Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Аймақтың анық тарихы

Аймақтың анық тарихы

08 август 2024, Четверг
68
0

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына – 85 жыл толады. Айтулы мерейтой қарсаңында орталық және өңірлік мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттар мен кітапханалардағы тарихи әдебиеттерді және күнделікті баспасөздегі материалдарды оқып-білу және зерделеу негізінде Жамбыл облысының тарихын бүгінгі күн сұранысына сәйкес қарастыру тарихшылардың міндеті деп білем. Мұның өзі Жамбыл облысында 1939-2024 жылдары қалыптасқан жалпы әлеуметтік-саяси жағдайларды Отанымыздың Кеңестік және Тәуелсіздік кезеңдеріндегі тарихына үйлестіріліп және ішкі оқиғаларды елдегі тарихи процесс құбылыстарымен байланыстыра қарастырған жан деп білемін. 

Саяси-тарихи тұрғыдан, Әулиеата өңірінің ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарағанын, Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс құрамында болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-нің, кейіннен КСРО құрамындағы Қазақ АКСР-нің, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР-нің қарамағында болғанын айтуға болады. Тиісінше әкімшілік- аумақтық қатынаста да атаулар кезегімен өзгертілді – Сырдария облысы, осы аттас губерния, округ (губерниялық, округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан жеке бірліктер ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы және 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді. Құрамына Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлінген – Жамбыл, Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов), Меркі, Сарысу, Свердлов (қазіргі Байзақ), Талас, Алматы облысынан бөлінген Красногор, Қордай, Шу және Шу ауданынан бөлінген Көктерек, барлығы 10 аудан кірген облысымызда 1939 жылдың желтоқсанында алғашқы шақырылған «Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі» сайланып, оның алғашқы сессиясы 1940 жылдың 8-9 қаңтарында өтеді. Облыстық кеңестің атқарушы және билікті жүзеге асырушы органы – облыстық атқару комитеті болғандығы белгілі. Алғашқы шақырылған облыстық кеңестің І сессиясында атқару комитетінің жер, қаржы, сауда, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жол, өнер ісі жөніндегі басқарма, автомобиль транспорты басқармалар, тамақ өнеркәсібі басқармасы, юстиция халкоматының басқармасы сияқты мекемелер бекітілді. 

Мән берер болсақ, облысымыздың құрылған кездегі әлеуеті соншалықты салмақты емес екендігі бірден-ақ байқалып тұр. Әрине, 1918 жылғы аштық пен 1928 жылғы кәмпескелеудің, 1929- 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру мен 1932-33 жылдардағы алапат аштықтың кесапатты зардабын көріп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын- сүргіннің қасіретін қудаланған «халық жауларымен» бірге тартқан өңіріміздің оңай еңсесін тіктеп кете алмағандығы тарихтан белгілі. Мәселен, өз алдымызға облыс болған кезде Жамбыл қаласындағы коммуналдық мекемелерге тиесілі үйлердің саны 395-тен аспаған, ал аудандар бойынша олардың саны 625-ке әрең жеткен. Мұның өзінде, Жамбыл қаласындағы көптеген ғимараттарды облыстық мекемелер алып отырғандығын ескерсек, сол кездегі тұрғын үй мәселесінің өте күрделі болғандығына көз жеткізе аламыз. Себебі, 1939 жылдың 1 қаңтарына дейінгі берілімдер бойынша Жамбыл қаласында 62723 адам тұрған. Облысымыздағы жарықтандырылу мәселесіне келсек, қала мен аудандардағы 3 электр станциясы мен бірнеше жергілікті жерде құрастырылған кішігірім электр станциялары негізінен өнеркәсіп орындарының қажеттілігін өтеуден аса алмады. Жеке үйлерге жарық жетпеді. Көшелерді жарықтандыру туралы сөз қозғалудың өзі артық. 

Облыстағы жалғыз қала – Жамбылда жол мәселесі қаперге алынбады. Осылай, қала көшелеріндегі 150 километр жолдың тек 11 километрі ғана тегістеліп жөнделсе, тратуарлардың жөнделген бөлігі 1 километрге де жетпеді. Ал, жаңадан құрылған облысымыздың жол жөндейтін станциясында бар болғаны 10 автомашина, 7 трактор, 1 мотокаток, 8 металприцепті каток, 13 грейдер, 1 металл үтік, 9 механикалық күрек, 14 ат күрек, 4 арыққазғыш ғана болды. Сумен қамтамасыз ету іс-шаралары жүргізілмегендіктен, халықтың көпшілігі суды арықтан алып ішті (осыған орай ойлайсың, мүмкін сол кездегі арықтың суы, қазіргі «тазаланған» хлорланған судан дұрысырақ болды ма деп). Дегенмен, Кеңес одағының бірінші (1928-1932 жж.) және екінші (1933-1937 жж.) бесжылдықтарында қол қусырып отырған жоқ. Әулиеата өңірі кішігірім жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, Әулиеатада «Тоқымасауда» акционерлік қоғамының дүкені мақта- мата өнімдерін сұраныс қажеттіліктеріне сай өткеруге мүдделілік танытып, кеңестік сауда жүйесін қалыптастыруға өз үлестерін қосты. 1936 жылы Әулиеатада ірі «Металлист» артелі құрылды, ол кейін «Коммунмаш» машина құрастыру зауытына дейін өскен еді. Сол жылы кірпіш зауыты іске қосылса, 1938 жылы жөндеу- механикалық зауыты өз жұмысын бастады. Бұдан сәл бұрынырақ Жамбылда Кеңес Одағындағы ең ірі қант зауыты ашылып, ол кейіннен эвакуацияланған Одесса мен Краснозвездинка рафинад зауыттарының технологияларымен күшейтіліп, күндігіне 12 мың центнер өнім өңдеп отырды (мәселен, облыстағы «Меркі қанты» ЖШС қазіргі кезде тәулігіне шамамен 6 мың центнер өнім өңдейді).

Облысымыз құрылған кезеңде өңірімізде 20 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп, онда 3,4 мың адам еңбек етті. Ал, 1940 жылы Жамбылда теміржол торабы, екі автобаза, почтамат, телефон станциясы және төрт құрылыс ұйымы жұмыс атқарды. 18 мектеп жұмыс істеп, онда 10 мың оқушы оқыса, үш орта оқу орнында 1 мың оқушы білім алды. Қалада 252 төсектік емханада 27 дәрігер жұмыс істесе, облыс бойынша ауылдық медициналық пункттердің саны 88- ге жетті. Дегенмен, 70 фельдшерлік пункттің тек 62-сі ғана жұмыс істеді. Қалғаны медициналық кадрлардың жоқтығынан қаңтарылып тұруға мәжбүр болды. Облыс бойынша барлығы 141 төсектік 4 перзентхана болса, соның ішінде – қалада 33 төсектік 1 перзентхана, Красногорда 14 төсектік 2 перзентхана, колхоздарда 24 перзентхана болғанымен, соның тек 38 төсектік 11-і ғана жұмыс істеп тұрды. Қаладағы 4 бөбекжайда 140 бала тәрбиеленсе, ауылдардағы 4 бөбекжайда 118 бала, аудан орталықтары мен кеңшарлардағы 16 бөбекжайда 446 бала, барлығы 704 бүлдіршіннің денсаулығы мен тәрбиесі қадағаланып отырды. Ауылдардағы медициналық кадр мәселесі нашар болды. Осылай, облысымыздағы дәрігерлік учаскелерде тек 11 дәрігер жұмыс істесе, жоғарыда айтылған 62 фельдшерлік пункттің тек 52-сі фельдшерлермен қамтылып, қалған 10-ында олардың орнын медбикелер толықтырды. Жалпы, Жамбыл облысындағы 20 дәрігерлік пункттің біреуіне, яғни Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының орталығы Михайловка (қазіргі Сарыкемер) селосындағы дәрігерлік пунктке мән берер болсақ, аталған мекеме сабанмен жабылған ескі үйшікте орналасқан еді. Дәрігер болып 1938 жылы Харьков мединститутын бітірген Софья Наумовна Каган жұмыс істеді. Дәрігерлік пунктке ат арба берілгенімен, стационарда не жұмсақ, не болмаса қатты инвентарь болған жоқ, төсеніш және жамылғы мәселесі тек 50 пайызға ғана шешілді. Осылай, ауданның денсаулық сақтау ісіне Нехорошко жегілсе, жұқпалы аурулар станциясын В.Г.Кириченко басқарды. Байқап отырсақ, емдеу мекемелерінде дерлік депортацияланған басқа ұлт өкілдері қызмет атқарды. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуация кезінде одан әрі үдей түскендігі белгілі. Әйтсе де, аталған саланы басқаруға түрлі ұлт өкілдері қатыстырылып, халықтың тіршілігі мен денсаулығын сауықтыруға нақты іс-әрекеттер жасалынды. Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1941 жылдың 7 маусымында өткен мәжілісінде облыстағы денсаулық сақтау саласының ахуалы қаралыпты. Осы жиында көптеген мәселелер көтеріліп, облыстағы денсаулық сақтау қызметін жақсармай тұрғандығы, соның ішінде балалардың арасында әртүрлі аурулардың ауыздықталмай отырғандығы, ұжымшарлардағы акушерлік және фельдшерлік пункттерді мамандармен қамтамасыз ету жайы шешімін таппай келе жатқандығы құжатта көрсетілген. Осыған орай, еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті арнайы шешім қабылдап, кемшіліктерден қорытынды шығарып, оны орындауды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ибрагимовке жүктеген екен. 

Ал, жергілікті жерлердегі көріктендіру мен санитарлық жағдайды түзету үшін әрбір ұжымшар, кеңшар кемінде 1 монша салуды қолға алып, мұны 1941 жылдың 1 қырқүйегіне дейін орындау, шаштараз ашу аудандық кеңестердің атқару комитеттеріне, ауылдық кеңестерге, ұжымшар төрағаларына міндеттелген. Сондай-ақ, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында барлық ұжымшарларда құдықтар орнатып, ескісін жөндеп, бұлақ көздерін тазалау, қажетті жерлерге қоқыс қалдықтарын төгетін жәшіктер орнату, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізіп, мүмкін болған жағдайда мәдениет және демалыс саябақтарын салу мәселесі де осы шешімде көрініс тапқан. Ұжымшарлар орталықтарындағы көшелерін, аулаларды таза ұстау үшін тұрғылықты жерден 200 метр қашықтықта тезекті отын ретінде пайдалануға тыйым салу қажеттігі айтылған. Осы орайда 1936 жылы медбикелер дайындайтын курстың базасында (негізінде) ашылған медициналық училищенің маңызы зор болғандығы даусыз. Сонымен қатар, 1929 жылы Әулиеатаға Шымкенттен көшіріліп әкелінген Қазақ педагогикалық техникумының да өңіріміздегі ұстаздар дайындау ісіне үлкен үлес қосқандығын айтуға болады. 

Жалпы, мұрағаттан табылған құжаттарда жергілікті атқарушы билік тарапынан халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ауқымды шаралардың қолға алынғандығы көрініп тұр. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, осындай игі істер жүзеге асырылмай, кешеуілдеп қалды. Халқымыздың бұл сынаққа да төзгені, қиындыққа төтеп бергені тарихтан белгілі. 

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік 

университетінің профессоры, «Дулатитану 

және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу 

орталығының басшысы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры