Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БАЛАБЕКТІҢ БЕРЕКЕЛІ БЕЛЕСТЕРІ

БАЛАБЕКТІҢ БЕРЕКЕЛІ БЕЛЕСТЕРІ

30 январь 2024, Вторник
71
0
Балабек Нарбаев – есімі облысымызға кеңінен танымал тұлға. Оның биліктегі берекелі белестері туралы төменде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Жигули Дайрабаев әдемі жазыпты. Оған алып - қосарымыз жоқ. Айтарымыз – Балабектің қай қызметте болмасын ардагерлерге, үлкендерге құрметі мен ілтипатының зор екендігі. Таразда қалалық мәслихатың хатшысы болып жүргенде де осы азаматтың тарапынан ардагерлер жағы ылғи да қамқорлықтың жылы лебін сезініп тұратын. Үлкендерге деген ілтипаты болар, өзіміздің «Ғұмыр - Дария» газеті шыға бастаған күннен бастап бүгінге дейін басылымымызды қолдан келгенше қолдаудан аянып қалған емес. Жыл сайынғы журналистер мерекесінде де редакциямызға бас сұғып, марапат - құрметін білдіріп жатады. Сарысу ауданында әкім болып жүргенде де ардагерлер қауымына үнемі қолдау - көмегін көрсетіп жүргенін көзіміз көрді. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, пейілі қазақтың даласындай дархан атпал азаматымызды бүгінгі мерейлі мерекесімен – 60 жасқа толған асулы күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Алар асуыңыз таусылмасын, Балабаек Жанбекұлы!
«Ғұмыр - Дария».

Балабекті жас кезінен білемін. Өзінің өмірге бейімділігін, істің көзін таба білетін қасиетін жігіт шағынан көрсете білген азамат. Әкесінен ерте айырылып, ерте есейді. Бір үзім нанның тәтті дәмін сезініп, еңбектің қадірін біліп өсті. Көпбалалы отбасында жетілді. Үнемі анасының қабағына қарады. Өміріндегі ең қымбат адамды қуанту үшін бойына жақсы қасиеттер мен жағымды мінез қалыптастырды. 1990 жылдардың бас кезінен тірлікке араласты. Жалындаған жігіт шағынан су шаруашылығының жоғары білімді маманы ретінде еңбек жолын бастады. Сосын сол кезеңнің талабына сай кәсіпкерлікке де ден қойды. 
Мен сол жылдары үлкен шаруашылықтың директоры едім. «Кеңестер Одағы» деп аталған алып империя тарап, Тәуелсіз мемлекет болуға аяқ басқан кезіміз. Одақтас республикалармен арамызды жібек жіптей жалғап тұрған экономикалық байланыстар ырт - ырт үзілді. Бұрын оңай болып келген жұмыстардың бәрі қиынға айналып шыға келді. Жанар - жағар май мәселесі де күрделенді. Міне, осы кезде 28 жастағы жас жігіт Балабек бірқатар шаруашылықтарға жанар - жағар май, тыңайтқыштар жеткізіп тұрды. Мен басқаратын шаруашылыққа да жиі келіп жүрді. Бұрыннан білетін ініммен адами қарым - қатынасым ендігі жерде іскерлік байланысқа ұласты. Менің байқағаным – сол жұмысты да көңілдегідей жүргізгені. Көп ұзамай газ саласында еңбек етіп, қатардағы маманнан мекеме директоры лауазымына дейін сатылап өсті. Қамал алатын қырық жасында облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлауға түскен кезінде де қуанып, тілектес болдық. Кейіннен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайтын №1 қарттар үйінің, жүйке аурулары интернатының директоры болды. Осы қызметте жүріп, 2007 жылы Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Балабектің өзінің толысқан тәжірибесі мен білімін көрсеткен шағы саясатқа араласып, мемлекеттік қызмет атқарған жылдары дер едім. 2012 жылы Тараз қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Мәслихаттың хатшысы болу – үлкен жауапкершілік пен сенім. Балабек Нарбаев үлкен қалаға бір емес, екі дүркін мәслихаттың хатшысы болып әріптестерінің жоғары сенімін ақтады. Бес жылға жуық осы қызметте отырды. Сол жылдары Тараз заманауи жаңа ғимараттармен толығып, түрленіп, тотыдай таранды. Анау асқақтап тұрған әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз- Арена» спорт кешені, Жәнібек пен Керей ханның ескерткіштері, міне, осы кезде іргесі қаланып, бой көтерді. Аталған еңселі ғимараттардың жерін таңдаудан бастап сән –салтанатымен салынып біткенге дейінгі жұмыстар аса қиындықпен жүрді. Сол күрделі жұмыстардың басы - қасында тыным көрмей өзге жауаптылармен бірге Балабек Нарбаев та жүрді. 
Сол кездегі облыс басшылары мұның саяси жағынан кемелденіп, мемлекеттік жұмыстағы белсенділігінің көтерілгендігін бағалай отырып, аудан әкімі қызметіне баруға ұсыныс жасады. Балабек бұл ұсынысқа көп ойланып, бірқатар жанашырларымен ақылдасып барып, келісімін берді. Біз басшы ретінде халықпен тікелей араласқан соң білеміз, аудан әкімі болу – зор жауапкершілік. Ол шалғайдағы Сарысу ауданына әкім болып тағайындалды. Басқарды. Абыройлы болды. Жаңашыл бастамаларын, өзіндік көзқарасын, іскерлігін көрсетті. 3 жыл ат үстінде жүрді. 45 мың тұрғынға ұнау мүмкін емес. Бірақ, Сарысу халқының басым бөлігі және зиялы қауымы , белсенділері Балабектің жұмысын бас бармақпен бағалады. 
Мұнан соң да еңбегі еленді. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басқарды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Осы қызметтерде жүргенде де ол өзінің отаншылдығын, елге жанашыр патриот азамат екенін көрсетті. Қай қызметте болмасын Балабектің ұйымдастырушылық қасиеттері жұртшылық тарапынан бағаланды. Өзі қаршадайынан қара жұмыста шыңдалғанынан болар, қарамағындағы қатардағы қызметкерлердің жағдайын түсінді. Қарапайым жұртшылықтың тілегіне құлақ асты. Жүрегінде иманы бар, шуақты жан екенін көрсетті. Сарысуда әкім болған кезінде ойлы, көзінде оты, жүрегінде жалыны бар біраз жастың жолын ашты, қызмет сатысымен көтерді.
Балабектің бірбеткей мінезі бар. Қызмет үшін жаға жыртысып, қадірін кетіріп немесе біреулерге жағымпаздық жасағанын көрген емеспін. Қоғамда әлсіздерге қорған болып жүреді. Бұл – өте жақсы қасиет. Мен Балабекті осы қасиеттері үшін ерекше қадірлеймін. Туған бауырымдай жақсы көремін. Екеуміздің арамыз он жас. Мені «Көке!» деп көтермелеп, өзімсініп, еркелеп тұрады. Сол өзімсінгені ұнайды. Ол – ақылды, парасатты. Адал жүреді. Інімді жақсы көремін. Адамдықтың - қадір қасиетін біледі. 
Шіркін уақыт зымырап өтіп жатыр! Артына қайырылатын түрі жоқ. Кешегі көз алдымызда жүрген Балабек те асқаралы алпысқа жетті. Алпыс деген – кемел жас. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, алпыс – талтүс. Сол талтүсті бұл азамат бастан кешіріп тұр. Ол басшылық жұмыста өзін жан-жақты көрсете білді. Ең бастысы, басшының міндеті мен жауапкершілігін біледі. Мен Балабек басшылық қызметте өзінің потенциялын әлі толық беріп үлгерген жоқ деп есептеймін. Қазіргі таңда да облыстың әлеуметтік саласындағы ең үлкен орталықты басқарып отыр. Дегенмен, мемлекеттік жоғары қызметтерде Балабек Нарбаевтың мүмкіндіктерін әлі кеңінен пайдалану қажет деп білемін. Мұндай озық ойлы азаматтың мүмкіндігін, тәжірибесін пайдалану – қоғамға аса қажет. Егер қолдау қажет болып жатса, халық қалаулысы ретінде бұл азаматты қолдауға дайынмын. 
Балабектің алдында әлі ұзақ жылдар бар. Құдай амандық берсе, сол жылдарда да абыройлы бола берсін. Өмірдің әрбір сәттері үшін табандылық қажет. Мен Балабектен әлі де үлкен жеңістер мен сәтті қадамдар күтемін. Қоғамның дамуына әлі де тер төге беруіне тілектеспін!

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаты.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры