Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Кітап оқығанның көкірегі ояу, санасы сара

Кітап оқығанның көкірегі ояу, санасы сара

29 апрель 2024, Понедельник
82
0
23 сәуір – дүниежүзілік кітап күніне орай облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи этно - мәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясының ғимаратында «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалі өтті. Фестиваль мақсаты - кітап пен ғылымды дәріптеу, ғылыми - танымдық әдебиеттерді, шет елдік және қазақстандық жазушылар мен олардың шығармаларын насихаттау, оқырман мәдениетін дамытып, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құру. 

 Тараз жұртшылығы мұндай жәрмеңкені көптен күткені оқырмандардың көптігінен - ақ бірден байқалды. Дәл дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орайластырылған шараға елімізге белгілі «Алқа», «Арман - ПВ», «Астанакітап», «Qasym», «ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ», «САРДАР», «Таймас», «Шыңкітап», «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Атамұра», «Сенімен болашақ» баспалары мен танымал авторлар, кітап дүкендерінің өкілдері өз кітаптарын жұртшылық назарына ұсынды. 
Кітап жәрмеңкесі алаңында баспа өкілдері және авторлар оқырмандармен қауышса, облыстық тарихи - өлкетану музейінде «Балаларға базарлық» алаңы ұйымдастырылып, онда жеткіншектерге арналған кітаптар экспозициясы, цирк - шоу бағдарламасы, аниматор - шоу, театр қойылымдары және танымдық шаралар ұйымдастырылды. Аталған кітап фестивалі аясында «Кітапханалар және ритейл: тәжірибе алмасу» алаңында баспа мен дүкен өкілдері өздерінің басымдықтары мен маркетинг контенттерімен таныстырып, жарнамалық жұмыстар, тренингтер өткізді. 
Мұнан соң салтанатты шара аясында былтырғы бір жыл ішінде ең көп кітап оқыған үздіктер марапатталды. Белгілі журналист Оралхан Дәуіт пен М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев 12 «Оқуға құштар оқырманға» марапаттарын тарту етті. Ең кішкентай оқырман атанған №21 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің жетінші сынып оқушысы Айғаным Қайрат бір жылда 82 кітап оқыса, 85 жастағы қордайлық зейнеткер Жібек Жүкенова 50 кітапты еңсеріп, үздік атанған. Ал ең көп, атап айтқанда бір жылда екі жүз кітап оқыған Шу қаласының тұрғыны Айғаным Рымбекқызы көпшілікті өзінің кітапқа деген ерекше құштарлығымен тәнті етті. 
 –     Бір деммен оқып тастайтын кітаптар болады. Ондай кітаптар үш жүз беттен тұрса да бір күнде оқылады. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» сондай дүниелер. Осы секілді оқиға желісі, ой көркемдігі қызықтыратын кітаптар тез оқылады, сол кітаптардың ішіне еніп кеткенім соншалықты, қоғамдағы болып жатқан жағдайларды ұмытып, сол дәуірмен тыныстағандай боламын.  – деді марапат иесі Айғаным Рымбекқызы. 
Мұнан соң «Ауылға кітап» акциясы аясында 2024 жылдың басында Байзақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Жібек жолы ауылынан жаңадан ашылған ауылдық кітапханасына кітап сыйлау акциясының нәтижелері сахнада жарияланып, ауыл кітапханасына тарту етілді. 
Ал кітап фестивалінің екінші кезеңінде шет елден келген қонақтар, қазақстандық пен әулиеаталық қаламгерлер, ақын - жазушылар, танымал тұлғалармен кездесу өтті. 
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Татарстан Республикасының «Қазан мемлекеттік мәдениет институты» арасында Жамбыл облысындағы мәдениет саласының қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл тұста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Қазан төңкерісіне дейін Қазан қаласында қазақ тілінде 434 кітап жарық көргенін және олар миллиондаған данамен таралғанын, олардың ішінде ұлттың рухани абызы Абай Құнанбаевтың шығармалары болғанына айрықша басымдық берді. 
Татарстаннан келген «Еуропа – Азия» Салықаралық академиясының академигі Расых Салахов, Қазан қаласындағы Мемлекеттік мәдениет институты интелектуалды жүйелер мен кітапханалық ақпараттық қызмет кафедарсының меңгерушісі Айсұлу Мансұрова, Қазан қаласындағы №80 жалпы орта білім беретін татар – орыс мектебінің директоры Роберт Мансуров адамға рухани қазына сыйлайтын кітаптар жайлы ойларын ортаға салды. 
Елімізге белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы балалар және жастар әдебиеті бөлімінің кеңесшісі, сатирик Бейбіт Сарыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, драматург, прозаик Маржан Ершуова да айтулы шараның басы - қасынан табылды. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаманов елге белгілі қаламгерлерге сөз тізгінін беріп, оралымды ойларын ортаға салды. Мазмұнды басқосу барысында жазушы Қанат Тілеуханның таяуда жарыққа шыққан «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесер таныстырылымы өтті. 
 – 2013 жылдан бері 60 - тан аса кітап шығардық. Кітаптарымыздың барлығы бестселлер деп айта аламын. Таразда өтіп жатқан фестивальға жақында ғана жарық көріп, үш айда 30 мың данамен сатылған «Өзбекәлі» және «Мәдени майдан», «Мамандықтың мәні», «Бейсен болмыс», «Балалықтан даналыққа», «Әлдиден эпосқай дейін» атты бірнеше кітаптарымызды алып келдік – деді шараға қатысқан «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының директоры Бағдат Құдияр. 

Іс - шара соңында басқа да жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» кітабының, жергілікті ақын Мақсым Боқаевтың «Арал – әлем тағдыры» кітабының, ақындар Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» және Нұржан Әліштің «Аққыз» кітаптарының лентасы қиылды. Осылайша 1995 жылы ЮНЕСКО - ның шешімімен Парижде бастау алған шара Таразда жалғасын тауып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. 
 Тараздық зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен тұрғындар танымал ақын – жазушылардан естелік қолтаңба алып, олардың жаңа кітаптарға қол жеткізіп, мәре - сәре болды. 
Есет ДОСАЛЫ, 
журналист.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры