ӘЛЕКЕҢНІҢ ӘДЕМІ ӘЛЕМІ. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ӘЛМҰҚАН ИСАҚ ЖАЙЛЫ МӨЛТЕК СЫР
Әулиеата өңірінің халқы әр нөмірін асыға күтетін және зор сүйіспеншілікпен оқитын «Ғұмыр- Дария» газетінің биылғы жылдың 27 шілдесіндегі №14(238) нөмірінде Пана Рахманбердіұлының «Ономастикада ойланатын жайлар бар» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада көшелерге облыстың әлеуметтік - экономикалық және қоғамдық - саяси жағдайын көтеруде ерекше еңбек сіңіген өңірдің айтулы азаматтарының есімдерін беру туралы ономастикалық комиссияның ұйғарылымынан соң бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде мағлұмат берілгенін қалайтынын жеткізіпті. Ауылдағы белсенді ардагер замандасымыздың ұсыныстарын орынды деп санаймын. Осы мақаладағы ұсынысты ескере отырып, мемлекет және қоғам қайраткері Әлмұхан Исақ Әбдірахманұлы туралы Республикалық ономастикалық комиссияның оң шешіміне қолдау көрсете отырып кезінде әріптес болып отыз бір жыл қатар қызмет атқарған, оның саналы да, білімді, салмақты еңбекқор азамат болғаны туралы өз ой-пікірімді білдірмекпін.
Бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, оның ішінде қасиетті Әулиеата өңірінің идеологиялық саясаты сандығының кілтін ұзақ жылдар қолында ұстаған, тазаның тұнығындай болған Әлмұхан Әбдірахманұлы 71 жыл жасаған өмірінің қызметке арналған 47 жылында ақиқатқа жүгініп, әділеттіліктен аттамай еңбек етті. Ол өз заманының нағыз «идеология майданының» алдыңғы саптағы көсемі де, төгілте сөйлейтін шешені де бола білді. Дана халқымыздың «Күшімен емес, атқарған ісімен ел танысын» деген нақылы бар. Еңбекпен есейген, білімділігімен биік белестерді бағындырған, кеудесіне «Құрмет» орденін жарқырата таққан, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағына да ие болған Әлмұхан Әбдірахманұлы Кеңес Одағының тұсында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде өзіне жүктелген аса жауапты міндеттерін абыроймен атқарып, облыс халқының рухани өміріне тың серпіліс әкелгені бәрімізге мәлім. Ал, Әлекең білек түре кіріскен идеология саласы қызық та, қиын, маңызы зор, мәртебесі биік, өте жауапты сала. Мәселелері бітпейтін экономиканың сан - саласына қарағанда елеусіздеу көрінетін идеологиялық жұмыстың көзге көрінбейтін, өмірі бітпейтін шаруалары шаш етектен болып жататын. Жамбыл облысының тыныс-тіршілігіне, Меркі, бұрынғы Красногор, Т.Рысқұлов аудандарына басшылық жасаған жылдарында азаматтың ақылы, білімдарлығы, адал қызметі, жоғары интеллекттілігі айрықша көрініс тапты. Әлекең сабырлы, өте адал, достыққа берік, тәртіпті адам еді. Ол кісіге жұрт аса үлкен сыйластықпен қарайтын, өмірден сондай сыйлы қалпында өтті де.
Шын мәнінде Әлмұхан Әбдірахманұлы Исақ – қай қызметте болмасын өзін білгір басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білген қайраткер. Сонымен қатар, философиялық терең ойлау қасиеті ерекше орныққан ол мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияны үйлестіре жүргізді. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі ретінде жергілікті елді - мекендерге тарихи атауларының қайтарылуына айрықша еңбек сіңірді. Ұлтжандылық қасиеттері мол Әлекең облыс аумағында оң қоғамдық пікір қалыптастырушы ретінде және көпшілік алдында ашық сөйлей білетін бедел иесі де болғанын көз көрді.
Тағы бір ерекше қасиеті – барға тасымаған, жоққа жасымаған қанағатшылдығы еді. Сөйлесіп отырған кісіні өзіне етене жақын тарта білу азамат үшін де, басшы үшін де ең керек қасиет қой. Ол өзін өтінішпен келген кісінің орнына қоя білетін, өтінішін асқан сабырлылықпен, ыждаһатпен тыңдайтын. Атқарған қызметінде көпшіліктің ойынан шықсам, ниет - тілектеріне сай болсам, бағамды жұрт өзі бере жатар деп іштей ойлаған да болар. Өйткені, Әлекеңнің ұлтына деген таза пейілі, шын көңілі ұлтжанды мінезімен, берік позициясымен өлшенетін. Оның көзі ұйықтаса да, жүрегі ұйқы көрмейтін! Бар саналы ғұмыры елінің тұтастығы мен халқының игілігіне арналды. Ал, менің пайымымда ол кісідей жүрегі имандылыққа толы, парасатқа бай, қолынан келгенше жұртқа жақсылық жасауға, жастарға қамқор болуға ұмтылатын адамдар қатары бүгінгі күні өте сирек сияқты.
1986 жылғы Алматы қаласындағы жастардың Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағының шаңырағын шайқалтқаны тарихи шындық.
Жастардың алаңға шыққан тәртіпті саяси шеруін әскерилердің күшімен жаншып басқан соң, сол шеруге қатысқандардың, тіпті кездейсоқ алаң маңынан өтіп бара жатып, сырттан қарап тұрғандардың өзін іздестіру, қудалау басталды.
Сол тұста түрлі себептермен алаңда болған 89 жас жамбылдықтың тізімін «май шаммен» қарап, қатаң шара қолдануды жоғары жақтағылар облыс басшылығынан талап еткені белгілі. Сұрқия саясаттың түрі де, әдісі де мол болады емес пе, адам айтқысыз қатыгездікке араластырып жергілікті басшыларды да кінәлі жасамақ болған арам ойларын біз жақсы білеміз.
Тізім айналып келіп обкомның идеология саласының хатшысы Әлмұхан Исаққа жіберіледі. Әлекең идеология бөлімінің меңгерушісі Жандар Кәрібаевпен ойды ортаға салып, ақылдаса келе «Қазақтың ұл-қыздарының болашағын өздерің жоқ қылыңдар деген саясат қой, ондайға бармайық» деп ешқандай шара қолдануға ұсыныс бермей, тізім жазылған қағазды темір жәшіктің ішіне сүңгітіп жібереді. Уақыт қаншалықты ушығып тұрса да осындай батыл шешім қабылдаған, қажет десеңіз өз тағдырларын бәйгеге тіккен Әлмұхан Исақ пен Жандар Кәрібаевтың ұлтымыздың жастарының өмірін, болашағын ойлаған бұл қадамдарын ерлікке балауға болады.
Кеңес Одағының кезінде жаңадан сайланған аудан, қала басшыларын Алматы жоғары партия мектебіне бір айлық курсқа шақыратын, саяси бағыттағы дайындықтан өткізетін. Ал, облыс басшылығына сайланған салалық хатшыларды Мәскеудегі жоғары партия мектебінде әлгіндей дайындықтан өткізу дәстүрі болатын. Әлекең облыстық партия комитетінің идеология саласының хатшысы болып сайланған соң 1987 жылы сондай оқуда болды. СОКП Орталық Комитетінің хатшылары, бөлім басшылары, әр саланың министрлері дағды бойынша екі сағаттан лекцияларын оқитын. Ал, СОКП Орталық Комитетінің идеология саласының хатшысы Михаил Васильевич Зимянин бір айға келген курстағылармен «дөңгелек үстел» отырысын өткізеді. Бұл кез бұған дейін желтоқсан оқиғасы туралы СОКП Орталық Комитетінің арнаулы қаулысы қабылданып, бүтін ұлтымызға «ұлтшыл» деген айдар тағылып, тілімізге тұсау түскен кездер еді.
Әлмұхан Әбдірахманұлы осы отырыста СОКП Орталық Комитеті қаулысының бұл тұжырымы жөнсіз екенін, «себебі қазақ халқы достықты қадірлей алатын халық, бұл қасиетін тың көтеру жылдарында, басқа да тарихи кезеңдерде көрсеткен болатын», деген ойын бүкпесіз ашық айтады. Ойын жалғаған Әлекең «Одақтың түкпір - түкпірінен Қазақстанға 3 миллионга тарта адам келді. Соларды туған бауырындай қарсы алып, жайғастырып, жағдай жасағанымыз барлықтарыңыздың естеріңізде болар. Ұлттың тағдырына қатысты мәселеде әділдік, адалдық болу керек. Қазақтың ар-ожданына, намысына тиетін бұл қаулыны, қайта қарағандарыңыз дұрыс болар еді» деп ашына сөйлегенін кейін естіген едім.Турашыл Әлекең сол жылы қаһарлы, қауқарлы Мәскеу төрінде отырып әділдіктің ақ жібін аттамай азаматтық келбетін көрсетіп еді.
Әлмұхан Әбдірахманұлында сол жылдары үш рет Қазақстан Үкіметі мүшесі саналатын ірі лауазымдық қызмет ұсынылды. Соның ең беделдісі – Республика Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне шақырған тұста жол апатынан қызы қайтыс болып, ауыр қаза үстінде келісімін бере алмайды. Содан кейінгі өмір, қызмет жасаған жылдарын Әбдірахманұлының бақилық болғанына 10 жыл болғанында өзіміздің «Ғұмыр – Дария» газетінің 2021 жылғы 8 сәуіріндегі нөмірінде жарияланған естелігімде жазған болатынмын.
Әлмұхан Әбдірахманұлы аудандарда, облыстық партия комитетінде және облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерінде болған жылдары жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары салынды, олардың материалдық базалары нығайтылды және оқу-тәрбие жұмыстарының сапасы жақсарды. Рас, Әлекең оның бәрін жеке өзі жасаған жоқ, ол қарапайым халықтың еңбегі, дегенмен жаңадан салынатын әр саланың ғимараттарын жоспарға енгізу, оны уақытында пайдалануға беруді қадағалау басшының талапкерлігіне, тиянақтылығына көп байланысты болатын. Мұны басшының адамгершілігі, азаматтық борышы, үлкен іскерлігі мен қамқорлығы, қызметтік жолдағы парызы деп түсіну керек.
Жаңылыспасам, 1985 жыл болар, Әлекең екеуміз Қырымдағы СОКП Орталық Комитеті шаруашылық басқармасының қарауындағы «Форос» санаторийінде демалысымызды бірге өткізген сәттерім ойыма оралып отыр, Санаторийде күндіз ем қабылдасақ, кешкі уақытта кинофильмдер көріп, әр түрлі тақырыптарда лекциялар тыңдайтынбыз. Лекция оқитын лекторлардың өресі тым жоғары деп айтуға болмас. Бір кеште «Кеңес Одағының экономикасының даму барысы және оған одақтас республикалардың қосқан үлесі» атты тақырыпта лекция оқылатын болды. Тақырып аты мағыналы болған соң демалушылардың түгел қатысқаны есімде. Өзіміз ойлағандай лектордың ой-өрісі таяздау болып шықты. Лекцияның соңында Әлекең бір-екі сұрақ беріп еді, жауабы көңілін толтырмады. Содан болар Әлекең өз сұрағын өзі ашып айтып, Қазақстанның көпұлтты халқының Одақ көлеміндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси саладағы алар орны туралы көлемді лекция оқығандай болып, залда отырғандарға Қазақстан туралы нақты фактілермен ой сала сөйледі.
Жалпы, елімізге аты белгілі саясаттанушы Әлекең өмір және қызметтік жолдарын қағазға түсіре білген, қолынан қаламы түспеген жан. Оның «Өткен күнде белгі бар», «Өтпелінің өкпек желі», «Өмірдің тағылымды мезеттері», «Үрдіс пен үдеріс», «Боямасыз болмыс» атты әңгімелер мен повестер жинақтары және көптеген публицистикалық шығармалары жарық көрген және «Қазақстан: елдің ХХ ғасырдағы басты тұлғалары» сериясымен Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Т.Рысқұловтар жайлы орыс тілінде жазылған тарихи-деректі кітапты қазақ тіліне өте сауатты аударған. Сондай-ақ, ол – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 және 65 жылдық мерекелеріне орай шығарылған облыстық «Зерде» және «Ерлер есімі – ел есінде» атты бағасы биік естелік жинақ кітаптарын шығаруға үлкен еңбек сіңірген тұлға. Сонымен қатар, республикалық және облыстық мерзімді басылымдарда тарихи, саяси, тәрбиелік және жастар мәселелері туралы мақалалары жарияланған.
Бүгінде ортамызда жоқ сол асылдың сынығындай Әлекеңнің бойындағы қарапайымдылық пен кішілігі, білімділігі мен сауаттылығы, парасаты мен пайымы да енді «өткен шақпен» ойға оралып отыр. Бірде, облыстық телерадио басшылығына жаңадан тағайындалған кеінде Әлекең «Осы ұжымның күнделікті шығармашылық тәртібін, техникалық мүмкіндігін білемін деп айту, әрине қисынсыз. Сондықтан да, өздеріңізбен ақылдасып, келісе отырып жинаған тәжірибе - қабілетімді ұштай түсуге ұмтыламын. Беделді сатып алуға, біреуден сұрап алуға да болмайды, ол тек еңбекпен келеді» дегені де бар еді. Дегенмен, аталған қызметте Әлекең өзінің ой-пайымының тереңдігімен, қарапайымдылығымен үлкен құрметке, сыйға ие болды.
Енді, міне, өзі өмірден өтсе де туған халқы, ел – жұрты қабырғалы қоғам қайраткері Әлмұхан Әбдірахманұлы Исақтың есімін жадында сақтап, мәртебелі құрмет көрсетіп келеді.
Оның нақты дәлелі деп, республикалық ономастикалық комиссияның Тараз қаласының бір көшесіне Әлекеңнің Жамбыл облысының аса маңызды саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан өзіндік айырықша еңбегін ескеріп шешім шығаруына ықпал еткен, өзінің шәкірттік парызын орындаған, бүгінде облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген Рахия Сейітбекқызы Тұрмаханбето Әлмұхан Исақпен бірге қызметте болған әріптестері мен бүгінгі алдыңғы буын өңір ардагерлері атынан жүректен шыққан ризашылық лебізімізді білдіріп, рахметімізді айтамыз.
Қасиетті өлкемізде қайталанбас тағылымды істері мен өшпес іздері қалған ерен ерлеріміздің есімдері ұрпақ жадында мәңгі сақтала берсін!
Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)