Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАРА НАРДАЙ ҚАЙРАТКЕР ҚАРАТАЙ

ҚАРА НАРДАЙ ҚАЙРАТКЕР ҚАРАТАЙ

10 май 2024, Пятница
71
0
Халықта жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды көрінеді» – деген. Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде, олардың бейнесі жүректен өшпейді, көптің көңілінен кетпейді. Сондай адамдардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономист - ғалым, алты Алаштың біртуар азаматы Қаратай Тұрысов. 
Қаратай Тұрысов туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік қасиеттері кез - келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке орай пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз. Қаратай Тұрысов – пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биік мұратына жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық кеңестің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сияқты маңызды лауазымдарда болды. Өмірінің соңғы жылдары Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды, осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтеріліп, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды. 
Қаратай Тұрысовтың экономист - ғалым, экономика ғылымдарының докторы ретінде аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары болды. Экономика саласына байланысты стратегиялық мақсаттарды нақты қоятын. Жалпы адам ғалым болу үшін білімді болу керек. Сапалы және терең білім – кез келген ғылымның негізі. 
Қаратай Тұрысов 1948 жылы Тараз қаласында ашылған мектеп - интернатында оқыды. Ол жылдар туралы оның әріптесі әрі досы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза өз естеліктерінде былай деп жазады. 
«Соғыстан соң, үш жыл өткеннен кейін, 1948 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл қазақ орта мектебінің жанынан жүз балалық интернат - пансионат ашылды. 
Сегізінші сыныптағы ең кішіміз Қаратай деген әлжуаз, мұрнын қайта - қайта тарта беретін бала еді. 
Ал енді сол ең кішіміз, ә дегеннен бәрімізден күшті болып шыға келсін. 
Әсіресе, алгебра, геометрия, тригонометрия дейтін сабақтардан алдына жан салмады - ау, азамат!
Рас, арамызда бұл аталған пәндерден басқа озықтар да бар еді. Ергеш Есімов, Әбдуәлі Данаев, тағы басқалары. 
Бірақ Қаратайдың жөні бөлек. 
Сол Қаратай мектепті медальмен бітірді. Ергеш Есімов, Әбдуәлі Данаев та медаль алды. 
Оқу бітірер алдында бір топ баланы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров деген кісі кеңсесіне шақырып алып, енді қайда баратынымызды сұрады. Ақыры бізге Тынық мұхит әскери - теңіз флотының училищесіне барасыңдар, – деп бағыт сілтеді. 
Бірақ ол оқуға түсу үшін медициналық комиссиядан өту керек екен. Содан бәріміз де өтпей қалдық. Менің сол құлағымның жарғағы жарылған болып шықты. 
Қаратайдың бойы кішкентай деді ме, әйтеуір ол да өтпей қалды. 
Оның есесіне ол Москвадағы геология институтына баратын болды. Әшімжан Құрманов дейтін озық оқушы ол да сол оқуға барады екен. Әбдуәлі Данаев пен Ергеш Есімов Ленинград теміржол институтына түсетін болды. 
– Е, мен сендерден қаламын ба, - деп мен тәуекел деп Москва полиграфия институтына түспекші болдым. 
Оқу бітіргендердің көпшілігі Алматыға кетті. 
1953 жылы наурыз айында күн көсем Сталин қайтыс болды. Жарықтық, қайтыс болар алдында Полиграфия институтының баспа редакторы факультетін Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қосу туралы қаулыға қол қойып кеткен екен. Содан сол жылы күзге қарай мен МГУ - дің студенті болып шыға келдім. Факультетіміз сол Моховая көшесінде, геология институтымен көршілес еді. 
Сөйтіп, Қаратаймен қайтадан ауылдас болғаным - ай. Бұл кезде ол баяғы интернаттағы әлжуаз, бойы аласа бала емес, Қара нардай Қаратай, зіңгіттей азамат болған кезі». Бұл - Шерағанның естелігі.
Қаратай Тұрысовтың өмірі Мәскеу қаласымен тығыз байланысты болды. Осы қаланың саяси және әлеуметтік ортасы Қаратай ағамыздың тұлға, басшы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына өз әсерін тигізді. Ол туралы «Москва в моей жизни» деген эссесінде өте жақсы жазды: «В этом городе я познал то, чему должен учиться всю жизнь»
Өзі естеліктерінде жазғандай, Мәскеу қаласына 3 рет оқуға барды: Геологиялық барлау институтына (бүгін Серго Ордженикидзе атындағы Ресей мемлекеттік геологиялық барлау университеті), Кеңес Одағы Коммунистік партиясы орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне, ең соңында ауыл шаруашылығы академиясына. 
«Школа министров» деп аталып кеткен Ауыл шаруашылығы академиясы сол жылдардағы Үкімет басшысы А. Н. Косыгинның басшылығымен құрылып, оның қабырғасынан көптеген Одақ және республика деңгейінде министрлер шықты. Солардың ішіндегі алғашқылардың бірі – Қаратай Тұрысов. 
Төртінші рет қайраткер Қаратай Мәскеу қаласына кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық кеңесіне (ВЦСПС) хатшысы болып тағайындалғанда барды. Кеңес Одағында осындай жоғары лауазымдық қызметке көтерілген Тұрар Рысқұловтан кейін екінші қазақ болды. 
Қаратай Тұрысов Мәскеудегі қызметі кезінде ортақ қазынаның қаржысын еліне бұрды. Кәсіподақтар миллиардтарына Қазақстанда ондаған емдеу - сауықтыру шипажайы, жұмысшылар мен еңбеккерлердің демалыс үйлері салынды. Алматы мен облыс орталықтарында бірнеше қонақ үй тұрғызылды. Алматыда «Түркісіб», «Алма - Арасан» демалыс орындары «Алатау», «Медеу» қонақүйлері бой көтерді. Талдықорғанда «Қарғалы»,  «Арасан - Қапал» емдеу - сауықтыру орны салынды. Сондай – ақ, Қызылорда, Қостанай, Атырау мен Оралда, Семейде шипажайлар салынды. Әйгілі «Сарыағаш» шипажайын кеңейтіп, қосымша ғимараттар тұрғызуға қомақты қаржы бөлгізді. Қазақстандағы экономикалық - әлеуметтік көрсеткіштерде артта қалған, жағдайы нашар шалғайдағы 30 ауданының әлеуметтік әлеуетін жақсарту туралы одақтық орталық биліктің арнайы қаулысын қабылдатты. Мәскеуде жүрсе де Қазақ елінің өркендеуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. 
Қаратай Тұрысов халықаралық деңгейдегі танымал тұлға болды. 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 42 - сессиясында Кеңес Одағы атынан мінберге шығып сөз сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген екінші қазақ болды. Бірінші қазақ – 1957 жылы Үндістандағы елші Төлеген Тәжібаев еді. Қаратай Тұрысов құрамында депутаттар мен одақтың айтулы азаматтары енген КСРО - ның беделді делегациясын Бас Ассамблеяның кезекті сессияға басқарып барған болатын. Сапар барысында БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярмен кездесу өткізді. БҰҰ 1986 жылды «Бейбітшілік жылы» деп жариялаған. Өз сөзінде Қ. Тұрысов нағыз бейбіт заманға жақындау үшін жаппай ядролық қарудан бас тартудың бағдарламасын ұсынды. Семейдегі ядролық полигонның зардаптары сол кісінің айтуымен әлемдік мінберде сонда алғаш айтылған еді. Хакім Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген ұлағатын ғаламдық жұртқа жеткізе алды. Бейбітшілікті бәрі қалайды. Бейбіт заман мақсатымыз десек ядролық қарудан бас тартуымыз керек деп, Қаратай Тұрысов әлемнің бас мінберінен мәлемдеме жасады. 
Тәуелсіздіктің қарсаңында – 1990 жылы Қаратай Тұрысов                    Қазақстанға оралып, Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып, экономикалық реформалар комиссиясын басқарды. 
Одан кейін 1 - ші және 2 - ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде 9 жыл Қаржы және бюджет Комитетінің төрағасы болды. Сол жылдары қабылданған Заңдардың алпыс пайыздан астамы Тәуелсіз Қазақстанның экономикасына қатысты болды. 
Қаратай Тұрысов – экономист - ғалым ретінде артында мол ғылыми мұра қалдырды, экономика мәселелері бойынша құнды еңбектер жазды. 
1990 жылы 6 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Қаулысымен «Программа стабилизации экономики Казахской ССР и перехода к рынку» деген бағдарлама бекітілді. Бұл стратегиялық құжат Қ. Тұрысовтың басшылығымен дайындалды. Яғни Қаратай Тұрысовты Қазақстанда нарықтық экономиканың негізін қалаушы деп айтуға болады. Осы бағдарламаның іске асыру нәтижелерін Қаратай Тұрысов 2003 жылы жарық көрген «Казахстан: становление рыночной экономики» деген монографиясында жазды. 
Қаратай Тұрысов артында басшы және ғалым ретінде жарқын із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұраның бүгінгі күннің міндеттерін жүзеге асырудағы сабақтастығын орнықтыру, сол мұра арқылы жастарға тәлім - тәрбие беру – біздің парызымыз. 
Махметғали САРЫБЕКОВ, 
Шерхан Мұртаза атындағы  Халықаралық Тараз инновациялық 
институтының  вице - президенті, педагогика 
ғылымдарының докторы, профессор, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры