Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » «АҚЫЛТӨБЕ» басында

«АҚЫЛТӨБЕ» басында

08 август 2024, Четверг
85
0

Ауылдан әудем жердегі «Қарашоқы» атанып кеткен төбешік – ауыл адамдарының жиі бас қосатын орны. Падаға сиыр, кезекке қой қосқан ағайындар осы төбе басынан табылады. Араларында тышқақ лақтары жоқтар да баршылық. Өйткені, оларға әңгіме керек.

Өткен-кеткен оқиғалар түйіні тарқатылып, ауылда орын алған көптеген мәселелердің түйіні осы төбеде шешімін тауып жатады. Сондықтан, мұндағылар «Қарашоқыны» кейде «Ақылтөбе» деп те атайды.

Ал, осы «Ақылтөбенің» басты кейіпкері Ұлы Отан соғысының ауылдағы жалғыз қатысушысы Ақпан ақсақал. (Әрине бұл оқиғалар осыдан біраз ертеректе болғанын оқырмандар есіне саламын)

Ол кісі сексеніңді алқымдап қалса да ол кезде тың, қимылы ширақ. Бойында артық ет жоқ, қағілез.

Кейде өзгелерден бұрын келіп қалса, басқалар бас қосып жиналғанша байыз тауып, бір орнында отыра алмай кететіні бар. Ондайда дегбірсізденіп алақанымен маңдайын көлегейлеп, ауыл жаққа қарағыштай береді.

Алғаш қара көрсеткен кісіге:

– Қайда жүресіңдер, түге? – деп соңында зілі жоқ сұрағын да қойып үлгереді.

Оған Ахаңның ауылдастары әбден үйренген. Жеңіл жымиып, бас шұлғумен шектеледі.

Ауылға қатысты әңгімелер түгесілгенде Ахаңның әңгімелері басталады. Соғыста өзі қатысқан әрбір ұрыс көрінісін нәшіне келтіре айтып, елдің айызын қандырады. Өзінің әңгімесіне өзінің елтіп кететін кездері де жоқ емес.

Сондай сәттерде өзінің айтып отырған оқиға желісінен ажырап қалып:

– Осы мен қай жеріне келіп едім,-деп жан-жағындағыларға жағалай көз тастайды.

Арасындағы шапшаңдау бірі жедел жалғап жібергенде:

– Бәрекелді,-деп оған риза кейіпте көз тастап, әрі қарай сөзін жалғап кетеді.

Бұрынырақта айтылған әңгімелеріне қайта айналып соққанда, алғашқы нұсқасына қарағанда едәуір өзгерістерге ұшырап, басқаша сипат алып та жатады. Бірақ, жұрт оған онша мән бермейді, қалыпты дүниедей қабылдайды. Тіпті кейде бір оқиғаның өзі түрленіп, бірнеше мәнге ие болып кетеді. Тыңдаушылар тарабы мұндай сәтте жымыңдасып, бір-біріне үнсіз қарағаннан әріге бармайды. 

– Менің соғыста мерген-снайпір болғанымды жақсы білесіңдер, – дейді Ахаң жиналғандарды жағалай шолып өтіп, кезекті әңгімесіне кіріседі.

– Мен көбіне немістің шенді әписерін ғана нысанаға алатынмын.

Көп арасынан біреу:

– Оның офицер екенін қайдан білесіз? - деген сауалына жауабы да дайын:

– Олар қоқырайтып пуражкісін басынан тастамайды ғой, - деп сауал иесіне «Соны да білмейсің бе» дегендей бірер сәт тесіле қарап, әрі қарай сөзін сабақтай береді.

Немістер жағы күн санап әписерлері азайып бара жатқан соң жоғарғы жақтан мықты бір мергенін алдыртса керек. Мұны маған кәмәндірім айтты.

– Ақпаншик, енді байқа. Немістер сенің көзіңді жою үшін әбден әккі болған снайпірін алдырыпты, – деп ескертті.

Мен «түсіндім» дегендей басымды изедім. Әлгі снайпір аз күннің ішінде біздің біраз жауынгерімізді жазым етті. Мен қанша күн барлап, аңдысам да көзіме түспеді. Шынында айласы мол екен, алдырмай жүрді.

Бірде өзімнің күнұзаққа жасырынған жерімнен ештеңе өндіре алмай жер бауырлап артқа қарай жылжи бергенім сол еді, оң жақ ұртымды бірдеңе бүлк еткізіп, күйдіріп өткендей болды.

Немістердің мергенінің атқанын түсіне қойдым да, оқтың атылған бағытына көз тастадым.

Ол «Менің шаруам бітті» деген болуы керек, тал-дарақтардың жапырақтарымен жапсырылған басын болар-болмас қылтита қойғаны.

Қас-қағым сәтті қалт жібермей шүріппені басып қалдым. Ол орнынан тұра беруге әрекет жасады да, бар денесімен шалқалай құлады.

Енді байқадым оң жақ ұртымнан тиген оқ сол жақ ұртымды тесіп өтіпті. Тістерім де, жақтарым да дін аман. Бұған өзім де әлі күнге дейін таң-тамашамын. Көрер жарығым бар екен деп қоямын,-деп екі ұртындағы тырнақтың басындай қос тыртықты көрсетіп, алақанымен сипалап қойды.

– Апырм-ай, көке-ай, әлгі сұм сіз аузыңызды барынша ашып, есінеп отырғанда атып жіберген сияқты ғой. Әйтпесе, оқтың тістеріңізге, не жақтарыңызға тимей өтуі мүмкін емес қой,-деп қалды ауылдастарының бірі таңдана тіл қатып.

– Ол да мүмкін,- деді Ахаң,-госпитальдегі дәрігер де:

– Ақпаншик, ты везуший, ты везуший,-деп мен жазылып шыққанша басын шайқаумен болды ғой,-деді.

– Шынында да,- десті төңіректегілер.

– Тағы бірде екі арадағы қырғын ұрыстың аяғы қоян-қолтық шайқасқа ұласты. Екі жақ та жан берісіп, жан алысып жатыр.Төңірегіміз олардың да, біздің де солдаттардың өлі денелеріне толы,-деп келді де, аз–кем үзілістен соң,-әрине немістердің өлгендері басымдау,-деп қойды.

– Содан не керек жарты күнге созылған соғыстың бір сәтінде анау-мынау ат көтере алмайтын менің Қаумен көршімдей бойы көк тіреген еңгезердей пашиспен бетпе-бет келіп қалыппын.

Алғаш алдымнан алып диюды көргендей болдым. Одан сасатын мен емес. Винтовкамды тура соның омырау тұсын көздеп талтайып тұра қалдым. Әлгінің көзі шарасынан шығып, тізесі бүгіле берген сәтте шүріппені басып қалдым. О, тоба, «гүрс» еткен дыбыстың орнына болар-болмас «тырс» еткен дыбыс қана шықты. Сөйтсем, оғым бітіп қалыпты.

Мұны байқаған немісімнің жалы күжірейіп шыға келді. Қолындағы қаруын маған қарап кезейтін кезек енді соған келді. «Өлген жерім осы ғой»,-деп көзімді жұмып, өміріммен қоштасып, тілімді кәлимаға келтірдім. 

Менің де құлағыма «тырс» еткен әлсіз дыбыс жетті. Көзімді ашсам әлгі неміс қаруына бір, маған бір қарап таңданып тұр екен.

Ауыр шайқас барысында ол байғұстың да оғы ада болса керек. Алғаш аңтарылып қалған ол штік ножын маған қаратып тұра ұмтылсын. Мұндай алыпқа жекпе-жекте төтеп беру мүмкін емес. Жалмауызға да жан керек, жалт бұрылып жөнеп бердім. Оның ізіме түсіп қуып келе жатқанын ырсылдаған дыбысынан сезіп келемін. Өңкиген денесіне қарап шаң қаптырып, қара үзіп кететін шығармын дегем. Қайда-а-а! Өкшелеп келіп қалды.

Ұрыс басталар тұста майдан даласында ұзын бір тұрбаның көлденең жатқанын көргенмін. Жеткен бойда еңкейіп, соның ішіне сүңгідім де кеттім. Тұрбаның ішімен жан ұшырып алға еңбектеп келемін. Басында тұрбаның екі басынан бірдей жарық түсіп тұрған. Ендігі бір сәтте оның мен кірген жағы кенет қараңғыланып кетті. Не болды екен деп артыма бұрылып қарасам, немісім де тұрбаға ентелей келіп еніпті.

Мен тұрбадан лып етіп шыққан бойда айналып екінші басына келдім. Немісімнің тұрбаға басы ғана кіріпті кептеліп қалыпты. Ырыс-ырыс етіп ауыр демалады. Мұны көрген мен асықпай ентігімді басып, анам берген көлдей орамалмен бет-ауызымды айғыздап кеткен терімді сүрттім.

Әкем соғысқа аттанарда «Бір қажетіңе жарар» деп мал бауыздап, соғым сойып жүрген кереқарыс өткір кездігін кәзитке орап қолтығыма қыстырып жіберген. Сол кездік үнемі етігімнің қонышында жүретін. Қоныштан суырылған кездікпен үйелеп қалған ірі қарадай тырбаңдап жатқан немістің бүйірінен түртіп:

– Хенде хох!-дедім немісшелеп бұйырып.

– Русь гут! Гитлер капут!-деп тұрбаны жаңғыртып сайрап қоя берді.

Мен оны ары тартып, бері тартып кептелген жерінен кері шығара алмай әуреленіп жатқанда қайдан пайда бола қалғанын, кәмәндірім келе қалсын. 

– Ақпаншик маладес, слона поймал,-деп мені арқамнан қағып, әлгі немісті май құйрықтан екі рет теуіп еді, үйреншікті әдетіне басып:

– Русь гут! Гитлер капут!-деп тағы заулата жөнелді. 

Кәмәндір сол маңдағы екі жауынгерді шақырып, көптеп-көмектеп немісті тұрбадан шығарып алдық.

Қос қолын бірдей көтерген бойда «Русь гут! Русь гут!»,-деп дамылсыз қайталап бойын тіктеген ол маған тесіле қарап кілт тоқтады.

– Русь?–деді бетіме сұраулы жүзбен көз тастап.

– Қазақ!- деп жұдырығыммен көкірегімді ұрдым.

Екі жасауылдың алдында «казах, казах» деп күбірлеп бара жатып артына бұрылып маған қарады да:

– Казах гут!- деп бас бармағын көрсетті.

Ақкөңіл басым оның мына сөзіне риза болып кеткенім сонша жауап ретінде «неміс гут!»-дей жаздап Алла абырой беріп дер кезінде тілімді тістей қойдым. Бірақ, көңілі қалмасын деп қолымды көтеріп, басымды изедім.

– Апырма-ай, Аха, әлгі тұрба болмаса жағдайыңыз қиындап кеткендей екен.

– Оққағары бар екен.

– Пашистің де оғының бітіп қалғанын айтсайшы,–деп қаумалаған көпшілік қауқылдасып-ақ қалады...

Ақпан ақсақал беріге дейін тиіп-қашып аңшылықпен айналысқан. Ол кісінің аңшылығынан гөрі ел ішінде әңгімесі бұрын тарайтын. 

«Ақылтөбеде» мұндай әңгімелер де айтылмай қалмайды.

– Менің оқ оқтайтын өзіндік тәсілім бар. Мына жігіттер секілді бір патронға бір уыс бытыра салмаймын, - деген Ахаң араларында отырған бірді - екілі аңшы жігіттерге көз тастап қояды.

Олар өз кезегінде елеусіздеу езу тартқандары болмаса, қарсы келмейді. «Ақылтөбенің» жазылмаған заңы сондай. 

– Мен бір патронға–бір, екінші патронға-екі, үшінші патронға–үш, қысқасы-патрондарға бес бытырадан артық салмаймын. Қай патронға қанша бытыра салғанымды белгілеп қоямын.

Аңға шыққанда байқаймын, ұшып келе жатқан жалғыз құс болса, бір бытырамен оқталған патронды пайдаланамын. Құс оқ жетер тұсқа жақындағанда дәл көздеп, шүріппені басып қаламын. Бытыра құстың дәл көзіне тимесе де басына тиеді.

Кейде құстардың екіден, үштен, болмаса төрттен, бестен қатар ұшып немесе топтанып отырған тұстары да жиі кездеседі. Ондай кезде әлгі құстардың санына қарай оғымды да таңдаймын. Сонда деймін дә, бір бытыра зая кетпей, бәрі нысанаға дөп тиеді. Жайрап қалған құстарды жинап алудың қиын емес екендігін өздерің де жақсы білесіңдер,-деп түйіндейді әңгімесін.

Келесі күні де Ақпан ақсақалдың асықпай аяңдап «Ақылтөбеге» бет алғанын байқаған әңгімеқұмар ауылдастары да жәйлап солай қарай жылжи беретін.

Дүйсен МОЛДАҚҰЛОВ,

ардагер журналист

Талас ауданы

Обсудить
Блок в статье:
"Отбасындағы әкенің рөлі" 26 декабрь 2024, Четверг
« Ең үздік төрайымы» 26 декабрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

КӨКТӨБЕДЕ ТҰРАДЫ ЖАҚСЫ АДАМДАР
12 январь 2023, Четверг
КӨКТӨБЕДЕ ТҰРАДЫ ЖАҚСЫ АДАМДАР
ЖҰРТ АҚСАҚАЛАРДАРҒА ҚАРАЙДЫ
13 июнь 2024, Четверг
ЖҰРТ АҚСАҚАЛАРДАРҒА ҚАРАЙДЫ
ТОСҚАНБАЙДЫҢ КӨК АТЫ
26 май 2023, Пятница
ТОСҚАНБАЙДЫҢ КӨК АТЫ
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
08 июнь 2023, Четверг
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры