Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » УӘДЕГЕ БЕРІКСІЗ БЕ?

УӘДЕГЕ БЕРІКСІЗ БЕ?

30 январь 2024, Вторник
60
0
Ауылда өстік, қариялардың айтқан ақылдарын, аталық сөздерін бойымызға сіңіріп өстік. Олар рет-ретімен өз білгендерін бізге үйретуден жалықпайтын. «Олай жасамаңдар, ұят болады», «Біреуге қиянат жасамаңдар, ұят болады», «Біреудің затын алмаңдар, ала жібін аттамаңдар, ұят болады» деген сөздерін жиі еститінбіз, сол асыл қасиеттерін бойымызға сіңіріп, өсиеттерін естіп өстік, қалыптастық, жетілдік. Тәубе, одан жаман болмадық, тәрбиелі болдық, иманды болдық! Қазір «Ұят» сөзінің қадір-қасиеті ортамызда көмескіленіп бара жатқаны ойландырады. Ұяттан безгендер қатары көбеймесе, азаяр емес. Қоғамымызда «лақтырып» кететін алаяқтар, түйені түгімен жұтатын ашкөз жебірлер айылдарын еш жимай келеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», деген сөз бекер айтылмаған-ау, тегі. Сол өкінішті...

Борыш деген ұғымның аясы да өте кең. Алла алдындағы, ата-ана алдындағы, туған жер, отан алдындағы, отбасы алдындағы борыштарды аға ұрпақ жастардың бойына сіңіріп отырған. Борыш, яғни парыз өтелмесе, оның артында сұрауы бар екенін жақсы білген халықпыз. 
Қазақтың тағы бір жақсы қасиеті – айтылған, өзара берген уәдеде, айтылған сөзге тұру. Халық арасында «Уәде – Құдай аты» дейтін өте мәнді тіркес бар. Неге мәнді? Өйткені, уәде бұзылып, оның қоғамдағы рухани һәм имани құндылығы әлсіреген жерде береке қашады. Өйткені, уәде дегеніміз – қауымды берекесіздіктен сақтайтын, әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас ұстаным болатын. Ел арасында көп айтылатын қара өлең жолдарында «Қош бол, сәулем, көргенше, Қайта айналып келгенше, Уәдеңе берік бол, Мен сендікпін өлгенше» дейтін де тіркес бар. Бұның бәрі ежелгі қазақ қоғамында уәде ұғымының мән-маңызы өте зор болғанына айғақ.
Көшпенділер ұғымында – адамның адамгершілігі оның уәдеге беріктігімен, басқадан артықшылығы уәдесін орындай алатын мықтылығымен өлшенген. 
Халқымыздың рухани мұрасы – ислам дінінде де уәдеге аса маңыз бергені белгілі. Құранда «уәде» жайлы бірнеше аят бар. Мысалы, «Исра» сүресінің 34-ші аятында: «Берген уәделеріңді және жасасқан, келіскен шарттарыңды орындаңдар» деп үкім етсе, Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде «Өтірікші, екіжүзді адамның белгісі – ол уәдесінде тұрмайды және сөйлесе жалған айтады» деп сипаттаған екен. Демек, кімде-кім берген уәдесінде тұрмаса ол – екіжүзді. Ал, екіжүзді адам жайлы мұсылман ғұламалары аят-хадистерге сүйене отырып «оның орыны тозақтың түбі» деп тәпсір айтқан. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар», – деп бұйырады. Байқағанымыздай, уәдеге беріктік шынайы мұсылман жанның бойынан табылуға тиісті асыл қасиеттердің бірі болып табылады. Көркем мінездің кемеңгері атанған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәл осы уәдеге берік болудың адам мінезін көріктендіре түсумен қатар, жәннатқа жетелейтінін жеткізеді: «Маған өздеріңнен мына алты нәрсенi уәде етсеңдер, Мен де сендерге жәннатқа кiруге кепiлдiк беремiн!»
1. Сөйлеген кездерiңде турашыл болыңдар;
2. Уәде берген кезде сөзде тұрыңдар;
3. Аманатқа сенімді болыңдар;
4. Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;
5. Көздерiңдi харамнан сақтаңдар;
6. Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар.

«Кімнің бойында мына 4 түрлі қасиет бар болса, онда ол екіжүзді мұнафықтан саналады, олар: аманатқа қиянатшыл, сөйлеген сөзінде өтірік айтушы, уәдесін орындамау, куәліктен жалтарушы» деген.
Атам қазақтың «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынағаны» деп мақалдауы жоғарыдағы ислам шариғатының қазақ ортасындағы тұтқасы іспеттес.       
Көркем мінез - адамның жақсы қасиеті. Ал, көркем мінездің бір сипаты уәдеге беріктік, сөзінде тұру. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін халқымыз ежелден сөзге беріктік сияқты асыл қасиетті жоғары бағалаған. Айтқан сөзде тұра білу, берген уәдеден айнымау – адамшылық шарты, мұсылмандық парыз, имани дәреже.
«Аманат» сөзі де адамнан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Аманат кім болса, соған тапсырыла бермейді. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын көпшілік біледі. Бірақ, өмірде ол орындала бермейтіні өкінішті. Ел арасында «Ақ болсаң ант ішпе!» деген қағида қалыптасқан. «Айтылған сөз – атылған оқ», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген өсиет қалдырған да ежелгі ата-баларымыз...
Иә, ежелгі бабаларымыз қазіргідей қағазға табынып, нотариус арқылы мөр қойып, келісім-шартты заңдастырып жатуды қажет етпейтін. Не зат болмасын бетпе-бет келісіп, уәделесіп қол алысса болды, оның орындалуы міндет болатын. «Келісім – Құдайдың әмірі» дейтін халқымыз. Қазір ше? Бірін-бірі алдау, тонау, жолын тауып «лақтырып кету» үйреншікті әдетке айналды. Тіпті, оны әлгі алаяқ пысықайлар өз жетістігі, іскерлігі, ақылдылығы деп ұялмай-қысылмай мақтанып, төстерін ұрады. Ол сонысымен өзінің  пысықтығын көрсеткісі келеді. Оның ертең немен аяқталатынына аса мән бере бермейді. Уәдеде тұра алмау – өз сөзіңді, сол арқылы өзіңді сыйламаудың белгісі. Ал, өзін құрметтемеген адамның басқаларды қадірлеуі қиын. Оның үстіне берген уәдесі – қара басының қамын күйттеген қулық пен пайда іздеген бақай есепке құрылған болса, сөз жоқ, ондайлар өздері ыңғайсыз жағдайға тап болып жатады. Кез-келген адам уәдесінен бас тартып кете беретін болса, ондай пенделер арасында ең алдымен сенім мен құрмет жоғалады. Ал, құрметсіздік – суықтықты, суықтық – немқұрайдылықты тудырады. Сондықтан уәдеге опасыздық – адамдар арасындағы сенімсіздік пен суықтықтың, одан арысы қоғамдағы берекесіздіктің басты себепкерлерінің бірі.
Уәде жайлы ойлағанда мына бір әңгіме еске түседі. Өте ертеде қолы қарулы жігіт бір адамды байқаусызда өлтіріп қояды. Өлген адамның туыстары қазыдан «қанға-қан» үкімін сұрайды. Жігіт айтады: «Алыста тұрушы едім, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабай-ын. Үш күнге мұрсат берсеңіз», дейді. Қазы көпшілікке қарап: «Бұған кепіл болатын адам бар ма?» дейді. Ешкім үндемейді. Сол кезде бір қария шығып: «Мен кепіл боламын. Ол келмей қалса, менің басым алынсын» дейді. Ел-жұрт аң-таң, өйткені, бұл қария ана жігітті танымайды.
Арада үш күн өтеді. Уәделі күні елдің бәрі жаза алаңына жиналады. Әлгі кісі өлтірген жігіт жоқ. Жұрт біткен оның жолына қарап тұр. Бірақ, ешкім көрінбейді. Ел «жігіт өтірік уәде берген екен, мына қарияға обал болатын болды-ау» деп ойлайды. Бір кезде көпшілік алыстан қара терге түсіп жүгіріп келе жатқан жігітті көреді. Оның уәдесінде тұрғанына бәрі таң қалады. Жігіт айтады: «Елім алыс болғандықтан уақыттан кешіктім, бірақ, бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын». Уәдеден таймаған азаматқа ел риза. Жағдайға қаныққан өлген адамның туыстары да «біз кешірдік» дейді.
Қазы көпшілік алдында өлім жазасы үкім етілген жігіттен: «Сен өлетініңді біле тұрып келдің, неге қашып кетпедің?» - дейді. Оның жауабы: «Мен уәдемде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында уәденің құны жойыла ма деп қорықтым» болды. Қазы қарияға бұрылып: «Сіз бұл адамды танымай тұрып неге кепіл болдыңыз?» - дейді. Ақсақал: «Кейін мұсылмандар арасында уәдеге сенушілік әлсірей ме деп қорықтым», – депті.
Уәде бердіңіз бе, сөзіңізде тұрғайсыз. Айтқан сөзде тұра білу, берген уәдеден айнымау – адамшылық шарты. Сондықтан, уәдеге барынша берік болайық, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
дәрігер-хирург.

Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры