қарайтын немерелерім бар ғой. Сендерге ризамын, қарақтарым!» – деп ауылда қалған. Анам Шайкүл содан бір жыл бұрын қайтыс болған, әкем Қалмахан 70-ке келіп қалған. Соны меңзегені.
Құдай тілеуін беріп, жалғызының алдында бақилыққа аттанды. Әкем анасынан кейін 81 жасында Алланың аманатын тапсырды. Артында қалған ұл-қыздарынан өрген немере-шөберелері – бір қауым ел.
Біз де алпыстан асып барамыз. Отбасындағы тәрбиенің темірқазығы болған кешегі әжелер туралы біз айтпағанда кім айтады енді?!
Баймахан ҚОШҚАРБАЕВ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)