БАСТЫ САҒАТ НЕГЕ БАСҚА УАҚЫТТЫ КӨРСЕТЕДІ?
Сағат – адам өмірінің ең керекті дүниелерінің бірі де бірегейі. Себебі, сағат уақытты көрсетеді. Ал, уақыт бәрін көрсетеді. Егер сағаттар дұрыс жүрмесе, адам белгілеген уақытынан жаңылып, өмірінің ырғағы бұзылады.
Қолсағаттар мен мекемелердегі қабырға сағаттарының жүрістерінен жаңылып немесе тоқтап қалғанын көбінесе сол ортадағы адамдар ғана көріп өздері туралап қоя алады. Бірақ, бір қаланың ортасына орнатылған баршаға ортақ мұнаралы сағат тоқтап қалса, оны соған жауапты мекеменің мамандарынан өзге ешкім жөндеп, жүргізе алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бір жағынан ондай сағаттардың қалып, озып кеткені, не болмаса мүлдем тоқтап қалғаны көзге ерсі көрініп, көңілге кірбің ұялатады екен.
Бүгінгі әңгімеме арқау еткелі отырғаным - Тараз қаласынының қақ төріндегі «Көне Тараз» этнокешеніндегі мұнаралы сағат. Бұл сағаттың орнатылғанына біраз жыл болса да, жүргенінен тұрғаны көп. Оның үстіне ол жерде мұнараның төрт жағында төрт сағат тұр ғой. Олардың түрлі жүрістеріне қарағанда төрт мемлекеттің уақытын көрсетіп тұрғандай әсерде қаласың. Сонда халық сол сағаттардың қайсысына қарап дәл уақытты біледі, қайсысына қарап сағаттарын туралайды?
Міне, осы мәселе бойынша аталған сағатқа жауапты Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі мамандарына жолығып едім. Олар: «Бұл сағаттың жиі тоқтап қалатын себебі, біз сағатты тапсырыс бойынша Ресейден алдырғанбыз. Сағат та Ресейдікі, сағатты келіп орнатқан да сол елдің мамандары болатын. Неге екені белгісіз соңғы кезде жиі тоқтайтын болды. Бірақ, біз тоқтады деп қарап отырмай ресейлік мамандарды шақырып жөндететінбіз. Керекті бөлшектерін өздері әкеп, өздері жөндеп кететін. Оларды сонау алыс жерден шақыра бергенге аз шығын шықпайтынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан, «әрекетке берекет» демекші, өзіміз де қолдан келсе әрекет етейік деп облысымыздан сол сағаттың тілін білетін шебер іздеп едік, бағымызға қарай ондай адам табылды. Егер ол маман сол сағаттың ақауын тапса, көп ұзамай жүрісін қайта жалғастыратын шығар деп үміттеніп отырмыз. Және ол сағатты бұдан былай жиі бақылауда ұстайтын боламыз», – деді.
Жөн делік. Мен бұл қызметкерлердің сұрақтарыма түсінікті де мәдениетті жауап бергеніне риза болып, рахмет айтып, жұмыстарына сәттілік тіледім.
Шынын айтайын, мені осы сағатқа бай-ланысты сұрақ пен бір ой мазалайды кейде. Алдымен сұраққа келетін болсам, әлем жұртшылығы жақсы білетін Англиядағы «BIG BEN» деген және Ресей астанасы Мәскеудің Кремльдегі мұнаралы сағаттар, жазба деректерге сүйенсек және тарихшылар мен өзге де білетіндердің айтуынша, ешқашан озып не қалып көрмепті. Тіпті, тоқтамаған дейді. Тоқтаса да белгілі себептермен, яғни тозығы жеткен механизмдерін ауыстырғанда немесе шаң-тозаңнан тазартып, майлағанда ғана тоқтаған екен. Ал, бұл сағаттардың орнатылған уақыттарына келетін болсақ, олардың тарихы жылдар түгілі, тіпті, ғасырларға кетеді. Сонда да мүдірместен қызмет етіп тұр.
«Тараздағы BIG BEN» деп Жамбыл жұртшылығы атап кеткен өзіміздің мұнаралы сағатымыздың орнатылған уақыты құжат бойынша 2020 жылдың мамыр айы екен. Ал, биіктігі 37 метр болатын мұнаралы сағаттың жалпы келбетіне келсек, сөз жоқ әдемі. Алыстан менмұндалап көз тартып, көңіл сүйсінтеді. Бұл стелла «Көне Тараз» этнокешеніне ғана емес, шаһарымызға да шырай беріп тұр. Ол да Астанадағы «Бәйтерек» секілді жамбылдықтардың символына айналған. Біз, мұндай дүниемізбен сөз жоқ мақтануымыз керек еді. Және еліміздің басқа облыстарынан, алыс-жақын шетелдерден келген туристер мен өзге де қонақтарға ұялмай көрсетуге болады. Тек, тұғырдағы басты сағатымыз басқа уақытты емес, өз уақытымызды дұрыс көрсетіп әрі тоқтамай тұрса болғаны.
Бір сөзбен айтқанда, мұндай сәулетті орын қаламыздың өзіндік брендіне айналуы үшін сол кешеннің көркіне көлеңке түсірмей, бірінші көзге түсетін аталмыш сағаттың мінсіз жұмыс істеп тұрғаны абзал.
Енді ойыма келер болсам, бұған дейін бұл сағаттың орнында көп жыл бойы жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші тұрғаны баршаға аян. Жамбыл бабамыздың ескерткіші алынып, өзге жерге қойылды. Сосын ескерткіштің орнына мұнаралы сағат орнатылды. Бәлкім, рухы мықты, қасиеті зор бабамыздың әруағы мен киесі әсер етіп, сағат қанша жаңа болғанымен жүрісінен жаңылып, жүрегі соқпай қалатыны содан да болды ма екен?!
Мысалды алыстан іздемей-ақ, тіпті өзіміздің өңірде болған мына бір жәйтті нақты дәлел ретінде айта кетер болсам, 1937 жылы облысымызға Жамбыл Жабаевтың есімі берілгенде көзі тірі жыр жампозы Жамбыл бабамыз:
«Атыңнан айналайын, Әулиеата,
Атыңды ап қойды деп болма қапа» - деп кешірім сұраған екен.
Кісілігі мен кішілігі қатар жүрген көнекөз Жәкеңнің мұндай іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі әрі ұлағат.
Алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Сол мерекеде сағат атаулының бәрі түнгі 24:00-ді соққанда Тараздағы мұнаралы сағат қай уақытты көрсетіп тұрар екен? Бұл, менің ғана емес, көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ қаламыздың басты сағатының алдағы уақытта қайта іске қосылып, себепсіз тоқтамай жүретініне сенгіміз келеді.
«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта» - деп Мұқағали ақын жырлағандай, мен бұл мақаланы жазу барысында жүрегімнен жыр да туды. Енді осы ойтүрткі мақаламды сағат туралы өлеңмен түйіндегенді жөн көрдім.
Әрбір күннен әлемге шуақ тарап,
Жетелейді биікке мұрат, талап.
«Уақытын кім қалай өткізер?» – деп,
Сағат тұр, сыртылымен сынап қарап.
Ой салады және де сыртылымен,
Әрбір минут тамшылап тұр тілінен.
Тоқтап, қайта жүргені сағаттардың,
Қазақтардай мың өліп, мың тірілген!
Жетелейді биікке мұрат, талап.
«Уақытын кім қалай өткізер?» – деп,
Сағат тұр, сыртылымен сынап қарап.
Ой салады және де сыртылымен,
Әрбір минут тамшылап тұр тілінен.
Тоқтап, қайта жүргені сағаттардың,
Қазақтардай мың өліп, мың тірілген!
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
журналист.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)