Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БІРЛІКТЕРІ БЕКЕМ, БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІ ЖОҒАРЫ

БІРЛІКТЕРІ БЕКЕМ, БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІ ЖОҒАРЫ

30 январь 2024, Вторник
73
0
Қазақта үлкенді сыйлауға, қадірлеуге, құрметтеуге үндейтін «Қариялы ел – қазыналы ел», «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «Үлкеннен үлгі ал», «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген қанатты сөздердің тәрбиелік мәні зор. Егер жастарымыз осындай ұстанымда болса, ұтылмаймыз. Бұл – бір жағынан ұлттық құндылық.
Қазіргі қарқынды даму, жаһандану заманында бұл өте - мөте керек. Өркениетке көш түзеген заманда жастарда батыстық жеңіл мінез - құлыққа еліктеушілік басым екені де рас. Сондықтан, өскелең ұрпақты жазғыра бергеннен гөрі, олардың жанына жақсылықтың дәнін сеуіп, ұлттық қасиеттерді дарыту керек. Бұл бүкіл қоғамға ортақ болғанымен, аға буын өкілдеріне жоғары жауапкершілік, міндет жүктейтін іс. Әрине, бұл ретте әңгіменің бір ұшы ардагерлер ұйымдарына келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті.

Тереңөзек ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы осы орайда қал - қадірінше жұмыс жүргізіп жатыр. Барлығын иемденуден аулақпын, дегенмен, ауыл ақсақалдары қай уақытта болмасын аймақтағы барлық игі істердің басы - қасынан табылып жүргендігі анық. Өмірде көргендері, көңілге түйгендері көп, өндірісте тәжірибелері мол қариялардың қай істе болсын ақыл - кеңестері керек - ақ. Кейбір бағалы бастамалар да аға буын өкілдері тарапынан көтеріліп жатады. Олардың жүзеге асырылғандары да аз емес.
Мен арғы - бергіні қозғамай - ақ өтіп бара жатқан жылда атқарылған істердің бірқатарын атап өткенім жөн болар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы жақсы істердің басы - қасында жүрген ардагер ақсақалдар бір марқайып қалсын.
Өткен жылдардың басынан бастар болсам, 50 ардагер ауылдағы пошта ғимаратына жылу жүйесін жүргізуге орталарынан қаражат жинап, көмек көрсетті.
1 наурыз – Алғыс айту күнінде қырғыз Әнипа қажы Бәйтиеваға, татар Әмина Арслановаға, өзбек Мухаббат Шерметоваға сый - сияпат жасап иықтарына камзол жаптық. Ал, 8 наурыз -Халықаралық әйелдер күнінде ауыл әкімі Қанат Смат 1976 жылы туғандарды ұйымдастырып, 110 кісіге дастархан жайды. Іс – шара барысында аналарға, қыз - келіншектерге гүл мен орамал сыйға тартылды.
Наурыз мерекесінде де арда-герлерге арнайы дастархан жайылып, 8 қарияға шапан жабылды, 1 қарияға картина сыйға берілді. Бұл мерекелік шараларға 1983 жылы туған ауыл азаматтары демеушілік жасады. Кәсіпкер Ерлан Мырзахметов 1 жылқы сыйласа, демеушілерден жиналған 1 миллион теңгеден астам қаржы көкпар, арқан тарту, қол күресі, жүгіру сынды ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаздарға берілді.
Сәуірдегі Ораза айында ақса-қалдар мен мешіт имамдарының бастамасымен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында округтегі 12 дүкенде арақ - шарап өнімдері сатылған жоқ. Ал, Қадір түнінде ауылдың 1972 жылы туған азаматтары мешітке келушілерге дастархан жайып қошемет көрсетті.1974 жылы туған ауыл жастары 2014 жылдан бері Наурыз мерекесін атап өтуге демеушілік жасап келе жатқандығын айтуға тиіспін. Олар клубқа музыкалық аспаптар алып беріп, мереке тойланатын алаңды безендіруге үлкен үлес қосты.
Бұл жерде демеушілерді бөліп атап отырғаным – көпшілік іс – шараларға ауыл азаматтарының атсалысатынын айтқым келгені. Әрине, оларға ой салуда қариялардың ақыл - кеңестері болғаны сөзсіз.
Жастар тәрбиесі - басты назарда. Осы жерде жастардың қатысуымен өткізілген мәдени - спорттық іс - шаралардың рухани байлықты арттыруда, шымырлыққа шаңдауда рөлі жоғары.
Өткен жылдың соңына қарай халқымыздың жезтаңдай әншісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына арналып «Қазақтың бұлбұлы» атты кеш өткізгенбіз. Онда әйгілі әншінің келіні бейнекөрініс арқылы сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
Мамыр айында мектепте бол- ған «Қыз өссе, елдің көркі» тақырыбындағы, Қазақстан Респуб-ликасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Күләш Ахметованың шығармашылығына арналған «Поэ-зияның ақ раушаны» атты кештің жастарға үлкен үлгі – өнеге болғаны сөзсіз. Осы тағлымды басқосуға ардагерлер көптеп қатысып, жастарға жақсы тілектерін арнады.
Имандылыққа шақырған жақсы шара ретінде Пайғам-барымыздың(с.ә.у) туған күні – Мәуліт мерекесінің аталып өтілуін айтуға болады. Ауыл мешітінің имамы Ерғали Омаров адамзаттың ардағы, Алланың елшісінің өнегелі өмірінен тамаша әңгімелер, қасиетті дініміз Исламнан уағыздар айтып, құран оқудан жарыс өткізілді. Бекетай Шәріпханов жиналған қауымға ас беріп, әруақтарға құран бағышталды. Осы мерекеде 3 ауылдан 3 қарияның иығына шапан жабылып, 13 намазханға жайнамаз тарту етілді.
Ауылдан шыққан іскер, ілкімді азаматтардың демеушілігімен спорт майталмандары болған бес жігіт – Есім Көшекбаевты, Абзал Қалабаевты, Талғат Базарбековті, Нұржан Сериевті, Ерлан Сиыршыны еске алуға арналған футбол турниріне 8 команда қатысты. Осы жарысты ұйымдастыруға ардагерлер мұрындық болды.
Осы жерде айтылуға тиіс бір мәселе – ауылда ұлттық ат спортын дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Әсіресе, көкпарға. Нәтиже жаман емес. Наурызда ауылдың 2001 – 2004 жылдары туған шабандоз балалардан құралған көкпаршылар командасы облыстық біріншілікте бас бәйгені жеңіп алды. Жаттықтырушысы – ардагер Біржан Жүнісқадіров.
Тереңөзек ауылдық округінде 3 елді мекен бар, олар – Тереңөзек, Көкарық, Шолаққайыңды ауылдары. Үш ауылда да мектеп (бір орта, екі бастауыш), мешіт, шағын футбол алаңдары бар. Сондай - ақ, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 медпункт, 1 пошта, 12 дүкен округ тұрғындарына қызмет көрсетуде. Округ Аумағында тұратын 250 - дей зейнеткердің ішінде 2 ауған соғысына қатысушы, 6 Семей полигонында қызметте болғандар, 2 Чернобль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысқандар, 4 желтоқсаншы бар. Олардың барлығы мерекелерде сый - сияпаттардан құр қалған емес.
Ардагерлердің қоғамдық жұмыстарға белсенділігі жақсы. Олардың қатарында Рахымбай Парманқұлов, Тастан Мәндербаев, Құлмахан Бектұров, Баймұрат Бейсенбаев, Бақтыбек Көпжановтарды бөліп атасам, өзгелері өкпелемес. Мысалы, өткен жылы «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында көпбалалы бір отбасыға баспана салып беруде қариялар өздерінің ұйымдастырушылық қасиеттерін көрсетті.
Спортты жандарына серік еткен Асқар Оспанов тоғызқұмалақтан, Рәсілхан Мейірқұлов асық пен дартстан облыстық, аудандық жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алып жүр.
Шешендік пен білгірлік сайы-сында, батагөйлер сынында Құлмахан Бектұров жүлдеден құралақан емес. Мәдени ұйымдастырушы Кәміл Дабылбеков жетекшілік ететін әжелер ансамблі ардагерлер бас қосқан жарыстарда замандастарына көтеріңкі көңіл - күй сыйлап жүр.
Еңбек – тәрбиенің ең қуатты құралы. Бұл орайда ауылымызда жастарға үлгі - өнеге көрсетіп жүрген аға буын өкілдері баршылық. Ардагер кәсіпкер Әбділдә Нұрмағанбетов 25 гектар жоңышқалықтан жыл сайын жақсы өнім алып, кәдеге жаратып келе жатса, зейнеткер Әділ Ниязқұлов, кәсіпкер Темірбек Байқұлиев 2 жылдан бері қазір елімізде жоғары сұранысқа ие пияз өсірумен шұғылдануда. Зейнеткер Бақытбек Сүлейменқұлов, көпбалалы аналар Айнаш Мырзақұлова, Ханшайым Сәтқұлова, Айман Тәшметова үй іргесіндегі жер телімдеріне көкөніс өсіріп, өздерін қамтамасыз етіп отыр.
Міне, тұрғындары бірлікпен тату - тәтті өмір сүріп жатқан Тереңөзек ауылдық округіндегі әрбір жақсы істерге ардагерлердің де үлес қосып отырғанын тілге тиек еттік. Олар бұл әрекеттерін алдағы уақытта да жалғастыра беретін болады.
ЖОЛДАСБЕК ҚАЙНАРБАЕВ 1948 жылы туған. 1966 жылы Ақыртөбе орта мектебін бітіріп, 1967 – 1969 жылдары әскерде азаматтық борышын өтеген, 1973 жылы Қызылорда политехникалық техникумынан гидротехник мамандығын алып шыққан.
Шаруашылықта комсамол ұйымының хатшысы, гидротехник болып еңбек еткен Жолдасбек Қайнарбаев 1979 - 2011 жылдар аралығында Тереңөзек ауылдық кеңесінің хатшысы, ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. 2017 жылдан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Жолдасбек Қайнарбаев – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалі мен «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына - 30 жыл», «Тұрар Рысқұлов ауданына 80 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері.
Жолдасбек ҚАЙНАРБАЕВ,
Тереңөзек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

КЕЛЕЛІ ІСТЕ КЕЛІСІМ КЕРЕК
27 сентябрь 2023, Среда
КЕЛЕЛІ ІСТЕ КЕЛІСІМ КЕРЕК
Жазылым – 2020
27 май 2020, Среда
Жазылым – 2020
БӘРІ ДЕ БАСТАУЫШТАН БАСТАЛАДЫ
06 сентябрь 2023, Среда
БӘРІ ДЕ БАСТАУЫШТАН БАСТАЛАДЫ
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
14 июль 2023, Пятница
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры