Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы:БАСПАСӨЗГЕ ЖАЗЫЛУ - РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУДІҢ БІР ЖОЛЫ

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы:БАСПАСӨЗГЕ ЖАЗЫЛУ - РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУДІҢ БІР ЖОЛЫ

15 декабрь 2023, Пятница
154
0
ТІЛШІ: Сағынхан Әміреқұлұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің жуырда өткен төралқа мәжілісінде Сіздің «Ең алдымен қолыма «Ғұмыр – Дария» газетін аламын» деген сөзіңіз мәртебемізді өсіріп тастады. Төл басылымыңызға мұндай құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет!
Осының себебін ашық тарқатып айтып берсеңіз?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Зейнеткерлікке шыққанға дейін Әулиеата өңіріндегі зиялы азаматтардың біразымен өмірде, қызметте аралас - құралас, сәлеміміз түзу, сыйластықта, ниеттестікте болдық.
Солардың кейбіреулерінің «Ғұмар – Дарияда» жарияланған мақалаларын, қоғамға пайдалы ұсыныс - пікірлерін, жастарға пайдалы тәлім - тәрбиелік мәні бар ақыл - кеңестерін оқып өздерін көргендей, жүздескендей болып қаламын.
Соңғы жылдарда төтеннен келген коронавирус індетінен талай көзкөргендеріміз мезгілсіз өмірден өтіп, қатарымызды әжептеуір сиреп қалғаны рас. Құдай қалғандарына амандық - саулық берсін!
«Ғұмыр – Дарияда» тілі жатық, тәрбиелік мәні жоғары мақалалар жиі жарияланады. Өмір мектебінен өткен, тәжірибесі мол қариялар өзекті мәселелерді жиі көтеріп отырады. Бәрі де уақытпен үндес.
«Ғұмыр – Дарияның» бастапқы бетінде тұратын ақын - жыраулардың, шешендердің өлеңге түйген өнегелі сөздері, жыр шумақтары – нағыз мектеп. Ойлы оқырманның олардан алары көп.
Жас кезде қызмет, жұмыс деп жүріп көркем әдебиетті, тарихи туындыларды көп оқи алмағанымыз шындық. Осы оқылықтың орнын толтыру үшін облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап -  ғылыми кітапханаға барып, Әбіш Кекілбаевтың 20 томдық шығармаларын оқып жүрмін. Әбіш әлемі дегеніміз түбі көрінбес шыңырау ғой. Тілі қандай шүрайлы, білімі неткен терең! Тарих қойнауына кіріп кеткендей күй кешесің.
«Ғұмар – Дария» өзінің «Адырнасында» және «Даналар айтқан дара сөзінде» басылымның мүмкіндігіне қарай бағалы дүниелер жариялап тұрады.
Өзіміздің төл газетімізді үзбей оқып тұрамын. Басылымда қазақы салт -  дәстүр, әдет -  ғұрып сияқты ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мақалалар жиі жарияланады.
Оларда сөздің дәнін қауызынан айырғандай көркем тілмен бәрі де ретімен баяндалады. Адамгершілік, қайырымдылық, имандылық, инабаттылық, мейірімділік, ізеттілік, жалпы әрбір адамның бойында болуға тиіс жақсы қасиеттер туралы мақалалар жастар түгілі үлкендердің өзіне сабақ болғандай.
Міне, менің «Ғұмар – Дарияны» алдымен қолға алатынымның себебі осы.
ТІЛШІ: Сіз кеңестік кезеңде, одан бергі тәуелсіз Қазақстан тұсында облысымыздың үш ауданын басқардыңыз. Екі жүйе, екі қоғам. Сағынхан Әміреқұлов солардан қандай айырмашылық көрді екен?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Қай қоғамда да адам сол қоғамның бір мүшесі. Сондықтан, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамның дамуына үлес қосу керек. Біз екі қоғамда да солай еңбек еттік.
Әңгімеміздің негізгі желісіне көшер болсақ, баспасөз – бізді әрқашан жемісті еңбекке ынталандырушы, тәрбиеші құрал. Оны мойындаумыз керек. Бірақ, қазір мерзімдік баспасөзді бағалаушылар қатары азайып барады. Жастарда «кітап, газет -  журналдар оқуға уақыт жоқ, бәрін де әлеуметтік желіден оқып аламыз» деген пікір қалыптасқан. Бұл -  түбірімен қате түсінік. Жастарымызға рухани азық керек. Рухани аш адамнан қоғамға пайда жоқ. Оларды рухани ашаршылықтан газет -  журналдар құтқарады. «Ғұмяр – Дария» өзінің мерейлі міндетін мінсіз атқаруда. Газет бетінде ұлттық құндылықтар, әдет - ғұрып, салт -  дәстүр туралы жиі жарияланады. Тек соны құнттап оқитын зерделі оқырман керек.
Біздің бала кезімізде үлкендер «естігендеріңді, көргендеріңді жадыларыңа жаттап, көңілге түйіп жүріңдер» деуші еді, біздің де жастарға айтарымыз сол
ТІЛШІ: Сіз баспасөздің жемісті еңбекке жігерлендіруші болғанын айтып қалдыңыз. Ол кезде мерзімдік баспасөзге жазылу қалай еді?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Бізде баспасөзге жазылуда мәселе болған емес. Қызметкер, зиялы қауым ғана емес, шалғайда мал қайырып жүрген шопанның қоржынында не қонышында газет -  журналдар жүретін. Кейбіреулердің «оларды баспасөзге күштеп жаздырды» деген сыңайдағы пікірлеріне сенбеу керек. Заң бар, заңның орындалуын қадағалаушы органдар бар, ондайға кім жол бере қоюшы еді. Сондықтан, күштеп жаздыру – құлаққа кірмейтін мәселе. Мен айтар едім: «Ол кезде идеология күшті болған, үгіт – насихат жұмыстары әсерлі, нанымды жүргізілген», - деп. Жасыратыны жоқ, бүгінде осы жағы кемшін.
Еңбек ұжымында басшы болады. Кез - келген басшы қарамағындағылардың саяси сауатты, білімді, білікті, жан - жақты болғанын қалайды. Осы мақсатта қызметкерлеріне бір мезгіл баспасөзге жазылу жағын ескертіп жатса, «Ойбай, газетке зорлап жазғызып жатыр» деп аттандаудың қажеті жоқ. Түптеп келгенде ол солардың өздері үшін керек.
ТІЛШІ: Осы мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілсе, дұрыс болар еді - ау. Сіздің пікіріңіз қандай?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілмей жатқан жоқ, көтерілуде. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттық идеология мәселесіне, ұлттың рухани мұрасы тарихи -  танымдық, әдеби кітаптарды, баспа жүзіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын оқуға жастарды ынталандыру жөнінде ерекше айтты. Одан артық қалай айтуы керек енді! Санасы бар, ұлтын сүйетін, отаншыл азамат осыдан сабақ алуы тиіс. Тиіс қана емес, міндетті!
ТІЛШІ: Сіз басшылық қызметте болғанда мерзімді басылымға жазылуға қалай ықпал жасаушы едіңіз?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Бұл мәселе иек қағумен -  ақ шешіліп жататын. Елдің шеті, желдің өтінде еңбек көрігін қыздырып жатқан малшы қауым бір - бірін ерулікке, шілдеханаға шақырғанда, көкпарда бас қосқанда талай куә да болдық.
Олардың газетте жарияланған қызықты оқиғалар, қысқа жаңалықтар мен өткір әзіл -  оспақтарды отбасында мектеп жасына жетпеген балаларына дауыстап оқып беруінде зор мән бар. Ойлы оқырман ұрпағын солай тәрбиелеген.
Кеңес заманында барлық материалдық игілік мемлекет меншігінде болатын. Сондықтан, газет бетінде жіберген кемшіліктері сын садағына алынғандар жазасыз қалмайтын. Тіпті, қызметінен босатылып та жататын. Қазір бәрі де жекешеленіп кеткен. Айтылғанымен, жазылғанымен құлағына іліп жатқан ешкім жоқ. Нағыз «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтың» кері.
Тірлік теңгеге, ақыл алтынға тәуелді болған қазіргі заманда жемқорлық деген ғасыр қасіреті әбден тамырланып кеткен. Жаңа Қазақстан құруда осы бір қатерлі дертпен бүкіл халық болып күресуіміз керек. Бұл күресте баспасөз – басты қаруымыз.
ТІЛШІ: Түйсігі, санасында сәуесі бар адамның жетесіне жететіндей етіп айттыңыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының жанашыры Сағынхан Әміреқұлов баспасөзге жазылу науқанында қол қусырып қарап отырмайтын шығар? Бұл төңіректе тілге тиек етеріңіз бар ма?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Маған облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі ретінде Тұрар Рысқұлов ауданында «Ғұмыр – Дария» газетіне жазылуға ықпал ету міндеті жүктелген. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановпен жиі хабарласып тұрамын. Қожекеңе рахмет, мазалағаныма еш ренжіместен: «Сәке, газетке жазылу барысы ойдағыдай. Аудан ардагерлерінің ынта -  ықыласы жақсы. Жазылу қорытындысы жақсы болатынына сене беріңіз», - деп көңілімді демеп қояды. Өйткені, рысқұловтықтар әрқашанда көш басында.
ТІЛШІ: Отбасында өзара қарым - қатынаста қазақ тілінің қолдану аясы қандай?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Отбасында газет -  журналдарды жұбайым жаздырып алады. 
Балаларыма келсем, біздің екі ұл, екі қызымыз бар. Бәрі де орыс мектебінде оқыды. Жуалының орталығында қазақ мектебі болмағандықтан. Ол кезде осы ауданның бірінші басшысымын. «Бұл не деген сұмдық!», – деп қатты намыстанып, қазақ мектебін салғыздым. Сол мектеп пайдалануға берілгенде қариялар қатты қуанған. Тіпті, көздеріне жас алғандары да болды.
Немерелерімнің бәрі де қазақ сыныптарында оқиды. Балаларым мектепті, жоғары оқу орнын орысша бітіргенімен, отбасымыздағы қарым -  қатынас қазақ тілінде.
Кіші ұлым домбырада күй тартып, қазақша әндерді ырғағына келтіре орындағанда көңіл көкке көтеріліп қалады.
ТІЛШІ: Сағынхан ағамыздың өмірлік ұстанымы, өнегесі қандай?
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ:
Ұстанымым – адалдық, әділдік. Жиырма жылдай аудандарды басқарғанымда алғыс алып, елдің ризалығына бөленіппін. Рас, қатаң талапқа көндіге алмай, ренжігендердің болатыны заңдылық қой. Қарамағындағылардан дұрыс жұмыс талап етпеген басшы басшы ма, тәңірі?
Ұлы тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың «Сағынхан қалқам, өмірде кең бол, кең болсаң кем болмайсың, әттеген - айың аз болады» деген өнегелі сөзі азық болды.
ТІЛШІ: Әңгімеңізге рахмет!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,

«Ғұмыр – Дария».
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ардагерлер өмірінің жаршысы
01 июль 2022, Пятница
Ардагерлер өмірінің жаршысы
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
14 июль 2022, Четверг
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
ТҮЗЕЛМЕЙТІН ТІРЛІК ЖОҚ
28 июль 2022, Четверг
ТҮЗЕЛМЕЙТІН ТІРЛІК ЖОҚ
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры