Қаламгердің сегіз қыры...
Алғашқы еңбек жолымды Жамбыл облысының мемлекеттік архивінен бастадым. Онда мекеме директоры жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет екен. Ол кісі мекемеге келген, кеткен кіші буын қызметкерлерімен онша шаруасы болмайды екен, мені кадрлық құжаттамаға жауапты мамандар қарсы алды. Жұмыс орныммен таныстырып, бөлім басшыма тапсырды. Басында жарты күндік жұмыс жасаған менің бар-жоғым көп білінбеді. Өйткені әлі жаспын, ұяңмын, қорқыныш та бар, артқан үмітті ақтау керек деген арқамда жүгім де жоқ емес. Тапсырма беріледі, оны мінсіз орындауға тырысамын. Онсыз да жарты күндік жұмыс болғандықтан, отырған орнымнан тапжылмаймын.
Жанымдағы әріптес апайлардың айтуына қарағанда, біздің басшының сұсы салмақты, айбыны асқақ. Содан да болар басында директорымыздың көзіне көп түспеуге тырыстым. Басшының кабинеті маған арыстанның апанындай көрінетін. Өзіммен қатар Жайна деген қыз ол кезде директордың хатшысы, әрі көмекшісі. Басшыға қол қойдыратын құжаттардың бәрін сол арқылы беріп жібереміз, қатесі болса, қайта жазып ұсынамыз.
Жайна көбінесе басшы азанда келгеннен түскі үзіліске кеткенше кабинетінен шықпайды. Мақұлбек Қайыпбекұлының диктовкасымен мәтін тереді. Ол кезде не мәтін, не үшін теріп жатқанынан онша хабарым болмады. Кейінірек Жайнамен жақынырақ танысып, ол қыз архив қоймасында еркін жүріп-тұруды, сұрақтарды жылдам орындаудың қыр-сырын үйретті. Басшының жайлы мінезін, теріп жатқаны кітап, не мақала екенін айтатын. Жарты жылға жуық уақыт өткен соң Жайнаның орнына мен де бардым. Осылайша еңбек жолымдағы үлгілі ұстаз, жанашыр, әкелік қамқорлық танытқан адал басшымен бірге қызметтес болу бақыты бұйырды. Өз білгенімді, ойымды ағайға еркін жеткізетін болдым. Ағайдың жастармен де, үлкендермен де бірден тіл табысып, бауырына тартып алатын ерекше қасиеті болды. Өйткені ол кісі жалған айтпайтын, бос уәде бермейтін. Сөз берсе, уәдесінен шығуға тырысатын. Сол жақсы қасиеті адамдарды өзіне тартып тұратын. Жастармен ашық, емін-еркін қатынас құрып, оларды барынша өсу жолына бағыттайтын еді. Қарымды қаламгер ретінде қаламымыздың ұшталуына, ойыңды сауатты жеткізе алуға баулыды.
Алдына келген архивтегі әр маманды жазуға бейімдейтін. Өздері беретін есептер негізінде кей мақалаларын солардың атынан шығарып, қызметкерлердің мерейін асыратын. Дауысы гүрілдеп, жаңғырып тұрғанымен, жан-дүниесі мейірімді, қамқор адам екенін, көрегендігін, алдына мәселе айтып келген адамды бос қайтармай, шешімін тауып беретін пейілін, бәріне де позитивпен қарап, кісінің көңілін бажайлап сөйлейтін парасатын, кез-келген мәселенің түйінін лезде шешіп, оны жер жаһанға жар салмайтын қарапайымдылығын уақыт өте келе жұмыс барысында көп көрдік.
Әсіресе ол кісі мен жұбайы Дәметкен апайдың махаббаты біздің архивте аңыз болып айтылатын. Жасы келген адамдардың бір-бірін минут сайын іздеп, сол кезге дейін қол ұстасып жүретін әдетіне тамсана, қызыға қарайтынбыз. Дәметкен апай жұмыс күнінде екі рет ағайға келіп өз қолымен шәй беретін еді. Шәй барысында түрлі жаңалықтарымен бөлісіп, талқылайтын. Ой-өрелері қатар деңгейде тоғысқан қос журналист тіршіктің күйбеңінен бұрын ауқымды ойларды ортаға салатын. Әдебиет, мәдениет, журналистика саласы мен саясаттағы жаңалықтарды айтатын.
Көбіне Мақұлбек Қайыпбекұлы сол кездегі ғылыми-анықтамалық ақпарат және құжаттарды жариялау бөлімінің басшысы Сәуле Асанқызы мен бас қор сақтаушысы Жібек Әзімжанқызына белгілі бір тақырыптар бойынша құжаттар табуын тапсырып, бағыт-тайтын. Өлкедегі біледі-ау деген ақсақалдармен жиі жолығып, соның негіздемелерін құжаттан іздейтін. Тарихты солайша құжатты дәйек пен тірі шежірелі дана қарттарды сөйлете отырып жаңғыртатын.
2014 жылдан бастап архивтегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына Ма-құлбек ағаймен бірге командалық түрде жұмыс жасауды үйрендік. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Әсіресе, өмірдің күзінде морт сынбады, алдағы жайдары жақсылықтан күдер үзбеді. Сол кезде ағай қатты науқастанып жүрсе де, рухының түспегеніне куә болдық. Ауыр кеселге мойынсұнбады, бастаған ісін – кітабын қалайда аяқтаймын деген өзіне үлкен міндет қойды. Абыроймен аяқтап та шықты. Жамбыл облысының 75 жылдық шежіресін шығарды. Жамбыл облысының 80 жылдық шежіресінің толық картинасын жасаған оның архив мекемесінде жүргенде жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Бұл оның өлке тарихын зерттеп танудағы орасан зор еңбегі екенін осы ретте айта кеткен жөн. Әлі күнге дейін облыс тарихына қатысты ақпарат іздеген азаматтар жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет дайындаған дереккөздерге сілтеме жасап, сол кісі ұсынған цифрларды негізге алады. Мәселен, 2018 жылы архив қызметкерлеріне облыс әкімдігі тарапынан майдангерлер тізімін жасау, олардың ішінде жоғары наградаға кімдер ие болғанын анықтап, кімнің есімдерін ерекше атау керектігі жөнінде міндет жүктелген болатын. Осы ретте 1941-1945 жылдары майдан даласына Жамбыл жерінен аттанған немесе кейініректе Жамбыл жерін мәңгілік мекені еткен Совет Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің толық кавалерлерінің тізімін қиналмастан, сол сәтте-ақ жасап тастадық. Өйткені, 2015 жылы сұратылған ақпараттың бәріне толыққанды жауап беретін М.Рысдәулеттің «Жамбыл Батырлары» атты еңбегі көпшілікке жол тартқан. Онда бәрі де санымен, атымен, құжаттармен дәйектеп жазылған. Сол сияқты саяси қуғын-сүргін тақырыбы да жыл сайын аталғанымен, 31 мамыр күні жақындағанда бұқаралық ақпа-рат құралдары да, тарихшылар да тек жалпы қазақстандық статистикаға жүгінетін. Ал Жамбыл облысындағы жағдай қандай болды деген сауалға ешкім нақты жауап бере алмайтын еді. 2014 жылы бұл сұрақтың жауабын табуға Мақұлбек ағамыз кірісіп кетті. Алдымен оған түрткі болған 1990 жылғы облыстық «Ақ жол» газетінің бірнеше санында жарияланған ақталғандардың деректері, тізімі еді. Газеттегі тізімді, 1993 жылы ақталғандардың тізімі жинақталған «Зерде», «Боздақтар» кітабының Жамбыл облысы бойынша деректерін, облыстық архив сақтауындағы жеке істерді саралап, бір жүйеге келтіртті. Кейін Бас прокуратураның Жамбыл облысындағы арнайы есеп және статистика мекемесінен, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архивінен дерек іздестіру, сұрау салу жұмыстары жүрді. Өкінішке орай мардымды жауап ала алмағанымызбен, сол кездері прокуратура тарапынан Жамбыл облысынан 1937-1938 жылы 5000 адам сталиндік қудалауға ұшырап, соның 800-ге жуығы атылған деген мәлімет алынды. Ал 15000-ға жуық азамат Жамбыл жеріне күштеп жер аударылғандығы туралы дерекке қол жеткіздік. Бұл ақпарат кейінірек облыстық архивтен жарық көрген «Жазықсыз жазаланғандар» кітабына еніп, түсіндірмесін Мақұлбек Қайыпбекұлы толық жеткізді. Бүгінгі күнге дейін сол ақпарат өз өзектілігін жоғалтпады.
Ал бұрындары айтыла бермейтін «конфискация» яғни қазақ байларының тәркіленуі тақырыбы алғаш рет Мақұлбек Рысдәулеттің 2018 жылы жарық көрген «Конфискация» кітабында жарық көрді. Онда Жамбыл облысы бойынша толық ақпарат, тәркілегендердің тізімі, кейінгі тағдыры және олардың ұрпақтары жайы жазылған. Бұл – 2015-2018 жылдар аралығындағы үлкен ізденістің жемісі болатын.
Әр құжаттың артында – адам тағдыры, халық тағдыры барын баршамыз білеміз. Жазушы, мұра-ғаттанушы, журналист Мақұлбек Рысдәулет бұл тақырыпты жалпыдан жалқыға өту арқылы, нақты фактілерді жекелеген азаматтардың мысалымен келтіруді ұштастырып, мәңгілік еңбек жасады деп білемін.
Биыл көзі тірі болғанда, 75 жасын тура осыдан бес жыл бұрынғы уақыттағыдай дүркіретіп атап өтер едік. Әттең, уақыт, өмір өз еншісін алмай қоймайды. Дегенмен өзін көргендердің жүрегінде, жазбаларын оқығандардың санасында Мақұлбек Рысдәулет есімі тайға таңба басқандай өз ізін қалдырғанына сенімдімін.
Түрколог ғалым, жазушы Немат Келімбетов «Қарилар» кітабында: «Дұрыс қартая білудің өзі де біліктілікті қажет ететін үлкен өнер екен... қария дәрежесіне дейін шарықтап шығу үшін де едәуір дайындық қажет», - деген екен. Менің ұстазым Мақұлбек Қайыпбекұлы сол өнерді толық игерген қазыналы қарттықтың әдемі үлгісін көрсеткендердің қатарынан болды.
Түрколог ғалым, жазушы Немат Келімбетов «Қарилар» кітабында: «Дұрыс қартая білудің өзі де біліктілікті қажет ететін үлкен өнер екен... қария дәрежесіне дейін шарықтап шығу үшін де едәуір дайындық қажет», - деген екен. Менің ұстазым Мақұлбек Қайыпбекұлы сол өнерді толық игерген қазыналы қарттықтың әдемі үлгісін көрсеткендердің қатарынан болды.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығы
Шерхантану бөлімінің меңгерушісі
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА
16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар
16 декабрь 2024, Понедельник
«Елім деп соғады жүрегім» атты кездесу өтті
16 декабрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)