Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЕНЕ МЕН КЕЛІН СЫЙЛАСТЫҒЫ - Отбасы беріктігінің кепілі

ЕНЕ МЕН КЕЛІН СЫЙЛАСТЫҒЫ - Отбасы беріктігінің кепілі

29 апрель 2024, Понедельник
66
0
Жақында Байзақ ауданының «Қызыл Жұлдыз» ауылында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен «Ене мен келін сыйластығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Бұл шараның осы ауылда өткізілуінің де өзіндік себебі бар еді. «Қызыл Жұлдыз» ауылында былтыры ғана республикада ең алғашқылардың бірі болып «Қазақ әйелдері. Дәстүрге жол» республикалық қауымдастығының жергілікті буыны ашылды. Бұл ұйымның ашылуына мұрындық болған және оның тәй-тәй басып жұмыс істей бастауына зор үлес қосқан ауылдағы белсенді әжелер Сара Қырқымбаева мен аналар алқасының төрайымы Ұларкүл Спатаева болатын.
«Қызыл Жұлдыз» ауылдық округінің әкімдігі белсенді әжелердің ұсынысын қолдап, олардың жұмыс істеуі үшін әкімдік ғимаратынан арнайы бөлме босатып беріпті. Бөлмеге «Қазақ әйелдері. Дәстүрге жол» орталығы деген ат беріліп, бөлме ішіне асқан талғампаздықпен этно-мәдени және тұрмыстық бұйымдар, қазақ әйелдері мен қыздарының ұлттық киім үлгілері қойылыпты. Тіпті мұнда қазіргі кезде көзімізден бұл-бұл ұшатын қол диірмені, тышқан қақпан, қоян қақпан, түлкі қақпан, қасқыр қақпан, сондай-ақ қазақтың ат-әбзелдері де қойылған екен. Бөлмені жабдықтаудағы белсенді әже - апалардың дизайнерлік шеберліктеріне таң қаласыз. Орталықта жоспарлы түрде бала бақша бүлдіршіндерімен, мектеп оқушыларымен, ауыл жастарымен тәрбиелік шаралар өткізіліп тұрады екен. 
«Дөңгелек үстел» отырысына комиссия төрағасы ретінде осы жолдардың авторы, төрағаның орынбасары, желтоқсаншы Исмайыл Хаджымұратов, комиссия мүшелері Г.Әлмаханова, К.Косатбекова, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Назым Қуанышбаева, ауылдық аналар алқасының төрайымы Ұлдаркүл Спатаева қатысты. Шараға көп балалы аналар, ауылдағы жас келіндер шақырылды. 
Басқосуда әжелер(енелер), жас келіндер ене мен келін сыйластығына байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, емен-жарқын әңгіме құрды. Алғашқы болып сөз алған комиссия мүшесі И. Мұсаходжаев қазақтың, «жақсы үйге түскен келін, келін...» деген мақаланың бекер айтылмағандығын тілге тиек ете отырып, өмірге он екі ұл - қыз әкелген анасының келіндер тәрбиесіндегі тәжірбиесі мен көрегендігін нақтылы мысалдармен әңгімеледі. Бөтен отбасының табалдырығын имене басқан жас келіннің сол үйге «судай сіңіп, тастай батып» кетуі де енелердің ақыл-парасаты мен аналық мейріміне байланысты. Әрине И.Мұсаходжаев келін тәрбиесінде ауыл аймақта, ел арасында көпке өнеге болған анасын мақтан ете отырып әулеттегі бауырлар мен абысындар арасындағы ауызбіршілік, сыйластық жайлы әсерлі әңгімелеп берді. 
Бұдан кейін сөз алған Н.Қуанышбаева өзінің ұзақ жылдар бойы білім беру саласында, кеңес қызметінде еңбек еткенін, қазіргі уақытта құрметті демалыста, яғни зейнеткер екенін айта келіп отбасылық құндылықтарға кеңінен тоқталды. «Ыдысы сылдырламайтын үй болмайды» демекші ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік, жанжал, ақыр соңында ажырасу сияқты көріністерге жол бермеуде ененің алатын орнының аса зор екеніне кеңінен тоқталды. 
Н.Қуанышбекова өз сөзін қазақ шаңырағында инабатты да, ибалы келіндер, келінге дұрыс тәрбие беретін, оған дұрыс жол көрсететін ақыл-парасатты, данагөй енелер көп болса деген тілекпен аяқтады. 
Г.Әлмаханова қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен осы мәселеге байланысты қабылданып жатқан заң актілеріне тоқталды. Бірақ, кейбір әйелдер мен келіндердің гендерлік саясат, еркек пен әйел теңдігі деген ұғымды теріс қабылдап, нәтижесінде отбасындағы келіспеушілік пен ажырасу фактілері көбейіп бара жатқанын тілге тиек етті. Осы орайда, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қамқорлық жасау мақсатында ашылып жатқан арнайы орталықтардың пайдасынан гөрі зияны көп емес пе деген ойын да нақты мысалдармен жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған комиссия мүшесі, сексеннің сеңгіріне келіп қалған К.Қосатбекова әженің де ене мен келін арасындағы сыйластыққа байланысты айтқан тұжырымды ой-пікірлерінің жас келіндерге тәлімі мен әсері көп болды деген ойдамыз. 
«Дөңгелек үстел» отырысы барысында жас келіндерге арнап қазақтың ұлттық дастархан мәзірін дайындау, қонақ күту, сәлем салу және оларға қариялар тарапынан берілетін бата-тілектерге байланысты көріністер көрсетілді. Қорыта келгенде, «дөңгелек үстел» отырысында талқыға салынған «Ене мен келіннің сыйластығы» жайлы мәселенің енелер үшін де, жас келіндер үшін де пайдасы зор болды деген ойдамыз. 
Шара соңында комиссия мүшелері мен «Қазақ әйелдері. Дәстүрге жол» республикалық ұйымының «Қызыл Жұлдыз» ауылындағы жергілікті қауымдастығы алдағы уақытта да өзара тығыз байланыста болып, отбасы құндылықтарына, жастар тәрбиесіне қатысты қазіргі кезде туындап отырған келелі мәселелер бойынша бірлескен шаралар өткізіп тұру жөнінде өзара келісімге келді. 

Мұхаметілда БАЙШОНОВ, 
облыстық ардагерлер кеңесі мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы
.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

АТАДАН – АҚЫЛ, АНАДАН – МЕЙІРІМ
10 ноябрь 2022, Четверг
АТАДАН – АҚЫЛ, АНАДАН – МЕЙІРІМ
Дидар
31 май 2022, Вторник
Дидар
Дидар
05 май 2022, Четверг
Дидар
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры