КЕЛЕЛІ ІСТЕ КЕЛІСІМ КЕРЕК
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жақында Байзақ ауданында өткелі отырған ардагерлер ұйымдары төрағаларының облыстық көшпелі семинар - кеңесінде ардагерлер ұйымдары мен билік тармақтарының өзара бірлескен іс қимылы тақырыбы кеңінен талқыға түспек. Осынау алқалы жиын қарсаңында біздің бұл жолғы сұхбаттастарымыз – Қордай ауданы Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Білімұлы Иенберген мен ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Ақынтайұлы Семжанов болып отыр. Олардың бірлескен тиімді қызметі жайлы әңгімелеріне құлақ түріп көрейік.
ТІЛШІ: – Сіздердің бастауыш ардагерлер ұйымы есебінде қанша қария есепте тұрады? Ұлттық құрамы мен жас ерекшеліктері туралы не айтар едіңіз?
Әділбай СЕМЖАНОВ: – Ауқат-ты ауылдық округі аумағында 3 елді мекен бар: Ауқатты, Қызылсай, Байтерек ауылдары. Осы ауылдардан біздің ұйымымыздың қоғамдық қызметіне 20-дан астам ардагер белсене қатысады. Олар – ардагерлер кеңесінің, аналар алқасы мен билер кеңесінің мүшелері, тұрақты комиссиялардың төрағалары.
Олардың жас ерекшеліктеріне келсек, 80 – 85 жас аралығында екі, 75 – 80 жас аралығында үш қариямыз, 63 - 70 жас аралығында 15 ардагеріміз қазіргі кезде ұйым сапында белсенділік танытуда. Ауылдық округ бастауыш ардагерлер ұйымы ұлттық құрамы жағынан 5 ұлттың өкілдерінен тұрады. Олар: қазақтар, орыстар, дүнгендер, қырғыздар және ұйғырлар. Барлығы бір атаның баласындай тату - тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ортақ істі ойласып шешеміз.
ТІЛШІ: – Келесі сұрақты ауылдық округтің әкіміне жолдағалы отырмын. Ауылдық округ әкімдігінің ардагерлер кеңесімен байланысы қандай? Олар билікке көпшіліктің, қоғамның мүддесімен көп қайырыла ма, әлде жеке басының жайын күйттеген оны - мұны, майда - шүйде мәселелермен мазалай бере ме?
Алмас ИЕНБЕРГЕН: – Ауылдық округ әкімдігі мен ардагерлер ұйымы тығыз байланыста. Елді мекендердегі ауызсу, абаттандыру, жайылым, жол, көшелерді жарықтандыру сияқты өзекті мәселелерді ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып шешеміз. Сондай - ақ, балалардың ойын алаңдары, шағын футбол алаңын салу, ескірген электр бағандарын ауыстыру бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең кезеңімен шешілуде. Ауылда шешімін күткен мәселелер көп. Тұрмыстық кикілжің, жер дауы, жайылым төңірегіндегі түйткілдер, жастар тәрбиесі сияқты өзекті өмірлік жағдаяттар белсенді қариялардың қатысуымен шешілуде.
ТІЛШІ: – Төраға мырза, енді ардагерлер ұйымының қоғамдық қызметіне келейікші. Сіздің ұйымда қандай тұрақты комиссиялар бар? Билер кеңесі, аналар алқасы секілді қоғамдық құрылымдар жұмысы туралы не айтар едіңіз? Әрбірінен нақты мысалдар келтіре отырып әңгімелесеңіз.
Әділбай СЕМЖАНОВ: – Бас-тауыш ардагерлер ұйымымыз – ауылдағы ең бұқаралық қозғалыс. Ардагерлер кеңесінің құрамында үш ауылдың ең белсенді қариялары қоғамдық жұмыс атқарады. Кеңестің жанынан бірнеше тұрақты комиссия құрылған. Олардың арасынан әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысын айрықша атап өтуге болады. Олар ауылдық округтегі көмекке мұқтаж қарияларды анықтап, тізімге алып, әрқайсысына жеке қағаз толтырып, мүмкіндігіне қарай қолдау көрсетуге ықпал жасайды.
Кейінгі жылдары құрылған билер кеңесі биылдың өзінде үш рет жиын өткізіп, ауылдағы дау - дамайлы мәселелерді сотқа жеткізбей шешім шығарды. Ауылдағы аналар алқасы да көптеген игі істерге ұйытқы болып, балалар тәрбиесі, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бас-тамашыл болуда. Біздің округтік ардагерлер кеңесінің қызметі мұнымен шектеліп қалмайды. Әлеуметтік жағдайлары төмен, күнкөрісі нашар отбасыларына қолдау көрсетуге биліктің назарын аудартып отырамыз. Шүкіршілік айтуға болады, жер емген халықпыз ғой, ауылдағылардың жағдайын анау айтқандай жаман деуге келе қоймас. Әрине, ел болғаннан кейін бірлі - жарым көмекке мұқтаж жандар жоқ емес, бар. Оларға ауылдық округ әкімдігі, осындағы орналасқан мекемелер, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер бар, соларды жұмылдырып, қолдау көмек көрсетіп тұрамыз. Әрбір мерекеде қарияларға арналып дастархан жайылады, мәдени – көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Үлкендерді төрге оздыраымыз. Қариялар жастарға батасын беріп жатады. Биылдың өзінде 50 отбасына 1,8 миллион теңгеге азық - түлік себеттері таратылды.
Қарияларымыз қарап отырмайды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Қазір ел газет - журналдарды, әдеби кітаптарды көп оқымайтын болды. Мұндайда біздің ардагерлеріміздің рухани байлыққа құштарлығы әлі қайта қойған жоқ. Жастармен кездесудерде үлкендеріміз оқыған кітаптары туралы, газеттерде шыққан жақсы мақалалар жайында әңгімелеп берді. Зейнеттегі қарияларға шахмат - дойбы ойнатамыз, олар ардагерлер кеңесіне келіп бір мезгіл шәй ішіп отырып өткен - кеткен әңгімелерін айтып, уақыттарын өткізеді. Міне, осы жұмыстардың бәрін ұйымдастыру оңай шаруа емес. Көзіне айтқаным емес, мұндайда ауылдық округ әкімі бізге үнемі қол ұшын береді. Қанша дегенмен олардың қолында билік бар, кәсіпкерлерді ұйымдастырып қариялардың жайғдайларына қарасып тұрады.
Алмас ИЕНБЕРГЕН: – Арда-герлер кеңесінің төрағасы ағамыздың сөзін жалғастыра кетуді жөн көріп отырмын. Мерекелерде ардагерлерді ескерусіз қалдырмаймыз. Үйлерінен шыға алмайтын қарияларға мерей - тойларына байланысты төрағамен бірге әркез сый - сияпаттарын апарып, құттықтау хаттарын тапсырамыз. Аудан және облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарына ұсынамыз. «Қарт көңілі – баладай» деген біздің тарапымыздан көңіл бөлінгеніне ол кісілер дән риза.
ТІЛШІ: – Қазақта «Қариялы ел – қазыналы ел», «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейтін қасиетті қағидалар бар. Сіздер ауылдағы көпке ортақ, тұрғындар үшін пайдалы істерді ардагерлермен ақылдасып шешіп отырасыздар ма? Мысалы, «Асарлатып үй салу» бағдарламасын жүзеге асыруда. Ақсақалдар кеңесімен жүзеге асырылған бағалы бастамалардың, жақсы істердің бірлі – жарымын мысалға келтіріңізші?
Алмас ИЕНБЕРГЕН: – Мемле-кеттік міндетті қызметтерден бөлек ауылға қатысты мәселелерде ардагерлердің ақыл - кеңестері мен қолдауларына жүгінеміз. Бұл, әсіресе, жастар тәрбиесіне, оларды отансүйгіштікке баулуға қатысты. Бұл ретте үлкендердің өткен өмір жолдарының өзі тұнып тұрған өнеге.
«Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша өткен жылы бір отбасы баспаналы болған. Алдағы уақытта бұл игілікті іс жалғасын табады. Әрине, бұл арада үлкендер жағы кірпіш қалап, үй соғып берді деп айта алмаймын. Бірақ, бағалы бастамалардың бастауында ардагерлер тұрады, көпке үлкендігін айтады, қазақы дәстүрімізге сай асарлатып жұмыс жүріп жатқан кезінде ақсақалдарымыз батасын береді.
ТІЛШІ: – Билікпен бірігіп жұмыс жүргізуде көпшілікке үлгі болып, белсенділік көрсетіп жүрген ардагерлер туралы не айтасыз? Алмақтың да салмағы бар, сұрай бергеннен гөрі билікке қолдау көрсетіп, қолынан келсе көмектесуі керек қой есті қариялардың. Сондай, өзгелерге үлгі етуге лайық ардагерлердің бірқатарын атаңызшы, «жақсының - жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей.
Әділбай СЕМЖАНОВ: – Айтқа-ныңыз жөн, биліктің бізден басқа да мәселелері жетіп жатыр. Сондықтан, ардагерлер өзекті мәселелерді өз арамызда талқылаймыз. Ондайда орынды ұсыныс - пікірлерін ортаға салып, белсенділік танытып жүрген қарияларымыз аз емес. Рахымжан Сапақов, Серік Қанатов, Төлеубай Баймұқанбетов, Харби Ихия, Мехар Джинлиров, Ламзар Айдаров, Қарлығаш Қабылбекова, Бақтыбек Мүсілімов, Рахымбай Молдашев, Құрбан Тұрдахунов, Юрий Маматченко, Николай Ломакин сынды белсенді қарттарымызды солардың санатына жатқызуға болады.
ТІЛШІ: – Міне, 10 жылдан асты облыс ардагерлерінің төл басылымы – «Ғұмыр – Дария» газетінің шығып келе жатқанына. Сырт көз – сыншы, осы газеттегі жарияланымдар жайында пікірлеріңізді айта отырыңыздар, қандай мақалалар оқығыларыңыз келеді?
Әділбай СЕМЖАНОВ: – «Ғұмыр – Дария» - қариялардың сүйіп оқитын газеті. Онда тарихи оқиғалар, әріптестеріміздің атқарып жатқан істері туралы танымдық, тәжірибе алмасуға тұратын мақалалар жарияланып тұрады. Бұл басылымға 2023 жылдың екінші жартыжылдығына 34 кісі жазылған. Оның ішінде 10 ардагер демеушілердің көмегімен жазылу жұмысы жалғасады.
ТІЛШІ: – Мазмұнды әңгіме - леріңіз үшін рахмет!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
«Ғұмыр – Дария».
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)