Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қанағат та керек шығар адамға, дүниеден алыстаған шағында!

Қанағат та керек шығар адамға, дүниеден алыстаған шағында!

27 май 2024, Понедельник
69
0
Сланбек Алдабергенов қарияның есімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал. Кезінде Тараз педогогикалық институтында ұстаздық еткен, ғылыммен айналысқан, экономика ғылымдарының кандидаты. Кейіннен партия қызметіне шақырылып, облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған. Одан кейінгі жылдары облыстық кәсіптік білім беру басқармасының бастығы бола жүріп аймақта кәсіптік білім беру жүйесінің қалыптасып дамуына зор үлес қосқан.
Ардақты ақсақалымыз бүгінде сексеннің сеңгірінен асып, еңбегінің зейнетін көруде. Соңғы жылдардағы ол кісінің бір ермегі – өлең жазу. Жәй ермек емес – шынайы шығармашылық, кештеу оянған талант десе де болғандай. Бұдан бірер жыл бұрын өлеңдер жинағы жарық көрген. Бұл жолы қарт ақынымыз редакциямызға соңғы уақытта жазған біраз жырларын ала келіпті. Ойы жүйрік, қаламы келісті, тереңнен қозғайтын ақын қариямыздың біраз өлеңдерін оқырмандар назарына үлкен қанағатпен ұсынуды жөн көрдік.

ЖАСҚА КЕЛДІМ...
Жасқа келдім, жонына аз жан іліккен, 
Оқшауланып «күнәкарлық» тірліктен. 
Жолын кесіп пенделіктен қап кеткен, 
Нәпсі, ындынның, таза арыма киліккен. 

Астында тұр аруақтар жүгінің, 
Рух сыйлап, кие ұстаған–бүгінім. 
Ел-жұртымның болашағын сұрау мен, 
Имандылық менің үшін бір ұғым. 

Таулар да асып, 
Ойпатта өткен күнім көп, 
Қайғы, мүң да, 
Күндер де өтті күлімдеп. 
Өз арымның алдында да, білмеймін, 
Айта алам ба «Жерде адал боп жүрдім»-деп?!

Пендешілік-күнәнің бір атауы, 
Пенде ісінен бар ма адамның бір сауы?!
Сол жастамын:қалмағанын қалайтын, 
Күнә, айыптың арыма айтар бір дауы. 

Өмір өтті, 
Азды-көпті бағым да, 
Енді менде, жоқ өмірге шағым да...
Қанағат та керек шығар адамға,
Дүниеден алыстаған шағында!


БАҒЫНА БАҚЫТТЫНЫҢ КУӘ БОЛҒАМ.
Қашанда риясыз бақыттымын, 
Көре алсам қуанышын бақыттының. 
Толғанып ән салғанда, бағым тасып, 
Нәр алып бақыттыдан жатыпты үнім.

Сол ырыс, Берекеме жоба болған,
Келіпті бақыттыдан қоңсы қонған.
Дәулетін сыйлай білген басқа жанның,
Бағына, жолай келген, куә болғам.

Тілеймін басқаға бақ өзімді ойлап,
Аумалы өмірдегі кездерді ойға ап...
Қалдырған адал доста аманаттың,
Жатарын малы төлдеп, қойы қоздап.

Қуану–дос бағына еккен дәнің,
Өскіні адамдықтың берер нәрін.
Адал іс еселеніп, жақсылықтың,
Алдыңа бір күні алып келер бәрін. 


ТЫНЫМДЫ ӘР ІСІҢЕ ҚУАНАМЫН.
Ей, адамдар!.. 
Жол тартсын деп шыңына туа бағың, 
Әр ісіңе тынымды қуанамын. 
Сендермен бір өртеніп, бір мұз кешіп, 
Сендермен бір қысқарып, ұзарамын. 

Сендермен бір жиырылып, жазыламын, 
Менде болса қазынаң қазыламын. 
Сырластықты іздесең, арманы адал, 
Көңіліңнің төрінен табыламын. 

Бағым тұрса басымда-сенен алдым, 
Менің де тұр мойнымда сенің бағың. 
Тағдырыңның үйірілген басыңдағы, 
Қоюланса тұманы-қасыңдамын. 

Басып тұрған жеріміз-бір із асты, 
Бірге тартар ойылса жердің асты. 
Суаты ортақ, өрісі бір ей адамдар, 
Жаға айырысып өзді-өзі неге ұстасты?!

Қалай тар, алақандай жердің үсті, 
Көтеріп тұр кескілес, көлгір істі?
Тегі бір бауыр, жүрек, адам ары, 
Бөліске, бөлінбейтін, неге түсті?!. 

Ей, Келешек!
Қабылдар орман, Дала, Күн, Айың да, 
Көміліп тұр ғой бүгін уайымға...
Ықылас, ырқыңды бер, мұңын аршып, 
Заманның жаңа кейпін құяр Ұлға!

ТАҒДЫР ІСІ
Жас келіп қайтып жатыр жер-жеріне, 
Бойдағы «ел» кешегі риза келгеніне.
Бой күші ой көшіне ілескені, 
Қуаттың «мен де кеттім»-дегені ме?

Көк әлем қоштасады жылап тұрып, 
Жерімен кеше тұрған думан құрып. 
Кім сенер күз жүдеткен мына Жерде?
Көк балғын тұрғанына кеше тұнып. 

Өмірдің арқауы азған үзік-үзік, 
Желісін берер жалғап, кім кеп түзіп?
Төгілме, шалқып жүріп салған әнім, 
Қалдың ба орта жолда сен де үзіліп?!

Жаз күнін, думанды өткен, «шіркін!»-дейміз, 
Күн өтпей сағындырып сілтідей күз. 
Түбі жоқ, мұң тоғытқан арманыңнан, 
Сағыныш өкінішпен туа ма егіз?

Өмірдің мезгілі кеп, күні ауысып, 
Жиғанын бойдағылар тұр тауысып. 
Жиылып «қыңқыл-сыңқыл» тойлап жатыр, 
Бір-бірін іздеп тауып, кеп қауышып.. . 

Өкініп өткеніңді сағынарсың, 
Сағыныш өкініштен несін алсын. 
Тұқыртып қыл мойныңа құрық салған, 
Тағдырмен алысарсың, 
Басыларсың. 

Сағынарсың, езіліп сарыларсың, 
Тәңірдің қай ісіне тағылар сын?.. 
Сағынышқа айналған шеріңнен тек, 
Сағынбайтын өкініш табылмасын!

ӨМІР ЖОЛЫ – ЖҮЗІП ӨТЕР ӨЗЕНІ

Өмір жолын бұралаңсыз кім көрген?
Игерген тек жалықпаған жүргеннен. 
Армандыны жебелеп мұң, қайғы да, 
Сағынышы меңдегенде дем берген. 

Жер көтерген «ауырлығын» талаптың, 
Іргелі іске төккен терін қалап Күн. 
Ай да жар сап, аларын тек биігін, 
Қаруланған дарынымен таланттың. 

Төңкеріліп Аспан да кеп көл болса, 
Айдынында аққу ұшып, құс қонса, 
Оны да адам демейміз бе еңбегі?
Табиғат та июші ме ед құр босқа?!

Армандыны шыңдағылар қорғаған, 
Жігерліні Жер де танып қолдаған. 
Арымайтын ары барға Табиғат, 
Бақ берерде іштарлығы болмаған. 

Көргендіге көк Аспан да көз тіккен, 
Қадір де елеп, пейіл жеңін кең пішкен. 
Биіктегі іс басын иген жер түсіп, 
Тау келбетін көре алғанға тегістен...

Өмір жолы-нәр ағатын өзегі, 
Әр пенденің жүзіп өтер өзені...
Тұлғалыға таразыға салмайтын, 
Төл жалғызы-туған Жері, өз елі!

Сланбек АЛДАБЕРГЕНОВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы,
мемлекеттік қызметтің ардагері
Обсудить

Похожие материалы:

Парасат
25 август 2021, Среда
Парасат
Б Ә Й Т Е Р Е К
18 март 2024, Понедельник
Б Ә Й Т Е Р Е К
Ұлылық
06 апрель 2022, Среда
Ұлылық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры